Шеңгелбай қасқа. Мал дәрігері Сайлау

1873

(Деректі әңгіме)

Бала күнінен бәйгеге шауып, жылқыға деген құмарлығы ерте оянған бұл жігіттің осы кезде жасы, жалындаған жиырманың ар жақ, бер жағында ғана болатын. Айғырлардың денсаулығын түгел тексеріп, анықтама қағазын толтырып, Актіге қол қойып, өз шаруасын ойдағыдай орындап, Сәкең атына мініп ауылына қарай тартты.

Көз алдынан әлгі төрт айғырдың тұрпаты кетпей қойды. Ат үстінде асықпай аяңдап келе жатқан Сайлау, сонау бір бала кезінде, өзінің алғаш рет атқа шапқанын еріксіз есіне алды.

Сайлаудың әкесі Қазбек аға мен анасы Бикен апай өмір бойы малда болған адамдар еді. Үйдің үлкені болған соң Сайлау ізінен ерген інісі Қайрат пен қарындастары Маржан, Айжан, Гүлжандарға айтарлықтай ағалық қамқорлық танытып өсті. Ата-ананың аманаты солай. Ол кезде ЛСП-ның өзі бір ауыл болып, тіршілігі қызып жататын. Әкесі Қазбектің малға мініс аты ретінде алған, жал-құйрығы жібектей сүзілген, келісті сары аты болып еді. Рақымбай ақсақалдың баптауымен ұлы Уәліханның жүйрік Құла төбел аты мен Қазбектің Сары атын ЛСП-да ұстап, күзгі бәйгеге қосатын болып, баптап отырған болатын. Дәл бәйге болатын күні Әкесі келіп:

— Сайлау, сабағыңа бара бер, бәйге болмайтын болды – деп, шылымының түтінін будақтатқан күйі қора жаққа қарай кетті де қалды.

Әкесі айтқан соң заң, ат бәйгесін асыға күтіп жүрген бала, енді еріксіз сабағына кетті. Мектепке келіп абыр-дұбыр еткен ересектеу балалардың сөзіне құлақ түрсе, бүгін «Шешен» қора жақта ат жарысы болады екен. Екінші сабақтан қашамыз, барып бәйге көреміз дегенді естіп қалып, көп ойланбастан сол жерде сөмкесін тастай сала, жаяу-жалпы «Шешен» қораға қарай екі өкпесін қолына алып құстай ұшты. Келсе аттар көмбеге енді жиналып, шапқалы жатыр екен. Уәліханның Құлатөбеліне ересектеу бір баланы отырғызып, Қазбектің сары атына малшы Домбыржайдың Сайлаудан төрт-бес жас үлкен Сіләқат деген ұлын мінгізіп қойыпты. Ашу қысқан Сайлау әкесінің сары атының тізгініне жабыса кетіп «Аға, өзім шабам, өзім шабам»-деп ызадан булығып өкіріп жылап жіберді. Ол кезде Сайлаудың жасы небәрі сегізге енді ғана толған. Ел-жұрт, у-шу болып бәрі бұларға бұрыла қарап дүрлігіп жатыр. Біреулер күлсе, біреулері керісінше баланың «өзім шабам» деген қайсарлығына тәнті болып тұр. Осы кезде «Ленин» фермасынан жирен қасқа атын бәйгеге қосуға әкеліп тұрған Еңсенов Нұрғазы аға, «Әй, Рахымбай! Әкел бері баланы, меселін қайтарма. Менің атыма мініп шапсын»-деп айқай салып шақырып алды да, жирен қасқа аттың үстіне Сайлауды «Бисмиллә» — деп қондырды да қоя берді. Рахымбай атаның «Әй, Нұрғазы, мінгізбе, жығылады!»-дегеніне Нұрекең саспастан:

— Раха, қарындасыма жауабын өзім беремін, болды — деп бетін сипап Сайлау мен Жирен атты топқа қосты да жіберді.

Халық шу етіп, аттар дүр етіп, қырдағы кең пішілген үлкен кругты айнала шауып кетті. Осы бәйгеде Қазбектің сары аты бірінші, Нұрғазының Жирені екінші келді. Сары ат келуін келді, бірақ Сіләқат аттың аяғын кесе бастырып алыпты. Бәйгеден кейін талайға дейін өз-өзіне келе алмай, ауырсынып жүріп, емдеп-домдап сары ат аяғын басты әйтеуір. Келесі бәйгеге тағы аттарын әзірлеп, бұлар да жарыс болатын сол «Шешен» қораның тұсына сәл ертерек жиналды. Бұл жолы әкесі сары атын арбаға шегіп алып, Сайлауды жанына салып алып барған. Домбыржай ақсақал өзінің Күрең атын бәйгеге қоспақшы ат үстінде сол ұлы, сорайып Сілақат отыр. Сайлау жоспар бойынша Нұрғазының атына шабуы керек. «Шешен» қораның тұсына жиылған жұрттың қарасы, бұл жолы бұрынғыдан да көп екен. Қаптаған қараны көргеннен-ақ, арбадағы сары ат екіленіп, қос құлағын қайшылап, еліре түсті. Келіп тоқтаған сәтте, арбадан тік шапшып, қарғып, мені қоя бер дегендей құтырына кісінеді. Ақыры әкесі арбадан доғарып, байлап қойып еді, арбасын сүйрей жөнеліп әшейін бір шабысты тілеп-ақ тұр текті жануар. Атының сырын жақсы білетін әкесі, енді сары атты үш аяғынан шідерлеп, сонадай жерге аулақтау апарып отқа қойды. Бас-аяғы он бес шақты ат жиылып, 20 шақырымдық бәйгенің жарыс жолына жөңкіле шықты. Төрт айналу керек. Кеткен аттардың ішінен суырылып ақырғы айналымда мәреге таласа келген Домбыржайдың Күреңі мен Нұрғазының Жирені. Тіпті қатар келді. Қайсы озғанын даулап, шешімін шешу үшін дүрліккен ел, екі атты және бір айналымға қайта салды. Бұл кезде жеңіл тыныстап, ширыға қалған Нұрғазының Жирені, жарты айналымға дейін таласып барған Домбыржайдың Күреңін тіпті шаңына ілестірмей, артқа тастап мәреге дара келді. Енді Сайлау бұрылып артына қараса, қарсыласының қарасыда көрінбейді. Сөйтсе Күрең ат жарты жолда болдырып, тоқтап қалыпты. Содан қызу қандылыққа салынған Домбыржай ақсақал ұлы Сіләқат екеуі Күрең атты тыныстатпай қайтып бара жатқанда, «Құлболдының» тұсында «Асылханға» жетпей жығылып, жануар сол жерде жан тапсырыпты.

Одан кейінде Сайлаудың бәйгелерде жолы болып жүрді. Қасымбай деген қойшының қойға мініп жүрген жай күнде мың салсаң бір баспайтын, тік шапшып мөңкіп тұрып алатын, ал енді бәйгеге келсе жер тарпып шыға келетін Құлақасқа атына шауып, ауылда бірінші, ауданда үшінші болып келді. Совхоздың бас жылқышысы Көпірбаев Әнуарбек ақсақалдың тұқымы Қарасу совхозының жылқысынан шыққан «Шеке» атты бәйге атына шауып «Ұлы Октябрь тойында» Ақжарда алдыңғы болып келген кездерін есіне алып, балалығы ойына оралып, миығынан бір күліп алды.

Астындағы жүрісі жайлы қоңыр атты бір тебініп, сипай қамшылап ЛСП-ға да келіп жетті. Келе сала аттан түсіп үлкен үйге барып Бикен шешейдің шайын асықпай сораптай ішіп, әкесіне бүгінгі Кәркестегі көрген-білгенін «қостанайлық» таза қанды айғырлар туралы баяндап, әлі де болса қызығушылығын жасырмай, сүйсіне әңгімелеп барып, үйіне бірақ оралды. Бірақ есіл-дерті сол асыл айғырларға ауып кеткендей. «Шіркін-ай, тұқым алар ма еді, тақымыма бір тиерме еді» деген тәтті арманға шомып, көзі ұйқыға кете берді.

(Басы мына жерде. Жалғасы бар)

Аслан Ғафуров,
Шеңгелді ауылы.
Argymaq.kz

Суретте: Амантай Шеңгелбаев. Мінгені Шеңгелбай қасқа. 1986 ж. Тарбағатай ауданы, Шеңгелді ауылы.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.