Адамнан ақылды Торы төбел
Аңшының аңсағаны әркез бола берсін бе? Жолымыз болмай, қанжығамыз майланбай, еңсеміз түсіп, шаршап-шалдығып келе жатып, Астрахан ауданындағы ауданындағы бір ініміздің үйіне кештетіп түсе қалдық. Әбден тонғанымыз сонша, аузымыз сөйлеуге келмейді. Біздің осы жайымызды сезген үй иесі құрақтай ұшып, әп-сәтте ыстық шайды да алдымызға тосты. Бойымыз жылынып, қара күрең шайға қана бастасымен әңгіме тиегі де ағытылайын деді.
— Аңшылықпен әуестігің бар ма? – деп сұрады менің оң жағымда отырған сапарлас серігімнің бірі кәрлен кесесін үй иесінің келіншегіне ұсынып жатып. Тегі маңдайы тершіп, ес жинаған болу керек.
— Біздікін айтасыз ба? — Сөзге шәй құйып беріп отырған келініміз де араласты. – Қолына мылтық түгілі көсеу де ұстаған кісі емес. Тым құрыса тауық та сойып көрген жоқ.
Қазекең ініміз сәл жымиып, төмен қарады да, зайыбының сөзін бас изеп мақұлдағандай кейіп білдірді.
— Райхан дұрыс айтады, — деп аз-кем үнсіз отырды да осы жақында ғана өз басынан өткізген бір оқиғаны баян етті.
— Жорғасы шабысқа бергісіз торы атымыз болушы еді. Әкем марқұм онымен талай рет аңға да шықты. Қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян да қуды. Бәйгеге де қосқаны бар. Адамның ішіндегісін айтпай-ақ түсінетін есті жануар еді. Жершіл де ізшіл болатын. Әсіресе әкейді көз көрім жерден танып, басын жерден оқыс көтере сала оқыранып жіберетін. Әкемнің қайтар алдында. «Өзіммен бірге қуанып, өзіммен қоса жылайтын, төбел торым-ай, жүдетпе, мені жоқтатпа!…» деп қайта-қайта аманат етіп тапсырғаны әлі есімде.
Кейін мен әке сөзін екі етпеуге тырыстым. Төбел торыға өзім де бауыр басып кетіппін. Уақыт өте берді. Біз де есейдік, торы атқа да кәрілік жете бастады. Біздің көкейімізді соғым тескен ғой. Соңғы кезде осы мәселе қиындап кетіп, басқа соғымның реті келмеген соң бір күні төбел торыны жемдеуге қойдық. Қораның қараңғылау түкпірінде жалғыз өзі тұрушы еді. Қаперімде ештеңе жоқ, жем-шөп, суын уақытылы аузына тосып, бәйек болып жүрмін. Бірде барсам аузына қылтан алмай, сұлық тұр. Басын төмен салбыратып жіберіпті. «Бір жері ауырып тұр ма?» деп қораны көлеңкелеген саңылауын ашып, жанына барып едім, басын сәл ғана көтерді де, өзіме тіке қарап, жанарын аударып әкетті. Сіздерге өтірік, маған шын, жаудыраған екі көзінен жас парлап тұр. Ауыр күрсінетін сияқты. «Талай жылдар бойы жолдас болып едік, мені пышаққа қайтып қиясың? Тәкең болса бүйтпес пе еді, қайтер еді? Тағдырдың жазуы шығар…» деп мұң-зарын тебірене шаққандай болды. Үсті-үстіне тамшылаған жасын тия алар емес. Мен не болғанымды білмедім. Тұла бойымды әлдебір аяушылық сезімі билеп алған. Төбел торыға қосылып өзімнің де жылағым келді. Иә, жыладым да.
Сол күні кешке көршіміз соғым сойып, соған шақырған еді. Баруын барсақ та, менің ешнәрсеге зауқым соқпады.
— Қазкен, шырағым, жүзің сынық қой, бір жерің ауырып жүргеннен саумысың? – деді ақсақалдардың бірі.
Алдымызға буы бұрқыраған бір табақ ет келді. Бір көзі бізге қарап жатқан жылқының жарты шекесін көргенде ішім алау-жалау болып, жүрегім аузыма тығылғандай демім жилеп, жанарыма жас толды. Ләм деуге мұршам келген жоқ. Орнымнан атып тұрдым да, алас-күлес киініп, әйелімді ертіп үйге келдім. Сол бойда төбел торыға барып, ноқтасын сыпырып жібердім де, бос қоя бердім. Менің осы бишара қалімді сезгендей ол соңымнан еріп келді де, «рақмет» дегендей оқыранып қойды. Басын иығыма сүйеп, тұрып қалды…
Қазкен әңгімесін кілт үзді.
— Сол жылы біз соғымсыз қалдық, — деді Райхан ерінің сөзін одан әрі сабақтап. – Ал төбел торы әлі күнге дейін бар.
Аңшы қатыгез де, қатал да, құмар да болады ғой. Бірақ мына әңгімеден біздің жан-жануарға деген аяушылық сезімімізді оятқандай болды. Оның ішінде «Ат – адамның қанаты» дегендей, жылқы баласының тағы бір мінезіне қайран қалдық.