Бату ханның алтын арғымақтары
Әлем тарихында қызықты оқиғалар көп. Соның бірі – Алтын Орда билеушісі, хандықтың территориясын Ертістен Дунайға дейін кеңейтіп, ұлан-ғайыр өлкеге билік жүргізген Бату (Батый) ханның «Алтын арғымақтары» жайлы аңыз.
Тарихтан білеміз, Бату қаған 1250 жылы өзінің құдіретін күллі әлемге әйгілеу үшін алтынмен апталған, күміспен күптелген сән-салтанатты қала тұрғызады. Бұл шаһар кейін «Сарай Бату» деп аталды. Қазақша айтқанда Бату ханның сарайы. Қала Алтын Орданың алғашқы астанасы ретінде тарихта қалды. Ұлы хан осы жауһар ордасының алдына биіктігі 2 метр болатын қос алтын арғымақ мүсінін тұрғызғаны жайлы дерек бар.
Бұл оқиға жайлы К.Хеллердің «Золотая орда и торговля с Западом» атты еңбегінде және 2006 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрген зерттеуші Ч.Чойсамбаның «Бату хан жорықтары», моңғолиялық тарихшы С.Цолмонның «Алтын Орда ұлысы» (Ұланбатыр қаласы, «ADMON» баспасы, 2006) еңбектерінде айтылған екен.
Жоғарыдағы Бату ордасының ірге тепкен орны жайлы археологтер – бүгінгі Ресей Федерациясы Астрахань облысы орталығынан тіке солтүстік бағытта 100 шақырым жердегі Ахтуба өзенінің шығыс жақ жағасы деген тоқтам жасаған.
Кезінде Сарай (Сарай-Бату) керемет көркем, қазіргі тілмен айтқанда коммуникациясы толық шешімін тапқан қала болыпты. Э.С.Кульпиннің 1998 жылы жарық көрген «Золотая Орда» кітабында бұл қалада 75 мыңнан 175 мыңға дейін халық тұрғаны жайлы айтылады. Көшелерінің кеңдігі – 7-8 метр. Қаланың ортасында таза су құбыры тартылған, арам су ағатын бөлек каналы бар, ер мен әйел дәретханалары бөлек-бөлек… Сол тұста мұндай халқы көп мәдениетті қала Еуропаның өзінде бола қоймаған. Көне тарихтың көгін сөгіп көрсеңіз, ХІІІ ғасырда Римде 35 мың, Парижде 40 мың адам өмір сүргені жайлы дерек бар.
Жоғарыдағы «Алтын арғымақтар» туралы аңызда осы қос атты жасау үшін 15 тонна алтын жұмсалған дейді. Бірақ жылқылар мүсіні сом алтыннан бітеу құйылды ма, әлде іші қуыс болды ма, ол жағы белгісіз. Кейбір зерттеушілер сол тұста Киев қаласының сом алтыннан құйылған шіркеу қоңырауы түркі-моңғол әскерінің қолына түскен, кейін бұл қоңырау екі алтын арғымаққа айналған шығар деген пайым айтыпты.
Екінші бір аңыз-деректе: «Бату әуелі сарайының алдына бір дана алтын арғымақтың мүсінін соқтырған. Онысы көз тартарлық керемет болғандықтан, кешікпей екіншісін де жасатқан» десе, француз саяхатшысы Гильом де Рубрук өзінің естелігінде «Алыстан қарағанда күн сәулесіне шағылысып, көз тойғысыз сәнімен адам баласын таңдандыратын алтын арғымақтардың мінсіз мүсіні шынында керемет. Осыны жасау үшін қаншалықты алтын жұмсалғанын ойлаудың өзі қорқынышты» деп жазған көрінеді.
1255 жылы Бату өлген соң хан тағына отырған інісі Берке өз атына жаңадан «Сарай-Берке» атты қала (Волгоград облысы, қазіргі Царев қалашығының маңы) тұрғызып, екі алтын атты хан ордасының алдына алып барып қойған дейді. Содан бастап алтын аттар 100 жыл бойы Тоқтамыс билікке келгенге дейін тапжылмай тұрған. Арғымақтардың кейінгі тағдыры жайлы аңыз көп. Соның бірінде Куликов шайқасында (1379 ж) орыс князьдарынан жеңілген Мамай хан Қырымға қарай ығысқанда алып кеткен дейді.
Бір нұсқада қос арғымақ Сарай-Берке қаласы тұрған жерде терең апан болған, сонда жасырылған дейді. Осы нұсқа негізінде қала орнына ұзақ жыл барлау жұмыстары жүргізілген. Әзірге алтын аттарды тапқан ешкім жоқ.
Тағы бір аңызда Мамайды жерлегенде бір атты қоса көмген дейді. Бұл аңызға сенген орыс ағайындар күні бүгінге дейін Мамайдың зиратын іздеумен келеді. Бір деректе, «Мамай Ахтуба өзені жағасына жерлеген» делінсе, келесі біреулерінде Мамайдың жамбасы тиген жер Қырым даласы делінуде. 1995 жылы ескі Қырым қонысына қазба жұмысын жүргізген археологтар уақыттық тұрғыдан ХІІІ ғасырдың алғашқы жартысына жататын Алтын Орданың ықпалды тұлғаларының бірінің зиратын тапты. Мүрдені зерттеген антропологтар оның 50 жас шамасында, бойының биіктігі 1,5 метр екенін анықтады. Бірақ алтын ат жоқ.
Енді біреулер нақты құжатқа негізделген дерек «Мамай қайтыс болды деген хабар алған Тоқтамыс оны жерлегенде өзі барып топырақ салды» дегенге сүйеніп, олай болса алтын аттың бірін онымен бірге жерлеуі әбден мүмкін дегенді алға тартады.
Ендеше алтын аттың бірі Мамаймен бірге көмілді дейік, екіншісі қайда? Осы сұрақ бүгінгі дейін көп адамды қызықтырып келді. Ертеден келе жатқан аңыз-деректе, мұздай қаруланған бір топ бүлікті казак қарақшылары ойда жоқта қамсыз жатқан Сарай-Беркені шапқан дейді. Мақсаты алтын атты олжалау. Бірақ екі жақтың жойқын тартысы кезінде аттар жоғалған. Қарақшы казактар алмағаны анық. Біреулер оны Еділ дариясына ағызып жіберген десе, екінші топ «олай емес, абыр-сабыр кезінде ұрланған» деп жүр.
Қалай десекте, әлемді аузына қаратып отырған алтынордалықтар қолынан алтын атты тартып алу екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Ол тұста ордаға шабуыл жасау деген басыңа өлім тілегенмен бірдей. Демек «алтын аттарды қарақшы казак жасағы алып кетуі мүмкін емес» деген пайым айтады барлық тарихшы.
Соңғы жылдары бұл аттар Дон дариясының табанына көмілген немесе терең қазылған апанға жасырылған деген нұсқалар айтылып жүр. Тағы бір болжам: 1391-1395 жылдары Сарайды ақсақ Темір шапқанда алтын аттар жоғалған дейді. Бірақ бұл деректі мойындамайтындар өте көп. Демек алтын аттар қайда? Олардың тарихта болғаны таң атып, күн шыққандай шындық.
Ресейдің маман археологтары, одан қалды ерте дәуір һәм ортағасырлық оба-қабір тонаушылар түгелдей дерлік ұзақ уақыт осы алтын аттарды іздеумен әлек. Әлі де іздеп жүр. Бұлар Ресей Федерациясының Волгоград облысының территориясына және Украинаның Қырым жеріне күні бүгінге дейін барлау-іздеу әрекетін тоқтатқан жоқ.
Іздеушілер Волгоград қаласының аңызы – «Мамай қорғанын» негізгі нысана деп қарайды. Бұл төбеде «атақты Алтын Орда билеушісі Мамай жерленгені» жайлы аңыз да бар. Алтын атты іздеушілер осы дерекке сүйенетін тәрізді. Орыстар бұл төбені қазудай-ақ қазды. Бірақ Ұлы Отан соғысы кезінде пайда болған зираттардан басқа ештеме іліктіре алған жоқ.
Тіпті соңғы кезде баспасөз беттерінде Ресей мен Украина арасындағы Қырым үшін тартыс осы алтын аттарға қатысты болуы мүмкін деген сөздер де еміс-еміс айтылып жүр. Алып алтын кімді қызықтырмайды.
1990 жылы ресейлік жазушы Сергей Алексеев өзі жазған «Сокровища Валькирии» атты романында КСРО-ның қауіпсіздігін қорғау саласының арнайы тобы 1960 жылы алтын аттарды тауып алғаны жайлы жазыпты. Бұл оқиға жоғарыдағы аңыз-деректерге май тамызып жібергендей әсер етті. Бұған сенушілер көп.
Бұл жерде бір ғана ақиқат бар. Алтын арғымақтардың болғаны шындық. Олар қайда кетті, кім алды, әлде әлі күнге дейін жасырулы жатыр ма? Алтын аттарды іздеушілерді толғандырып жүрген сұрақ осы.
Бекен Қайратұлы,
egemen.kz