Елордада Ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтіп жатыр

374

Елордада Ұлттық спорт түрлерінен алтыншы рет республикалық фестиваль өтіп жатыр.

Ұлттық спорттың қайнар көзі ұлттық құндылықтар мен жауынгерлік өнерге барып тіреледі. Ғасырлар сынынан өткен мергендік, балуандық, зеректік, ептілік өнерінің бүгінгі қайта жаңғырған бейнесі ұлттық спорт түрлері деп анық айта аламыз. Ұлттық спорт түрлерінен өтетін төртжылдықтың басты жарысын қазір ұлттық спорттың ішкі олимпиадасы деп те атап жүрміз. Өздеріңізбен жүздесіп отырған осы сәтте аталған додамыздың алғашқы жарысы, көкпардан іріктеу ойындары басталып та кетті — дейді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов.

Оның сөзіне қарағанда, бұл шара халықаралық додалардың алдындағы бір белес деуге болады.

Фестивальге Ұлттық және ат спорты түрлері орталығына қарасты асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша 17 облыс, 3 қаладан 1362 спортшы тіркелген.

Бұл сын спортшылардың ғана емес еліміздегі барлық өңірдің өзара сынасатын алаңы. Яғни, фестиваль нәтижесінде еліміздегі ұлттық спортты жоғары деңгейде дамытып отырған үздік 3 өңір анықталады. Фестиваль бағдарламасындағы барлық жеңіс пен жүлде балл бойынша есептеліп, ең көп ұпай жинаған өңір жеңіс тұғырына көтеріледі – дейді Бағдәулет Сәбитов.

Фестиваль өзінің жиырма жылдық жолында жан-жақты жетіліп келеді, кезінде фестиваль бағдарламасында «Қыз қуу» да болған, алайда спорт түрінің аясы тарылып, алынып тасталған.

Биыл оның орнына дәстүрлі садақ ату спорты қосылды. Сонымен қатар, көкпардағы жекпе-жек аттарының жеке сайысы көрсетілім ретінде енбек – дейді ол.

Ол фестивальге қатысушы өңірлердің белсенділігі туралы да айтып өтті.

Жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстары 4 қана спорт түрінен қатысқалы отыр, бұл енді түсінуге болатын жағдай. Ал тәуелсіздіктен бері қарай іргесі қаланған Алматы қаласы мен Ақтөбе облысынан 6 спорт түрінен ғана қатысушылар келген. Бұл салыстырмалы түрде өте төмен көрсеткіш деуге болады. Фестиваль тарихындағы тағы бір қызықты жәйт, әдетте біз ұлттық спорт оңтүстік өңірлерде ғана дамыған деп ойлаймыз, соңғы 2019 жылы Ақтөбе қаласындағы фестивальде үздік үштіктің қатарында Астана қаласы мен Ақмола облысы көрінген. Яғни, ұлттық спорттың дамуы қазіргі таңда белгілі бір деңгейде біркелкілік келбет алды деуге болады – дейді орталық басшысы.

Шараның негізгі ұйымдастырушы ҚР Спорт және туризм министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі. Сондай-ақ, ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, ұлттық спорт түрлері федерациялары, «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қоры және Спорт қоры.

Сонымен ұлттық спорт жанкүйерлерін 4-10 қыркүйек күндері фестиваль аясында — қазақ күресін Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында; Асық ату мен тоғызқұмалақты – «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде; Жекпе-жек спортын – «Аспан» спорт кешенінде тамашалай алады.

Ал көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік спорттары Астана іргесіндегі «Қазанат» ипподромында өтеді.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.