Торытөбелдің құпиясы

1089

(Деректі әңгіме)

Сенбі күні жартылай демалыс болатындықтан барлығымыз үйге ерте келіп, қызымның дайындаған асын жеп, шай ішіп отырған едік. Телефон шырылдап қоя берді. Кенже ұл бұрын жетіп, тұтқасын көтеріп сөйлесті де мені шақырды. Телефон шалған Сарай ағай екен. Ол: «Ертең менімен бірге жүресің, Гачууртыдағы Манап ақсақалдікіне барамыз» деді.

***

Манап ақсақалдың үйін жолыққандардан сұрастыра жүріп, тура тауып бардық. Сәкең қарияға қолын ұсына амандасып, отбасының, ауыл-аймағының есен-саулығы мен хал-жағдайын сұрап шұрқыраса кетті. Мен де «Ассалаумағаликум, мал-басыңыз аман, жақсы күзеп жатырсыздар ма?» деп сәлем бердім. Келін құрақ ұшып, төрге қоңырала кілем жайып, бізді сонда жайғасуға шақырды.

Дастарқан жайылып, шай құйылғанша Сәкең негізгі бұйымтайын айтып, әңгімені бастап кетті. Манап атаның көп жылдар үкіметтік қызметте болғанын, игі жақсылармен қоян-қолтық жұмыс жасағанын, оған қоса шежіре-тарихтан да тұшымды әңгіме қозғайтын көненің көзі екенін тілге тиек етіп, өткен тарихи оқиғалар мен сол кездің атқа мінер атақты тұлғалары хақында кеңескелі келгенін Мәкеңнің есіне салды. Сонда Манап қария:

— Әй, Сәке-ай, мен сенен нені артық біледі дейсің. Тарихты аударып-төңкеріп зерттеп, кітап қылып жазып, халықтың көңілінен шығып жүрген өзің емессің бе? Оның үстіне пайғамбар жасынан асып, кейбір білетіндерімді есіме түсіре алмай, ұмытып қалатын пәлеге шалдықтым. Алтайдағы қазақтар туралы естігендерім аз. Білетін бірер әңгімелерімді өзің кітабыңа еңгізіп қойыпсың. Қобда бетіндегі қазақтардың да тарихын мардымды біле бермеймін. Менің өмірімнің молы Шеруші ата елінде өтті ғой. Әсіресе, саңырау мен бақат руларының еңсесі биік, ұшқыр ойлы, терең зерделі игі жайсаңдарымен бірге жүрген, дәмдес болған жайым бар. Оны жасыра алмаймын,– деді.

— Міне, қызық әңгіме-дүкен енді басталайын деп тұр. Біздің іздегеніміз де осындай кеңестер ғой. Сол кездің атқа мінерлері мен бай-дәулеттілері жайында көрген, естіген, білетіндеріңіздің тігісін сөгіп, сөз бастаңыз? Біз құлағымызды түріп, тыңдауға асығып отырмыз, Мәке, — деді, Сарай аға.

— Ондай болса, Сәке, саған да қажеті бар, мына Мағыштың да есінде жүрсін, өткен өмірдің бір оқиғасын сабақтайын. Сол замандағы малшы-қосшы қауымның өмір-тіршілігін, хал-жағдайын, бастарынан кешкен қиын-қыстау алмағайып кезеңдерді де естеріңе сала кетейін, — деді де, кеседегі шайын қолына алып, асықпай ішіп, түгескен соң қоңыр даусымен сөз тізгінін қолына алды.

***

… Райысхан – Шеруші хошуынының («хошуун» — монғол сөз, аудан деген ұғымды білдіреді) халық құрылтайының хатшысы, мен – оның көмекшісі болып жұмыстаймын. Бір қүні бастығым мені шақырып алып: «Ертең ел аралауға шығамыз, дайындал!» деді.

Сөйтіп, Райысхан екеуіміз Улаанхусыннан шығып, Үшқараны асып, Цэнгэлді басып, Қобда ішін өрлеп, Мешіт сайдағы ауылдарға жетіп, ат басын тіредік.

Бүгін біздің ел аралап, жолда жүргенімізге үшінші күн. Бұлаңқұйрық пен қоянбүлкекті араластыра Жыланды өзенінің жағасына жете бергенімізде Райысхан маған:

— Манап, енді екеуіміз Оралбай манаптың ауылына барамыз. Биыл жазда соның бір жүрісті, тәуір атын қызметіме мінуге сұрайын деген ойдамын. Шешімім дұрыс па, қалай қарайсың? — деді.

— Дұрыс екен. Орекең мол жылқылы, оның ішінде жүйрік те, жорға да бар ғой. Хошуынның уәлиі Тұрдының торыала жүйрігі осы үйдің биесінің құлыны екенін өзіңіз білесіз. Сізге жүрісі тыныштау, жуасынан берсе екен, – деп хошуын хатшысының пікірін құптап қойдым.

Хошуынның уәлиі мен хатшысы өздері басқаратын ел-жұрттың малды, дәулетті адамдарынан қызметіне ат мінетін құзыреті болған. Райысхан осы құқығы бойынша бұл жолы атақты манап Оралбайға салмақ салмақшы екенін ұқтым.

Оралбайдың ауылы Жыландының жағасына қонған. Көк майсаға бие байлап, ұсақ малын Кетпестің кең жазығына өрістетіп, жайма- шуақ жайлап жатқан шақ еді. Түс мезетінде осы ауылға келдік. Иттің үрген дауысына бозбала үйден жүгіре шығып, ат діңгегіне таяп қалған бізді қарсы алып, сәлем берді. Райысханды қолтықтап түсіріп, атының шылбырын діңгекке байлады. Одан соң бізді үлкен қоңыр үйге қарай бастап жүрді. Ақ пен қызыл киізді ойыстырып оюлаған, дәл ортасына қошқар мүйіздеп өрнек салған, шетіне қара жиекпен су жүргізіп сәндеген кигіз есікті ашып, бізді үйге енгізді. Төрде, темір бедерлі сандықтардың үстіне кереге басына тірей жиналған жүкке сүйеніп, аяғын көсіле отырған Оралбайды таныдық. Амандық, саулық сұрасып сәлем бердік. Ол да біздің сәлемімізді қарсы алып, орнынан тұрып келіп, қолымызды жайдары қысып, кең пейіл қонақжайлылық танытты. Жас тоқалына сырмақ салғызып, қонақтарды төрге жайғасуларын сұрады. Біз орнығып отырған соң Орекең:

— «Құтты қонақ келсе қой егіз табады» деген. Хошуынның хатшысы мен көмекшісі екеуің, жұптарыңды жазбай қайдан жүрсіңдер? Аспаннан түстіңдер ме, жоқ әлде жерден шықтыңдар ма?– деп әжуәлай сөз бастады.

Райысхан оған күле жауап қатып:

– Аспаннан да түскен жоқпыз, жерден де шыққан жоқпыз. Сіздің қасиетті қара шаңырағыңыздың ақ дәмі тартып, келіп қалған жайымыз осы, — деді.

– Ондай болса, сыртқы киімдеріңді шешіп, жеңілдеңдер! Бүгін күн аптап ыстық. Еркін жайғасып, кең отырыңдар. Аяққы Есіктің Астаушасын жайлаған етене жақын туысым қонаққа шақырып еді. Мен соған барып қайтуым керек. Сендер: «Оралбай, бізді елемей тастап кетіп қалды» деп ренжімеңдер? Шай-суан, қымыз-қымырандарыңды ішіп, емен- еркін аунап-қунап тынығып отыра беріңдер. Кешікпей келемін, – деп киімін кие бастады. Райысхан да, мен де үндемедік, мұнысы қалай дегендей бір-бірімізге үдірейе қарап қана қойдық.

Сүт қатқан қою шайға қаймақ қосып ішіп, жас бауырсақ пен шелпекке сарымай жағып жеп ауқаттанып алдық. Үйде бір-бірімізге телміріп, жайдан-жай отыра бермей сыртқа шықтық. Алдымен өзен жағасына барып, беті-қолымызды салқын сумен шайып, жоғары-төмен аяңдап біраз серуендеп жүрдік. Одан соң бие бауларды қызықтап, қанша құлын байланғанын іштей санап шықтық. Төрт айғырдың үйірін төрт жерге, жеке-жеке байлапты. Бір бие бауда жетіден-сегіз, барлығы отыздан астам құлын ноқталанған. Көбі тырайып тынығып жатыр. Қайсыбірі тыпыршып, шұрқырай кісінеп, енелеріне дыбыс беріп қояды.

Қызыл дөдегелі отау үйден ағаш көнекті бауынан білегіне кигізе салған келіншек пен қыз шықты. Екеуінің артынан қолына қайыс шылбыр, бүкпе мен бекіту ұстаған екі жігіт және көрінді. Олар даң-дұң сөйлесіп, бие бауға қарай аяңдап келеді. Анадайда, алатайға жайлақ мінген бозбала алыстау оттаған биелерді желіге қарай қиқулап айдап жүр. Көп ұзамай алғашқы екі желідегі биелер сауыла бастады. Иімеген биелерге «Құр сал!» деп дыбыстап қояды, құлын тартқан жігіттер.

Сауын аяқталды. Кебеже қарын мама биелер бір-бірден желіден шұбыра алыстап, қайсыбірі бастарын жерге салып шөп жұлып, шөлдегендері бұлаққа аузын матырып су ішіп тұр. Райысхан сауыннан қайтқан жігіттерге қолын бұлғап, біреуін қасына шақырды. Оның еңкейе келіп жолдаған «Ассалаумағаликумын» жадырай қабылдап, «Әликсалам» деп оң қолын кеудесіне қойды. Жігіттің бетіне жымия қарап тұрып, сауал қоя бастады:

– Атың кім?
– Талапберген.
– Оралбай байдың туысы боларсың?
– Байекеңе соншалық жақын ағайын емеспін. Руым бақат, оның ішінде сүйіндікпін.
– Бұл ауылда қандай шаруа істейсің?
– Ес біліп, етек-жеңімді жинағаннан бері Орекеңнің жылқысын қайырамын, биесін байлап, қымыз дайындаймын.
– Е, жылқышысы екенсің ғой?
– Иә, солай.
– Оралбайды бүгін Аяққы Есіктегі туысы қонаққа шақырған екен ғой. Басқаларыңды неге шақырмаған? – деп, Райысхан көкейтесті, ең негізгі сауалына жауап алғысы келді.
– А, солай ма екен?! – деп кібіртіктеген жігіт, – мен ол жақта байекеңнің туысы барын білмейді екенмін. Бізді ешкім шақырған жоқ. Сіздер дастарқанда отырғанда байекең үйінен шығып, аттанар алдында біздің отауға еніп былай деген-ді: «Тығыз шаруа шықты. Мен жылқышыларға барып, сөйлесуім керек болды. Көлеңке түскенге дейін қайтып келмесем, сен бір бойлақты ұстап апарып, ана қонақтарға батасын істетіп сой! Етін қазанға салып аса бер!» деген.

Мұны естіген Райысхан, езу тартып, басын шайқады да теріс айналып жүре берді. Мен оның артынан ердім. Екеуіміз сарқыраған мөлдір сулы өзеннің майсасында екі томпаққа артымызды қойып, бір-бірімізге қарама-қарсы қарап отырмыз.

— Ал, Мәке, Талапбергеннің жаңағы айтқанынан не түйдің? Сен мендей емес «Қу Манап» деген қосалқы атың бар атақты адамсың ғой – деп, кеңкілдеп күлді.

Мен бастығыма:

— Хатшы, сіздің де айлаңыз бен қулығыңыз менен артық болмаса кем емес. Менсіз-ақ, өзіңіз әлдеқашан мәселені түбіне дейін үңіліп, түйінін тауып, көкейіңізге шегендеп те қойған шығарсыз?! Әсілі, Оралбайда бізге қатысты қандай бір жұмбақ гәп бар екені бесенеден белгілі сияқты. Онысын қона жатып, ертеңге дейін жорамалдармыз. Жалпы, Орекең манап туралы ел арасында орағыта айтылатын қаңқу сөз бен адамдарды өкірте мінеп-сынайтын әдеті көп естіліп жатады, — дедім. Бастығым басын шұлғығандай болды.

Бойлақтың еті қазанға салынып жатқан кезде Орекең «қонақтан» шаңырағына оралды. Сіңбіріп, қолын шайып, қақырынып, түкірініп, сүлгіні ұстаған күйі төрге шығып, Райысханның сол жағына жетіп жантая жайғасты.

— Ал енді, Монғол жерінде, шеруші елінде болып жатқан жаңалықтан айта отырыңдар? Хошуын орталығынан алыс, жон жайлап, қысаң қыстайтын біз сияқтыларға кім келіп, соны ақпарат, жаңа хабар жеткізеді дейсіңдер? — деп қонақтарға сын көзбен қарап, өткір сөзбен қағытпалап қойды.

Райысхан мүдіріп тартынған жоқ, көсіле сөйледі.

— Биыл күзде балаларды қазақша оқыту басталады. Онда ұлдармен қатар қыздар да білім алатын болады. Осыған орай жаңа әліппе жасақталып жатыр. Кеңес елінен арнайы мұғалімдер келетінін естіген шығарсыз?! Бұйыртса, жаңаша сабақ үйретіп, халықты ағарту мәселесі тас-түйін шешілетін болды. Ал енді, жазғы жайлау туралы сөз қозғайтын болсақ, жағдай оңып тұрған жоқ. Секіртпе мен кемелек індеті ұсақ малға қатты тиіп, қой мен ешкінің шығыны мол екенін өзіңіз көріп, біліп отырсыз. Бұл екі дертке қарсы қолданатын дәрі-дәрмек әзірге шықпапты. Мамандар зерттеп, зерделеп қарқынды жұмыс жасап жатыр деседі. Оның сыртында ит-құс малға шауып, кезіккеніне ауыз салып, жеп кетіп жүргені малшылардың тыныштығын кетіріп, қытығына қатты тиіп тұр. Құралайды көзден ататын мерген, әккі аңшыларды жинап, қолдарына оқ, дәрі беріп, қасқыр аулау жұмысын ұйымдастырдық. Аманшылық болса, бұл іс-шара да алға басып, нәтиже беретін шығар. Қарғыс атқыр «есірку» деген пәледен болып, қарабайыр халық ұйқы-күлкіден айырылып, екі көзі төрт болып, уайымның тұңғұйығына тұншыға шомылып отыр. Әсіресе, нақақ жала жабылып, үкімет пен партияға қарсылығы жоқ, еш кінәсі болмаған адал жандар нәубәт құрбанына шалынып, ұсталып кетіп жатқаны ел-жұртты қатты қинап, еңсесін түсіріп тастады.

Кеңес, әңгіме осылай өрбіп, шарықтап жатқанда дастарқан жайылып, қымыз құйыла бастады. Бір-бірімізге «бұйырыңыз» айтып, балдай тәтті, баппен ащыған сары қымызды сіміріп, шараяқтарды босатып тастадық…

Түн ортасы ауа семіз жас ет жеп, айран қосқан сорпа ішіп, қалың төселген текеметтің үстіне жатып, аунап-қунап жақсы ұйықтап тұрдық. Шай ішіп бола бергенде қымыз ішу жалғасып кетті. Қымыз ішіліп жатқанда кешегі еттен қалған- құтқаны қайта жібітіліп желініп, артынша сорпадан да қарпыттық. Сүтті шайға қымызды қосып, майлы сорпаға айран араластырып жұмыршаққа құйып тастадық. Мұндай араластырма ішіп-жеу тек қазақ ұлтына ғана тән тамақтанудың түрі шығар?! Осы тәсілмен қарынды сірестіре қампитып кекіре тойған соң, бұл үйде уақыт оздырып отыра берудің мәнісі қалмайтыны бесенеден белгілі жайт қой. Аттанатынымызды білдіріп, қозғалақтап, сырт киім, тымақ, белбеу, қамшымызды іздеп, орнымыздан тұруға бейімделгенде Орекең манап:

— Үнемі келіп-кетіп жүретін жандар емессіңдер. Жылдап, айлап әрең жүздесетін аса қадірлі қонағымсыңдар. Бұйымтай, шаруаларың болса айта отырыңдар? – деді, қазақтың бағзы заманынан жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпы бойынша. Осыны күтіп отырған Райысхан дереу тамағын кернеп:

– Ореке! Кешеден бері тізе бүкпей, жатып жастық, иіліп төсек болып, асты-үстімізге түсіп күтіп, аса үлкен қонақжайлылық жасағаныңызға көптен-көп рақмет. Иә, бұйымтайымыз бар. «Айран сұрап келіп, шелегіңді жасырма» деген. Биыл сіздің жылқыңыздан қызмет бабыма бір ат мінейін деп келген жайым бар, — деді.

Оралбай ауыз жиғанша ойлап, тарығып, тартынбастан:

– Жөн ғой, хатшы мырза. Сен мінбеген атты қасқыр жесін. Менің бойлақ жылқымның ішінде екі жыл ер салынбаған, үлкен торытөбел құр ат бар, соны мін. Жылқышылар шалғай емес, дәл жолдарыңда. Аяққы Есіктің Астаушасында жайлап отыр. Соларға айтсаңдар болды. Шаруаларыңды шашыратпай қатырып орындайды, — деді, беті бүлк етіп, шімірікпестен жорғалай сөйлеп. Оның айтқанының ар жағында не сыр жатқаны, бізге беймәлім еді.

***

Түс болмай жылқышылардың ауылына бардық. Торытөбелді ұстап беруін өтіндік. Жылқышылар әп-сетте жиналып, жылқыға бізді де ерте баратын болды. Райысхан ауылдың барлық ат жалын тартып мінетін еркек кіндіктілеріне бірге жүрулерін өтінді. Уақыт ұттырмай жылқыны тез жинап, атты дереу ұстап алып, қайту қажет екенін баса ескертіп қойды.

Топ адам Оралбайдың топаны мол бойдақ жылқысын жан-жағынан қаумалай қоршап, тықсыра айдай бастады. Екі жылқышы айғайлап, жыра салып ойнақтаған семіз аттарды екеуінің ортасынан өткізуді өтініп желдіртіп келеді. Қаумалаған қылқұйрықтылар айтқандарындай-ақ қос жылқышының ортасынан шұбырып өтіп жатыр. Бір сәтте екеуі бірдей торытөбелге шалмаларын лақтырды. Шалманың бірі аттың шоқтығына, екіншісі сауырына тиіп, торытөбел ұстайтынын білген соң үйірден бөлек шығып, сайды құлдай қаша жөнелді.

Шалмашылар басқаға байқатпай бір-біріне көздерін қысып, жымың қаққандарын ешкім анғармады.

Олардың өйтетін жөні бар-ды. Торытөбел енді қуғыншыға жеткізбейді және бір күн өтпей үйіріне қайтып оралмайтын өте тағы, тарпаң жылқы екен. «Райысхан хатшының амал-шарасы таусылып, құр қол үйіне қайтатын шығар» деген жымысқы ойлары іске аса бастады. Барлық әрекет, Орекеңнің кеше жасап кеткен жоспары бойынша тыңғылықты орындалып жатқанына жүздері жадырап, көңілдері көтеріле түскен.

Райысхан қашқан атқа жай ғана «Па, әттеген-ай!» деп қарап тұрып қалған жоқ. Барлығымызды артынан ертіп, торытөбелдің соңынан сайды құлдай шауып келеміз. Хатшының міңгені мықты, шалымды ат еді. Торытөбелді қусырып таяңқырап қалды. Алайда, «Малы иесіне тартады» деген рас-ау, таяған сайын торының қарқыны үдеп, алыстап алған соң баяулап қашатын оңбаған жануар екен. Ұзап біржолата безіп қашып кетпейді, не қуғыншыға жеткізбейді. Осындай жағдайда ұтылап қуып, Аяққы Есіктің артындағы кең жазықты екі-үш рет айналдық. Мінген аттарымыз қара сүмек болып терлеп, болдырып қалды. Енді торытөбел бізден қарасын біржола үзу үшін Жыландыны бетке алып зымырады. Сонда да оның артынан қалмауға тырысып, атымызды қамшылап, тебініп, жалбаңдай шауып біз келеміз. Кенет қашағанның алдындағы Құрғаққобының жырасынан бір топ жылқы айдаған кісі шыға келді. Мән-жайды табанда түсінгендей болды. Қанжығасындағы арқанды шешіп қолына ала салды да атына қамшы басты. Аты ұшқыр шабатын жылқы екен торытөбелге әп-сәтте жетіп барып, шалмасын лақтырғандай болды. Сәтіне салып шалма қашағанның қыл мойынына киіле кетті. Шалмашы қолындағы арқанының ұшын тақымына басып та үлгерді. Торытөбел ышқынып тулап, шалмалаған адамды атымен қоса жұлқып, біраз жерге дедектетіп тастады. Біз де жеттік. Жігіттер аттарынан секіріп түсе-түсе қалып, бұлқынған қашағанды құлағынан басып тұрып ноқталап, жүгендеді. Қашаған төбелді шалмалап ұстаған, Мағыш, сенің атаң Қодар аға болатын…

Манап ақсақал кеседегі демін алған шайын ішіп, кеберсіген тамағын жібітіп негізгі әңгіменің арнасына қайта оралып, екпіндей жөнелді.

Торытөбелдің бұдан да басқа «өнері» бар екенін сол маңның жігіттері жақсы біледі екен. Солардың біреуі:

– Бұл төбелдің арыны бар, айыл қытығы шықпаған асау жылқы. Райысхан аға, бұны тастап кетіңіз, сізге мініс ат болып жырғатпайды. Мертіктіріп, оқыс болдыруы әбден мүмкін, – деп барлығымызға қынжыла қарады.

Жас жігіт айтқандарын дәлелдеу үшін торытөбелге өзінің ерін ерттеп, шылбырынан ұстап тұрып «шу» деп еді, мойынын ішіне алып жұлқына мөңкіді-ай кеп. Бұдан кейін тағы да әлгі жігіт екі үзеңгіні аттың төсінің астынан қосақтап байлап, шылбырын қасындағыға ұстата салды да, өзі лып етіп атқа мініп алды. Торы тағы мөңкіді, бірақ алғашқысынан сәл бәстеу болды. Жігіт аттан түсіп, ортамызға келіп:

– Торытөбелдің «өнеріне» қанық болған шығарсыздар. Оны, мына отырған Оралбайдың жылқышыларына жетектетіп қайтарып жіберіңіз? – деп екінші мәрте өтінгендей болды. Сонда Райысхан:

– Бауырым, сен ренжіме. Бұл көп «өнерлі» торыны тастамаймын алып кетемін. Артынан не болғанын ести жатарсыңдар. Сендердің барлықтарыңа, әсіресе, Қодеке аға, сізге алғысым шексіз! Сіз болмасаңыз бұл хайуанды ұстап алу екі талай еді. Аман сау болыңыз! Кеш кіріп барады. Енді біз аттанайық. Қане, Манап, андағы мал емес қуаяқ, аң сияқты жануарды жетекте, айырылып қалма, түге! – деді.

Оралбай сол заманда өмір сүрген шомбал манаптардың бірегейі еді. Оған біткен ұсақ мал былай тұрсын, қылқұйрықтысын маңдайынан ешкім түртіп санамағанымен жалпы топаны үш мыңның арғы бергі жағында дейтін, көнекөз сұңғыла қариялар. Орекеңнің Қамбар ата түлігінің өрісінің ауқымдылығы соншалық, екі Есік, қос Көйтен, Баулық, Ақбөстік, Құйтас, Оңқаты, Жыланды басының сай-сала, қолат-қойнау, жыра-жылғасын лық толтырып жайылады екен.

«Жылқысын жинап Сарыбұлақтан суарғанда суы ақпай, үзік-үзік тықырлақ болып қалатын-ды» деуші еді байырғы жылқышылары. Осындай кемел байдың хошуын құрылының хатшысына ұсынған аты торытөбел болды ғой. «Байлығы мен дүние-мүлкі құрысын!» — деп іштей Оралбайды жазғырып, жерден алып жерге салып келемін. Райысханның жүзі қошқылданып кеткені болмаса, тым-тырс үн жоқ, ойға шомған.

***

Торытөбелді ортаға алып, жетектеген екеу, күн ұясына қонар алдында Жыланды құйғанындағы ауылға іліндік.

Райысханның торытөбелді алып кеткенін өз көздерімен көрген екі жылқышы, шапқан күйі, жолдағы үйлеріне де соғып, дамылдауға мұрша бермей, Жыланды өзенін жайлап отырған қожайынына асыға-аптыға шұғыл жетеді. Болған жайдың түгін қалтырмай, түгендеп отырып Орекең манапқа баяндайды. Оралбай ашуына мініп, ақырып-зекіріп, быт-шыт қылатын шығар деп қаймығып, ұнжырғылары түсіп тұрады. Жағдай олардың ойлағанындай емес, керісінше қожайынның көңіл-күйі жайдары, жүзі жарқын болғанына таң қалады. Байекең аздан соң жылқышыларына шартабақтай томпақ бетін бұрып:

– Ертең менің көк жорғамды жылқыдан ұстап, таң асырып ішін тарттырыңдар! Бүрсікүні жақсы суарып тақырға арқандаңдар! Арғыкүні Қаңтарбай сен, көк жорғаны жетектеп, жолға шығасың. Асығып-аптықпай жайыңмен жүріп отырып, Райысхан бастыққа табыстап қайтасың. Ондағы торытөбелді жетектеп ораласың! — деді. Көп кідірмей байекең сөзін ары қарай сабақтап, — Райысханға менің арнайы сәлемім бар. Соның бір сөзін қалдырмай, сөйлем-сөйлемімен айтып бересің! — деп, ерекше ескертеді.

Жылқышылар аң-таң. «Бұл қалай болып кетті өзі?!» — деген сыңаймен бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап, бастарын шайқап қояды.

***

Торытөбел үстіне ер салынған, аяғы шідерлеулі, діңгекке байлаулы тұр. Райысхан таңғы шайын ішіп, қызметіне енді ғана жиналып жатқан. Кенет діңгектегі ат кісінеп қоя берді. Есікті ашып сығалаған бала:

– Әке, біздің үйге көк ат жетектеген біреу келе жатыр, — деп сыртқа шығып кетті.

Көп кешікпей үйге Оралбайдың екі жылқышысының бірі кіріп келіп, отағасына сәлем беріп, оң жақтағы қара ала сырмаққа тізе бүкті. Бәйбіше қонақты дастарқанға шақырып, шай құйған кесені қолына ұстата берді. Қаңтарбай шайды апыл-құпыл, көзді ашып-жұмғанша ішіп, кесесін дастарқанға қоя салды да, жүзін Райысханға бұрып былай деді:

— Райысхан аға, мені сізге Орекең бай жіберді. «Мына көк жорғаны қалдырып, торытөбелді алып кел!» деп тапсырды. Сосын сізге өзінің сәлемін сөзбе-сөз жеткіз деген еді. Соны айтайын: «Райысхан, мен сені торытөбел арқылы сынаған едім. Төбелді ұстай алмайды деп сенгенмін. Алда-жалда ұстап алып, аттың барлық «өнеріне» қаныққан соң мені жеті атамнан бері жездей қазып балағаттап, атымды басына қамшымен бір тартып босатып қояберер деп тон пішкем. Сен жарадың! Ақылдылығыңа, мықтылығыңа, қайсарлығыңа, төзімділігіңе тәнті болдым. Болмысыңды толықтай танып білдім. Нақтылы ел билейтін ер осындай болу керек. Еркектер шекіспей, бекіспейді. Екеуіміздің арамызда болған жағдайды ұмыт! Маған ренжіме! Осыдан былай жақсы ниетпен барыс-келіс, алыс-беріс қатынаста болайық?» деген еді — деп Қаңтарбай шай құйған кесені қолына тағы ала берді.

Оның сөзін тыңдаған Райысхан:

— Жігітім, алыстан ат соғып шаршап келдің, жатып тынық, қонақ бол. Аттарыңды арқандап таста, ертең қайтарсың? – деп, орнынан тұра бергенде жылқышы жігіт:

— Рақмет, аға. Мен қонбаймын, артымда көп шаруам қалып барады. Шай ішкен соң қайта аттанамын, — деді.

— Көк жорғаны әкеп беріп, торытөбелді алып қайтқаның үшін алғысым шексіз. Менің де сәлемімді манапқа бір сөзін өзгертпей жеткізерсің! «Мал баққаннан ел баққан қиын. Елді айғай-шусыз, қайғы-қасіретсіз басқару қашаған торытөбелді ұстағаннан да күрделі. Халықтың бас асаулығы мен айыл қытығы торытөбелдікінен де қатты. Қарақұрым халықтың тауқыметін көтеру зіл батпан салмақ. Алайда, қанша ауыр болса да ер жігіт қаймықпай көтергені абзал» деді дегейсің, – деп Райысхан жігітке қарады.

Манап аға хикаясын тәмәмдағандай болып, бір сәт тыныстап қалды. Қарияның тарқатқан хикаясын зейін қоя, үн-түнсіз, қозғалмай тыңдап отырған Сарай ағай:

— Пай-пай, шіркін-ай! Әңгіменің көкесін естіп, көксеген құмарымыз бен қалқан құлағымыздың құрышын қандырып-ақ тастадыңыз. Мәкең аға, сізге көп рақмет! Деніңіз сау, аман-есен болыңыз! Балаларыңыздың ортасында, солардың қызығы мен қуанышына бөленіп жасай беріңіз! – деді.

Мағаш Аятханұлы,

«Шұғыла» журналы

Фото: animals.pibig.info

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!