Еліміздің жылқы жанашырлары Президентке ашық хат жазды

3572

Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.К.Тоқаев мырзаға
ҚР жылқы шаруашылығы саласының
ғалымдары мен тауар өндірушілері атынан

 Ашық хат

 Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Елімізде Сіздің бастамамен Жаңа Қазақстан үдерісін құру жұмыстары басталып кетті. Қазақстан Республикасы көп жағдайда аграрлы Республикаға жатады. Еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалудың бірден-бір жолы – ел экономикасының жоғары деңгейде болуы. Жаңа Қазақстанды құруға әрбір азамат өз саласын дамыту арқылы қол ұшын бере алатыны сөзсіз.

Осыған орай, мал шаруашылығы салаcының бірі – жылқы шаруашылығының мәселелерін көрсетіп, оның шешу жолдары туралы пікірімізді білдіріп, Сізге арнайы хат жолдап отырмыз.

Жылқы шаруашылығы мал шаруашылығы ішінде қосалқы шаруашылық ретінде саналып келді. Сол себепті, жылқы шаруашылығына Үкімет тарапынан айтарлықтай қолдаудың жоқтығы байқалып отыр.

Жылқы шаруашылығы – тек жылқыға жаны жақын жанкүйерлер арқасында стихиялы даму жолында. Алайда Үкімет деңгейінде жылқы шаруашылығы саласын дамыту үшін бұл атқарылып жатқан шаралар аздық етеді.

Еліміздегі жылқы шаруашылығының қазіргі жағдайын айтатын болсақ, осы саланың бар мүмкіншілігін толық пайдалана алмай келеміз. Олар мынадай кемшіліктер мен олқылықтардан тұрады:

Бірінші: Барлық облыстағы шаруа қожалықтарында жылқының тұқымдық құрамы сын көтермейді, таза тұқымды жылқылардың пайыздық үлесі 20%-ға да жетпейді. Мұны неге айтып отырмыз? Себебі бойындағы тектілік пен жоғары өнімділік қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа тек тазақанды жылқы ғана бере алады. Көп шаруашылықта будан жылқы көбейді. Бірақ қан тазалығы төмен, тұқымдық қасиеті ұрпақтан ұрпаққа бекімеген жылқымен ешқандай жоғары өнім алып, жақсы тұқым көбейте алмайтынымыз белгілі.

Еліміздің селекционерлері соңғы 10 жылда асыл тұқымды малдың тегі анықтауда ДНҚ маркерлерін пайдалануды қолға ала бастады. ДНҚ генотиптеуді халықаралық деңгейде толық мойындалған отандық зертханалардың шетелден арнайы білім алып келген мамандары жүргізіп, нағыз жылқы селекционерлерімен бірлесе жұмыс атқарса деген тілек бар. Бірақ зерттеуші топтардың арасында сол ғылыми жоба тақырыбына қатысы жоқ, кездейсоқ адамдар кіре бастады. Мұның нәтижесі немен аяқталатыны бәрімізге белгілі.

Екінші: Өндірістік топтарда жүрген элита класты жылқы үлесі еліміздегі жалпы жылқы санына шаққанда 10%-ға да жетпейді. Егер қалған 90% айғырдың дені таза, асыл тұқымды айғыр болмаса, онда қандай жылқы өсіріп отырмыз, соған мән беріп көрейік. Біз тек аталықтар жайлы ғана сөз қозғап отырмыз. Мұндай кемшіліктердің пайда болуын – шаруашылықтардағы зоотехникалық есеп жүргізудің жоқтығымен байланыстыруға болады.

Үшінші: Республикадағы жылқы шаруашылықтарының 96-98%-ында зоотехникалық-ветеринарлық есеп жүргізу жұмыстары сын көтермейді.

2002 жылы 10 шілдеде қабылданған ҚР №339-II «Ветеринария» туралы Заңының 32-бабында көрсетілген «Ауыл шаруашылық малдарын сәйкестендіру (идентификация) және есептік номер беру» бойынша шаруа қожалықтары қиындыққа тап болып отыр. Жылда жаңа туған құлынды жабағы кезіндегі таңбалаудан кейін ИСЖ бағдарламаға кіргізу проблемаға айналды.

Ауыл шаруашылық малдарын идентификациялау және ақпараттарды жаңарту бойынша мәліметтер базасын жүргізетін Мемлекеттік ветеринарлы-санитарлық бақылау және қадағалау органы Республикалық Палаталармен бірлесе (ақылдасып) жүргізсе – деген ұсыныс бар. Себебі ИСЖ-да әрбір шаруашылық жылқысының тұқымы мен туған мерзімін нақты көрсетпейді. Бұл – сол жүйені толтыратын операторлар мен жергілікті атқарушы органдардың немқұрайлығының көрінісі.

Осы проблема бойынша бағдарлама үшін идентификациялық номер әрбір құлынға тағайындалып, ал инвентар номер ретінде әрбір шаруашылықтың ішкі таңба номері жатқызылса – деген ұйғарымымыз бар. Мұндай шешім тауар өндірушілермен етене араласып, селекциялық жұмыстар жүргізіп келе жатқан ғалымдардың пікірі деп қабылдаңыз.

Төртінші: Аталған заңның 35-бабының 1-тармағының 9-тармақшасында идентификация жүргізу үшін атрибуттар мен құралдарды жасауға кеткен шығын бюджет есебінен болады делінген. Қазір елімізде азот сақтайтын ыдыстар (сосуд Дьюара), таңба құралдары (ПТЖ-4) өте тапшы, әрі қымбат. Сонымен қатар, табындағы жылқыға зооветеринарлық шаралар жүргізетін өткел-шарбақтар (раскол) салу бір шаруашылыққа қазіргі бағамен 10 млн-ға жуық теңгеге жетіп отыр.

Мұндай олқылықтар елімізде көптеп кездеседі. Жергілікті атқарушы орган осы мәселелерді шешуге қолғабыс етсе дейміз.

Бесінші: Жергілікті атқарушы орган ветеринария саласы тарапынан малдардың энзоотия аурулары, профилактика және диагностика қатарлы бюджеттен төленетін жұмыстардың бекітілген тізімін ешқашанда шаруа қожалықтарына немесе жеке тұлғаларға таныстырмайды. Жоспарлы ветеринарлық шаралар алдын-ала ескертіліп, уақытылы жүргізілмейтінін де еске саламыз.

Алтыншы: Көп шаруашылықтың материалдық базасы талапқа сай келмейді. Олар жайылымның дұрыс бөлінбеуі, жетіспеуі, су көздерінің тапшылығы, зооветеринарлық шаралар жүргізетін өткел-шарбақтардың (раскол) жоқтығы. Мұндай кемшіліктер жергілікті атқарушы органдардың назарында болуы керек деп санаймыз.

Жетінші: 2021 жылы ауылшаруашылық үшін қиын жыл болды, әсіресе Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы жылқы шаруашылықтарында. Жылқының күйі түсіп, көп жерде шығынға ұшырады. Салдарынан 2022 жылы Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарында ешқандай құлын ерген жоқ.

Осындай жағдайларға байланысты облыстарда асылтұқымды жылқы өсіріп отырған шаруашылықтарды мемлекеттік қаржылық қолдау (субсидия) жүргізілу қарастырылса, үкіметтен бөлінетін мемлекеттік қаржылық қолдау саясаты оң шешімін табар еді.

Сегізінші: «Асылтұқымды мал шаруашылығы» туралы №278-I Заңның 16-1-бабының 4-5-6 тармақшаларында асылтұқымды малдардың тектік қорын сақтауға және қалпына келтіру, қол жетімділігіне және селекциялық жұмыстарға бағытталған шараларды субсидиялау туралы айтылған. Алайда, төрт түлік малдың ішінде жылқы жануары үнемі тыс қалып келеді.

Демек, субсидия асылтұқымды а/ш малдарына арналғандықтан, ең құрығанда асылтұқымды жылқы басын субсидиялау іске асқанын қалаймыз. Мұның өзі тауарлы шаруашылықтарын жылқыны асылдандыру жұмыстарын жүргізуге ынталандырар еді.

Асылтұқымды жылқы бағып-күтіп, асылдандыру жұмыстарын жүргізіп отырған шаруашылықтардағы факт жүзінде қазіргі бағамен жылына бір басқа 100-110 мың теңге жұмсалады. Бұл жерде құдық моторына кететін жанар май мен дәрі-дәрмек есептелген жоқ. Сонда кеткен шығынның 20%-ын субсидияласа, орта есеппен 21 мың теңге бір бас асылтұқымды жылқыға берілуі тиіс.

Президент мырза!

1998 жылы 09 шілдеде қабылданған №278-I Қазақстан Республикасының «Асылтұқымды мал шаруашылығы» туралы Заңның 2-бабында асылтұқымды жұмыстарды жүргізудің негізгі қағидалары (принципі) көрсетілген: олар мал шаруашылығының тиімділігі мен бәсекелестігін көтеру; мал тұқымын сақтауды қамтамасыз ету; асылтұқымды мал шаруашылығы саласында керекті мәліметтердің есебін жүргізуді қамтамасыз ету; асылтұқымды мал шаруашылығы саласында ақпараттарды өңдеуді жеделдету және оларды мал өсіретін жеке және заңды тұлғаларға жеткізу.

Заңның 10-бабында Қазақстан Республикасының асылтұқымды мал шаруашылығы жүйесіне ҚР үкіметі, Уәкілетті орган (ҚР АШМ) және облыстық, қалалық, астаналық, аудандық жергілікті атқару органдары асылтұқымды мал шаруашылығы субъектілері жататыны белгіленген.

12-бап бойынша Уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Асылтұқымды мал шаруашылығы бойынша Бас мемлекеттік инспектор деген лауазымды қызметі бар ведомство еді. Мұны айтып отырған себебіміз еліміздегі барлық асылтұқымды мал шаруашылығының тағдыры осы ведомоствоға келіп тіреледі. Бұл ведомоствоға жататын аумақтық бөлімдердің мемлекеттік бақылау жүргізетін басшысы – мемлекеттік инспектор. Алайда бұл құзырлы орында кім отыр, қандай жұмыстар атқарып отыр?! Ол кісілерді ауылдағы тауар өндірушілер түгіл ғалымдар да танымайды. Бұл құзырлы органның жүргізіп отырған аграрлық саясаты көңілімізден шықпайтынын жеткіземіз.

13-баптың 3-1-тармақшасында уәкілетті органның құзырында жүргізілетін шаралардың бірі – жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп асылтұқымды жұмыстардың әдістемелік басшылығын және үйлестіруін жүргізеді.

Заңның 23-бабында көрсетілгендей асылтұқымды мал шаруашылығы субъектеріне Республикалық Палаталар жатады. Осы баптың 5-тармақшасында Қазақстан территориясында жылқы шаруашылығы бойынша Республикалық Палата әрбір өнімдік бағыт бойынша бір Палата құрылсын делінген.

Осы баптың 6-тармақшасында бір тұқымның асылтұқымды малдарын өсіретін жеке немесе заңды тұлғалардың өтініші бойынша бөлек Республикалық палата құрылатын болса, тек жұмыс істеп тұрған Палата жойылғанда немесе қайта құрылған жағдайда жүргізілсін деп көрсетілген.

Қазіргі кезде, жылқы шаруашылығы бойынша екі Республикалық палата жұмыс істеп келеді. Бұл жердегі проблема – еліміздің әр аймағындағы тауар өндірушілердің қай Палатаға мүше болып, қай Палатамен жұмыс жүргізуін білмей, өз бағыттарын таппай отырғаны. Соның салдарынан заңды Палата тиісті бюджетін толықтыра алмай, қаражат тапшылығынан еліміздің барлық аймағында өзінің жұмысын жүргізе алмай отыр.

Заңның 28-3-бабының 4-тармақшасында республикалық палатаның жалпы басшылығы мен жұмысын басқару, палатаның Жарғысында көрсетілген талабына сәйкес Палата Кеңес жүргізеді. Осы баптың 5-тармақшасында Республикалық Палата кеңесіне ғылыми-профильдік ұйымдардың өкілдері мен палата мүшелері кіреді – деп көрсетілген. Алайда, осы палаталарда кеңеске мүше болуға жылқы шаруашылығының жетекші ғалымдары толық қамтылмай отыр. Соның кесірінен Республикалық палата тарапынан уәкілет органның берген тапсырмалары мен дайындалатын әзірлемелер ғылыми негізде орындалмай, кедергіге ұшырап келеді.

Бір палата құрылғаннан кейін, екінші палатаның Заңға қайшы құрылуына Әділет министрлігі қалай жол бергені таңқаларлық жағдай. Біз Сізден, осы жағдайдың дұрыс жолын шешіп беруіңізді сұраймыз.

Осы хатқа қол қойған ғалымдар мен жеке және заңды тұлғалардың өзара ұйғарымы бойынша жылқы шаруашылығы бойынша екі Республикалық Палатаның құрылтайшыларымен ақылдаса отырып «Бір Палатаға біріктірілсе» — деген шешімге келуіне Уәкілетті орган ықпал еткенін сұраймыз.

Хатымыздың соңында «Асылтұқымды мал шаруашылығы» туралы Заңның 16-1-бабының 3-тармағында Қазақстан Республикасының заңдылығына сәйкес мал тұқымының тектік қорын сақтау, дамыту мен пайдалану бойынша және асылтұқымды мал шаруашылығы саласында қолданбалы және іргелі ғылыми зерттеу жүргізуді Уәкілетті органмен реттеледі – деп көрсетілген.

Соңғы үш жылдық зерттеулерде жылқы шаруашылығы бойынша ғылыми зерттеу жобаларын орындауда, зерттеуші топтардың құрамына көбінесе жылқы селекциясынан алыс ғылыми қызметкерлер айналыса бастады. Осы жағына мән беріп, әрбір аяқталған ғылыми жобалардың нәтижелеріне мән берулерін сұраймыз.

Хатқа қол қоюшылар:

Турабаев Амангельды, а.ш.ғ.кандидаты, Шәмшідін Әлжан Смайылұлы, а.ш.ғ.кандидаты, Кикебаев Набидулла Аханович, а.ш.ғ.докторы, профессор, Асанбаев Толеген Шонайұлы, а.ш.ғ.кандидаты, профессор, Исхан Қайрат Жалелұлы, а.ш.ғ.кандидаты, профессор, Рзабаев Қалыбек Серікбайұлыұлы, Рзабаев Толыбек Серікбайұлы, а.ш.ғ.кандидаты, Базарғалиев Әлібек, ғылым магистрі бастатқан 30-дан астам жылқы жанашыры қол қойған.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.