Әбiлхан ДАУЫЛБАЕВ: Менi алаңдататыны, кейбiр жаппай көкпарлар таза өтпейді

4074

Шүкiршiлiк, қазiр елiмiзде көкпар додалары көп өтедi. Бұл – қуанышты жағдай. Ұлттық спортымыздың қарқынды түрде дамуы бабалар аманатына адал екенiмiздi аңғартады. Ал, сол аманатты қалай сақтап жүрмiз? Көкпар спортында қандай мәселелер бар? Наурыз мерекесi қарсаңында осы тақырыпқа азырақ тоқталуды жөн көрдiк.

 Бүгiнгi додаларда жүлдеге қомақты ақшалай сыйлықтар, қымбат автокөлiктер тiгiледi. Ол дұрыс. Балуандар мен атбегiлер еңбегiнiң жемiсiн көруi тиiс. Дегенмен, дүние жүрген жерде бәсекелестiк бақталастыққа ұласып кетiп жататыны бар. Ал, бақталастықтың соңы көкпар ережесiнiң бұзылуына алып келедi. Бұл мәселе туралы көкпардан КСРО-ның 9 дүркiн чемпионы, даңқты шабандоз Әбiлхан Дауылбаевтың айтары аз емес.

– Қазiр елiмiзде көкпар өте жақсы дамып келедi. Әсiресе, командалық көкпар жоғары деңгейге көтерiлдi. Көкпардан Азия чемпионаты ұйымдастырылды. Негiзi ең таза көкпар осы командалық түрi болып қалды ғой. Бұл жағынан келгенде көкпар федерациясының маңында жүрген азаматтар мен жiгiттерге алғысым мол. Менi алаңдататыны, кейбiр жаппай көкпарлар таза өтпей жүр. Шабандоздар әдiлдiктi белден басып, серкенi байлап шабады. Бiреуi серкенi алса, екiншiсi оның атын жетектеп жүредi. Ат айналдырады. Бiрлесiп, өзгелердi шеңберге жолатпайды. Тiптi, «бөтен» қарсыластарын қамшылап тастайды деп те естимiн. Мен өзiм төрелiк еткен додаларда мұндай бейбастыққа жол бермеймiн. Тәртiп бұзған балуанды атағына қарамай тәртiпке шақырамын. Ащылау айтсам, ренжитiндер де бар. Бiрақ ақсақал ретiнде әдiлдiгiн айту – мiндетiмiз. Тағы бiр мәселе, серкеге тұз салып, салмағын 70-80 келiден асырып жiберетiндер де бар. Бұған да тыйым салу керек. 1985 жылы iрi додада таңнан кешке дейiн бар-жоғы 9 салым зорға салынды. Өте тартысты болды. Ал, қазiргi кейбiр додаларда тоғызың былай тұрсын, жиырмаға дейiн салым салынады. Оған қалай үлгеретiнiне таңым бар. Келiсiлмеген, таза көкпар өте қызық болады. Әрине, қазiргi балуандардың шеберлiгiне, мықтылығына шек келтiре алмаймын. Оларға ризамын. Небiр мықты көкпаршылар бар. Ендiгi мақсат – бабаларымыздан қалған ұлы спорттың қадiрiн түсiрмей, келер ұрпаққа жеткiзу, әлемдiк аренаға шығару, – дейдi ардагер көкпаршы.

Қазiргi көкпардың жай-күйi туралы Әбiлхан ақсақал осылай дейдi. Түлкiбас ауданындағы ұлттық спорт түрлерi мектебiн басқаратын кәнiгi маман шабандоздардан әдiлдiк пен адалдықты талап етедi. Көкпар тойларын дарақылықпен ұштастырмауды қалайды. Жуырда облысымызда Әбiлхан Дауылбаев атындағы iрi дода жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл көкпар жаңа ереже бойынша өттi. Бұрынғы қазандықтың орнына жерге шеңбер сызылды. Жаңа ереже сәйгүлiктер мен көкпаршылардың жарақат алмауына, додада еркiн көсiлуiне мүмкiндiк бередi.

Ғ.ҚАДЫРБЕКҰЛЫ

okg.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.