Ат спорттық туризмінен алғаш рет спорттық дәреже қорғалады

1001

At-travel салт аттылар клубының мүшелері алғаш рет салт атпен жүруден спорттық дәреже (разряд) қорғайды.

Өздеріңіз білетіндей, аталған клуб 5-6 жылдан бері салт атпен сапарға шығуды жалғастырып келеді. Әуелі әуесқой салт аттылардың бастамасымен қолға алынған сапар, бүгінгі таңда еліміздің бірнеше облысын, Астана, Алматы қалаларын қамтыған іргелі ұйымға айналды.

Клуб құрамында Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, ШҚО, БҚО, Маңғыстау облыстарының азаматтары бар. Олар Астана-Қорғалжын, Бозоқтан Ботайға дейін, Астана-Баянауыл, Бозоқтан Жидебайға дейін, Ақтөбе облысындағы қасиетті орындар, БҚО-дағы қасиетті мекендер, Қатонқарағай таулары, Павлодардың киелі жерлеріне әр жылдары салт атпен сапар шегіп жүр.

Биыл клуб мүшелері алғаш рет 5 күнде 300 шақырымды бағындырып, спорттық дәреже қорғамақшы.

Бұйратау, Сілеті, Өлеңті, Алғабас, Олжабай батыр, Ақдің, Қараағаш т.б. қатарлы өңірлерді қамтып жатқан Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстарының аумақтарында жүреміз деген жоспарымыз бар. Бұл біз үшін таңсық өлке емес. Бұған дейін де талай шарлаған жерлер. Дегенмен бұл сапар тарихи сапар болайын деп тұр. Себебі Қазақстан тарихында алғаш рет салт аттылар спорттық разряд қорғайды – дейді клуб жетекшісі, Ұлттық ат туризм федерациясының басшысы Берік Ақылбеков.

Туризмнің мұндай түрі басқа елдерде бұрыннан бар. Көрші Ресейде бұл жақсы жолға қойылған. Десе де разряд бекіту қашықтығы тым жеңіл. Мысалы 3-дәрежені бағындыру үшін күніне 25 шақырым жол ғана жүру керек. Клуб мүшелерінің айтуына қарағанда олар 3-разрядты қорғау үшін артығымен жүріп, барлық қиындықтарды еңсеріп көрмекші.

Біз таулы, орманды, өзен-көлді, тіпті батпақты жолды таңдап отырмыз. Себебі, әуелі қиын жолдармен жүріп жатылсақ, алдағы 1-2-дәрежені қорғау да жеңіл болады деген ойдамыз. Әрине, бұл бастамасы ғана, алда туризмнің дәл осы түріне қызығушыларды көптеп тартып, әсіресе жас балаларға спорттық дәреже қорғатуды, сол арқылы халқымыздың атқа міну мәдениетін дамытсақ деген ойымыз бар – дейді Берік Ақылбеков.

Жігіттер мұнымен ғана тоқтап қалмақ емес. Алдағы жазда Астанадан Ұлытауға дейін сапар жасауды жоспарлап отыр. «Бозоқтан-Ұлытауға дейін» деп аталатын бұл сапар клуб мүшелерінің дәстүрлі сапарларының жалғасы екені сөзсіз.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін At-travel клубының жетекшісі Берік Ақылбековтің алғаш рет ат-спорттық туризмнен дәреже қорғағаны туралы жазған болатынбыз.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.