Бапкер: Ел ішінде Хамза мен Жұмыртұяқ қатар аталатын болды

3113

Жетісу облысы, Ескелді ауданы Жалғызағаш ауылының 3-сынып оқушысы Хамза Амангелді биылғы жылдың өзінде аламан бәйгеден бес рет жүлделі болды.

Осы күнде атсейіс қауым мен жылқы жануарының жанкүйерлері арасында Хамзаның есімі Жұмыртұяқ тұлпармен қатар аталады. Белгілі атсейіс Марлан Амангелдіұлымен өрбіген сұхбатты ұсынамыз.

– Аламан бәйгеден соң тұлпарларыңыз қанша мерзімге тынығады? «Биеден туа бермес сендей құлын» деп Ақан сері Құлагерін жырлағандай, Жұмыртұяқтың шыққан тегі туралы тарқатып айтсаңыз.

– Жүйріктерімізді бір аламанға қосқаннан кейін кемінде 1,5 ай тынықтырамыз. Жұмыртұяқ «Айтұяқ» деген айғырдың құлыны. Айғырды Украинадан сатып әкелген едік. Паспорт бойынша тегі – «Аларм». «Лайек» деген айғырдың арғы тегі «Дансиктен» тарайды. Түп бабасы «Норсерн Дансер» деген ағылшынның таза қанды айғыры. Дансердің дақпыртын ат баптап, жүйрік жарататын қауым жақсы біледі. Қылқұйрықтың ішіндегі кіл жүйріктің шыққан тегін қуалайтын болсаңыз, осы «Норсерн» атты айғырға келіп тірелесіз. Сондықтан да Жұмыртұяқты да Дансердің тұқымы деп айтамыз.

Ал енді енесі – Алая Роза деген бие кезінде Кеңес одағының бәйгесін ұтқан Радиус деген айғырдан шыққан. Содан түскен құлын Жұмыртұяқтың енесі. Аты – «Шапағат» болатын. Біздің бала күнімізде Шапағат деген жүйрікті Болат деген атбегі ағамыз баптап, талай бәйгеден жүлде алды. Міне, осы биеге Айтұяқты салып, қолтума құлын Жұмыртұяқ өмірге келді.

– Жұмыртұяқ дөнен шықты ғой, биылғы жылдың өзінде неше көлік ұтты?

– Дөненнен бестіге аяқ басты. Жыл басынан бері бес рет аламанға қостық: төрт мәрте бірінші келді, бір рет екінші болып көрінді көмбеден. Көкшетау қаласының біріншілігінде топ жарып 5 миллион теңге олжаладық. Одан кейін қазақ әдебиетінде детектив жанрының кең қанат жаюына орасан үлес қосқан қаламгер Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген аламан бәйгеде «Тойота Ланд Крузер» көлігін тақымдадық. Жұмыртұяқ үшін осы жылдың соңғы аламаны – Қызылорда облысында өтті. Сол аламанда да «Тойота хайландер» көлігіне ие болдық. Семей қаласында өткен аламан бәйгеде топ жарып, «Mitsubishi L300» жол талғамайтын темір тұлпар бұйырды. Абай облысы, Ақсуат ауданында өктен аламанда ғана көмбеге екінші болып жетіп, 300 мың теңге алдық.

– Ұлыңыз Хамзаның есімін атсейіс қауым жете таниды. Неше жасынан бәйгеге жүйрік қосты балаңыз?

– Ғаламторда Хамзаның 4 жасында жабағыға жайдақ мініп, тізгінді тартқанға қолының күші жетпей құлап қалған бейнежазбасы бар. 5 жасынан тұрақты мінді, 6 жасынан асқаннан аламан бәйгеге қатысып, тіпті жүлде де ұтты. Жаратқанға жалбарынып сұрап алған ұлымыз ғой, бізге берген сыйы да шығар Алланың. Хамза өзінен үш-төрт жасқа ересек балалардың кейде қолынан келмейтін, істеуге жүрексінетін тапсырмаларды қағып алып орындайды, еш қорқыныш, уайым деген жоқ, қандай тұлпарға мінгізсең де тізгіндеуден тартынбайды.

– Өзге балалардың – Хамзаның достарының атқа мінуге деген қызуғышылығы қандай?

– Ауылда тұрамыз ғой, қаланы қоя беріңіз, ауылдың өзінде асау үйретіп, атқа мінетін бала таппайсың. Басым көпшілігінің қолында ұялы телефон, соған шұқшияды да отырады. Ойынға айналып көшеде, алаңда доп қуып жүгірген бала көрмейсің.

– Өскелең ұрпақты атқа жақындату үшін сіздер де әрекет етіп келесіздер. Хамзаның әлеуметтік желідегі парақшасынан көрдік, әр бәйгеде ұстаған қамшысын замандастарына естелікке үлестіріп жүр. Сыныптастары да қызығатын шығар шабандоздың ат құлағында ойнайтын өнеріне.

– Қызығушылық жоқ емес бар, бірақ олардың көбі мінгісі келгенімен де осқырынып, жер тарпыған жануарға жүрексініп жуымайды, атқа мінбек түгілі жалынан сипап ұстауға қорқады. Хамзаның қамшысын ырымдап таратудағы мақсатымыз – қамшының көптігінен емес. Оны да ат әбзелін жасайтын өрімші шеберлерге тапсырыспен жасатамыз. Мұндағы ойы өзі секілді жастар көптеп шықса деген тілегі ғой баламыздың.

– Хамза өзінің қатарластарын атқа мінуге қызықтыру үшін қамшысын таратса, сіз жас атбегілерге дәріс оқып, тәжірибеңізбен бөлісу мақсатында курс ұйымдастырады деп естідік.

– Қаңқу сөз емес, жоспарланған жұмыс бұл. Айдос деген жолдасымыздың кәсіби көкпар клубы бар. Осы азаматқа ат баптауға ынтасы ауған жастар үнемі хабарласып, менің тәжірибе алмасуымды өтінеді екен. Мұндағы мақсат біреу ғана – ынта танытқан жастардың меселін қайтармау, үйренемін деген адамға білгенімізді бөлісу. Айдың арғы астары көрінбейтіні секілді көпшілігі біздің жүйріктеріміздің бәйгеде көмбеге алдына қара салмай келіп, заманауи үлгідегі қымбат бағалы темір тұлпар тізгіндегенімізді ғана көреді. Ал оған жету жолындағы біздің қызыл асықтан қар кешіп, толарсақтан саз басып, аптапқа арқамызды алдырып, аязға жонымызды беріп жылдың төрт мезгілінде тыным таппай ат үстінде жүретінімізді көрмейді, білмейді. Атбегілік деген ауыр қызмет, аманаты орасан жұмыс екенін сырт көз түйсінбейді. Жастар осындай қиындыққа төзе білгенде ғана жұмысың өнімді болатынын үйреткіміз келгендіктен де тәжірибемізді бөліссек деп шештік.

– Жуырда Жетісу облысында өткен аламан бәйгеден де Хамза мінген тұлпар оқ бойы озып келді. Осы бәйгенің басына тігілген жеңіл автокөлікті ұлыңыз атасына яғни сіздің әкеңізге сыйға тартты.

– Талдықорған қаласының маңында Еркін деген ауыл бар. Сол ауылдың 90 жылдығына орай ат бәйгесі ұйымдастырылды. Аламанға жүйріктерді 35 шақырымға айдады. Хамза шығысқазақстандық ағамыздың атына мініп қосылды осы бәйгеге. Жануар көмбеге алдымен жетті. Ат иесі бәйгеге тігілген «Шевроле кобальт» автокөлігін Хамзаға тарту етті. Менің әкем 75 жасқа толған еді, атасының мерейтойына деп немересі сый жасады.

– Осы жылға құрған жоспардың межесі орындалды ма?

– Иә, әсіресе Жұмыртұяқты ерте көктемнен қара күзге дейін бес аламанға қосамыз деп жараттық, барлық бәйгеден шет қалған жоқ, еңсемізді де түсірмеді.

Қуаныш Нұрданбекұлы

egemen.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!