Құрманбек Тұрғанбек: Алаңға жеңілем деп шықпайсың ғой

1375

Түркияның Изник қаласында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Осыған байланысты көкпардан Ұлттық құрама ойыншысы Құрманбек Тұрғанбекті әңгімеге тартқан едік.

— Дайындық қалай?

— Дайындық өте жақсы. Оқу-жаттығу жұмыстарын 3-4 ай бұрын бастағанбыз. Бірақ бір өкініштісі, Түркияға өз атымызбен бармайтынын болып тұрмыз.

— Өз атымызбен бармағаны қалай?

— Иә, Түркияға өз аттарымызды апара алмайтын болдық.

— Жақсы, ол туралы айтамыз. Дайындыққа келейікші, алғашында Алматыда дайындалып едіңдер ғой?

— Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаев барынша дайындады. Спорттық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да толық даярлықтан өттік десек болады. Сонымен қатар, алдыңғы толқын ағаларымыз Нұрдәулет Момынов, Ғани Ахметбеков секілді ардагерлеріміз де бар білгенін үйретті.

Осы жерде ерекше атап өтер бір жағдай, алдағы уақытта да біздің ең басты қолдаушымыз болатын – жанкүйерлердің ерекше ықыласы. Еліміздің құрамасына деп ең жақсы аттарын көлденең тартып, «мініңдер, осы атпен ел намысын қорғаңдар» деген азаматтар көп болды. Ол кісілерге ерекше алғыс айтамыз.

— Демек, дайындық барысында аттан кенде болған жоқпыз дейсің ғой.

— Дәл солай, құраманың аттары ең мықты деген додапаз аттармен толықты.

— Ал Түркиядағы ДКО-ға дайындалған аттарды әлі көрген жоқсыңдар ғой?

— Иә, ол жақта қандай ат болады, дайындығы қандай дегеннен әзірге хабарымыз жоқ. Сол жағы қиындау болып тұр. Өздеріңіз білесіздер, бұл көшпенділер ойындарын қазақ-қырғыз көптен күтті ғой. Аманшылық болса, бүгін ұшсақ, ертеңнен бастап ол жақтағы аттармен жұмыс істей бастаймыз деген ойдамын.

— Қырғыз командасында кімдер барынан хабардарсыңдар ма?

— Иә, олардан хабарымыз бар. Құрамадағы ойыншыларын жеке-жеке зерттедік десек те болады. Кім қандай ойын көрсетті, қандай тактика ұстанады, қандай әрекет жасайды, тіпті қандай қаралық әрекетке барады дегенге де талдау жасадық. Мүмкіндігінше барлығына дайынбыз десем болады.

— Өзің шеңберде ойнайтын құрамадасың. Ал қырғыздың ұлттық ойыны – көкбөрі қазандықта ойналады. Бұл ойын түріне де біз бір команда жасақтадық. Қалай ойлайсың, қазандықта ойнайтын жігіттерге қиын болмай ма?

— Қиындау болады. Біздің ел қазандықтан қол үзіп, тұрақты шеңберге ойнап жүргеніне 4-5 жыл болды. Жігіттердің дайындығы да аса мықты болды деп айта алмаймын. Қалай дайындалғандары көз алдымызда болды ғой. Біз негізінен шеңберге барынша дайындалдық.

— Аяқастынан қазандықта ойнайтын топқа қосылу керек десе, шығар ма едің?

— Бұған дейінгі Ұлттық спорт қауымдастығының басшылары қазандықты алып тастап, шеңберге үйретті. Бірақ, «жүйрікке оң-солы бірдей» дегендей, маған кедергісі жоқ. Құрама жасақталып жатқан кезде де айтқамын, жетекшілерге, бас бапкерге, қайсысына жіберсе де дайын екенімді. Қазандыққа ойнап жүрген кезде де бар мүмкіндігімді салып, қазандыққа серке лақтырғанмын, шеңберге де Алланың бұйырған салымын салып жүрміз.

— ІІ ДКО кезінде сені атпен көлденең соғып, жарақаттап кеткен болатын. Қазір сол ойыншы кездесіп қалса, есе қайтару ойың жоқ па?

— Көкпар деген қауіпті спорт екенін білеміз. Басымызды бәйгеге тігіп шығамыз. Көкпар алаңына шыққан ойыншы қарсыластан қорқып немесе жарақат алып қалуды уайымдап шықпайды. Егер олай шығатын болса, ол ойын болып жарытпайды. Әрине, сақтық керек, бірақ, ойынның ерекшелігінің өзі сол, тәуекелге бас тігіп шығу ғой.

— Финалда қырғыздармен кездесеміз деп ойлайсың ба?

— 100 пайыз. Финалда қазақ-қырғыз ойыны болады дегенді сеніммен айта аламын.

— Ешкім сайысқа жеңілемін деп бармайды ғой…

— Әрине, жеңіс тұғырынан көрінеміз деген сеніміміз зор. Бұл – тарихи сәт болады деп ойлаймын. Себебі екі елдің көкпар сүйер қауымы ерекше күтті бұл күнді.

— Ат мәселесіне қайта оралайықшы. Жаңа өз атымызбен бара алмайтынымызды айттың. Ондағы атты әлі көрген жоқсыңдар. Түркия тарапы атты қалай бөлуі мүмкін?

— Бір қызығы бұл жолғы додаға қырғыздар да атсыз бара жатыр. Ал Түркия тарапы атты қалай бөлетінінен менің шынымен хабарым жоқ. Сондықтан ештеңе айта алмаймын.

— «Осы жігіт барса жақсы еді» дейтін кімді айтар едің?

— Ондай жігіт көп қой. Бірақ Қазақстан чемпионатына қатыспаған біраз жігіт құрамаға ілінбей қалды. Ұлттық құраманы жасақтау тәртібінің өзі солай. Ел чемпионатына қатыспаған көкпаршы, Ұлттық құрамаға кірмейді. Ондай жігіттер көп. Мысалы Шымкенттегі ең мықты қорғаушылардың бірі – Нұржігіт Мырзабаев. Одан бөлек те біраз азамат жағдайларына байланысты келе алған жоқ.

— Бұған дейін, тіпті қазіргі кезде де өзің Жамбыл облысы «Әулие ата» командасының капитанысың. Ал ұлттық құрамада капитан басқа…

— Қазіргі сәтте Ұлттық құраманың капитаны Ұлан Байтөреев ағамыз. Оның спорттағы тәжірибесіне, алаңда ойыншыларды ұйымдастыра білу қабілетіне байланысты құрамадағы көкпаршылар бір ауыздан капитан сайладық.

— Темірхан Айтбаев, Бақтыбай Шырынқұловтар көрінбеді?

— Ол кісілерді жас ерекшеліктеріне байланысты құрама сапынан шығардық.

— Зейнетке шықты дейсің ғой.

— Солай деуге де болады.

— Қазіргі құрамға сенімдісің бе?

— Толық сенімдімін!

— Әңгімеңе рахмет!

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.