«Ұлы дала жорығы»: Қыздар жарыстан шығып қалды (ФОТО)
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің алтыншы кезеңі аяқталды. Яғни шабандоздар марафон-бәйгенің 550 шақырымын артқа тастады.
Еліміз бойынша марафон-бәйгеге 19 команда қатысқан болатын. Осы командалар арасында ерекшелеп, Ақмола облысының «Иманжүсіп» командасы туралы арнайы жазған едік. Құрамында 1 ер азамат, 4 қыз қатысып жатқан команда марафонның үшінші күні команда капитаны Мерзах Садуақасовтың аты ақсауына байланысты жарысты жол ортадан тоқтатқан болатын.
Жарыстың 4-5 кезеңін төрт қыз ғана жалғастырғанымен, олар да жарыс жолынан шығуды ұйғарды.
«Иманжүсіп» командасы 6 кезеңнің алғашқы 50 шақырымын өткеннен кейін екі атының жарақат алуына байланысты жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Десе де «шабандоз ару» атанған Ләззат Ахметова бұл жеңіліс емес, керісінше алғаш рет бұрымдылардың бөріктілермен бірге иық тіресе жорыққа қатысуы үлкен жеңіс екенін атап өтті.
Жоба маған қатты ұнады. Біз үшін ең маңыздысы – аттардың амандығы. Сайыс болған соң жарақаттың болмауы мүмкін емес. Өкінішке қарай, жылқыларымыз аяқасты жарақат алды. Ең соңғы елу шақырым біз үшін өте күрделі болса да, жол бойында тарихи, мәдени нысандарға куә болдық. Алаш хан, Жошы хан кесенелерін кездестірдік. Мен мұндай марафон-бәйгеге алғаш рет қатысып отырмын. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, — деді Л. Ахметова.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҚО, СҚО, ШҚО, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының командасы жарыстан шығып қалғанын хабарлаған едік.
Сонымен Ақмола облысының қыздары 5 күнде қандай нәтиже көрсетті, назар аударып көрейік:
1-кезең (50 км) – 04 сағат, 28 минут 38 секунд;
2-кезең (100 км) – 09 сағат, 03 минут, 10 секунд;
3-кезең (100 км) – 08 сағат, 33 минут, 32 секунд;
4-кезең (100 км) – 09 сағат, 05 минут, 44 секунд;
5-кезең (100 км) – 10 сағат, 08 минут, 40 секунд;
Жалпы көрсеткіш бойынша қыздар құрамасы 41 сағат, 19 минут, 44 секунд жол жүрген.
Ал марафонда көш бастап келе жатқан Маңғыстау құрамасы жалпы есепте 35 сағат, 49 минут, 16 секунд жүрсе, ең соңғы Ұлытау командасы 60 сағат 46 минут, 36 секунд жүрген.
Argymaq.kz