Конкурдан «Арғымақ» ашық кубогы өтті (ФОТО)

987

Елордада ат спортының конкур түрінен «Арғымақ» ашық кубогы өтті.

Бұл жарыста Астана қаласында 2022 жылы ашылған «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінің жүлдесі сарапқа салынды.

Шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері Федерациясының президенті Ерлан Каналимов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және Олимпиадалық ат спорты түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасенов қатысып, шабандоздарға сәттілік тіледі.

Өздеріңізге мәлім 2022 жылдың қазан айында халықаралық стандарттарға сай келетін «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешені ашылған болатын. Енді міне конкурдан ашық кубок жаңадан ашылған «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінде екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл сынға еліміздің Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларынан 50-ге жуық шабандоз қатысып жатыр. Олар биіктігі мен күрделілігі бойынша бес түрлі бағытта бақтарын сынайтын болады – деді Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері Федерациясының президенті Ерлан Каналимов.

Сонымен қатар бұл кешенде алдағы уақытта ерекше қажіттілігі бар балаларға арналған жаңа иппотерапия орталығы қолданысқа беріледі.

Мұндағы басты мақсат – иппотерапия арқылы ерекше күтімді қажет ететін балалардың психофизиологиялық белсенділігін дамыту. Қаламызда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бойынша бірқатар ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Елордада 2 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Осы жаңадан ашылғалы жатқан иппотерапия орталығы бүлдіршіндердің шипасына көмектессе, ата-аналарға үміт сыйласа, оң әсерін тигізсе, одан асқан қуаныш жоқ шығар деп ойлаймын. Ұлттық рухты көтеретін жарыстарымыз көбейе берсін. Бүгінгі жарыста ең мықтылар жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін! — деді Ерлан Каналимов.

Еліміздің Қарағанды, Алматы, Шымкент және Астана қаларынан өңшең саңылақ, шашасына шаң тимес сылаңторылар жарыстың бес бағдары бойынша сынға түсті.

Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші санатта, яғни балалар санатында алматылық шабандоз Акшина Амина «Гордый» атты сәйгүлігімен І орынды қанжығалады. Ал, жерлесіміз Жақып Жандос «Камелот» есімді тұлпарымен күміс жүлдені қанағат тұтса, бұл сында үздік үштікті Қарағанды қалсынан «Каприоль» тұлпарымен қатысқан Камилла Дуржубаева түйіндеді.

Дөнендер жарысында 100 см-ге дейінгі кедергілерді «Кайло Рэн» сәйгүлігімен мүлтіксіз орындаған Максим Папихинге алтын жүлде бұйырды. Екінші, үшінші орындарды Қартқожақ Нұрболат «Бүркіт» атымен және «Торнадо» атымен шыққан Котина Виктория еншіледі.

Биіктігі 120 см-ге дейін сында бесті аттар санатында «Сальвадор» сәйгүлігімен қатысқан Маликаджар Чингиз алтыннан алқа тақты. Рафия есімді тұлпарымен Мұрат Мансур күміс жүлдегер атанса, Нұрболат Қартқожақ «Рабат» есімді тұлпарымен қола медальға ие болды.

Кедергілердің биіктігі 125 см-ге дейін болатын төртінші санатта (6 жастан жоғары) үздік үштікті «Спектр Сайгон» тұлпарымен Виктория Котина түйіндеді. Күміс жүлде – «Маригольд» сәйгүлігімен өнер көрсеткен Соколенко Олегке бұйырса, «Мушек» тұлпарымен Мунайтбасова Айнагүл үздік нәтижеге қол жеткізіп, алтынды еншіледі.

Кедергілердің биіктігі 130 см болатын бесінші санатта Маликаджар Чингиз есімді шабандоз өзінің екі атымен де қатар сынға түсіп алтын және қола жүлделерді қанжығалады. Бұл сында «Фандорин» тұлпарымен Азамат Хасенов екінші орын иеленді.

Жүлде қоры 12 миллион теңге болатын жарыс бес номинация бойынша анықталып, жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл спорттық шараның мақсаты салауатты өмір салтын берік ұстану. Сонымен қатар, Астана мен барлық өңірлерде ат спортын кеңінен насихаттау және дамыту арқылы келешегі зор шабандоздар мен жылқыларды анықтау.

Айта кетейік іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерінің Федерациясының ұйымдастыруымен өтті.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!