Байыт ҚАБАНҰЛЫ. Қонысбайдың қос жетімі

8957

(Әңгіме)

Екі қолын артына ұстап ары бері жүргіштеп тағатсызданып тұрған Нұрқожа ішкі жақтан асығыс шығып келе жатқан дәрігер әйелден:
– Жанбөпе қалай, – деп еді, дәрігер:
– Бола берген жоқ, он минутпен ауырып тұр. Әйеліне ғашық жігіт асықпайды, тос – деп қалжыңдай күліп қайта кірді. Нұрқожа да мырс етіп:
«Япырай осы әйелдердің тыныш жүре алмайтыны несі екен» – деп ойлады да күту бөлмесінің орындығына отырып еді көңілі алағызып тағы да тыныштық таба алмады. Бір жағы алғаш рет босанғалы толғатып тұрған әйеліне жаны ашып «қайтер екен» деп қорқып, бір жағынан өзінің әке болатынына сене алмай қуанып бәйгеге шабатын ат секілді тықырши берді. Сосын қойнынан жұп-жұқа қызылала орамал шыт шығарып мұрнына тигізе иіскеп отырып әйелімен алғаш кездескен сәтін ойлап өзді өзінен күліп жіберді.

66863761_1_644x461_kartina-devushka-s-loshadyu-akvarel-avtorskaya-rabota-almaty…Үш жыл бұрын аймақтың алпыс жылдық тойы болып соған ат қосуға барған.
Бір күні ол аймақ орталығына барып кешке таман Қобда өзенді жағалап қосына қарай қайтып келе жатыр еді, су жағасында ұзын да жұқа, қып-қызыл әсем көйлегі бар, биік өкше ұзын қоныш етік киген, ақшыл өңді сұңғақ бойлы сүйкімді бойжеткен бір жирен атты жайылтып тұр екен. Қалалықтарша киінген сұлу қыздың ат жайылтып тұрған жарасымсыз жағдайын көрген Нұрқожа аттан түсті де:
– Сәлеметсіз бе6 бапкер бойжеткен, – деп мысқылдай күліп қолын ұсынып еді, қыз жігіттің басынан аяғына дейін бір шолып өтіп:
– Кеш жарық тойшы жігіт – деді, қолын да алмастан. Бүйтеді деп ойламаған ол сәл сасқалақтап қалды да, ұсынған қолын қайта тартып:
– Жә, сұлу қарындас, ат бәйгелі болсын, сәлем алмау деген қазақтың салты емес еді ғой – деп еді, қыз:
– Көрінген қыздың жолын тосып, қолын ұстап, көз жүгіртіп жүру сіздің салтыңыз шығар. Шындығына келсек қырындаған жігіт біткенге қолын ұстатып қылымси қалу да қазақ қызының салты емес. Қызыл, жасыл гүл біткеннің өңіне қызыққан көбелек жетер жеріне жете алмай жолда құлайды. Қыз біткеннің қылығына қызыққан көрсеқызар жігіт әйелсіз қалады ағасы – деді. «Мынауың нағыз тентек қыз ғой» деп ойлаған Нұрқожа одан ары сөйлесе түскісі кеп:
– Қарындас, екі кештің арасында ат баптап жүрсіз бе, жоқ әлде кездесуге шығып, жігіт тосып жүрсіз бе? – деді «Сыбағаңды бердім-ау» деген кісіше қалжыңдай күліп. Бұл сөзді естіген қыз түк саспастан жігітке қарап:
– Қызық екенсіз, ағасы, ат баптап жүрмін бе, жігіт тосып жүрмін бе онда шаруаңыз қанша, әрі осының бәрін тәптіштеп айтып жататын сіз менің сырлас жеңгем немесе абысыным емессіз ғой – деді атын жайылта түсіп. Нұрқожа ішінен: «Мә саған керек болса, сыбағаның қандай екенін көрсетті ғой мына қыз» деп ойлады да сөзді басқаға бұрғысы келіп:
– Қарындас, атыңыз жүйрік екен, бабы да жүзі жеткен кездіктей қылпылдап тұрған көрінеді. Мен де ат қосқалы келгемін, жолымыз бір екен, менің атымды көрші, бабы қандай екен – деп әдейі қызды сынағандай мініп жүрген атын көлделең тарты. Атқа бір қараған қыз бәйгенің аты емес екенін бірден аңғарды да жігітке қарап:
– Жақсы ат екен, бірақ одан көрі сіздің бабыңыз келіп тұрған көрінеді ғой. Ал жолға келсек қосыла қоятын түрі жоқ, мен су жағалап ат жайылтып, сіз қыз жағалап басқа бірдеме «жайылтып» жүрген сықылдысыз ғой – деп бір күлді де, өз атына қарап шылбырын тартып маңдайынан сыйпай тұрып:
– Жарайды жетімім қайтайық, мына жігіттің екемізге тыныштық беретін түрі жоқ – деп атын жетектеп жүруге айналды. Нұрқожа өзінің оңбай жеңілгенін білсе де қызға еш кектенген жоқ, атын жетектеп жақындай түсті де:
– «Жетімім» дейсіз бе, бұл қай «жетім», қарындас? – деп еді, қыз.
– Әке шешесін өмір бойы қанжығасына байланып жүрген кім бар дейсіз, ағасы, дүниеде не көп жетім көп, солардың бірі дағы, сіз қай жетімді білуші едіңіз – деп жүрісін жылдамдатып оза берді. Басқа амалы қалмаған жігіт тек қалғысы келмеді ме қыздың мойнына салған жұқа қызыл ала шытын ұшынан ұстап сырғытып тартып алып қалды. Соны байқаған қыз қайта айланып:
– Сізді дап-дардай аға ма десем, әлі де қыздың шытына жармасудан ары кетпеген бала екенсіз ғой. Қыздың «Орамалы бес жүз жорға тұратынын» білетін шығарсың, балақай. Қайтесің орамалымды қайтар – деді, бірақ оны естіген Нұрқожа болмады:
– Сау болыңыз сұлу бойжеткен, ертең бәйгеде кездесейік. Егер сенің атың озып келсе орамалыңызды қолыңызға саламын, ал менің атым озып келсе онда бес жүз жорға тұратын орамалыңызбен қош айтыса беріңіз – деп шаба жөнелді…

…Тағы біраз уақыт өтті, Нұрқожа бір кіріп, бір шығып дыздақтап жүрген бағанағы мысқылшыл келіншектен бағанағы сұрауын қайта қайталап:
– Жанбөпе қалай? – деп еді, дәрігер келіншек тағы да мысқылға басып:
– Алла, Алла, неткен қызу махаббат еді?! Әйеліңе жаның ашып бара жатса баланы өзің неге таппадың, әлі де бола берген жоқ, бес минутпен ауырып тұр, тоса түс жігітім – деп мазақтады. Нұрқожа басын шайқап: «Сені ме бәлем тұра тұр…» деп ойлап, далаға шығып, енді-енді таң рауандап бозарайын деп келе жатақан тыныш түннің тұп-тұнық қаракөк аспанына телміріп аз тұрды да сонадайда байлаулы тұрған атына барып маңдайынан сипап:
– Қалайсың, Жетімім, сенің де тағатың таусылып тұр ма?! Құдай екеміздің бағымызға Жанбөпені аман қылсын! – деп Жетім жиреннің мойнынан құшақтады. Сосын атына сүйеніп тұрып Жанбөпемен үйленердегі қайын атасының айтқан сөзін есіне түсірді.

Қонысбай шал ол екеуіне батасын беріп аттандырар алдында Нұрқожаны жанына алып:
– Балам, Нұрқожа! – деген, – мына өмір кімді жылатпады. Мен дағы сол жылағандардың бірімін, Жанбөпе де жылап өсті, бірақ өмір қалай жылатса солай уата да алады. Құдайға шүкір бүгін бақыттымын.
…Ешбір кіршіксіз пәк таза көңілмен бал-бұл жанған жиырма жасымда өмірді бастадым, Жанбөпенің шешесіне үйлендім. Күндерім қандай тәтті еді. Бірақ амал қанша бар жоғы бес-ақ жылдан кейін жалғыз-ақ күні өмірім алай-дүлей боранға ұрынғандай күйге түсті. Жаныма балаған жан жарым ауырмай сырқамай жарқырап тұрып ағып түскен жұлдыздай жарқ етті де жоқ болды. Қайтейін, сондай жайдары бақытты маңдайына сыйғыза алмаған бейшора басымды қоярға жер таппай не бары бес жасқа да жете бермеген Жанбөпемді құшақтап көз жасымнан көл орнатып, күндіз демей, түн демей еңіредім, жыладым. Жан жарымның бар кезінде аттап шыққым келмей байлаулы бұзаудай айналсоқтайтын жанұям – өз үйіме өзім кіргім келмей, қашқалақтап, жалғыз еркем – Жанбөпемді қойныма салып алып, ертелі-кеш ат үстінде ана жақ, мына жаққа сапар шегіп жүріп кеп жүретінді шығардым…
Өзегімді жетімдік қайғысы өртеп, өзіме өзім келе алмай жанталасып шарқ ұрып сырғақтап жүрген сондай бір мазасыз күндерімнің бірінде қызым екеуміз Қобдадағы апайыма барғанбыз. Содан қайтып келе жатқан жолда ойламаған іске тап болдық.
Ала көлеңке кеш болып қас қарайып бара жатқан соң кішкентай қызымды тоңдырып алармын, тезірек жүріп бір ауыл тауып қонайын деп асығып келе жатқам. Кенеттен астымдағы ат елең ете түсі де осқырынып жіберіп еді тым жақыннан жас құлынның кісінеген дыбысы шықты. Атымның басын солай бұрдым, сонадай жерде бір қарайған көрінді. Жақындасам өлгеніне көп болмаған бір жылқының өлімтігі жатыр, қасында бір жас құлын. Өлген жылқының ыстық күнге іші кеуіп кеткен, оң солын білмейтін жас құлын енесінің бауырына бір жатып бір тұрып жемтік анасының сары сулы емшегін емеді. Атымнан түсіп құлынға жақындасам оңы мен солын да айырмаған байқұс сәби сырғақтап енесінің жемтігін айлана қашады. Өзінше жауынан сақтанған түрі ғой. Өз көзіме өзім сене алмадым, дәл қойнымдағы Жанбөпем сықылды сезіліп іші бауырым елжіреп кетті.
…Үйден онша алыс емес сұмын орталығына асығыс барып қайтып оралғанымда аяулы жарым дүниеден өтіп, бес-ақ жасар кішкентай қызым құлында құлын шырқырап жылап отырғаны есіме түсті.
Егіліп жылап отыра кеттім, адам демей, мал демей мына екі сәбидің тағдыры неткен ұқсастықпан қайталанған деші. Қойнымдағы Жанбөпем:
– Әке құлын ғой, шешесі неге тұрмайды өліп қалған ба, алып кетейікші – деп былдырлайды.
Құлын сол жерден аттанып үйге жеткенше, тіпті келгеннен кейін де неше күн бойы шырқырап екі көзінен үлкен-үлкен жас моншақтатып сай-сүйегімді сырқыратты. Бүйтіп шырылдатып қойғанша сойып тастаймын ба деп те ойладым, Жанбөпе өзіне қарамай оны алдап тәтті беріп, нан беріп мойнына асылып, маңдайынан сипап жұбатады. Бие байлап саумал бердім, ақыры үйренді. Баладан ешбір айырмашылығы жоқ, қарны тойса ойнақ қағып ойнайды, ашықса шырқырап енесін жоқтап тамақ іздейді.
Үйге жатып үйде тұрады, бізбен әбден үйір болды, күндіз кешке дейін Жанбөпе екеуі бірге ойнайды. Сөйтіп екі жетімге тағы бір жетім қосылып біз үш жетім болған едік.
Жаз шықты, жетім құлын тай болды, жетім қызым алтыға келді. Жараттым, сұмынның тойына апарып құйрық кекілін буып Жанбөпеме мінгізіп айдалып бара жатқан жүйрік тайлардың қатарына қоса салдым. Жүйрік болсын дегем жоқ, әншейін: «Екі жетім теңдестерімен жарысып озса озғанның, қалса қалғанның қандай болатынын көрсін, сезсін» – дедім. Кешікпей тай жарысының алды көрінді, міне ғажап екі жетім алдарына жан салмай жалғыз қара озып келді. Менің қуанышымда шек жоқ, көптің алдында ол екеуін құшақтап: «Айналайын менің жетімдерім…» деп еңіреп жыладым, айналамдағы дос-жаран, туыс-таныс, тіпті танымайтын адамдар да менімен қоса жыласты.
Міне балам бұл екеуі сол күннен бастап «ҚОНЫСБАЙДЫҢ ҚОС ЖЕТІМІ» атанып қаншама жарысқа қатысты. Озды, қалды бәрін де көрді. Жетім жирен бірде бір рет жылқымен бірге өріске шығып көрген емес, қыста да, жазда да үйдің жанында Жанбөпемен бірге болды. Кәзір де саумал ішеді, нан мен көк құрақ жейді. Енді екеуі де ер жетті, Жанбөпе жиырмаға келді, Жетім жирен онбеске келді, құдай саған жолықтырды. Екеуін екі жаққа айырып қайтем екеуін де ал.
Өмірдің талай соқпақ қиыр да қиын жолы бар, балам, бірде сүрініп, бірде жығылып, тағы берде тұрасыңдар, соның бәрінде бірге болыңдар. Екеуі де ананың мейірімін көрмеген жарым көңіл байқұстар, әрі бір де бір рет қағу көрмеген ерке шора, бірақ ақылсыз емес өмір үйреткен көмпіс жандар. Саған серік болып шыдайды. Қолыңнан келсе еркелет, ал еркелете алмасаң жылатпа. Болды, басқа айтарым жоқ – деп Нұрқожаның маңдайынан иіскеп көл көсір жылаған…

Нұрқожа атасының: «Өмір қалай жылатса солай уата да алады» деген сөзін қайталады, тағы да аспанға қарады, таңның шеті сөгіліп, ағарып атып келеді екен. Ол: «Жанбөпе не болды екен, ішке кірейін» деп айлана беріп еді бағанағы ақ қалатты мысқылшыл келіншек жүгіріп шығып:
– Өй сен атыңды құшақтап тұра беремісің, келіншегің босанды, ұл туды. Сүйінші! – деп айғай салды. Нұрқожа қалай жеткенін де білген жоқ екі, үш-ақ секіріп ішке кірді де өзіне қуанышты хабарды жеткізіп айланып бара жатқан дәрігер келіншекті белінен қапсыра құшақтап көтере жүгірді.
– Ойбай, белімді сындырдың жіберші, жібер – деп тыпырлаған келіншектің сөзін естіген де жоқ…

Ол ауырухананың ішінде аз айланып қайтадан шығып атына қарай жүгіргенде Алтайдың асқар тауларының иығынан сығалаған жайдары жарық алтын күн күлімдеп жалпақ жер-анаға нұр шуағын қалтқысыз төгіп көтеріліп келе жатты.
«Өмір қалай жылатса, солай уата да алады»

1601662_520913021361421_1092582390_oБайыт Қабанұлы. 2011-09-02
Баян Өлгий.
Жалғызағаш жайлауы. (Суреттер ғаламтордан алынды)

buy windows 11 pro test ediyorum

error: Сайттан материал көшіруге болмайды. Сайтта жарияланған барлық ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде авторлық және жанама құқық туралы заңдармен қорғауға алынған.