Жылқы тісінен жасалған ер (ФОТО)
Бұл ер қазір Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласындағы Шыңғыс хан атындағы ұлттық музейде тұр.
Шыңғыс хан мұражайының басты экспонаттарының бірі, тарихи құндылығы мен қолөнер шеберлігінің бірегей ескерткіші, қазіргі таңда әлемде жалғыз ер-тұрман толықтай жылқы тісінен жасалған.
Ердің негізгі пішіні Моңғолиядан табылған археологиялық қалдықтарға, Рашид ад-Диннің «Қасиетті жазбаларына» және Юань дәуіріндегі кейбір жазба деректерге сәйкес келеді.
Ердің алдыңғы қасы мен қапталының сырты балауызға ұқсас алты қырлы өрнекті сүйек әшекеймен қапталған. Бұл сүйектің химиялық құрамы мен сынама талдауы – таза жылқы тістері екенін анықтады.
Тіс – кез келген жануардың ең күшті және ең қатты сүйегі. Осыдан 8 ғасыр бұрынғы ұсталардың шеберлігі мен дарынының қаншалықды мықты екенін осы ерден-ақ байқауға болады. Шеберлер жылқы тістерінің тіс тәжі аталатын өте қатты сүйегін сындырмай 1-2 мм жіңішке етіп кесуінің өзі аса жоғары технологиясы дамыған бүгінгі заманда да мүмкін болмасы анық.
13 ғасырдағы ұсталардың өнерін бүгінге жеткізген бұл құнды жәдігерді 2020 жылы АҚШ-тағы бәссаудада моңғолиялық бизнесмен жастар аса қымбатқа сатып алып, Шыңғыс хан мұражайына өткізеді.
Ер негізінен қазіргі моңғол еріне ұқсайды. Бірақ нақты қай ұлтқа тиесілі екенін анық жазылмаған. Шыңғыс хан музейінде тұрғандықтан моңғолдар бұл ерді моңғол ері деп танып отыр. Қай ұлтқа тиесілі болса да, ердің асқан шеберлікпен жасалғаны көрген жанды тәнті ететіні кәміл.
Argymaq.kz
ФОТО: chinggismuseum.com