Бауыржан МОМЫШҰЛЫ. «Менің Ақбозым»

14261

(Батырдың өз естелігінен)

1399196934«… Мен адымдай басып, шеткері тұрған ақбозға жақындап, зер салдым. Орташа ғана тығыршықтай ат. Құйрық-жалы сұйықтау, қоян жақ, бөкен қабақ, құйма тұяқ. Арқасында ер қаққан оймақтай ақ дағы бар.«Япырмай, атқа ат ұқсай береді екен-ау»,- деп тұрмын ішімнен. Сонау бір жылы тайға мініп жарысып жүрген кезімде бүкіл Қаратау атырабында аңыз болып кеткен Сұркөжек, Тәуекел, Тарташап деген аттарды көріп едім. Оларды Жұманбай еліндегі Доспай әжінің бәйге аттары дейтін. Сол Сұркөжек те дәл осындай шағын ғана елеусіз жылқы болатын. Біреулер оны 800 аттан озған Шаңтимес, енді бірі сонау Асылдан Керегетасқа дейін тізгін тартқызбай келген тұлпар десетін. Мынау Ақбоз да сол Сұркөжектен тартып келе жатқан тұяқ емес пе екен?

Осындай қиялмен тұрғанда қасыма әлгі майор жақындай берді. Мен оған:

– Маған осы ат жарайды, – дедім. Ол тағы да екі иығын бір қыржың еткізді.

– Ол онша көрікті емес қой.

– Маған көркінің керегі жоқ, мініскер, белді, әрі жүйрік болса жетеді.

– Оның жүйрік екенін қайдан білдің?

– Мен атбаптар қазақтың баласымын. Жылқы жүйрігін айтпай танимын. Егер білсем, бұл – қазақтың қарабайыр жылқысы. Еркін далада құйынмен жарыса, көсіле өскен, кең тынысты жануар. Күн-түн шапсаң талмайды, өзі және ақбоз екен, – деп аттың жонарқасын сипап, сауырын қағып-қағып қойдым. Ақбоз маған қарап оқыранды. Осы кезде майордың жанында тұрған старшина:

– Сіз неліктен Ақбоз атты қалайсыз? – деп сұрады.

Мен екеуіне жақындай бердім де:

– Жылқының Ақбозын халық қасиетті деп санайды. Біздің елдің батагөй қариясы да, ел қорғайтын батыры да ақбоз айғыр мінген. Егер сол аттың иесі шейіт болса, оның асына ақбоз шалатын болған. Бұл ертеден келе жатқан дәстүр, түсіндің бе?

1399197761– Онан соң ақбоз атпен жауға шапқан командир жеңіске жетпей қоймайды. Естеріңізде ме, Суворов ақбоз атпен Альпі шыңынан асқан, Кутузов боз атпен француздарды Парижге дейін қуып барған, Чапаев боз айғырмен Колчактың қарақұрым қолына қырғидай тиген. Мен де осы атпен неміс фашистерін Берлинге дейін шегіндірсем деймін. Түсінікті ме? – Дауысым өктемдеу шықса керек, әлгі екеуінің жүні жығылып:

– Дұрыс, жөн-жөн, – деп еріксіз мақұлдады. Мен жаңылмаппын, сол Ақбозым, шынында да, айтулы ат болып шықты. Онымен талай жорыққа шықтым, шайқасқа араластым.

Өзінің оққағары бар ма, әйтеуір талай оқ пен оттың арасынан мені аман-сау алып шығып жүрді, жануарым. Жасынан көкпаршы, додапаз қазақ баптаған ат болуы керек, өн бойында кәдімгі үйретілген әскери атқа тән мініскерлік, жүріс-тұрыс тәсілдері көп болатын. Мен кейде оның үстінен түсіп, сапта тұрған полкты жаяу аралағанда ол соңымнан еріп отыратын. Жүрсем – жүретін, тұрсам – тұратын. Дауысым қаттырақ шықса, ол мені тұмсығымен түрткілейтін. Айқай шықса болды, бір орнында тұрмай, ауыздықпен алысып тарпынатын. Қалыңға кірсе, құлағын жымитып алып, атылған оқтай зу етіп өте шығатын. Қашсам, кәдімгі сұр көжектей зытатын. Қусам, алдындағы қараға жетпей қоймайтын. Небір айқай-шайқастан аман шығып жүрген сол ақбозымнан Холм қаласы маңындағы қырғын шайқаста айырылдым…»

2 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.