Ержан ЖАУБАЙ. Өмірі ұйқысыз өтсе де, жылқысыз өтпеген халықпыз

6271

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «әлемнің жеті кереметі» деген секілді, қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ежелгі көшпенді халықтың бүгінгі ұрпағының жеті кереметін атап көрсетті. «Жеті қырдың» алғашқысы атқа міну мәдениетіне  арналуы заңды да. Себебі, өзін көшпенділердің тікелей ұрпағымыз дейтін қазақ баласы үшін атқа мініп, ысқырып жылқы айдап, көпіршітіп қымыз сапырып, қиялай кесіп қазы жеуден рақат дүние жоқ.  

Сонымен, жеті қырлы алмастың әуелгі қырына, гауһардай жарқырап күллі көшпенділер дәуіріне, адамзат дамуына сәуле түсіріп тұрған атқа міну мәдениетіне тоқталайық.

«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Осындайда әйгілі Асқар Сүлейменовтің «Өзгелер маймыл­дан жаралса жаралған шығар, қазақ жылқыдан жаралған» дейтін сөзі еске түседі. Иә, қазақтың арғы-бергі тарихын саралап қарасаңыз ұйқысыз өтсе де, жылқысыз өтпегенін көруге болады. Дала тарихын ат тұяғының ізімен жазған көшпенділердің соңында Ботай, Берел, Есік секілді тарихи қорғандар қалды. Бұлар жылқы тарихының, жылқыны қолға үйрету тарихының бастауы екенін қазіргі тарих өзі-ақ айқындап берді.

«Еліміздің солтүстік өңіріндегі энео­лит дәуіріне тиесілі Ботай қонысын­да жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қол­ға үйретілгенін дәлелдеді» деп Елба­сы да өз мақаласында бұл жайға тиянақ­ты тұжырым жасайды. Кешегі Геродоттың, Рубруктың, Страбонның, Марко Полоның жазбаларынан көшпенділердің ат жалындағы мәдениеті, ат жалындағы соғыс өнеріне жетіктігі, ат жалындағы рухани қазынасы қаншалықты тереңде, қаншалықты бай болғанын көреміз. «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһан­дық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз револю­ция­ға жол ашты», – дейді Елбасы мақа­ла­сында.

Иә, қазақ даласында қолға үйретілген жылқы жануары әлемдік өркениетті алға сүйрегені анық. Әсіресе, ауыздық пен үзеңгіні ойлап тапқан бабаларымыз әлемнің тізгіні мен тіреуішін қолына ұстады десек болады.

Бұл туралы тарихтың атасы атанған әйгілі Геродот: «Олар ат үстінде де, жаяу да соғыса береді, соғыстың екі тәсілін де жетік меңгерген: садақпен және найза­мен қаруланған, қарапайым қару мен айбалтаны да қолданады. Сондай-ақ олар аттарының алқымын сауытпен қаптайды, ал жүгендерін, ауыздықтарын және құйысқандарын алтынмен зерлей­ді» деп жазса, араб саяхатшысы Ибн-батута «…Дешті Қыпшақтарда төрт доңға­лақты үлкен арбалар болады. Оған екі немесе бірнеше ат жегіледі, кейде ат орнына арбаның жеңілдігі мен ауырлы­ғына қарай қара мал немесе түйе пайда­ла­нылады. Айдаушы салт атқа мініп, ұзын бишікпен немесе ұзын шыбырт­қы­мен бағыттап, оларды жолға түсіріп отырады. Арбаның үстіне бір-бірімен жіңішке қайыстармен байланыстырыл­ған әрқилы ағаштардан құрастырылған үйшіктер орнатылады. Үйшіктердің сырты киізбен немесе басқа да материал­мен қапталады. Бұл арбалардың алмалы-салмалы терезелері болады. Үйшіктің ішінде отырып, сыртта не болып жат­қан­дығының бәрін аңдауға болғаны­мен, оның ішінде отырғандар көзге түспейді» дейді.

Екеуі де тарихта болған, екеуі де ежелгі қазақты көзімен көрген тарихшы. Дәл осы тарихшылар келтірген мәлі­меттің жалғасындай, Нұрсұлтан Назарбаев та өз мақаласында:

«Жылқы­ның қолға үйретілуі атқа міну мәдение­ті­нің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көш­пен­ділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды» деп жазды.

Иә, сан ғасырдан бері тақымынан тұлпары, қарынан құрығы, қолынан найзасы түспеген қазақты 18 ғасырдың соңында орыстың Ақ патшасы түсіруге талпынды. Тіпті бүгінде аңызға айналған ІІ Екатерина айтты дейтін сөз көкейіміз­де сайрап тұр. «Қазақтарды атқа мінгіз­бең­дер. Олар атқа мінсе кімді болса да таптап кетуден тайынбайды» деген қатын патшаның қаймығуы орынды да еді.

Себебі «Ту ұстаған салт атты жауын­гер­дің бейнесі – батырлар заманының ең таны­мал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланыс­ты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мә­дени кодының» айрықша элементі» еді.

Ал әлем сахнасына атпен шыққан көшпенділер өркениетінен нәр алған бүгінгі еуропа адамбасты, жылқы денелі кентаврлардан бекер сескенбесе керек. Себебі де жоқ емес, бабаларымыз жыл­қы жануарының арқасында тізеліні бүк­тіріп, басы барды иілткен. Тіпті, адам­зат әлі күнге қуат күшін аттың күші­мен есептейтіні тегін емес. Дана халықтың барлық сөздік қоры, тіршілік-тынысы, тіпті әні мен күйі де жылқыдан бір елі ажыраған емес. «Дәйім менің мінгенім ал қарагер,

Ауыздығын шайнайды сол қарагер.

Оралыңның барында ойна да күл,

Жалмайды барлығын да сұм қара жер…» – деп қара өлеңнің қаймағына айналған жылқы малы, «ат баспаймын деген жерін үш басатынын» айғақтап мақал мен мәтелге де айналды. Бұл жылқының ұлттық руханиятқа, қазақы жадыға, халықтық санаға айналып кеткен бір көрінісі ғана.

Ендеше, Елбасы айтқандай, «біз әлемнің барлық түкпі­ріне ежелгі қазақ жерінен тараған осы­нау ұлы технологиялық революция­ның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз».

Елбасы тұжырымдап отырған атқа міну мәдениетінің тағы бір көрінісі – адамзат өркениетіне киім кию мен ық­шам­дылықты алып келді.

«Қазіргі киім үл­гісінің базалық компоненттері дала өр­кениетінің ерте кезеңінен тамыр тар­та­ды. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша, кәдімгі шалбардың алғаш­қы нұсқасы пайда болды» дейді Елба­сы.

Демек, ауыздықтап ат мінген баба­ларымыз адамзат тарихына өлшеусіз үлес қосып, өркениет көшін дамудың жа­ңа сатысына көтергенін байқау қиын емес. Атқа міну мәдениеті кешегі баба­лары­мыз үшін әлемді аузына қаратқан айтулы оқиға болса, бүгін сол бабалар­дың ұрпағы аттың оң-терісін ажырата алмайтын жағдайға жетті.

Жоғарыда атап өткеніміздей ІІ Екатеринаның айтқаны айдай келіп, қазақ баласы «аттан түсті». Анығы түсірді! 300 жылдық патшалық сүргіннен әупіріммен аман қалған ұлттық руха­ният­тың жұрнағы 70 жылдық кеңестік езгіде ессіздікке айналды. Қазіргі ұрпақ жылқы көрсе құлағын бір қағып тұра беретін есекпен шатыстыруға айналды.

Дәл осы тұста Елбасының кешегі «Бола­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласы бір дем беріп тас­таған еді. Ал бүгінгі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тақым қысар, айыл тартар сәттің келгенін көрсетті. Енді қазақ халқы үшін арғымаққа ал­тын­­ды ер салып, төс айылды бос тар­тып, шап айылды берік тартып, екі тізгін, бір шылбырды қолға алып, атқа қонар сәт келді.

Erzhan ZhaubaiЕржан ЖАУБАЙ, Argymaq.kz ұлттық-танымдық порталының бас редакторы
aikyn.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.