Бауыржан Мырзабаев атындағы жокейлер мектебі ашылуы мүмкін

910

«Республикалық зауыт жылқылары тұқымы палатасы» президенті Талғат Жайсанбаев пен Qazaq Jockey Club төрағасы Мақсат Ахаев Қазақстанда классикалық ат жарыстың дамуы тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында елімізде ат спортының дамуы мен оның мәселелері жайындағы ойларын айтты.

2010 жылдан бері Қазақстанда ат спорты индустриясы үлкен құлдырау кезеңін басынан өткерді. Осыған байланысты еліміздің мықты деген шабандоздары шетелге жұмыс іздеп кеткен болатын. Бұл туралы «Республикалық зауыт жылқылары тұқымы палатасы» президенті Талғат Жайсанбаев айтты.

Әлемдік ат жарыстарына қатысу үшін, Бауыржан Мырзабаев секілді перспективасы үлкен жокей болуы үшін біздің елде классикалық ат жарысын дамыту керек. Осыған орай, 2018 жылы бейресми түрде ат жарысы қоғамын ашқанбыз, 2023 жылы ол ресми түрде «Qazaq Jockey Club» қоғамдық бірлестігі болып өзгертілді. Оның құрамына еліміздегі жетекші жылқы өсірушілер кірді. Клубтың төрағасы болып белгілі жылқы өсіруші азамат Мақсат Ахаев тағайындалды. Биылғы клубтың жоспарына сәйкес 1 мамыр мен 15 қазан аралығында ат жарысы маусымы өтеді, — деді Талғат Жайсанбаев.

Ол Халықаралық ат спорты федерациясының (IFHA) құрамына кіру басты мақсат екенін айтты.

Ол бізге не береді? Біздің жеңімпаз аттар халықаралық рейтингке ие болатын болады, мысалы, Кабирханның рейтингі қазір 115 ұпайға жетті, сол секілді егер аттарымызда 100 ұпайдан жоғары халықаралық рейтингі болса олардың құны 100 мың доллардан жоғары болады. Бұл жылқы өсірушілерге үлкен перспектива береді. Яғни, елімізде жылқы өсірумен айналысу тиімді болады. Екіншіден, біздің жокейлер шетелдік ипподромдарда өнер көрсете алады. Олардың деңгейі мен жалақысы әлемдік жокейлермен тең болады, — деді спикер.

Qazaq Jockey Club төрағасы Мақсат Ахаевтың ойынша Қазақстанда ат спортын дамыту үшін ипподромдарды көбірек салу керек.

Қазақстанда қазір екі-ақ ипподром бар. Бірі осы Алматыда, екіншісі Астанада, қазір ол реконструкцияда, «Көшпенділер» ойнына дайындалып жатыр. Ипподром деген жалпы не нәрсе? Ол алдымен атты сынақтан өткізетін жер. Ол жерде неғұрлым бәйгеге қосатын жүйрік аттар тұру керек. Ол ұлттық бәйге ме, классикалық бәйге ме, бәрібір. Шыны керек, бұған дейін Алматы ипподромында олай болған жоқ. Біреудің үш аты мына ат қорада, екеуі ана ат қорада, төртеуі мына жерде дегендей, келеңсіз жағдайлар болған. Қазір оның бәрі жойылды. Қазір ипподромда тек шабатын аттар тұр. Айта кетейін, алдағы уақытта Алматыда қаласының шетінде үлкен, жақсы ипподром салынады, қазір оның жобасы жасалып жатыр. Ол қаладан 12 шақырым жерде болады, — деді Мақсат Ахаев.

Оның айтуынша, бүгінгі күні әлемде қазақтың аламан бәйгесін ешкім танымайды.

Біз әлемдік классикалық бәйгені үйреніп, оны ары қарай дамытуымыз керек. Сонда ғана біздің аттар шетелде көрінеді. Ал біздің аламан бәйгені әлемдік деңгейде өткізу үшін тура осы классикалық бәйгенің ережелері секілді ережелерді шығарып, оны дамытуымыз керек. Онымен қазір Ұлттық ат спорты федерациясы айналысып жатыр. Болашақта ол арманға да жетерміз деген ойдамын. Сондай-ақ бізде алдағы уақытта Бауыржан Мырзабаев атындағы жокейлер мектебін ашсақ деген жоспар бар. Ол мектепте кезінде бәйгеге шапқан балаларды ары қарай жокей болуға үйретеміз. Сондықтан жокейлер мектебін ашу, бапкерлерді оқыту біздің негізгі шаруамыздың бірі, — деді ол.

«Республикалық зауыт жылқылары тұқымы палатасы» президенті Талғат Жайсанбаевтың айтуынша, Olimpbet букмекерлік кеңсесі елде өтетін түрлі бәйгелерге демеушілік жасай бастады.

Биыл да, былтыр да біздің ресми демеушіміз. Бізде өтетін ат бәйгелерінің жүлде қорын толтыру үшін қаржы керек. Бұл ретте Olimpbet букмекерлік кеңсесі бізге демеушілік жасап жүр. Сондай-ақ елімізде Республикалық ветеринариялық зертхана бар. Өкінішке қарай, ол жылқы ауруының 7 түрін толығымен тексере алмайды. Өз аттарымызды Қазақстаннан шетелге шығара алмай отыруымыздың бір себебі осы. Бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтерген дұрыс, — деді Талғат Жайсанбаев.

Qazaq Jockey Club төрағасы Мақсат Ахаев Қазақстан жүйріктерін шетелге ұшақ арқылы тасымалдауға мүмкіндік жоқ екенін айтты.

Себебі, бізде ат таситын тасымалдаушы жоқ. Кабирханның иесі Тілек бауырымыз сол үшін Ресей арқылы Дубайға ұшты. Әлемдік классикалық бәйгелерге тек паспорты бар асыл тұқымды аттар ғана қатыса алатынын айта кетейін. Егер еліміздің жүйрік аттарын апарамыз десек, оның қазақы асыл тұқымды ат екенін дәлелдейтін паспорты керек, — деп атап өтті Мақсат Ахаев.

Думан Арғынкелді

ҚазАқпарат

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.