Ұлықбек Есдәулет. Алтын жылқы

1054

Ішкі Қытайдағы Сиян музейі

Мүсініне Қас-Сақтың жылқысының*,
Телміріп, көзін сатқан бір кісімін.
Ауқымы ат басындай Алтын жылқы,
Міні жоқ сәйгүліктің түр-түсінің.

Қасынан кете алмаймын айналшықтап,
Бұл пырақ бізден шықпай қайдан шықпақ?
Бәлкім ол Тайбуырылдың тұқымдасы,
Шаба ма тұлпар жолын тай мансұқтап!?

Салт атты Сақ бабам жүр, Хунн бабам жүр,
Жорыққа жүйрік мініп мыңдаған жыл.
Көк түрік Күлтегін мен Тоныкөктің
Қылқұйрық үйірі ме қылған ән-жыр?

Әйнекпен әспеттеген күйі бөтен,
Мәрт мінез Мөде ханның сыйы ма екен?
…Кісінеп, туысқанын танып тұрса,
Қасынан қалай ғана қиып өтем?!

Тамсанған миллиард жұрт қатар қарап:
Жер тарпып, арғымақ тұр от арқалап!
Хан болған Ханбалыққа ер Мұқали
Бәлкім бұл жортуылда апарған ат?

Ханзудың дерегі де бұлтартқан жоқ:
“Хан батыр Қабанбай да сый тартқан” деп.
Қытайдың қыш әскері** — бәрі жаяу,
Неліктен мұндай атқа бұт артқан жоқ?!

Мерт болған орта жолда бағы ашылмай,
Қас жүйрік Құлагердің бабасындай…
Ұлы Қытай қорғанын аттап барып,
Тұлпар ма тартуланған таң асырмай?

Арғымақ –
Алтын болсын түсі, мейлі,
Қас-Сақтың самғап ұшқан құсы дейді!
Жырақта сол жылқыға қосақталып,
Жүрегім жиі-жиі кісінейді!
_______
*Мүсін дерегінде: “Солтүстік-батыстағы елден әкелінген жылқы” деп жазылған.
**Сиян қаласындағы тарихи музейде терракоттан қашалған 8099 жаяу әскердің қаптаған мүсіні қатар-қатар сапта тұр! Кіре берісінде – жалғыз жылқының алтын мүсіні.

Ұлықбек Есдәулеттің жылқыға қатысты өзге де жырларын мына жерден оқуға болады.

Ұлықбек Есдәулет,
Argymaq.kz
ФОТО: Автордан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!