Президент тапсырмасы. Адай жылқысын асылдандыру бойынша не істеліп жатыр?

2788

Қазақ жылқысының сүбелі тармағы – Адай жылқысы. Ежелгі тарихшылардың зерттеулерінде айтылғандай, Арал-Каспий теңізі арасын мекендеген халықтың өмірімен етене өсіп келе жатқан Адай жылқысы дербес тұқым ретінде қалыптасқан қазақ жылқысының аймақтық бір түрі.

Тарихқа үңілсек, адай жылқысына орыс ғалымдарының аңсары Патша үкіметі тұсында (1877) ауғаны байқалады. Атты әскер командирі М.Арнольди жазбаларында адай жылқысының төзімділігі, оның сусыз 100 шақырым жерді жүріп өтетіні, тек жусанға жайылғанның өзінде арықтамайтыны, арқаларының жауыр болмайтыны, тұяқтары мықты болғандықтан тағалаудың, құйрық-жалын күзеудің қажеті жоқтығы сияқты артықшылықтарын сипаттаған.

Я.Я.Полферов 1899 жылы Ресейдің «Коневодство» журналында «Лучшие породы киргизской лошади – адай» атты мақала жариялап, қазақ жылқысының атын әлемге танытуға ықпал етті.

1933 жылы Қазақстанда мал шаруашылығы институты ашылып, жылқы бөлімі ұйымдастырылады. Жылқы шаруашылығы бөлімінің басшысы, ғылым кандидаты А.В.Мишарев алғашқы жұмысын қазақ жылқыларын, оның ішінде арнайы Адай жылқысын ғылыми зерттеуден бастайды. А.В.Мишаревтің «Коневодство Казахской ССР» (1939) кітабында келтірілген мәлімет бойынша, Қазақстанда 1939 жылы 2 278 бие және 1 514 асыл тұқымды айғыр болғаны, оның ішінде Адай тармағына 111 бас бие, 11 бас айғыр жататыны жазылған.

Б.Х.Садықов, С.О.Омаров зерттеулерінде («Опыт знатного коневода С.Даугарина», 1948) қазақ жылқыларын түркмен жылқыларымен (текен және жәуміт) будандастыру арқылы адай жылқысының қалыптасқаны баяндалады. Будандастыру үрдісі бірінші және екінші буын ұрпақ алумен шектелген. Осы будандарды «түзат» (жазбада «түсат») деп атаған. «Жылқының далаға шыдамдылығы күрт төмендейді» деп, будан биелерді (түсаттарды) тек адай жылқысының айғырларымен шағылыстырып отырған (С.Даугарин).

Маңғышлақ экспедициясының көп жылғы зерттеу жұмыстарының деректерін зерделеп жазған Б.Х.Садықовтың «Биологические и хозяйственные особенности адаевской лошади» (1958) еңбегінде адай жылқысының шығу тарихы, өсіру технологиясы, жайылымда бағу үрдісі, биологиялық қасиеттері, сүттілігі, еттілігі, бәйгелік қасиеттері барынша қамтылған.

А.Иманғалиев «Адаевская лошадь» (1962) ғылыми еңбегінде адай жылқысының мініс қасиеттерін жетілдіру үшін ата тегі белгілі айғырларды қолдану арқылы аталық із ұстанымы бойынша сұрыптау жүргізуді ұсынған. Қазақ жылқысының адай тармағында 7 генеалогиялық құрылым қалыптасқанын дәлелдеп, әр аталық айғырдың тұқымдық ерекшеліктерін (сырт тұрпаты, түр-түсі, мініс қасиеті, т.б.) сипаттаған. Сол кезеңде Өрендік, Еңсегенторы, Қибаскөк, Бекесторы, Есполайторы, Есполайжирен, Ізтұрған атты жеті аталық айғыр үйірінде 255 айғыр мен 653 бие болғаны баяндалады.

Қазақ жылқысы ресми түрде 1990 жылы Кеңес Үкіметінің қаулысымен құрамында жабы және адай типтері бар тұқым ретінде танылды. Осы қаулыда адай типінің генеалогиялық 6 аталық іздері аталған: Өрендік, Еңсегенторы, Қибаскөк, Бекесторы, Есполайторы және Ізтұрған. Бұл тізімге Есполайжирен аталық ізі ілінбей қалған.

Қазақ мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институты 1992 жылдан бастап адай жылқысын өсіру бойынша жеке ғылыми бағдарлама жасап, соның аясында селекциялық жұмыстарға екпін береді. Осы кезеңде академик И.Н.Нечаев басшылығымен «Құланды» және «Түпқараған» асыл тұқымды шаруашылықтарында адай жылқысын асылдандыру жұмыстары ғылыми қамтылып, қазақ жылқысының адай тармағының ішінде тұқымдық ерекшеліктеріне орай 5 аталық із сарапталып, 3 типке бөлінді: негізгі тип, міністі тип және өнімді тип. Негізгі типке – Убайкөк (Убай-кок) пен Ақжамбас жатқызылды, өнімді типке – Амандықторы, Шотықбай кірді, ал мініс типіне – Елтұр (Ельтур) таңдалынған.

А.Иманғалиев «Облыстағы жылқы шаруашылығы жәйі» (1998) атты мақаласында адай жылқысын 7 аталық із бойынша өз төлінен өсіру мәселесіне айрықша назар аударған. Мақалада Қибаскөк аталық ізінен Ахметкөк және Арап айғырлары асыл тұқымды мал аттестаттарын алғаны, Бекесторы аталық ізінен Сұрайғыр атты айғырдың чемпион болғаны баяндалады.

М.Ж.Нұрышевтің «Адаевская лошадь» атты адай жылқысына қатысты жинақ-жазбасында Убайкөк, Игіліккөк, Ізбара, Иккай айғырларынан ең көп ұрпақ тарағаны келтіріледі. Жылқы санының динамикасы туралы мәліметтер ұсынылады: 1964 жылы адай жылқысы – 11 079 бас, 1968 жылы – 14 мың, 1997 жылы – 27 мың басқа дейін өскені және адай жылқысының шарықтау шегі – 35 мың жылқы 1994 жылы болғаны баяндалады.

Қазақ жылқысын зерттеген барша ғалым адай тұқымы Орталық Азияда өсірілетін жылқы тұқымдарының (текежәуміт, ақалтеке) жақсы қасиеттерін бойына сіңіру арқылы қалыптасқан тұқым екенін мойындайды. Оның мініске шыдамдылығы, желгіштігі және теңбіл көк түсті болып келуі араб тұқымды жылқылардың ықпалын меңзесе, жүрдектігі түркмен жылқысы – ақалтекемен қан жаңартқанына куә болатыны, шынында, шүбә келтірмейді. А.Иманғалиевтің мәліметі бойынша есепке алынған 2 079 бас биенің 32,3%-ы, 584 бас айғырдың 23,2 %-ы көк және теңбіл көк түсті болған. Көптеген зерттеушінің еңбегінде көк, теңбіл көк жылқылардың дене бітімі сұлу және жүрдек келетіні айтылады.

Қазақ жылқысының қадір-қасиетін түбегейлі зерттеген ғалымдар Ю.Н.Барминцев, Б.Х.Садықов, И.Н.Нечаев, А.К.Росляков, А.И.Иманғалиев, Г.В.Сизоновтар бірауыздан адай тұқымын таза өсіруді және оның мініс қасиетін жақсарту барысында қан жаңартып, асылдандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуді құптайды. Осы орайда, өскен жерінің ерекшелігіне бейім әрі төзімді будандарды ғана сұрыптап алып, оларды тек адай айғырларымен шағылыстыруды ұсынады. Осы тұрғыда академик Игорь Нечаев «барлық будан жылқы дала мінезіне үйлесіп өмір сүруге бейім емес» деген орынды тұжырым жасаған. Орта Азиядағы жылқы түлігінің эволюциялық даму тарихын зерттеген ғалым Ю.Н. Барминцевтің: «Адай жылқысы – қазақ жылқыларының басқа тектерімен салыстырғанда ең ірі тұқымдардың бірі» деген пікірі де орынды.

Сәбит Әбішұлы «Тағылым» атты еңбегінде адай жылқысының 7 генеалогиялық аталық ізі туралы мәлімет келтіреді: Өрендік, Еңсегенторы, Қибаскөк, Бекесторы, Есполайторы, Есполайжирен, Ізтұрғанкөк. Бұл мағлұмат А.Иманғалиевтің мәліметтерімен және Эксперименталдық биология институтының экспедициялық (А.К.Росляков, 1950-1953) зерттеулерінің нәтижесімен үндес. Аталған еңбекте адай жылқысына қатысты түрлі, қызықты фактілер бар. Мысалы, Ұлы Отан соғысына күш-көлік есебінде Маңғыстаудан 3000-ға тарта жылқы алынғанын, генерал Д.И.Городовиковтің адай жылқысының мініс қасиетін жоғары бағалағанын баяндайды.

Адай жылқысының бағына қарай 1944-1956 жылдары оны өз төлінен өсіру және асылдандыру бағытында «Гурьев мемлекеттік асыл тұқымды жылқы өсіру» (Госплемрассадник) мекемесі ұйымдастырылады. Осы мекеме Социалистік Еңбек Ері Бейнеуов Нұрсейіттің табынын негізге алып, адай жылқысын таза өсіру мен бағым-күтімін реттеу арқылы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жүзеге асырған еді. Мекеме тікелей СССР Ауыл шаруашылық Министрлігі қарауындағы С.М.Буденный басшылық ететін «Жылқы және жылқы зауыттары бас басқармасына» бағынышты болды және тікелей Одақ бюджетінен қаржыландырылды.

Жылқыға қатысты көптеген мағлұматтарды зерделей келе, С.Әбішұлы Пржевальский жылқысы дегеннің байырғы заманнан қазақтың кең даласын мекендеген керқұлан екені туралы пікір білдіріп, керқұлан жылқы біткеннің, оның ішінде адай жылқысының түп атасы деген тұжырым жасайды. Адай жылқысына біткен тектілік, сезімталдық, төзімділік керқұланның қанымен келген дейді. Осы орайда «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институты» мен Кембридж университетінің ғалымдары бірлесіп жүргізген генетикалық зерттеулер бойынша академик И.Н.Нечаев «жер жүзіндегі жылқылардың ішінде қазақ жылқыларында ғана алғашқы жабайы жылқы тұқымының бірінші гені бары анықталған» дей келе, «осы ген тарпаңдардан қалған. Ертеде қазақтар жабайы тарпаңдарға бие қосып, тұқым алған» деген пікір білдіреді.

1952 жылы республикалық деңгейде жүргізілген арнайы тәжірибе барысында 50 шақырымдық жарыста Араб айғыры 1 сағат 35 минут 48 секундта келсе, таза қанды мініс жылқысы (чистокровная верховая) 1 сағат 56 минут 48 секундта келген. Адай тұқымының 10 жастағы «Қаракөз» атты айғыры мәрені 1 сағат 43 минут 35 секундта кесіп өткен. Сол жылғы жеке сынақта адай тұқымының екі аты бір тәулікте 301 шақырымды жүріп өткен.

А. Иманғалиев адай жылқысын ұзақ жылдар зерттеу барысында оның жұмысқа қабілеттілігін арттыру мақсатында тұқымдық айғырлар мен үйірге алғаш түсетін жас айғырларды бәйгеде сынап, осы мәліметтерді мал бағалау (бонитировка) үрдісінде пайдалануды ұсынады.

Адай жылқысы негізінен Батыс Қазақстан аймағында, оның ішінде Маңғыстау, Атырау және Қызылорда өңірлерінде өсіріледі. Жазы шыжыған ыстық, ал қысы қақаған суық Маңғыстау өңірінде тек адай жылқысы жерсіне алғаны – өмір шындығы. Адай тұқымы жыл он екі ай жайылымда болатын, жұмыста күй таңдамайтын, мініске берік жылқы екенін дәлелдеген жануар. Бұл тұқым Маңғыстаудың қатал қысына әбден үйренген және өз қорегін жайылымнан қиналмай табады. Соңғы жылдары (2020, 2021) сырттан әкелінген малдардың орын алған қуаңшылық кезінде жергілікті жердің қатаң жағдайына шыдай алмай қырылып қалғаны адай тұқымының қадірін еске салды. Өткен ғасырдың 30-жылдары және 1968-1969 жылдары орын алған жұт кезінде де тек жергілікті адай жылқысының аман қалғаны осы тұқымның қуаңшылықтың қатаң қысымына төзімділігін айғақтайды.

Ғылыми тұрғыдан адай жылқысының қасиеттері – сол өңірді мекендеген байырғы бабалардың көреген селекциялық жұмыстарының жарқын көрінісі. Кейбір дерек көздерінде (Өмірзақ Әбдішүкірұлы) Ескелді Саназар, Жаңай Қожаназар, Жары Назар, Шоңай Өте, Шағыр Шотықбай, Бектеміс Итемген, Кеще Тілеп, Ескелді Жұлдызбай, Тастемір Бақажан сияқты жылқы бағудың қыры мен сырын жете меңгерген бұрынғының жылқылы байлары аталады.

Орыс зерттеушісі Н.Бахметьев (1870) пен атақты жылқы зерттеушісі А.Вилькинстің (1895) еңбектерінде арғымақ деген ұғымның төркініне үңіліп, асыл тұқымды жылқыларды қазақ биесімен шағылыстырса, бірінші будан арғымақтан айнымайтынын, екінші және үшінші туғандарынан Орта Азия халықтары құрметтейтін қазанат, қарабайыр аттарын алуға болатыны баяндалады. Махамбеттің «арғымақтан туған қазанат» деген өлең жолдары да қазанаттың айғыры арғымақ екенін меңзейді. В.Фирсовтың (1895) зерттеулерінде де қазақ халқының асыл тұқымды жылқыларды таңдаулы мама биелермен будандастыруы, осындай селекциялық әдіспен мініске шыдамды, алысқа шабатын қазанат пен қарабайыр аттарды өсіретіні тілге тиек етіледі.

Қазақстанның батыс аймағында Түркменге шекаралас жатқан жерлерде өсірілген жылқылар, көбіне, ақалтеке немесе текен, жәуміт тұқымдарымен шағылысқаны күмән келтірмейді. Сондықтан да болар, алыс қашықтыққа шабатын аламан бәйгенің аттары осы өңірден немесе адай жылқысының арасынан көп шығады. А.Вилькинс өз еңбегінде («Лучшие породы киргизских лощадей – Аргымак») «қазақ арғымағы» деген ұғым енгізіп, бабаларымыздың жылқы тану мен бағудағы көрегендік қасиеттерін әлемге паш етеді.

«Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының» ғалымдары 2010 жылы адай жылқысының өнімді бағыттағы: «Есполайжирен», «Есполайторы» және «Амандықторы» атты үш зауыттық аталықіздерін апробациядан өткізді. Жылқы шаруашылығы бөлімінің басшысы Г.В.Сизоновтың басшылығымен 2009 жылдан бастап, адай жылқысының мініс бағыттағы тобына назар аударыла бастады. Алғаш мемлекеттік деңгейде 2011 жылы алыс қашықтыққа бәйге ұйымдастырылып, адай жылқысының мініс қасиеті әлемге дәріптелді. Осы үлгілі үрдіс сабақтастығын тауып, халықаралық жарыстарға ұласты. Мысалы, 2011, 2012, 2014 жылдары өткен 80, 120, 160 шақырым қашықтыққа арналған Маңғыстау әкімінің кубогі; 2011-2014 жылдары өткен 80 және 120 шақырым қашықтыққа арналған Орталық Азия чемпионаты (Талғар, Алматы облысы); 2011-2013 жылдары 80 және 160 шақырым қашықтыққа өткен Балтық елдері мен ТМД елдерінің «Ынтымақтастық кубогы» фестивалі; 2012 жылы Астана қаласында өткен Президент кубогі және басқалары. 2013 жылы Біріккен Араб Әмірліктері, Абу-Дабиде өткен халықаралық жарыста Қазақстан атынан негізінен Маңғыстау өңірінің аттары қатысты. Жалпы, адай жылқысы 2011-2014 жылдары 80, 120, 160 шақырым қашықтыққа арналған 22 халықаралық жарысқа қатысты.

Сонау 2011 жылдары 80 км қашықтыққа өткен Балтық елдері мен ТМД елдерінің «Ынтымақтастық кубогі» фестивалінің жеңімпазы атанған Ратторы-60 айғырының ұрпақтары ғылыми есепке алынып, биыл осы топтың негізінде Ратторы-60 зауыттық аталық ізі апробацияға ұсынылды. «Ынтымақтастық кубогі» фестивалінде «Ратторы» айғырдың үш баласы «Ойлы», «Қасқатай», «Жезкиік» 80 шақырым қашықтықта алдына қара салмады.

Адай жылқысының мініске арналған жеңіл типі 2011 жылдан бері біздің институттың ғалымдары тарапынан қолдау тауып, жарыстарға қатысқан әр аттың, әсіресе, халықаралық жарыстардан жүлде алған әр жануардың ерекшеліктері назарға алынып, жазбаша таңбаланып отырды. Осы жылқылардың шежіресі жасалып, бәйге аттарға тән ерекшеліктерінің барлығы қағазға түсірілді. Уақыт сынынан сүрінбей өткендерінен қан алынып, генетикалық сипаттамасын зерттеу қолға алынды. «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институтының» ғалымдары 2022-2023 жылдары бәйгеге қатысқан барлық аттың сырт тұрпатына (фенотип) тән ерекшеліктерін жүйелеп жасаған ғылыми сараптама дайын. Институттың «генетикалық сараптама зертханасында» ең үздік жануарлардан алынған қан негізінде адай жылқысының генетикалық сипаты да жасалды.

Бүгінгі таңда адай жылқысының дара нуклеотидтер полиморфизмы/SNP/ бойынша генетикалық алуан түрлілігі зерттелді. 126 бас жылқыдан алынған қан сынамасы негізінде 81 974 SNP тізбегі зерттеліп, адай жылқысының генотиптік ерекшелігі сипатталды. Сирек аллелдердің кездесу жиілігі, олардың байланыс теңгерімі және жақын туыстығы (инбридинг) сияқты генетикалық ерекшеліктері анықталды. Адай жылқысының басқа тұқымдардан айырмашылығын анықтау үшін кластерлік талдау жасалды. Аламан бәйгелерде жүлделі болған әрі түр-тұрпаты адай жылқысына тән 15 бас жылқыдан қан алынып, толық геномдық сараптама жасалып жатыр. Егерде генотиптік талдау бойынша 81974 SNP тізбегіне сараптама жүргізілcе, толық геномдық талдау бойынша 6,3 млн SNP тізбегіне зерттеу жасалады. Сонымен қатар, Еуроазиялық одақ талабы бойынша жаңадан апробацияланатын аталық іздер мен типтердің үйір ұстаған айғырларын тұқым қуалайтын ауруларға бейімділігі бойынша генетикалық сараптамадан өткізіп жатырмыз.

Ең маңызды міндет – мініс қасиетіне қарай адай жылқысының әлеуетін жетілдіру бойынша 2011-2014 және 2020-2023 жылдары бәйгеден жүлделі болған айғырлардың ұрпақтарын саралап, екі аталық ізді апробацияға дайындау жұмыстары.

Гүлайым Дәуітбай («Егемен Қазақстан», 2012) «Адай жылқысы орын алғанымен, орнын ала алмай келеді» деп келелі мәселе көтергені елдің есінде. Биыл ел президенті Маңғыстау өңірі жұртшылығымен кездесу барысында «Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, ол тағы бір тамаша брендімізге айналады» деп Үкіметке адай жылқысын асыл тұқымды мал ретінде ғылыми тұрғыдан тану және өсіру үшін тиісті шаралар қабылдауын тапсырған еді. Осы тапсырма аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан адай жылқысын ғылыми қамту мәселесіне пәрмен беріліп, «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институты» ұжымына қордаланған мәселелерді жедел шешіп, адай жылқысын жаңа тұқым ретінде апробациялауды жылдың аяғына дейін аяқтауды жүктеді.

Қазірде ұжымның бар әлеуеті осы жұмысты нәтижелі орындауға жұмылдырылуда. Маусым айының басында «Ратторы-60» аталықіз құжаттары Әділет министрлігіне жолданды. Енді мініс бағыттағы «Бұғабай киік қоңыр-98» және «Манап сұр-93» айғырларының ұрпақтары негізінде екі аталықіз бойынша апробациялық құжаттар дайындалды. Адай тұқымының мініс типіне тән жылқыларының ерекшеліктері зерттеліп, осы жылқыларға тән белгілердің біркелкілігі және тұқым қуалау қасиеттері анықталды.

2010 жылдары апробациядан өткен үш зауыттық «Есполайжирен», «Есполайторы» және «Амандықторы» аталық іздерінің ұрпақтарын ғылыми сараптамадан өткізу басталып кетті. Өйткені осы өнімді бағыттағы үш аталық із негізінде адай жылқысының өнімді бағыттағы жаңа типі апробациядан өтеді. Қолданыстағы заңнама бойынша жаңа тұқым шығару үшін екі тұқымдық тип болуы шарт. Өнімді бағыттағы тип апробациялауға дайын болса, мініс бағытындағы типті шығару үшін атқарылатын жұмыстар жеткілікті.

Елдің қалауымен, ұжымның бірлігімен, Президент пен Үкіметтің пәрменімен адай жылқысының мініс бағытындағы жаңа тұқымын апробациялау халық селекциясының мәртебесін дәріптейтін жетістіктердің бірегейі болар деген сенімдеміз.

Халқымыз жүрісі жайлы, алыс жолға шыдамды, қоңын түсірмейтін жылқыны «тұғыр ат» деген. «Қобыланды батыр» жырында «Мінуге керек қазанат, Беліне керек шарболат» деп жырланатындай, жылқының нағыз мықтысын «қазанат» деп атаған. Қазақы ұғымда «қазан» деген сөз «үлкен» немесе «қасиетті» деген мағына беретінін, екіншіден нағыз төлтума, көне деген ұғымдарды білдіретінін ескерсек, «өрге салса, төске озатын» алыс қашықтыққа арналған жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүрген адай жылқысын – қазақтың қазанатына балап, оны жаңа тұқым ретінде танып, әлемдік додаға ресми бекітілген атымен қоссақ ұтарымыз мол болары анық.

Айбын ТӨРЕХАНОВ,

Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ басқарма төрағасы,

АШҒА академигі. «Егемен Қазақстан» газеті.

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.