Дубай кубогына қатыссақ дейміз – Кабирханның иесі

2118

12 қаңтар күні қазақтың бәйге тарихында болмаған жеңіс орын алды. Ол Кабирхан есімді жүйріктің Дубайды дүрліктірген жүлдесі.

Біз тарихи жеңіс иесіне хабарласып, Кабирханның жеңісімен құттықтап, бір-екі ауыз сөзге тартқан едік.

Кабирхан 4 жасар айғыр. АҚШ-та дүниеге келген. Бәссаудада сатып алғанбыз. Құнанында Алматыда өткен бәйгеде ел чемпионы болды. Үш жасқы шыққанда Ресейге жібердік. Белгілі атбегі Аслангирей Шавуевтің тәрбиесінде болды – дейді ат иесі Тілек Мұхамбетқалиев.

Ресейде Мырзабек Қапышевтің тақымында 6 рет бәйгеге қосылып, 5 рет бірінші, бір рет екінші орын алған.

Өткен жылы қыркүйекте әлемдік додаларға қосып көру үшін, бір жағынан бәйгедегі бағын байламайын, бір жағынан Қазақстан неге әлемдік додаға ат қоспауы керек деген оймен Дубайда өтетін бәйгеге дайындауға кірістім. Дайындық Дубайда өтті. Майдан атшабарына 2023 жылы 11 қазанда барғанбыз. Содан бері дайындық жасадық. Ат алаңға үйренуі керек қой – дейді.

Кабирханды Дубайдағы №1 бапкер саналатын американдық бапкер Уотсон Дуглас жаратқан.

Майдан ипподромындағы 2000 метрлік бәйгеге барлығы 15 ат тізімделді. Кабирхан осы 15 аттың ішінде рейтинг бойыншы 11-орында тұрған еді. Алайда тура бәйгеге бір күн қалғанда бүкіл букмекерлік мекемелер Кабирханды фаборит етті. Кабирхан бұл сенімді ақтады – дейді ат иесі.

Кабирханды Тілек АҚШ-тан 12 мың долларға сатып алған. Қаңтардағы жеңісі – тарихи жеңіс! Бұған дейін Қазақстан бапкерлері көрші Қырғызстан мен Ресейге ғана ат қосып барғаны болмаса, онда да аламан бәйгеге ғана апаратын. Ал Тілек Мұхамбетқалиев бәйге тарихында тұңғыш рет Дубайда ұшқыр бәйгеде ат оздырды.

Жүйрік біраз уақыт демалады. Содан кейін 30 наурыздағы Дубай кубогына қатыссақ деп жоспарлап отырмыз. Соның финалына қатысуымыз керек. Оған қатысу үшін рейтингіміз жақсы болуы керек. Құдай бұйырып, оған дейін тағы бір бәйгеде топ жарсақ, Дубай кубогына қатысуға толық мүмкіндік ала аламыз – дейді Кабирханның иесі.

Кабирқан таза қанды ағылшын тұқымынан. Шежіресі де жаман емес.

Айғыры – Калифорния Хром, енесі – Литтл Эмили. Атсүйер қауымның есінде болса Калифорния Хром 2016 жылы Дубай кубогын ұтқан болатын – деп еске алады Тілек Мұхамбетқалиев.

Кабирхан әзірге Қазақстан атын әлемге танытқан ұшқыр бәйгедегі жалғыз жүйрік. Сәйгүліктер арасындағы «Формула-1» атанған Дубай бәйгесін ұту – оңай жұмыс емес. Кабирханның алдағы жарыстарынан сүрінбей өтуіне тілектеспіз.

Argymaq.kz

2 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!