Қабдеш Жұмаділов. Қозыкүрең

6463

Ағыбайдың шақшасына қол созып, қара бұйра насыбайдың бір шөкімін астыңғы ерінге тастап жіберді де, бойын тіктеп, ұзақ әңгімеге кірісер адамның сыңайын танытты. Жылқышылар да алға қарай жамбас жылжытып ұмсына түскен.

– Мың да тоғыз жүз қырық екінші жылдың жазы, Ұлы Отан соғысының теке тіреске айналып, қызып тұрған кезі, – деді Төреқұл әңгімесін баппен бастап. – Біз, оншақты кісі қырғыз елінен майданға ат апаратын болдық. Ішімізде байырғы жылқышылар да, майдандағы жастардың орнына келген жай қарттар да бар. Ат-айғыры аралас мыңдай сәйгүлікті қызыл вагондарға тиеп алып, қазақ даласын қақ жара, батысқа қарай тартып бара жатырмыз. Ілгерілеген сайын жүрісіміз мандымай, эшелонымыз әр жерде бөгеліңкіреп, әскер мінген поездарға жол босатып дегендей, ілдалдалап жылжып келеміз. Жем-шөбіміз өзімізде, тек күніне бір уақыт жылқыны суару ғана қолды байлайды…

Содан не керек, Орал қаласынан өткен соң жылқыны вагоннан түсіріп, үйірлеп даламен айдауға тура келді. Бет алдымыз – қалмақ даласы. Еділден паром арқылы өтіп, Сталинград майданына төте жолмен жету туралы бұйрық болыпты. Бірақ Еділ бойына жеткен соң, паром дайын болмады ма, әлде арғы жағаны жау самолеттері бомбылап, тыным бермей қойды ма, әйтеуір, біз бергі бетте бір аптаға жуық бөгеліп қалдық.

Жол-жөнекей көрген-білгенімізді айта берсем, әңгіме ұзарып кетеді. Қысқасы, айтайын дегенім: айдалған жылқының ішінде, осы өзіміздің «Қызыл байрақ» колхозынан алынған, сүліктей жирен айғыр болды. Меңсіз, қан жирен түсіне қарап, жылқышылар «Қозыкүрең» деп атап кеткенбіз. Жаңылмасам, сол кезде жасы сегіз-ондардан аса қоймаған, толысқан, азулы айғырлардың бірі-тұғын. Құданың құдіреті, Еділ бойына жетісімен, жаңағы Қозыкүрең төтенше мінез таныта бастағаны. Жануар кешкі салқындарда ғана ептеп жайылады да, күндіз басын жерге салмай, жылқының шетінде қалшиып тұрады да қояды… Арамызда Саяқбай дейтін көпті көрген, қу мүйіз, қарт жылқышы бар еді, Қозыкүреңдегі өзгерісті алдымен сол байқапты.

– Жігіттер, мен бірдеңе білсем, сендер осы Қозыкүреңнен айрыласыңдар,– деді ол бір күні бізді қасына шақырып алып. – Қараңдаршы, жел жаққа шығып алып самалдап тұрғанын көрдің бе, жануардың?! Біраздан бері оттан, судан тыйылып, өзін-өзі мейіздей қатырып, жаратып жүр. Қашатын жылқының сұрқы ғой мынау. Мына бабымен қашатын болса, әй төрт аяқты малға шалдыра қоймас. Не істейміз? Ұстап алып өрелеп жіберсек қайтеді?

Саяқбайдың сөзін жігіттер күле тыңдап, бәлендей мән бере қоймады.

– Қойыңызшы, ақсақал. Сіз де қайдағыны айтады екенсіз. Екі мың шақырым жерге пойызбен келген мал түгіл, өзіңіз үйді тауып барсаңыз да жетер. Батыс қайда, шығыс қайда екенін айырмай, өзіміздің басымыз қатып, мәңгіріп жүргенде, жағы түкті жылқы айуан не білуші еді? Жай, Еділдің шөбі таңдайына татымай, өгейсіп жүргені болар, – десіп, өздерінше тон пішіп кетті.

– Мейілдерің… Бірақ қашан айттың демеңдер, Қозыкүрең енді бірер күннен кейін Алатау қайдасың деп тартып отырмаса, мұрнымды кесіп берейін, – деген Саяқбай да онша өршелене қоймады.

Бұл әнгіме сол арада аяқсыз қалған-ды. Ертеңіне дайындық жұмысы аяқталып, жылқыны өзеннен өткізудің қамы басталды. Ол үшін аттарды үйір-үйірімен жағалаудағы ағаштан жасалған шарбаққа қамап, содан ары паромға тиеу қажет болды. Осы әдіспен алғашқы екі бөлек жылқы өзеннің арғы жағасына шығып та үлгерді. Қозыкүрең соңғы үйірлердің ішінде-тұғын, Қанша дегенмен, Саяқбайдың сөзі есімізде, бәріміз де содан көз алмай қадағалап жүретінбіз. Қозыкүреңнің аман-есен қоршауға кіргенін көріп, иығымыздан жүк түскендей, кеңіп қалдық.

Ағаш шарбақты бірте-бірте тарылтып, ығысқан жылқы паромға өзі шығып кететіндей тәсіл қолданып жатқанбыз… Кенет дәл осы кезде күтпеген жағдай болды. Айнала шеп жайып қиқулап жүрген біздер, әлдебір жылқының топты жара-мара, кісі бойы шарбақтан серіппедей созылып, бір-ақ секіргенін көріп қалдық.

– Ойбай, кетті!

– Қозыкүрең кетті, – десіп, шу ете қалды жылқышылар.

Құшақ құйрық, қаба жал, күрең айғыр осқыра ойнақтап шетке шыға берді де, бір-екі рет азынай кісінеп жіберіп, шығысқа қарай шоқыта жөнелді.

– Тез атқа қоныңдар, қайырыңдар! – деп ақырды бізді бастап жүрген кавалерист капитан.

Соның бұйрығымен екі-үш жігіт атқа қонған. Бірақ қайыру берген қайда! Қозыкүрең құйрықты тігіп алып, сапқының тасындай зырлап барады.

– Қуғаннан пайда жоқ. Қозыкүрең бәрібір жылқы баласына шалдырмайды. Әуре болмаңдар, – деді Саяқбай. – Пай-пай, жануардың сілтеуін қарашы!

Оның бұл сөзінде Қозыкүреңге деген сүйініш те, өз болжамының дәл шыққанына пенделік мақтаныш та жатыр еді.

– Қап, маңайда машинаның да болмағанын қарашы! – капитан жан-жағына алақтап сәл тұрды да, қасындағы солдаттың мылтығына жармасты. – Мен онда дизертирдің сазайын тартқызайын қазір!

Соны айтып, тізерлеп отыра қалған-ды… Тарс еткен мылтық дауысы естілді. Бірақ Қозыкүреңге оқ дарымады. Ызалы капитан, кімге бағыштағаны белгісіз, жақсылап тұрып бір сыбап алды да, екінші рет мылтығын шарбаққа сүйеп қойып, ұзақ сығалады. Оқ бұл жолы да тимеді. Ұлы сәскенің кезі-тұғын. Қозыкүрең лаулаған бір түйдек оттай болып, күн астында шығысқа қарай заулап барады. Жылқышылар демдерін ішіне алып, сол тұрған орындарында қалшиып қатып қалған-ды. Қозыкүреңнің қарасы көрінбей, қырдан асып кеткен кезде ғана, «уһ» деп тыныс тартты…

Содан не керек, ұзын сөздің қысқасы, біз апарған жылқымызды тиісті жеріне өткізіп беріп, міндетімізді өтедік те, Саратов маңынан пойызға отырып, елге қарай бет алдық. Әлгі оқиғадан кейін, біз ырғалып-жырғалып ауылға жеткенше, арада тағы да жарты айдай уақыт өтті. Елге келіп әрқайсысымыз өз жұмысымызға кірісіп кеттік. Қозыкүреңнен үмітімізді үзіп қойғанбыз. Байғұс ит-құсқа жем болды ма, әлде жол-жөнекей біреулердің қолына түсті ме деп, біраз күн еске алысып жүрдік те, ақыры ол да ұмытыла бастаған…

Ауыл әлі жайлауда, мына Ұзынбұлақтың басындағы Шұрықта отырған кезіміз. Бір күні түн ішінде, ел шырт ұйқыда жатқанда, әлдеқайдан арқыраған саяқ жылқының дауысы естілді. Мен ояу жатыр едім, тың-тыңдап артын күттім. Сәлден соң, әлгі жылқы тіпті таяу маңнан кісінегендей болды. Азынай, аңсай кісінегеніне қарағанда, жай үй арасының үйір іздеген көп тұғырының бірі емес, алыстан суыт келе жатқан мал екені белгілі. Бұл үнді көрші үйдегі Саяқбай да естіп жатса керек, бір мезгілде сырт жақтан дыбыс берді.

– Төреқұл, ояумысың? Далаға шығып тыңдашы, мына кісінеп келе жатқан біздің Қозыкүрең емес пе? Әй, соның-ақ дауысы, – деді үй сыртында тұрып.

Шекпенімді иығыма іле-сала, мен де далаға атып шықтым. Екеуміз тың тыңдап тағы біраз тұрдық. Арқырай кісінеген әлгі жылқы батыс жақтағы қоңыр белден бері асып түсті де, ауылдың аяқ жағында жатқан сауын биелерге келіп қосылғандай болды.

– Жүр, барайық. Мынау – дәуде болса, Қозыкүреңнің өзі! – деді Саяқбай тықыршып.

Мен сенер-сенбесімді білмей, соңынан ілестім. Екеуіміз өкпемізді қолымызға алып, ыратөмен жүгіріп келеміз. Түнде жол ұзап кететін әдеті ғой, қарға адым жер жеткізсеші. Өлдім-талдым дегенде, сайдың ішінде жатқан жылқының шетіне де іліндік-ау, әйтеуір. Ай сүттей жарық. Алайда шеттен келіп қосылған жаңағы жануар бірден көзімізге түсе қоймады. Істің анық-қанығына жеткенше сабырымыз қалмай екеуіміз көрінген жылқының қасына бір барамыз. Сәлден соң Саяқбай менен бөлініп кеткен-ді. Бір мезгілде марқұмның күңірене шыққан дауысы естілді.

– Жануарым-ай, аман-есен келген екенсің ғой! Айшылық жолды алты аттап, Алатауыңа жеткен екенсің-ау!.. Боғыңды жейін, қасиетті тұлпарым-ай! Елсіз-сусыз шөлдерден, асу бермес белдерден өтіп, туған жерге қалай жеттің екенсің?!

Қозыкүрең жылқының бір шетінде, жалдас торы биенің шоқтығына иегін артқан күйі, екі бүйірін соғып, сенделіп тұр екен. Біз қасына жақындағанда оқыранып жіберді. Құлағының түбі, сауыры сабындалып, өне бойын ақ көбік басып кеткен. Қаншырдай қатып, оқтаудай жараған айғырдың ай астында керіліп тұрған сондағы кейпі әлі көз алдымда.

Саяқбай жаңағы сөзді айтып еңіреп жіберді де, Қозыкүреңнің мойнынан құшақтады, құлағының түбіндегі ащы көбікке тұмсығын тығып, құшырлана иіскеді.

– Жануарым-ай, саудыраған қу сүйегің ғана қалыпты-ау! – деді арқа-басын, жалын сипап көріп. – Қысы-жазы қара етін бір жібермейтін, жуан сіңір, көмпіс-ақ еді, қарашы, жалының алқындысы қолыңа әрең білінеді. Мына түріне қарағанда, осы бүгін-ақ күншілік жерді басқан-ау, бұл жануар… Жүр, Төреқұл, аяңдайық. Алыстан келген ардағымызды ауылға апарайық.

Бұл кезде шығыстан құланиектеп таң да атып келе жатқан. Саяқбай белбеуін ағытып алып, айғырдың мойнын салды да, ауылға қарай жетеледі.

Түнде ұзақ, суыт жүрістен кейін ісініп тұрған кезінде аңғармаған екенбіз. Таңертең тұрып қарасақ, Қозыкүреңнің шынында да, ыңыршағы айналған құр сүлдері ғана қалыпты. «Ер арыса – аруақ, ат арыса – тулақ» дегенді бұрынғылар осындайда айтқан болар, есіл жануар жал-құйрығының өзін ауырсынғандай, қабырғасы ырсиып, тірсегі майысып зорға тұр. Құндыздай жылтырап тұратын қан жирен түсі де әбден күн қақты болып оңып, ұйпа-тұйпа бірдеңеге айналып кеткен. Төрт аяғындағы болат тағалар тозып бітіп, жұқанасы ғана қалған.

Ертеңінде бұл хабарды естіген жайлаудағы жұрт, Қозыкүреңді көру үшін, жан-жақтан ағылып келіп жатты. Соғыс әлі бітпеген, халықтың қамкөңіл кезі ғой, бейне майданнан тағы бір жаралы жауынгер оралғандай, ғаріп күйге түскен есіл жануарды көргенде, көздеріне жас алып, жыламаған ешкім қалмады.

Бірақ әбден жілік майы үзіліп, тобақазығына тақалған Қозыкүрең оңалып кете алмады. Биебаудың басында аузына нәр салмай, бір-екі күн сұлық тұрды да, ақыры тобанаяқтанып жатып қалды. Ұзақ суыт жүрістен қызыл май болып зорыққаны, төрт аяғына бірдей қан түскені белгілі еді. Саяқбай оны суық сазға да байлап бақты, шашасынан қан алып та көрді. Ұн езіп ішкізіп, жылан да жегізді. Бірақ соның бірде-бірі көмегін тигізе алмады.

Қайран Қозыкүрең орнынан тұрып кете алмай, бір аптадай жақұт көзі жаудырап, көтерем боп жатты да, ақыры тірлікпен біржола қош айтысты. Саяқбай оны терісін сыпырмастан, адамша арулап жерледі…

Басын Шұрықтағы ең биік жартастың үстіне шығарып қойған. Сол бас сүйек осы бертінге дейін ары-бері өткенде ағараңдап көрініп тұрушы еді, кейін жел құлатты ма, әлде көшкін шайып кетті ме, әйтеуір, із-тозсыз жоғалды… Иә, әңгіме неден шығып еді, айтпақшы? Жылқының естілігі, мал мен жердің байланысы туралы екен ғой. Кезінде біздің елге аңыз боп тараған Қозыкүрең оқиғасы, міне, осылай тынды…

Төреқұлдың әңгімесін жиналғандар ақырына дейін селт етпей ұйып тыңдаған. Ержанның да көз алдында неше түрлі суреттер оянып, қатты толқып отырған-ды. Кенет нағашы атасына көзі түсіп, тіксініп қалды. Ағыбай үнсіз егіліп жылап отыр екен. Төреқұл әңгімесін аяқтағанда, орамалын көзіне апарды да: «Ой, шіркін, дүние — ай!» деп, көкірегін қарс айыра күрсінді.

Жас жылқышылардың бірі сұрақ қойды:

– Сонда Қозыкүрең сол екі аралықты қанша уақытта басты екен? Кезінде есептеген ешкім болмады ма?

– Болды ғой… Heгe есептемесін? Ол кезде де есепке жүйрік жігіттер бар-тұғын, – деді Төреқұл, қалтасынан күміс баулы сағатын шығарып. – Қозыкүрең Еділ бойынан Алатау бауырына тура бір ай он бес күн дегенде келді. Әсілі, қашқан жылқы күндіз тасада бекініп, түнде ғана жортады ғой. Бәлкім, жолда ес жинап, жайылған кездері де болған шығар. Соның өзіне күніне жүз шақырымға жуық жер алып отырған десті ғой білетіндер. Мәселе – мұнда қашықтықта емес, мәселе – жылқы жануардың бағытынан жаңылмай, туған жерін тауып келгенінде ғой, балам.

«Сәйгүліктер» повестінің толық нұсқасын мына жерден оқуға болады.

Қабдеш Жұмаділов

«Сәйгүліктер»

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.