Болат Бопайұлы. «Жылқы жыры» – жылқы мәдениетінің жаршысы

1190

Жақында «Шалқар» радиосындағы «Жылқы жыры» хабарының жүргізуші-редакторы, журналист Бағдат Мұхтарлы хабарласып «Жылқы жыры» бағдарламасына сұқбатқа шақырды.

Уақытқа байланысты қойылған сұрақтарға қысқа-нұсқа жауап қайырып отырдым. Хабар өз деңгейінде өтті. Арғы-бергі жылқы жайлы ұмыт болған аңыздармен қосып, біраз әңгіме-дүкен құрып, тыңдаушы құлағына жылқы жайлы дәстүрді жеткіздік. Оның толық нұсқасын төмендегі сілтеме арқылы тыңдай аласыздар…

Ал, мен осы бір шағын мақаламда жылқының құны мен мәдениетін аз-кем айтуды жөн көрдім.

Жылқы мәдениеті – қазақ халқының ұлы мәдениеті, ұлы дәстүрі, ұлы қатынас құралы, кемелді спорты, этнографиялық құнды тарихы, экономикасы, құнарлы хорегі, мырза байлығы, өлең-жыры , хисса-дастаны, эстетикалық талғамы мен терең философиялық көзқарасы, тұтас шаруашылығы мен өмір тынысындағы бетке ұстар ұлттық дүние танымының нақты және затты көрінісі.

Біз, жылқы мәдениетін айтудан бұрын мынадай маңызды ұғымдарды саралап, санамызға ұялатып алғанымыз, бәрінен абзал болмақ.

Жылқы жырында не айтылады?

  1. Жылқы – ұлттық мәдеиеттің бастау көзі.
  2. Жылқы – ұлттық спорттың таған тасы.
  3. Жылқы – ұлттық дәстүрдің қайнар бұлағы.
  4. Жылқы – тектіліктің, сапалылықтың ұлы үлгісі.
  5. Жылқы – экономиканалық құндылықтың шығар жолы.
  6. Жылқы – баяғы батыр бабалармыздың қасиетті қатынас құралы.
  7. Жылқы – ең құнды ұлттық тағамдарымыздың төресі.
  8. Жылқы – ұлттық шипагерлік өнеріндегі қуаты ең жоғары дәрі.
  9. Жылқы – ұлттық салтанат құрудағы ең сұлу сән.
  10. Жылқы – ер қанаты, адам баласының жолдасы.
  11. Жылқы – ұлттық шежірінің тамыры.
  12. Жылқы – дала саңлағы. Ат үсті – әулие.
  13. Жылқы – төрт түлітің төресі. Мал айлығының басы.
  14. Жылқы – бірлік символы.
  15. Жылқы – сенім мен серттің тірегі.
  16. Жылқы – хабаршы.
  17. Жылқы – өнердің арқауы.
  18. Жылқы – батырлық бағы.
  19. Жылқы – кие иесі.
  20. Жылқы – бақ пен бақыттың бастауы.

Иә, бүгінгі жаһандасу заманында, ғаламтор ғасырында, экономика ғарыштап дамыған дәуірде, күллі жер шарының адамдары бір жанұяның баласындай өмір сүріп жатқанда, ұлт рухын сақтап, ұрпақты ұлт рухының асыл дәстүрімен тәрбиелеуде, «Жылқы жыры» хабарының жас буынға, өскелең ұрпаққа берері өте көп.

Сонау, Сақ, Ғұн, Алан, Үйсін, Көктүріктер заманынан бастау алған жылқы мәдениеті, жылқыны ең алғаш қолға үйреткен қазақ деген ұлы халықтың жылқы туралы ұлы мәдениеті күллі адамзат баласының мәдениетіне қосқан ұлы үлесі. Оның айқын дәлелі, тарихи шежірелерді ақтарып отырсақ, әлем ғалымдары жазған ғылыми деректерде, көне жылнамаларда, бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені, атқа міну мәдениеті мен жылқы бағу, жылқы өсіру шаруашылығын жер жүзіне таратқаны, Ұлы даладан бастау алғаны туралы құнды дерек көздері тарихи жазбаларда өте мықты дәлелдермен айтылып та, жазылып та келеді.

Соның мызғымас бір жанды мысалы, Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғаны ұлытымыздың ұлы мақтанышы деуге болады.

Қазақ халқының екі жүз мыңнан асатын тарихи хисса-дастандары, өлең-жырлары, қырық мыңнан жоғары мақал-мәтел, тәмсіл сөздері бар. Соның мазмұнында жылқы туралы айтылмай қалмайды. Жылқының түр мен түсі, жылқы сыны, жылқының сорты, жылқының түп тұқияны, жылқының сапасы, жылқының мінезі, жылқының жүрісі, жылқының сәні, жылқының тілі, жылқы шаруашылығы, жылқының әбзелдері, жылқының бағымы, жүйріктің баптауы, жылқының дәрілік құнарлығы, экономикалық құны, жылқының індеті, т.б. жылқыға қатысты барлық білімдерді жылқыны мыңғыртып өсіруе қазақ деген дана халықтан артық білетін ұлт болмаса керек.

Міне, «Жылқы жыры» хабары осындай ғажайып жылқы мәдениетін, мынадай жаһандасу дәуірінде, даладан қалаға ауысқан, аттан машинаға ауысқан заманда, арттан еріп өсіп, өніп, көгеріп көктеп келе жатқан жас ұрпақтың құлағына құйып, саналарына ұлттық ұлы ұрықты сіңіріп, бабалар салған сара жолмен жүруге шақыратын салихалы хабар деп қабылдаған абзал болмақ.

Хабарды мына жерден тыңдауға болады.

Этнограф жазушы Болат Бопайұлы,

Argymaq.kz

Фото: Сәкен Ділдахмет

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.