Ер жасайтын Еркінбек

1780

Қазақтың тамаша кәсібі – ұлттық қолөнері. Бір кездері бұл кәсіп жоғалып кетуге шақ қалған. Соңғы кезде бұл өнерді дамытып, ел игілігіне жұмыс істейтіндер көбейді.

Сондай қолы місекерлі, темірден түйін түйетін азамат Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тұратын қандасымыз Еркінбек Мағзұлұлы.

Еркінбекпен хабарласып, ата кәсіптен нәсібін тауып отырған азаматтан өз өнері туралы бір-екі ауыз пікір алған едік.

— Еркінбек, ассалаумағалайкум. Мен Argymaq.kz порталынан хабарласып отырмын. Өзіңмен әңгімелесіп, ер жасау туралы ойыңды білгім келеді.

— Уағаликумсалам. Ниетіңе рахмет!

— Қалың қалай? Ел аман ба?

— Ел аман, жұрт тыныш, жатырмыз. Өздерің амансыңдар ма?

— Аманшылық. Еркінбек, сен қазір қайда тұрасың?

— Баян-Өлгийде тұрамын. Өзің қайдан хабарласып отырсың?

— Астанадан. Еркінбек, жасың нешеде? Бірден сен деп сөйлесіп кеткеніме айып етпе.

— О, не дегенің, биыл 36-ға келдім.

— Бұл тамаша болды. Тіпті құрдас екенбіз. Бір жас үлкендігім бар екен, ештеңе етпес, «бір жас – бел құрдас» деді емес пе аталарымыз.

— Ал құрдас, олай болса сұрақтарыңды қоя бер.

— Әрине, сұрақ қоямын, сол үшін хабарластым ғой саған. Жақында сен істеген ер-тұрманның суреттері әлеуметтік желіні шарлап кетті. Тамаша еңбек! Алла қолыңа қуат берсін! Қолөнермен қашаннан бері айналысасың?

— Рахмет! Бұл кәсіппен бала кезден, анығы 13 жасымнан бастап айланысқам. Ең алғаш өрме өрдім, қайыстан торсық өре бастадым.

— Әңгімеңе қарасам, бұл іспен жастайымнан айналыстым дейсің, демек атаң не әкең ұста болды ғой?

— Иә, атам да, әкем де қолөнермен айналысқан. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген бар емес пе, әкелерімізден көрген дүниені іске асырып, ата жолын жалғап отырған жай бар.

— Өте дұрыс, қазақ: «Әке көрген – оқ жонар» деп бекер айтпаған. Ісіңе береке тілеймін! Жалпы қандай бұйымдар жасайсың?

— Әртүрлі, күміс белдіктен бастап, күмістелген ер-тұрманға дейін. Одан бөлек әр түрлі тапсырыстарды орындаймын. Мылтықтың құндағынан бастап, киіз үйдің әшекейлеріне дейін жасауға болады. Әсіресе қыз-келіншектердің әшекей бұйымдарына тапсырыс көп келеді.

— Ер жасауды қай кезде бастадың? Бірден күміс ер жасап кетпеген боларсың?

— Әрине, күміс ер жасау оңай шаруа емес. Оны бірден бастап кету кәнігі қолөнершілердің де қолынан келе қоймайды. Мен де бірден бастап кеткен жоқпын. Жаңа айттым ғой, қолөнермен бала кезімнен айналыстым деп. Әуелі жәй, күнделікті қолданатын қарапайым ерлерді жасадым. Оның жұмысы да жеңіл, көп уақыт та жұмсамайсың, ең бастысы атқа тимесе болды.

Ал күміс ер жасауды 2012 жылдан бастадым. Әрбір әшекейіне, әрбір тұрманына мұқият мән беріп, әр тетігінің дұрыс, әр бедерінің орынды қолданылуы маңызды. Ер жасағанның жөні осы екен деп, қалай болса, солай жасау менің әдетімде жоқ. Өз қолымнан шыққан заттың ел игілігіне жарағанына, халық тұтынатын бұйымға айналғанына қуанамын. Мысалы 22 жасымда 5 литрлік торсық өріп, Ұланбатыр қаласында қолөнер шеберлерінің сайысында үшінші орын иелендім.

— Қазір металлмен жұмыс істеу оңай емес. Әр металлдың өз қасиеті бар. Алтын ер жасапты дейді, бірақ шын мәнісінде алтынның буына ұстайды ғой. Сол секілді, сен көбіне күміспен жұмыс істейсің. Күмісті қайдан аласың?

— Арнайы тапсырыс беріп Ұланбатырдан алдырамын.

— Бір ерің қанша тұрады?

— 500 мың мен 2 млн төгрөг көлемінде.

— Яғни Қазақстан теңгесімен 70 мың мен 300 мың арасында дейсің ғой. Қымбаттау емес пе?

— Аталарымыз: «Арзанның жілігі татымайды» дегенді бекер айтпаса керек. Өзім жасаған дүниемнің сапалы болғанын қалайтынымды жаңа айттым ғой. Ал сапа болған жерде баға да болу керек. Себебі сапалы дүние шығу үшін құнды бұйым пайдаланатының белгілі. Мен жасаған ер қанша қымбат болса, демек, сонша сапалы деп түсінсең болады. Оның үстіне, әр заттың өз тұтынушысы бар. Қанша ақша төлей алады, соған сай жасап беруге де болады.

— Бір ерді жасауға қанша уақыт, қанша материал кетеді?

— Бір ерді бүкіл әбзелімен, тұтастай жасап шығуға бір айдан астам уақыт жұмсаймын. Ал материалына келер болсақ, ол – әр түрлі. Кейбір ерге аз, кейбір ерге көп қаражат жұмсайсың дегендей. Жақында ғана 2 млн төгрөг болатын бір ер жасап шығардым.

— Тапсырыс беретіндер бар ма?

— Бар. Негізінен тапсырыс көбірек қабылдаймын. Былай да жасап, дайындап қоямын ғой, бірақ өз ойыңмен жасаған ер кейбір адамға ұнамауы мүмкін, кейбірі қосымша тағы бір әбзел қосқысы келеді, кейбірі тоқымына арнайы аты-жөнін жаздырғысы келеді дегендей.

— Бұған дейін алған ең қымбат тапсырыс туралы айта аласың ба? Қанша сомаға тапсырыс берді?

— Тапсырыс берген адамның аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, бірақ 10 млн төгрөгке (1,5 млн теңге – Е.Ж.) бір ер жасатып алды бір азамат.

— Шетелге сатып көрдің бе?

— Қазір Баян-Өлгий аймағы жазғы уақытта саяхатшыға толып кететін болды ғой. Сол елге келген туристер жеңіл-желпі бұйымдарды сатып алып жүр. Кісе белдік, әшекей бұйымдар деген секілді. Одан бөлек шетелге шығара қойған жоқпын. Ал Қазақстаннан келіп, түрлі деңгейдегі экспонаттық бұйым ретінде тапсырыс беріп, ер-тұрман жасатып алған кісілер болды.

— Қазақстанға келіп, кәсібіңді осы жақта жүргізгің келмей ме?

— Әрине, ондай ой бар. Бірақ, Атажұртқа барғанда әуелі қолдап, кәсіпті жолға қойғанша демеушілік көрсетіп, бағыт-бағдар беретін таныс адам болмай тұр. «Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп» дегендей, бас жоқ, аяқ жоқ, бара салып мен мынаны жасаймын деп кірісіп кетуге, шынымды айтсам, тәуекелім жетіңкіремей жүр.

— Қазір атқа мінетін адам азайды, көбі мотоцикл мінеді дегенді жиі естиміз, ерге сұраныс бар ма? Жалпы ат әбзелдерін жасайтын адам көп пе ол жақта?

— Ел іші болған соң болады ғой бәрі. Біздің қазақта көшпенділік сана әлі отырықшыланған жоқ қой. Сол себепті де әлі күнге қызының жасауына күміс ер қосатын адамдар бар. Оның сыртында жазғы жайлауда ауылда ат мінгісі келетін қалалықтар көп. Солар аты болмаса да өз ер-тұрманын алып жүргенді жақсы көреді. Демек, әлі де ер-тұрманға сұраныс бар деуге болады.

Ал ер жасайтын шеберлерге келер болсақ, ондай қолөнершілер де аз емес. Бірақ сапаға аса мән бере бермейді. Күнделікті тұтынатын бұйым болғанының сыртында, ер деген атқа салынатын дүние ғой. Демек оның жайлылығы әуелі адамнан бұрын, атқа тиімді болуы керек. Сондықтан, бір ер жасасаң да, жүз ер жасасаң да сапалы, берік, атқа тимейтін, адамға жайлы болғаны дұрыс.

— Кейбір әшекейлерің моңғол ердің әшекейлеріне ұқсап кететін секілді?

— Мүмкін. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас халықпыз ғой. Оның үстіне көшпелілігіміз де бар, «ағаш уықты, киіз туырлықты» дәстүрі ортақ елміз. Десе де қазақылығымызды, әсіресе өзім көп жасайтын керей ер үлгісінде қазақы ою-өрнектерді орнымен қолдануды жақсы көремін.

Мен сыннан қорықпаймын, керісінше орынды сын айтылса, содан қорытынды шығаруға тырысамын. Сондықтан мына сұрағыңды ескерту деп қабылдап, алдағы уақытта есте ұстаймын.

— Ерге албаты ағаш пайдаланбайды, анау-мынау былғары да жарамайды. Ағаш пен былғарыны қайдан аласың?

— Алғашында былғарыны өзіміз дайындап жүрдік. Яғни жақсылап иленген қайысты былғары орнына пайдаланатынбыз. Соңғы кездері Ұланбатырдан тапсырыспен алдыратын болдым. Өзің білесің, біздің елде былғары өндірісі біршама жақсы дамыған, сондықтан әзірге былғарыдан тапшылық жоқ.

Ал ағашын өзім дайындаймын. Қатты, көлеңкеге кептірілген қайыңнан қапталын шауып, қасын отырғызамын. Әзірге біздің елде (Моңғолияны айтып отыр – Е.Ж.) қайыңнан мықты ағаш табылмай тұр.

— Еркінбек құрдас, әңгімеңе рахмет! Алла кәсібіңе береке берсін!

Құрметті оқырман, Еркінбек Мағзұлұлымен байланысып, ерге, кемер белдік, кісе белдікке, мылтықтың құндағына, ат әбзелдеріне тапсырыс берем десеңіздер телефон номері мынадай: +976 9542 1633 (whatsapp бар)

Ержан Жаубай,

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.