Ауғанбай САНАҚҰЛЫ. Құлын ғұмыр (Әңгіме)

11560

Жаздың соңғы айы – тамыздың тамылжыған күндерінің бірі. Сәрсен күндегі әдетінше ерте тұрып, қой жаюу үшін ауылдан жоғары беткейде арқандаулы тұрған атына қарай жүрді. Бала жігіт аздап аялдап, айналасына күн сала қарап, өзінің туып өскен ауылының көрінісіне сүйсіне көз тастады. Жас арудай күлімдеп көзге шағылыса шығып келе жатқан алтын күн, биіктігіне тәкапарланған асқар-асқар таулар, гүрілдеп аққан «Ұзындара» суының дауысы, құстың жұмыртқасындай самсаған ақ үйлер бәрі көз алдында тізбектеле қалды. Кейбір пысық келіні бар үйлердің ақ түтіні сиыр сілекейіндей сыздықтап, тұнық аспанды бетке ала шұбатылады. Таза ауа, таңғы шық көңілді боз бала енді өз үйіне көз салды. Атадан балаға жалғасып келе жатқан торқалы той, топырақты өлім атқарған қарашаңырақ – атасының үйіндегі Әлия жеңгесі де түңлікті ашқан екен. «Сырқатым меңдеп жүр, мен де үлкен немеремнің қызығын көргім келеді» — деп, атасы өз қолымен осы жазда үйлендіріп, отау көтеріп берген Қосбүркіт ағасының отауынан тұра қойған ешкім жоқ секілді.
Биыл оныншы сыныпты бітірген бала жігіттің көз алдына, басындағы ақжаулығы мен өткен өмірінің айғағы іспеттес әжесінің әжім торлаған, мейірімге толы бейнесі келді. Кішкентайынан әжесінің тәрбиесінде өскен боз бала, әке-шешесіндей емес әжесіне бүйрегі бұрып, әркез сол кісіні іздеп тұратын еді. Май тұздарда бір қасық сары майды немересінің алақанына салып беріп, оның тинәмдай майды екі алақанына кезек-кезек ауыстыра ағызып, қызықтай жалағанына сүйсінетін. Болмаса, өреге құрт жаяр да қылдай нәзік жіппен бөлген құрттан қалған ұнтақтардан неше түрлі пішінде тез кебетіндей ұсақ құрттар жасап беретін әжесінің өмірден өткеніне де үш жыл болыпты. Бір сәт әжесі есіне түсіп көзінің жасын бір мөлт еткізіп, сығып алды да атына таман беттеді.
Әлгіндегі таңғы тыныштық сәл бұзылайын дегендей: өрген мал, мөңіреген сиыр, сиыр саууға беттеген ауыл әйелдерінің шелектерінің дыбысы тағы сол сияқты қайнаған күнмен бірге қайнаған ауыл тіршілігі де оянғандай. Сәрсен арқандаулы тұрған жерінен қазығын суырып, атты босатып алды да, жайлақ мініп келіп, үй артындағы мама ағашқа байлай салды. Күн де көкжиектен құрық бойы көтеріліп қалған екен. Бүгінгі қой кезегіне өзі баратын болған соң, өріске беттеген отардың соңынан бір қарады да, киіз үйдің іргесінде сылдырап ағып жатқан бұлақтың салқын суына беті-қолын жуып, бір рахаттанып алды да үйге бас сұқты. Ауылдың үлкен ақсақалы болған соң, елдің бәрі «Атайың» атап кеткен атасы Тағай ақсақал таңғы асын ішуге енді отырған екен. Дастарқан басында немересіне ақыл-кеңес, қызықты да ғибратты әңгімелер көп айтатын көне көз қарттың немересіне бүгінгі айтары басқа екен.
Сәрсен оң тізесін баса келіп отырған соң атасы:
— Ее, балам, шөпшілер кетіп, құлын жібергелі де біраз күн болыпты, әлгі құла биеңнің де құлындайтын уақыты болған шығар бүгін сол жылқыға барып қайтсаң қалай? – деді жылда кенжелеп құлындап, құлынын өлтіріп қоятын құла биені есіне алып. Сәрсен дүниеге келгенде қазақы салт бойынша Жалғасбек ағасының жас сәбиге атаған құла құлын бүгін де тұқымы құрымай әлі жалғасып келе жатыр. Құла бие солардың бірі.

Ауғанбай Санақұлы жазғы демалыста ауылға барған сәті. Оңқаты жайлауы, 2014 жыл.

Ауғанбай Санақұлы жазғы демалыста ауылға барған сәті. Оңқаты жайлауы, 2014 жыл.

— Ата, мен жылқыға кетсем, қойға кім барады?, – деді Сәрсен.
— Бүгінге амалдап Әлия жеңгең жуас аттардың біріне мініп, қайырып келер, шырағым.
Бала Сәрсеннің қуанышында шек жоқ, атасына «әрине» деген сөзді неше қайталап айтып жіберді. Ауылдағы барлық ер азаматтар, шөп жинап, шөмеле салуға жарайтын балалар түгелімен шөпке кеткен. Ауылда тек қуаты қайтқан қарт ата-әжелер, ұсақ балалар мен әйелдер және қойға ие болып қалған осы Сәрсен сияқты екі-бір бала жігіттер ғана бар.
Атасынан қалай бару, қалай жүру керек екенін сұрап алған зерек немересі атағашта байлаулы тұрған жұнттай «Бозтөбел» атты ерттеп мінді де, жылқыны айдап келуге жолға шықты. Қойдан басқа жанқинар мініс көрмей, әбден ерігіп алған арғымағын бала жігіт бір жіберіп, бір тартып келе жатқан бойда қорым тастардың алаңқысында тұрған бір құла, бір баран жылқыны көзі шалып қалды. Жақындап келсе өзінің құла биесі мен бір торы жылқы үйірден бөлініп қалыпты. Өзі ойға алып келе жатқан құла биені бірден таныды. Жайшылықта адам көрсе қашатын құла бие сұры қорым тастарға өрлей жөнелді. Сонда ғана жанында шалғынға көміле ұйықтап жатқан құла құлын атып тұрып, енесінің артынан құлдыраңдай жөнелді.
Сәрсен мына қойтастардың арасымен атының жүре алмасын біліп, төменге байлады да өзі жылқының алдынан орап шықты. Енесінің бауырына тығыла шапқылаған, кішкентайлығы болмаса енесінен айнымайтын, әжесі айтпақшы: «Дәл аузынан түсіп қалғандай» құла құлын бейнесі бала жігітке жас сәбидей кінәсіз, сондай бір сүйкімді көрінді.
Бұл үш саяқтың мына тұрыстарына бағдарлай қараған Сәрсен екі жағдайды анық байқады. Әрі жылқы малының мұнша ақылдылығына таңқалды: Жылда дәл осы кезде желіндеп жүріп, неге екені белгісіз құлынсыз қалатын құла биенің сыры бүгін ашылғандай. Ішінен шыққан құлынын жанбіткеннен қызғанып, қиянатшылдықпен қорым тастарға салып өлтіретін мейірімсіз құла биесіне ренжи қарады. Алайда мына бір оқиға оның ойына қуаныш ұялатты. Ол — мінер жақ мойынында алақандай қалы болған соң, «Қалдыторы» аталып кеткен Жалғасбек ағасының есік пен төрдей торы аты еді. Атасынан естуіне қарағанда осы — «Қалдыторы» ат мал да болса, құла биемен енесі жағынан туысады екен. Сол «Қалдыторы» жас туған құлындарды өзге жылқыдан қызғанып, шайнап тастайтын қатыгез қоңыр айғырдан құла биені құлынымен бөлек қайырып, қорғап жүрген түрі екен. Сәрсен «Қалдыторы» атқа риза болды. Қазіргі уақытта туысқанын танымай кеткен адамдармен салыстырып қарағанда, бұл тұлпардікі хайуан да болса көзсіз ерлік еді.
Үш жылқыны Сәрсен сонда қалдырып, айғыр үйірі тұрған «Ақбұлаққа» тартты.
Бұл жердің табиғатын сөзбен сипаттай алмайсыз, екі таудың ортасында еркелей ағып жатқан — «Ақбұлақ», жатқан құлын көрінбес балауса, соны шөптердің жұпар исі, үйір-үйірімен топтасып күн шуақтап тұрған ауыл жылқылары бірінің ажарын, бірі аша түскендей. Жаздай желіде тұрған жылқылар сіргежиярдан кейін-ақ сақа, кәрі биелер бастап осында келетін.
Сәрсен жылқысын қайта-қайта санап еді жуан торы биенің бірі жоқ болып шықты. Айналасын болжап қараса анадай жерде бірі қонақтап отырған, бірі неше түрлі дыбыс шығара ұшып жүрген қарақұс, тазқара, кезқұйрық сияқты құстарды көріп, жүрегі бір жамандықты сезе жақындады. Астындағы Бозтөбел де әлденені сезгендей тыпырши үркуде. Торы бие мына өлекшіндерге жем болған екен. Шамасы қасқыр жарып кетенге ұқсайды. Ішек-қарыны ақтарылған, тек бір ғана танылар белгі өз ауыл жылқыларына басатын балға «Т» таңбасы бар мінер жақ артқы саны ғана қалыпты.
Жас жігіт үйірлі жылқысын айдап жолдағы үш тұяққа қосқаны сол-ақ еді қыршаңқы қоңыр айғыр құла биені жылқыға қосып алды да, Қалдыторыны үйірден қуып шықты. Мал да болса, Қалдыторы еш қарсылық білдірмей, тек «енді саған аманат» деген сыңай танытып, бойдақ жылқыларға қосылды. Сәрсен жылқысын аяңдата айдап ауылына келсе, атасы бір-екі ұсақ немерелерін ертіп, өзі ағаштан ойып жасаған екі науаға ащы салып жүр екен.
Қырағы қарт жылқыға көз тастап, бір жылқы жоғын аңғара қойды. Сұраулы жүзбен немересіне көз тастағанда Сәрсен бүгінгі көрген-білгенін түгел баяндады.
Сонда атасы:
— Е, балам, есіңде болсын! Бір құлын туып, бір бие өлгені сияқты адам баласының да бірі күліп келіп, бірі күңіреніп өмірден өтіп жатады» — деп, сөзінің соңын сәл баяулата дірілдетіп жеткізді. Немересі сонда ғана, атасын тамағынан ұстаған аурудың меңдетіп, жүдетіп жүргенін аңғарды. Арғы шетте көңілді кінәсіз сәби балалар құла құлынды тамашалай қызықтап «менікі, менікі» десіп күлісіп, шуылдасып жүр.
Желімдей жабысқан созылмалы ауруы айықпай, осы жылдың қысында атасы өмірден өтті. Сағымдай құбыла, сабындай бұзыла Сәрсеннің өмірі де, енесінің артынан ере шапқан құлындай зымырап өтіп жатты. Құлын үлкейіп тай болатыны сияқты, бозбала да ержетіп, қалаға оқуға түсті. Жылуы жоқ, сұлуы көп тас қаладан түңілген азамат жазғы демалысында туып өскен, кіндік кескен туған жеріне қысыр құштарлық емес, шынайы сағыныш сезіммен келді. Ауыл баяғы қаз-қалпында – киіз үйлер, желіде құлындар, барлығы да жас жігіттің көз алдына атасының қасында жүрген құлын ғұмыр бейнесінде елестеді.
Екінті сауын уақыты биелерді сауғызуға Сәрсен өзі желі басына келді. Биелерді кезегімен сауғызып, соңғысына келгенде, кеше көз алдында туған құла құлынның бүгін де өзі ана болып тұрғанына куә болды. Сонда ғана Сәрсен өзінің балғын балалық шағының қалай тез, қалай тәтті өтіп кеткенін бір сәт есіне алып, «е, қайта айлана шапқылап келермісің қайран құлын ғұмыр, құлын ғұмыр?» деп ойлады…

10014612_1424488607804589_8211272124346613768_nАуғанбай Санақұлы, ЕҰУ-нің 2-курс студенті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.