Ел чемпионаты. Екінші күннің қорытындысы

1180

Қызылорда Көкпардан ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасы чемпионатының екінші күні алаңға 8 жұп шықты. Яғни алғашқы күні тақым түйістірген командалар топтық ойын бойынша өзара мықтыны анықтап жатыр.

Сонымен 22 сәуір күні ойын көрсеткен командаларға тоқталсақ:

1-ойын: Ұлытау облысы-ЦСК;

2-ойын: Қостанай облысы- Атырау облысы;

3-ойын: Астана қаласы-Қарағанды облысы;

4-ойын: Алматы облысы- Маңғыстау облысы;

5-ойын: Түркістан облысы-СҚО;

6-ойын: Ақмола облысы-Шымкент қаласы;

7-ойын: Абай облысы- Жамбыл облысы;

8-ойын: Жетісу облысы-Қызылорда облысы;

Алғашқы күннің қорытындысында команда құрамын толық бергенбіз. Енді салым салған ойыншыларды ғана назарларыңызға ұсынсақ дейміз. Команда құрамын толық көремін десеңіздер мына жерге бассаңыздар болады.

Сонымен бүгінгі ойында алғашқы болып алаңға шыққан Ұлытау облысы мен Орталық армия спорт клубының жігіттері болатын.

Ұлытау облысы-ЦСК (1:9)

Ұлытау облысының құрамасы бүгін де тым шіркін-ай дейтін өнер көрсете алмады. Кеше Қостанай жігіттерінен 11:0 болып ұтылған Арқа жігіттері бүгін армия азаматтарына 9:1 көрсеткішімен есе жіберді.

Салым салғандар:

Орталық армия спорт клубы: Елепай Наржан – 1, Сауқымбек Дарын – 1, Қалмахан Есдәулет – 1, Сайдулла Нұрғиса – 2, Құдайберген Еркебұлан – 2, Тобажан Жанарыс – 2.

Ұлытау облысы: Самат Асқар – 1.

Қостанай облысы-Атырау облысы (8:5)

Нағыз тартысты ойын осы екі құрама арасында өтті. Бұған дейін финалға шығып, алдыңғы орындардан түспейтін «Нарын» командасы мен енді ғана екпін алып келе жатқан Қостанай құрамасы екі таймда да жан алысып, жан берісті деуге болады.

Десе де, Қостанайдың құрыш білек жігіттері Атырау азаматтарынан айласын асырып кетті. Есеп – 8:5.

Салым салғандар:

Қостанай облысы: Абду Мейрамбек – 4, Сұлтанов Оралхан – 3, Қалтаев Наурызбай – 1.

Атырау облысы: Ұлықпанов Абылай – 4, Бақтыбаев Шыңғыс – 1.

Астана қаласы-Қарағанды облысы (6:0)

Алғашқы күнгі ойында Астана құрамасы да, Қарағанды құрамасы да өз топтарындағы қарсыластарынан жеңілген болатын. Бүгінгі ойында астаналық жігіттер аздап ширағанын байқадық. Ал Нұржан шайхиннің шәкірттері шапшаңдық таныта алмай тұр. Есеп – 6:0, Ерлан Қанапиннің жігіттері ерледі.

Салым салғандар: Шалғынбаев Рамазан – 2, Төтенов Елдар – 1, Сағымбеков Мадияр – 1, Әбішев Ақжол – 1, Тауасар Еркебұлан – 1.

Алматы облысы- Маңғыстау облысы (5:2)

Алматы облысы биыл «Адай атадан» айласын асырды. Каспий жағасынан келген кәнігі шабандоздар қапы қалды. Ойын екінші айналымда қызғанымен, Қонаевтың қырандары қолына тиген серкеден айырылмады. Есеп – 5:2. Кеше ғана Қарағанды облысын 6:2-мен ұтқан Маңғыстау бүгін Алматы облысының құрамасына жол беруге мәжбүр болды.

Салым салғандар:

Алматы облысы: Алипбаев Ынтымақ – 2, Тоқтарбаев Ержанат – 1, Байтуреев Улан – 1, Бостанбеков Алишер – 1.

Маңғыстау облысы: Қуанышұлы Жасұлан – 1, Болатов Айбек – 1.

Түркістан облысы-СҚО (13:2)

Әзірге осы чемпионаттың рекордын Түркістан облысы қойып тұр. Кеше Ақмола құрамасын 11:2-мен ұтқан «Тұранның» тарландары бүгін антирекорд жасап, СҚО саңлақтарын 13:2 есебімен тұралата ұтты. Бұған дейін финалда тек «Әулие атаға» ғана есе жіберіп келе жатқан Түркістан тарландары биылғы чемпионатқа тыңғылықты дайындалғаны байқалады.

Салым салғандар:

Түркістан облысы: Нышанбеков Абылайхан – 3, Мамыт Асылжан – 3, Сүйіндік Аңсар – 3, Мамыт Әділет – 1, Смаил Бекболат – 1, Қуаныш Бақытбек – 1, Сайдулла Әзірет – 1.

СҚО: Бейсенбаев Нұрлан – 1, Өркен Елдос – 1.

Ақмола облысы-Шымкент қаласы (0:10)

Кеше СҚО-ны 6:2-мен ұтқан Шымкент қаласының құрамасы бүгін Ақмоланың жігіттеріне бір салым салуға да мүмкіндік бермеді. Ойынның алғашқы минутында-ақ есеп ашқан Шымкент жігіттері ойын тізгінін бірден өз қолдарына алды. Ақмолалықтар кәнігі сарытақымдарға жолыққанын шын мойындап, абдырап қалды. Бұл сәтті тиімді пайдаланған Данияр Мыңбаевтың жігіттері есепті 10:0-ге бірақ тіреді.

Салым салғандар: Ерген Айдос – 2, Айтбаев Темірхан – 2, Оңғарбаев Асқар – 1, Омаров Нұрмахан – 1, Садуақас Нұршахар – 1, Жарылқап Елдар – 1, Аманжол Нұрдәулет – 1, Оразалы Данияр – 1.

Абай облысы- Жамбыл облысы (1:13)

Жидебайдың жігіттері «Әулие ата» құрамасының алдында топты көкжалға жолыққан тоқтыдай болды. Көкпардың көртақымына айналған көне Тараздың тарландары бүгінгі күннің рекордын қойды. Есеп – 13:1. Абай облысының азаматтары иақымдарының босап, қармаудың кетіп қалғанын мойындауға мәжбүр болды. Нұрдәулет Момыновтың шәкірттері биыл да чемпиондықты шетке жібермеуге тас-түйін дайындалған сыңайлы.

Салым салғандар:

Жамбыл облысы: Мәлімбай Ернат – 2, Тұрғанбек Құрманбек – 2, Шәкір Бекзат – 2, Рәт Бекзат – 1, Тоғайбаев Құлажан – 1, Құрманбай Есжан – 1, Жарылқасын Ернар – 1, Рәт Ислам – 1, Әзімбаев Ерсұлтан – 1, Жақсылық Ерғалым – 1.

Абай облысы: Диханбаев Ерасыл – 1.

Жетісу облысы-Қызылорда облысы (0:9)

Бүгінгі ойында алаң иелері мықтылықтарын танытып бақты. Кеше ғана Абай облысын 6:0 есебімен ұтқан Жетісу жігіттерін бүгін 9:0 етіп ұтып кетті. Сыр саңлақтары кеше өздері де «Әулие атаға» 5:2 болып есе жіберген Ақмешіт азаматтары бүгін қапы кетпеуге тырысты. Ойынның алғашқы минутында есеп ашып үлгерген Медетбек Балғынбек әзірге осы чемпионаттағы салым саны бойынша рекорд орнатты. Еншісінде бүгінгі ойыннан салған 5 салымы бар.

Салым салғандар: Медетбек Балғынбек – 5, Лесбек Нұргелді – 2, Жүнісов Алмат – 1, Асқаров Нұрлыбек – 1.

Осылайша Көкпардан ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасы чемпионатының екінші күні мәресіне жетті. Топтық кезең әлі аяқталған жоқ.

Argymaq.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.