Qazaqstan kokpar cup: Шымкент жеңімпаз

17-22 қараша аралығында өткен көкпардан клубтық командалар арасындағы республикалық турнир аяқталды.
Шымкент қалалық ипподромында өткен ақтық жарыстар қызыққа әрі тартысқа толы болды.
Қола жүлде үшін талас Аманат-Шу мен Қазығұрт командалары арасында өтті. Жамбыл облысы, Шу ауданынан келген жігіттер қос тайм қорытындысы бойынша жеңіске жетті. Есеп 3:0.
Финалға жолдама алған қос команданы көрермендер тағатсыздана күтті. Себебі осыдан бір ай бұрын Меркі ауданында өткен турнирде Меркі-Қант командасы, финалда Шымкентті жеңген еді.
Меркі-Қант пен Шымкент командалары ақтық сынға тас-түйін дайын болды. Меркінің тас тақым жігіттері ә дегеннен серкені іліп алып, салымды болды. Төрт минутта екі салыммен алға шықты. Шымкент қаласы да қарап тұрмады, қарымта шабуыл жасап, есепті теңестірді. Сөйтіп алма-кезек салым салынып, қос команда теңдей өнер көрсетті. Екінші таймда Шым қаланың шабандоздары есепті 5:4-ке жеткізіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Көкпардан клубтық командалар арасындағы республикалық турнирдің жеңімпазы – Шымкент командасы, ІІ орын – Меркі-Қант, ІІІ орын – Аманат-Шу, ІV орынды Қазығұрт командасы алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай және арнайы кубокқа ие болды.
Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров марапаттау рәсімінен кейін сөз алып, алдағы уақытта дәл осы клубтық жарыстар жалғасын табатынын айтты.
Argymaq.kz


