Азия чемпионаты. «Азия стилінің» жеңімпазы анықталды

406

Шымкент қаласындағы атшабарда өтіп жатқан ересектер арасындағы тұңғыш Азия чемпионатының бүгін үшінші күні.

Әлемнің 12 елінен келіп, нағыз сұрмергенді анықтап жатқан спортшылар бүгін «Азия стилі» бойынша жеңімпазды анықтады.

Жақында ғана құрылып, құрамына Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Таиланд, Қазақстан қатарлы сары құрылық елдерін тоғыстырған Азия жамбы ату федерациясын алғашқы сайысы тартысты өтіп жатыр деуге болады. Әсіресе чемпионаттың фавориттері саналатын Сауд Арабиясы командасы мен Қазақстан құрамасы арасындағы тартысты бәсеке спорт сүйер қауымды еріксіз өзіне тәнті етіп келеді.

Бұл екі команданың осы чемпионатта үзенгі қағыстырып қатар жүретін жөні де бар. Себебі Азия чемпионаты өтеді дегенді естігеннен-ақ саудиялықтар біздің елге сау ете қалған болатын. Мақсаттары да айқын – чемпионатқа сол чемпионатты ұйымдастырып жатқан елдің құрамасымен бірге дайындалу.

Мұндай спортта бір реттік сәттілік деген бола қоюы сирек. Саудиялық команда жаттығуға көп уақыт жұмсайды. Жаттығуда қиналсаң, жарыста қиналмайсың деген осы. Сонымен қатар бұл команда ат үстінде садақ атудан мол тәжірибесі бар елдерден арнайы жаттықтырушылар шақырып, бұл спортқа шынайы көңіл бөліп отыр. Бұл еңбек жемісін де бере бастады. Мысалы осы чемпионатта Саудия командасы мен Қазақстан құрамасы топ екі команда болып отыр – дейді бізге берген сұқбатында чемпионаттың бас төрешісі Амали Ракче.

Сонымен жарыс қорытындысы бойынша кеше ғана «Мажар стилінде» ешкімді маңайлатпай кеткен Hisham Ali R Al-Tamimi-ді тоқтататын ешкім табылмады. Саудиялық сұрмергеннің жебесіне ілінген ұпай саны – 78,15. Кешегі болжамымызда Hisham Ali R Al-Tamimi-дің жетістігін өзгерте қояр мерген шықпауы мүмкін екенін айтқан едік. Болжамымыз тура келген екен. Ал екінші, үшінші орындарды біздің елдің екі жігіті өзара бөлісті. 74,35 ұпай жинаған Нұрсұлтан Бірлікбаев екінші орынға тұрақтаса, 72,83 ұпай жинаған Ералхан Айкөз үздік үштікті түйіндеді.

Естеріңізде болса, кешегі «Мажар стилінде» де Ералхан үшінші орын болған еді. Үш, үш те болса, күш деген команда капитаны алдағы «Түрік стилінде» бұл көрсеткішін сақтап қала ала ма, бұл ойланатын жағдай. Себебі, түрік стилі мажар стилі мен Азия стиліне қарағанда күрделі.

«Азия стилі» бойынша үздік бестікті Моңғолияның қос спортшысы түйіндеп тұр. Ералхан Айкөзден 1,11 ұпаймен ұтылған Otgon-Ulzii Battulga төртінші орынға табан тіресе, 70,07 ұпай жинаған Ayagaa Baatarkhuu үздік бестікті түйіндеді.

Осылайша ересектер арасындағы тұңғыш азия чемпионатында «Азия стилі» бойынша жеңімпаздар анықталды. Ал дәл қазір атшабарда «түрік стилінің» жеңімпазын анықтау үшін тартысты бәсеке өтіп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік 15-18 сәуір күндері Шымкент қаласының ипподромында Жамбы атудан ересектер арасында алғашқы Азия чемпионаты өтіп жатыр.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.