«Періште ізі» — жылқы бейнесі (ФОТО)

1215

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жұмақын Қайрамбаевтың мерейтойлық «IZDER IV/ПЕРІШТЕ ІЗІ» көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге суретшінің үздік шығармалары мен шәкірттерінің тамаша туындылары қойылды.

Бұл көрменің басты ерекшелігі – Қазақстан бейнелеу өнері тарихында алғаш рет жылқы жануарына арнайы көрме арналып, терең қамтылды. Қазақ халқы: «Ат – ер қанаты» деген, ғасырлар бойы жылқы адамның ең жақын серігі, тұлпары, оның өмірінің ажырамас бөлігі болды. Ақындар оған өлең арнаса, суретшілер оның бейнесін түрлі ракурста бейнелеуге тырысқан.

Біздің туындымызда дауыс та, дыбыс та жоқ. Көрген ел оны түсінуі қажет. Жұмыстарынан өнерді сүйетін, профессорлар екендігі көрініп тұру керек. 43 жыл жұмыс істеп жүргенде бекер жүрмегінімді байқадым. Енді 70-ке келгенімде шәкірттерім өздері осы көрмені ұйымдастырып берді. «Іздер» көрмесі 4-рет ұйымдастырылып отыр. Менде жалғыз қыз болды. Сол себептен, шәкірттерімінің барлығын балаларым деп атап кеткенмін. Тәрбиелеген шәкірттерімнің туындыларына қарап отырып, олардың талантты, дарынды суретші болғандығын байқауға болады. Шәкірттерімнің алды бүгінде зейнетке шықты, ал кішісі 30-ды алқымдады. Кескіндеме саласында қазақтың өнері өсіп келе жатқанын байқауға болады. Шәкірттерім алдағы уақытта да бас қосып, салған суреттерін көпшілікке ұсынып отырады деген сенімдемін, – дейді суретші.

Жұмақын Қайрамбаев қала тұрғындары мен қонақтарына көрмеге келудің мән-маңызын түсіндіріп, мұражай төрінде ұйымдастырылатын шаралар жайлы айтты.

Қарапайым тұрғындардың көпшілігі суретшілердің аты-жөнін, туындыларын біле бермейді. Осы ретте тұрғындарға айтарым, балаларыңызбен, құрбы-құрдастарыңызбен мұражайға жиірек келіңіздер. Қарап отырсаңыз, кез келген ел, мемлекет өзінің тұрмыс-салтын өнері, көрмелері арқылы көрсетіп, танытып отырады. Сол себепті, көгілдір экраннан, газеттерде өнер жайлы көбірек айтылып, неліктен олай салынғаны жайлы талдау, қызығушылық танытса өнер өркендер еді. Қазақтың бейнелеу өнері сонау тас ғасырынан пайда болып, ұрпақтар сабақтастығы арқылы жүріп келе жатқанын білуміз керек. Біздің салт-дәстүрлеріміздің өзі көркем шығарма секілді. Біздің шығармаларымызды шетелдіктер жоғары бағалап жатады. Дегенмен, көрмеге келіп, қызығып жатқандардың жастар екендігін байқаймыз. Болашақта бейнелеу өнерін түсініп, сүйіспеншілікпен қарайтын адамдардың қатары көбейеді деген сенімдемін, – дейді Жұмақын Қайрамбаев.

Ол сондай-ақ, суретшілерге көрме ұйымдастыруда көмек көрсетілсе деген тілегін де жеткізді. Суретшілерге арналған марапаттар қайта оралғанын қалайтынын жеткізді.

«Жыл сайын суретшілерге көңіл бөліп, түрлі деңгейде көрмелер ұйымдастырылса жақсы болар еді. Себебі, суретшілер шеберханаларына кіріп алып, бас алмай жұмыс істейтін адамдар. Тіпті, бір-бірлерін танымай, салған туындыларын қоймаға жинай береді. Сол себептен, олардың бастарын қосып, талқылау алаңын ұйымдастырса деген тілек бар. Осылайша суретшілердің шеберлігі артып, біріге түсетін еді. Дегенмен, жас өнерпаздардың болашағы жарқын болады деген сенімдемін. Қазірдің өзінде олар бір-біріне көмектесіп, жақын тартып тұрады. Енді Үкімет тарапынан қолдау білдірілсе, марапаттарға ұсынылса жөн-ақ. Бұл суретшілердің мерейін өсіреді. Суретшілердің өмірдегі ең үлкен мақсаты – ұлттық өнерді өшіріп алмай, ұрпақтар сабақтастығы арқылы әлемге таныту, – дейді суретші.

Көркем туындылардың барлығы көрмеге арнайы жазылып, реализмнен бастап, түрлі абстрактілі, көп сұрақты туындататын заманауи бағыттарды да қамтыған. Қазіргі заманға сай ой тастайтын, ойшыл, терең мағыналы жұмыстарды да көруге болады.

Бұл көрмеге жалпы 55 жұмыс қойылған. Оның ішінде 5 мүсін, 1 принттік жұмыс, қалғаны кескіндемелік туындылар. Жұмақын ағаның 20 шәкірті қатысып отыр. Яғни IZDER тобының алғашқы және соңғы буынының кескіндемелік туындылары бір кеңістікке тоғысты, – дейді көрме жетекшісі Самал Мамытова.

Жұмақын Қайрамбаев бірегей суретші, оның туындылары осы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде, Италияның, Австрияның, Бельгияның, Ресейдің, Германияның, сонымен қатар АҚШ-тың, Жапонияның, Түркияның музейлері мен галереяларында, жеке өнер туындыларын жинақтаушылардың қорларында сақтаулы. Аса жоғары маңызға ие жеті туындысы Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясына қойылған. Сондай-ақ, «Қазақ өнерінің 100 жауһары» атты жинақ-альбомға енген.

Қазақтың бейнелеу өнерінде Қ.Телжанов сияқты аталарымыз болды ғой. Сол дәстүрді жалғастырып, өз мектебін ашқан Жұмақын Қайрамбаевтың бүгінгі жұмысын осы жерден көріп отырмыз, – дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің деканы Бауыржан Байділдә.

Жұмақын Қайрамбаевтың шәкірті Талғат Тілеужанов

Жұмақын Қайрамбаев өзінің шығармашылық идеяларына адал талантты суретшілер тобын тәрбиеледі. Бұл қалыптасқан көркемсурет мектебі мен дәстүрі туралы айтуға және шебер мен оның ізбасарларының шығармашылық ізденістерінің нәтижелерін ұсынуға мүмкіндік береді. Өнерсүйер қауым көрмені мамыр айының 4-іне дейін тамашалай алады.

Ақтолқын ТҰРЛЫҒАЗЫ,

«Алматы ақшамы»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.