Амали Рачке: Қазақ жылқысының жылдамдығы тәнті етті

1585

Шымкентте ересектер арасында алғаш рет өтіп жатқан Жамбы атудан Азия чемпионаты барысында халықаралық дәрежедегі төреші, Азия чемпионатының бас төрешісі Амали Рачкені әңгімеге тартқан едік.

Аттай қалап Оңтүстік Африкадан алдырған Амали еліміздің спортшыларын жоғары бағалап отыр.

— Бұл салада жүргеніңізге қанша уақыт болды?

— Жеті жылдан асты.

— Қазақстанға алғаш рет келіп отырсыз ба?

— Иә. Бірінші рет келуім. Жерлеріңіз өте тамаша екен!

— Кәсіби маман ретінде Қазақстан мергендерін қалай бағалайсыз?

— Қазақстанда ат үстінде садақ ату жақсы дамып келеді. Кенжелеп қолға алынған спорт болса да, қазақстандық мергендер аз уақыттың ішінде топ командалардың қатарына қосылып үлгерді. Оны бүгінгі өтіп жатқан чемпионаттан да анық байқауға болады.

— Чемпионат басталғалы бері саудиялық спортшылардың нәтижесі жақсы екенін байқап отырмыз. Бұл осы спортқа түбегейлі көңіл бөлудің нәтижесі ме әлде бір реттік сәттілік пе?

— Мұндай спортта бір реттік сәттілік деген бола қоюы сирек. Саудиялық команда жаттығуға көп уақыт жұмсайды. Жаттығуда қиналсаң, жарыста қиналмайсың деген осы. Сонымен қатар бұл команда ат үстінде садақ атудан мол тәжірибесі бар елдерден арнайы жаттықтырушылар шақырып, бұл спортқа шынайы көңіл бөліп отыр. Бұл еңбек жемісін де бере бастады. Мысалы осы чемпионатта Саудия командасы мен Қазақстан құрамасы топ екі команда болып отыр.

— Кеше ғана Азия жамбы ату федерациясы құрылды. Сіз федерацияның бас төрешісі болып сайландыңыз. Ұйымның болашақ дамуы үшін өз ұсыныстарыңыз бар ма?

— Әрине, төреші ретінде федерация жұмысының алға жылжуы үшін қолдан келген көмектің барлығын жасауға дайынбыз. Ал федерацияның болашағы туралы айтқанда, бірнеше аспект бар.

Бірінші, федерацияның төрешілер құрамын жасақтап, олардың біліктілігін арттыру мәселесі. Әділ, білікті, шынайы, кәсіби төрешілер ғана чемпионаттың сапалы өтуіне, спорттың дамуына мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, чемпионаттың абыройлы, ынтымақпен өтуі және сол спорттың өміршеңдігі тікелей төрешілерге байланысты. Сондықтан олардың түрлі халықаралық жарыстарда төрешілік жасау мүмкіндігін туғызу керек. Яғни, тәжірибе жинауына жағдай жасау маңызды.

Екінші, Ат үстінен садақ ату спортындағы стильдер бойынша жұмыс істеу. Мысалы, қазіргі өтіп жатқан чемпионатта спортшылар төрт стиль бойынша сынға түсіп жатыр. Атап айтар болсам, «Мажар стилі», «Азия стилі», «Түрік стилі» және Жамбы ату (Қазақ стилі). Осылар туралы ақпарат жинап, нәтижелер статистикасын жасау маңызды.

Үшінші, тіпті басты мәселе деуге болатын бір жағдай, Жамбы ату спортына қатысы бар адам, ол төреші болса да, спортшы болса да, ат пен садақ туралы толық мағлұматты болуы керек. Яғни, өзі не істеп жүргенін, қандай спорт түрімен айналысып жүргенін, тарихын, қазіргі дамуын толық білгені абзал.

— Бүгінге дейін Еуропада, Азияның өзге елдерінде де төреші болып жүрсіз. Қазақстандағы аттар мен Еуропадағы аттардың айрымашылығы бар ма? Жылдамдығы, жамбы ату спортына бейімділігі, т.б. дегендей.

— Иә, сұрағыңыз орынды. Бұған дейін Еуропада, Оңтүстік Африкада, Моңғолияда төреші болдым. Сонда бір байқағаным, еуропалық аттардың шабысы баяу. Оның өзіндік себебі бар. Еуропалық аттар тек қорада ғана өседі. Қорадан басқа көргені жоқ. Ал Қазақстан мен Моңғолияның жылқылары жылдам әрі қуаты мықты. Себебі олар дала көрген. Еркіндікті сезген жылқы. Сондықтан да өте жылдам. Тіпті көзді ашып-жұмғанша жарыс жолын жүріп өткенін байқамай қаласың. Әсіресе Қазақстанның жылқысы аса ұшқыр екен. Бұл спортшы үшін жақсы болғанымен, төреші үшін сәл қиындық тудырады. Мұқият қарауың керек. Еуропада жұз метр жерді шауып өтем дегенше, жарыс барысын асықпай бағамдап алуыңа болады. Қазақстанда олай емес. Бір қарасаң спортшы ауыздығымен алысқан атына мініп, жарыс жолына шығып келе жатады, енді көзіңді ашып-жұмғанда, ол фиништен өтіп бара жатқанын бірақ көресің. Әрине, бас төреші болғандықтан, жарыс өтіп жатқан аумақ толық көрінетін жерге орналасасың, бірақ Қазақстан жылқысының жылдамдығына көз ілестіріп үлгермей қаласың.

— Біздің жылқылардың жылдамдығын асыра бағалап жатқан жоқсыз ба? Десе де, жоғары бағаңыз үшін алғыс айтамын. Ал бүгінгі чемпионаттың ұйымдастырылуы жайлы не айтасыз?

— Дәл осы форматта ұйымдастырылған чемпионатты алғаш рет көрдім. Барлығы цифрлық жүйемен жұмыс істеп жатыр. Жалпы тұңғыш дүниеде азды-көпті кемшіліктер болады. Ол уайымдайтын дүние емес. Себебі уақыт өте келе барлығы қалыпқа түседі. «Көш жүре түзеледі» деуші ме едіңіздер, сол секілді, барлығы біртіндеп бола береді ғой. Бәріміз де сол үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Ал қазақстандық спортшылардың, жаттықтырушылар мен төрешілердің, тіпті жанкүйерлердің ауызбірлігі мен ынтымақтастығы тәнті етті. Бір-бірін жақсы түсінісіп, ынтымақта жұмыс істейді. Осы чемпионатта соны байқадым. Спорттың дамуы, спортшының жеңіске деген құлшынысы осыдан бастау алады ғой.

— Қазақстан спортшылары халықаралық, әлемдік жарыстарға жиі қатысып, халықаралық тәжірибе жинау үшін не істеулері керек?

— Бұрынғыдай емес, қазір халықаралық турнир көбейді. Азиялық сайыстардан бөлек, Еуропа, Әлем чемпионаттары жыл сайын емес, ай сайын өтетін деңгейге жетті. Мемлекет, осы саланы жауаптанған басшылықтар, ұйымдар сол турнирлерге споршыларды барынша көп қатыстыру жағын қарастырып, мүмкіндік жасап беруі керек деп ойлаймын. Бұл ең бастысы – спортшының тәжірибе жинауына жақсы. Мысалы Қазақстан спортшысы әлемнің басқа бір түкпірінде өтіп жатқан сайысқа үнемі өз атын алып бара бермейді ғой. Демек спортшы басқасын айтпағанда, Моңғолияның пәкене жылқысымен де, Еуропаның бойшаң аттарымен де шауып үйренуі керек. Бұл споршының халықаралық ретингіне, спортшы ретіндегі сапасына жақсы әсер етеді.

Жамбы ату спортының басты ерекшелігінің өзі осы – ат пен адамның үйлесімі, үндесуі. Бұл осы спорттағы жеңіске жетудің басты тетігі десек те болады.

— Бас төреші ретінде алғашқы Азия чемпионатында қай елдің құрама командасы жеңіске жетеді деп ойлайсыз? Болжам жасадыңыз ба?

— Қиын сұрақ. Әрине, осы салада жүргендіктен әрі бүкіл жарыс барысы көз алдымыздан өтіп жатқандықтан, іштей «мына команда мұндай, ана команда анандай деңгейде өнер көрсетіп жатыр» деп, саралап, сараптап отыратынымыз анық. Ішкі болжамыңды көп жағдайда сыртқа шығара бермейсің. Тура келсе ғана өз «көріпкелдігіңе» өзің сүйсінетінің белгілі. Десе де, бұл жолғы чемпионаттың топжарғаны болатын командалар Сауд Арабия құрамасы мен Қазақстан құрамасы екенін атап өтуге болады. Ал алғашқы үштікті түйіндейтін команда жайлы ойлану керек. Әзірге Моңғолия командасы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Дегенмен тосынсыйға да дайын болу керек. Себебі бұл – спорт. Бап шаба ма, бақ шаба ма деген бар ғой.

Кім жеңсе де, қай құрама үздік шықса да, ең бастысы – спортшылардың амандығы мен сайыстың әділ өтуі.

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай,

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.