Шабандоз қыздардың қатысуымен конкурдан ашық біріншілік өтті (ФОТО)
«Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінде мерекеге орай қыздар арасында алғаш рет конкурдан ашық біріншілік өтті. Бұл додаға еліміздің Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Қарағанды облыстарынан 75 -ке тарта шабандоз аруларымыз қатысты.
Мерекелік шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев және Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері Федерациясының вице призиденті және олимпиадалық ат спорты түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасенов қатысып, әйелдер қауымын айтулы мерекемен құттықтап бабы мен бағы келіскен қатысушыларымызға сәттілік тіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің халыққа жолдауында «Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» — деген болатын. Осы бағытта атқарылған бұқаралық сипаты бар спорттық шаралар аз емес. Адамзат тарихында жылқы ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгені белгілі. Шын мәнінде, қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуымыз керек. Бүгінгі жарыстың басты мақсаты да – осы. Жас ұрпақты қайсарлыққа, жігерлілікке тәрбиелейтін ат спорты бүгінгі таңда елімізде қарқынды даму үстінде. Соның бір айғағы бүгінгі қыздар арасында өтіп жатқан ашық біріншілік – дейді қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.
Аталған ат спорты кешенінде ұлттық және олимпиадалық ат спорт түрлерін (конкур, көкпар, аударыспақ, бәйге, теңге ілу, жамбы ату) дамытуға, сондай-ақ иппотерапия әдісімен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға мүмкіндік мол.
Кешен алдағы уақытта қалалық, республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Қазіргі таңда бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымға тікелей байланысты. Бұл ат-сауықтыру спорт кешені спорттың ұлттық және ат спорты түрлерінен оқу-жаттығу жиындарын, спорттық жарыстарды өткізетін талаптарға сай жасалған. Бүгінгі таңда Астана қаласында 200-ден астам спортшы ат спорты түрлерімен айналысады. Астана қаласының құрамасы Көкпар мен конкурдан Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарының чемпиондары мен жүлдегерлері – деді ол.
Сонымен қатар ол алдағы уақытта Астана мен барлық өңірде ат спортын кеңінен насихаттау және дамыту арқылы келешегі зор шабандоздар мен жылқыларды анықтауға, дәстүрімізді дәріптеуге арналған жарыстар Астана ауқымында жиі өтіп тұратынын айтты.
Қолданысқа берілген «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешені Астанадағы атқа мінуді ұнататындардың арасында әйгілі кешен болатынына сенімдімін. Осы орайда аталған шараны ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері Федерациясына алғысымды білдіремін. Ұлы даланы көркімен сүйсіндіріп, желмен жарысқан сұлу да сымбаты шабандоз қыздарымызға жанкүйер болуға баршанызды шақырамыз. Ал, жарыс қатысушыларына жеңісті тұғыр, жұлдызды оңынан туғызар сәттілік тілеймін! — деді Самат Жылқыбаев.
Сұлу мүсіні мен серппедей созылған кескіні көз сүйсіндірер сәйгүліктеріміз биіктігі мен күрделілігі бойынша сайыстың 4 бағдарынан сынға түсті.
Біріншісі – «Әуесқойлар санаты», кедергінің биіктігі – 105 см;
Екінші – 12-15 жас аралығындағы балалар санаты, биіктік – 110 см.
Үшіншісі – «Ашық сынып санаты», биіктігі – 120 см.
Төртіншісі – «Екі кезеңнен тұратын ашық санат», ондағы биіктік – 120 см. Айта кетейік бұл төртінші санатта төрешілердің ортақ шешімімен жігіттеріміз де қатысты.
Балалар және ашық сынып санаты бойынша қатысқан Астаналық Әмина Акшина «Гордый» атты тұлпарымен алдына жан салмай жеңіс тұғырынан көрінді.
Мен бүгін балалар санатында және қыздар арасындағы 120 см кедергіден секіру жарысына қатар қатыстым. Екеуінде де бірінші орын алдым. Атты дайындау кезінде міндетті түрде оны сүртіп, тазалап отыру керек. Себебі әр шаң, қылшық оған кедергі болады – дейді Әмина Акшина.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық спорт басқармасы мен Астана қаласының ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері Федерациясының ұйымдастыруымен өткен сайыстың жалпы жүлде қоры – 6 000 000 теңге болды.
Айта кетейік, мұндай жарыс Астанада осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Argymaq.kz