Етке өткізілген Елікжирен

1960 жылдары Тарбағатай өңіріндегі Ақсуатта аты аңызға айналған тағы бір жүйрік – Елікжирен еді.
Арғы тегі асыл, түр-түсі жирен, мінезі ерекше бұл тұлпар Амангелді совхозынан (қазіргі Көкжыра ауылы) шыққан. Иесі – Қуанышбай ақын, өнер мен өлеңге ғана емес, жүйрік ат баптауға да ерен қабілетімен танылған жан. Аудандық, облыстық аламан бәйгелердің көбінде Елікжирен шашасына шаң жұқтырмай, талай рет топ жарыпты. Тіпті, Семейге дейін арбамен, жол-жөнекей жаратып апаратын болған. Бірде кезекті бәйгеге машинамен апара жатқан жолда аттың бойын жаздырайық деп түсіргенде, ноқтасынан сытылып шығып қаша жөнеледі. Жиналғандар:
– Енді кетті, ауылына тартты, – деп абдырап тұрған сәтте, Қуанышбай:
– Жақсы ат иесін тастап кетпейді, – деп сабыр танытыпты. Сол сәтте Елікжирен көз ұшында тоқтап, қайта шауып келіп, ноқтаға басын өзі тығады. Сонда Қуанышбай:
– Жануар, бір терің қалып қойған екен, – деп, қайта тиеп алып, бәйгеге қатыстырып, тағы да бірінші келген екен.
Елікжиреннің шабандозы болған Нұрбеков Амантайдың айтуынша, аттарды сөреге қойғанда бұл тұлпар өзге аттардан мойын оздырып тұрады екен. Егер басқа ат алдыға шығатын болса мінез көрсетіп, артқа қарай шегіндіретін болған.
Кейін колхоз басшылары Қуанышбайдан атты тартып алып, өздері бәйгеге қосып, келтіре алмайды. Содан кейін ет комбинатына өткізеді. Айналып шауып жүріп, биік қоршаудан секіріп қашып шығып, Шар өзеннің бойында ауылына жете алмай ақырғы демі үзіледі.
ҚР Мәдениет қайраткері,
күйші, өнер зерттеуші
Argymaq.kz
Ескерту: Бұл Елікжирен мен Еркежирендегі Елікжиреннен үлкен. Бірақ екеуі бір ауылдың жүйрігі.





