Бауыржан Мырзабаев: Қазақстанда Еуропада жоқ бір артықшылық бар

3533

Әлеуметтік желіге Бауыржан Мырзабаев деп терсеңіз, «Еуропадағы үздік жокей», «Чехияның үздік жокейі – қазақ», «Германияда рекорд жаңартқан қазақ шабандозы» деген тақырыптарды көзіңіз шалады.

Қазақстандағы көпшілікке есімі енді белгілі бола бастаған Бауыржан шынымен Еуропада үздік шабандоз ретінде сұранысқа ие спортшы. Ол – Чехияның үш дүркін чемпионы, Германияның төрт дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ жокейшілердің Еуропа чемпионатында Қазақстан атынан қатысып, екі рет жеңімпаз атанған. Ат спорты футболмен пара-пар саналатын Еуропадағы ірі жарыстарда топ жарып, қазір Франция чемпионатында атой салуды көздеп жүрген Бауыржанға хабарласып, әңгімелескен едік.

– Жастайынан атқа шапқан сіздің бір орында тұрып қалмай, шетел асып, жокей мектебінде білімін жетілдіріп, шеберлігін шыңдауға талпынғанын оқып қайран болдық. «Шабандоз жай хобби емес, бұл – кәдімгідей беделді мансап түрі» деп сізді біреу бала кезден жетеледі ме? Әлде расымен бұл спортқа ерте жастан ден қойдыңыз ба?

– Мен Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Шұбар ауылында дүниеге келдім. Ауылда тұратындар көбіне мал асырап, шаруашылық ұстайды ғой. Қала берді, бәйгеге қызығады. Ат баптайды. Сол секілді менің әкем де ат баптап, бәйгеге қызықты. Сөйтіп, жеті жасымнан бастап атқа шаптым. Бәйгеден оза шауып, жүлделі орындар алып жүрген соң, әкем мені Ұлыбританияға жокейдің мектебіне жіберуді үнемі айтатын. Алайда сол кезде бұл маған орындалмас арман секілді көрінетін. Дегенмен түптің түбінде болашағымды осы спортпен байланыстырғым келетін.

Бізде бәйгеге балалар ғана шабады ғой. Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын олардың бірте-бірте оқу үлгерімі нашарлайды. Әдепкіде оқуға ынтасы болған бала бәйгеден 500 мың теңге ұтып алған соң, «Осы жастан бастап өз күнімді өзім көре алады екенмін-ау» деп бәйгеге қатысуды ғана ойлайды. Дегенмен 13-14 жасқа толғанда салмағы артады да, оны ешкім бәйгеде шабандоз еткісі келмейді. Ал оған дейін сабаққа көңіл бөлмеген ол оқу бағдарламасын жалғастырып әкете алмайды. Бір жағынан обал-ақ. Үлкендер оларды атқа шабуға қызықтырып алады да, кейін керек қылмайды. Содан соң олардың болашағы бұлдыр, келешегі күңгірт болып, бір орында тұралап қалады. Мен де сол жолмен келе жатқан едім. Десе де, шетелдегі бәйгені көріп, сыртқа шығып жүргендер шабандоздардың болашағы тіпті де бұлдыр емес екенін айтумен болды.

Маған екінші әкемдей болған, Алматы ипподромының бұрынғы директоры Нұрлан Тілеулесов таныстары арқылы ат спортының отаны саналатын Ұлыбританияға немесе Италияға оқуға жіберу туралы ұсыныс айтты. Ақырында ол жақпен келісе алмай, 2009 жылы Чехиядағы жокей мектебіне оқуға түстім. Жалпы, ат спорты дамыған елдерде жокей мектебінде оқуға қызығатындардың қарасы көп. Мысалы, Жапонияда жокей мектебіне жылына 600-700 бала жазылады, бірақ оның алтауы ғана оқуға қабылданады. Мен Чехиядағы мектепте үш жыл оқып, дипломмен пара-пар кәсіби жокей лицензиясын алдым. Сөйтіп, Еуропада өтетін жарыстарға қатыса бастадым.

– Бір сұхбатыңызда мектептегі бапкеріңіз бәйгеге қатыстырғысы келмей, қасына көмекшісі етіп алғысы келгенін айтқан едіңіз. Ол ортадан сытылып шығып, ауызымен құс тістеген еуропалық шабандоздардың қатарына қосылу расымен қиын болды ма сонда?

– Еуропада туып-өскендерге ондағы жокей мектебіне түсу оңайырақ болды. Олар мен секілді алыстан ат арытып, қиналып келген жоқ. Сондықтан мен олардан кем емес екенімді дәлелдегім келіп, оқуға ерекше ден қойдым. Дейтұрғанмен, ондағы бапкер мені жоғарылатқысы келмей, бәйгеге араластырғысы келмеді. Егер жокей болып кетсем, жеті сайын жарысқа кетіп қаламын. Мектептегі жұмыстарға ат салыса алмай қаламын. Сондықтан мені тежеп, қасында қалдырғысы келді. Алайда университет бітірген маман қалай жұмысқа орналасуды қаласа, мен де жокей лицензиясын алған соң кәсіби шабандоз атанып, жұмыс істеуді көздедім.

Десе де, мұнда айта кететін бір жайт бар. Ат иелері бәленбай миллион, тіпті 100 мың долларға сатып алған атына онша ешкім танымайтын, тәжірибесі аз жас шабандозды отырғызбайды. Сонша іздеп, әрі қомақты ақшаға сатып алған соң, олар тіс қаққан, тәжірибелі шабандозды қатыстырғысы келеді. Сондықтан бастапқыда жокей мансабын бастау қиынға түсті. Сені онда ешкім танымайды. Еуропалық емессің. Сырттан келген қазақсың. Тіпті, қазақ деген ұлт бар екенін білмейтіндер баршылық. Білген күнде де көзқарасы басқаша. Оған қоса, сізде тәжірибе жоқ. Бұрын-соңды еуропалық жарыстарға қатыспағансыз. Сөйтіп, бірте-бірте өзімнің кім екенімді дәлелдеуге барымды салдым.

– Көп ұзамай Чехияның үш дүркін чемпионы атанып, ат иелері мен бапкерлер таласатын шабандозға айналдыңыз.

– Ат спортында дзюдо, күрестегідей бір күнде чемпион атанбайсың. Бүгін үш жарыста ешкімге дес бермей келсең, ертең бір сайыста ғана мәре сызығын бірінші болып кесуің мүмкін. Ал одан кейін ұтылып қалуың мүмкін.

Жыл бойы өткен жарыстарда кім көп ұтты, сол шабандоз чемпион деген атқа лайық деп танылады. 2013, 2014, 2015 жылдары Чехия чемпионы атандым. Негізі, төрт мәрте жеңімпаз атанар едім, бірақ ол чемпионатта екінші ұпайым жетпей қалды.

Одан бөлек, жокейлердің Еуропа чемпионатында бақ сынадым. Жылына бір рет өткізілетін бұл бәсекеде бір күн ішінде жеті-сегіз сайысқа қатысып, Еуропа чемпионы атағына таласасың. Қазақстан атынан қатысуға рұқсат алған мен 2016 және 2018 жылдары сол сайыста чемпион атандым. Сол кезде жеңіс тұғырында тұрғанда біздің ескі әнұран шырқалып, бір қызық болған (күлді).

Бұл жарыстардан бөлек, дербиде топ жардым. Дерби – жылдың үздік бәйгесі. Чехия, Германия, Франция дербиі деп аталатын жарыстар – ат спортында ең беделді жарыстар. Оны ұту – әр жокейдің арманы. Жалпы, жокейдің мансабындағы ең үлкен екі атақ – чемпионат және дерби жеңімпазы. Бағым жанып, ол дербилерде де бірінші келіп жүрдім.

– Содан соң Германияға қоныс аударып, онда төрт жыл қатарынан чемпиондық атағыңызды абыроймен қорғап, танымалдығыңыз арта түсті. Жергілікті басылымдар сіз туралы жарыса жазғанын газет қиындыларынан байқадық.

– Чехиядағы ат спорты Еуропаның басқа елдеріне қарағанда кенжелеп қалған. Ондағы ат жарыстары жарты-ақ жыл әрі сенбі, жексенбі күндері ғана өткізіледі. Жүлде қоры аз. Бірақ бастапқыда жеңімпазға берілетін сыйақы маған қыруар ақша болып көрінетін. Чехияда жүргенде ірі жарыстардың көбін ұтып алғандықтан, одан да биік межені еңсергім келді. Сосын жасырып не керек, жақсы ақша тапқым келді. Сөйтіп, 2017 жылы Германияға қоныс аудардым.

Бірінші жылы 46 жарыс ұтып, чемпионатта он үшінші орынға табан тіредім. Келесі жылы он алтыншы орынға тұрақтадым. 2019 жылы бағым мен бабым келісіп, чемпион атандым. Содан соң төрт жыл қатарынан чемпион атанып, жыл соңында төрт рет жеңіс тұғырына көтерілдім. Былтыр Гамбургте өткен дербиде бірінші орынды иелендім.

– Бір жылда жүзге жуық жарыста мәре сызығын бірінші болып кесіп, рекорд орнатқаныңыз көп жерде жазылды. Сонда Германия чемпионатында сізге дейін ешкім мұндай көрсеткіш көрсетпеген бе?

– Жаңылыспасам, 2007 жылы Германияда бір жокей бір жыл ішінде жүзден астам сайыста жеңіске жеткен. Араға он бес жыл салып, бұл рекордтың мұртын мен бұздым. Бір жылы 111, одан соң 115 жарыста топ жардым. Екі рет жүзден асырғаным есімде. Одан соң бұл көрсеткішке ешкім жете алмады.

Жалпы, Чехияда қанша жерден танымал әрі үш жыл қатарынан чемпион болсам да, Германияға келген кезде бәрін басынан бастадым. «Адам ортаға мінезімен сияды» демекші, шашасына шаң жұқпайтын шабандоз болсаң да, көпшілікті көркем мінезіңмен баурап аласың. Әрі сенімге кіру де оңай емес. Кейбір кезде құны қымбат, жүйрік атқа шапқаныңды бапкер қалағанымен, ат иесі қаламауы мүмкін.

– Футболшылар секілді сіздерде де жеке агент болатыны рас па?

– Иә. Менің жоспарымды құратын агентім бар. Күнде жарысқа қатысамын. Жолда боламын. Жоспар құруға шамаң болмайды. Қай жерде қандай жарыс өтеді, қандай қашықтыққа шабуға тиіс, қандай аттар қатысады, олардың жасы қанша, ең көп шапқаны қайсысы? Ондағы деректерде тіпті аттың енесі туралы деректер бар. Агентім осының бәрін жіті зерттеп, маған ең жүйрігін табуға тырысады. Сосын бапкерге хабарласып, «Сіздер бәйгеге қосқан атқа Бауыржан шапса бола ма?» деп ұсыныс айтады. Олар ол уақытқа дейін басқа шабандозбен келісіп қойса, екіншісіне хабарласып, ақырында лайығын табады. Осылайша, менің әр жарысқа қамсыз қатысуыма жағдай жасайды.

– Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан былтыр Жапонияда өткен жарыстарға қатысқаныңызды байқадым. Ол елге қалай шақыртылдыңыз?

– Германия чемпионатын ұтып алған шабандозға Жапонияға үш айға баруға жағдай жасалады. Былтыр Күншығыс еліне барып, онда да жоғары нәтижелерге қол жеткіздім. Үш айда 21 бәйге ұттым. Жоғарыда айтып өткенімдей, Жапонияда ат спорты қарқынды дамыған. Тоқсан мыңға жуық халық ипподромнан тамашалайды. Ондағы ең аз жүлде қоры – 100 мың еуро. Тек жарыстар Франциядағыдай күнде емес, сенбі, жексенбі күндері өткізіледі.

– Сізді Германияда тұратын болар деп ойласам, қазір Францияға қоныс аударыпсыз. Францияның чемпионатын бағындыруды көздеп жүр екенсіз. Мұнда да бұрынғыдан биік межені еңсеру үшін көштіңіз бе? Франция чемпионатының Германиянікінен айырмашылығы неде?

– Жапонияға келмес бұрын ат спортында жоғары беделі бар, 77 жастағы француз бапкер сонда өнер көрсету туралы ұсыныс айтқан еді. Одан бөлек, Франция жерінде өтетін жарыстарға тігілетін жүлде қоры да қомақты. Онда бір жылға 280 млн еуро тігілсе, ал Германиядағы жылдық жүлде қоры – 14 млн еуро. Арасы жер мен көктей. Оның үстіне, Германияда бәйге тек сенбі, жексенбі күндері ғана ұйымдастырылады. Ал Францияда күн сайын өткізіледі. Тіпті кей күндері бір күнде бірнеше жерде жарыс өтеді. Ал мұндай қайнаған ортада бәсеке көркі қыза түсіп, азарт пен атмосфера айрықша екені айдан анық. Оған қоса, ат спортындағылар Франциядағы ең үздік бапкер деп мойындайтын білікті маман ұсыныс айтқан соң, ойланбастан осында қоныс аударуды ұйғардым.

– Ат спорты – ең қымбат, бай-қуаттылар ақшасын аямай салатын спорт түрлерінің бірі. Жүлде қорының үлкен бөлігін мәреге бірінші болып жеткен аттың иесі алатыны түсінікті. Ал шабандоздарға жалпы жүлде қорының қанша пайызы төленеді?

– 5-7 пайызын аламын. Жалпы, бұл спортта тігілетін сыйақы мөлшері әртүрлі. Бірінде бес мың еуро болса, ал енді бірінде бес млн еуро көлемінде сыйақы беріледі. Сондықтан осындай қомақты жүлде қоры бар жарысты ұтқаның тиімдірек. Алайда мен байқағаныңыздай, көп жарысқа қатысуға тырысамын.

– Сіздің кәсіби бишілерден бетер қатаң диета ұстанатыныңызды оқып, таңғалдым.

– Иә. Мен ең төмен елу бес келі салмақта қатысамын. Салмағыңыз неғұрлым жеңіл болса, соғұрлым көп жарысқа қатыса аласыз. Шабандоздың салмағы үлкен рөл ойнайды. Сондықтан дене қалыбымды ұстап тұру үшін спорттың түр-түрімен айналысамын. Көп жүгіремін. Салмақ қуалаймын. Аз тамақ жеймін. Үш мезгіл тамақ ішу деген жоқ. Көбіне калорийі аз тағамдар мен салаттар жеймін. Демалыс күндері бір жаққа барып, тынығуға уақыт тапсам да, салмағымды қатаң бақылауда ұстауға мәжбүрмін. Өйткені бір демалғанда үш-төрт келі қосып аламын да, апта басында басталатын жарысқа қатысу үшін салмақ қуалап, әлекке түсемін. Сіз ойлағандай емес, жокейлер қатаң режим ұстанады.

Қазір Францияда күн сайын жарысқа қатысып жүргендіктен, тәулік бойы тек жарысты ойлаймын. Үйге түннің бір уағында келсем де, келесі өтетін жарыс ойымнан кетпейді. Қазір сізге сұхбат берген соң, ертеңгі жарысқа дайындаламын. Үйде отырмаймын. Елге сирек барамын. Жеке өмірге де уақыт бөле алмай жүрмін.

– Сізбен таныспайынша шабандоздың жұмысы осыншалық қиын, күнделікті режимі қатаң деп ойламаппын. Мұндай тұрмыс салтына шыдас бермей, шаршаған кезде немесе ұтылып қалған кезде қолды бір сілтеп, бәрін тастап, кетіп қалғыңыз келетін сәттер болған шығар.

– Әлбетте, болды. Мұнда салмақ қуалау, қатаң режимнен бұрын сырттан келіп түсетін сын-мінге шыдас беруің қажет. Жапонияда тоқсан мың көрермен бақылайды дедім ғой. Сол секілді Францияда да ипподромға келетіндер көп. Қала берді, үйде теледидар алдында телміріп отырып көретіндер жетерлік. Ат спортына қызығатындар арнайы мобильді қосымша арқылы ақша тігіп, тақымын қысып, жарыстың басталуын тағатсыздана күтіп отырады.

Сіз маған бір сайыста жүз еуро тіктіңіз делік. Бірақ мен сол күні ұтылып қалдым. Сіздің көңіліңіз түсетіні анық қой. Мұндайда еуропалықтар «Дұрыс шаппады. Бүйту керек еді. Сөйту керек еді» деп пікірін қарша боратады. Кейбірі әлеуметтік желіге пікір қалдырады. Ал журналистер газет-журналдарға бұл туралы сыни мақала жазады. Мұнда тек ат спортына арналған телеарналар бар ғой. Олар да үндемей қалмайды. Мың жерден чемпион болсаң да, бәрібір сен бөтенсің. Сен – қазақсың. Кішкене бір қателігің үлкен болып көрінеді. Бейнелеп айтсам, мұндайда жіберген бір қателігің бес жеңісіңнен жоғары болады. Алайда, мен сынды дұрыс қабылдаймын. Морт сынып қалмаймын. Тіпті, мен туралы не жазылғанын оқымаймын.

Жалпы, айналаңның астан-кестеңі шығып жатса да, бала кезден бері арманыңның орындалуына аз қадам қалғанда бәрін тастап кетуге дәтім шыдамайды. Екіншіден, басқа салаға бет бұрсам, жалақым бұдан төмен болатыны белгілі. Мұнда қомақты қаржы тауып жүргендіктен, аз ақшаға жұмыс істегің келмейді. Үшіншіден, бәйгеге шапқанның адреналині бөлек. Сексен мың адам тесіле қарап тұрған кезде мәре сызығын бірінші болып кесіп, сосын қайта айналып, көпшіліктің алдымен жүріп өткенде орнайтын атмосфераны, сол кездегі эмоциямды ешқандай сын есім сипаттай алмайды.

– Бір қызығы, сізді Қазақстаннан гөрі Франция, Германия, Жапония елдерінде көп таниды. Еуропада атой салып жүргеніңізге он төрт жыл болса да, біздің журналистер сіз туралы бертін келе ғана жаза бастады.

– Мен бұл спортпен айналысқалы бері дүние жүзін шарлап шықтым. Білесіз бе, бұл ең әділ спорт түрі болғандықтан әлі күнге дейін маңызын жоғалтпай келеді. Футболшыларды ақшаға сатып алуға болады. Казинода ұтылуға әкеліп тірейтіндей қитұрқы әрекеттер жасауға болады. Ал ат жарысына ақша тіккен кезде сіз атқа «Бүгін ақырын шап. Ертең қарқыныңды үдет» деп айта алмайсыз ғой. Таза, әділ спорт. Спортқұмар байлар да сол үшін көп ақша тігеді. Айналымнан қайтқан ақшаға қайтадан бәйге ұйымдастырады. Сөйтіп, жүлде қоры өз-өзін «ақтап» алады. Ал Қазақстандағы көпшіліктің мені неліктен танымайтынын сөз етсем, Еуропада жалғыз қазақ шабандоз болғандықтан аса мән бермейтін болар. Жалпы, біздің елде, әсіресе, қала тұрғындары бәйгеге қатысқан шабандозды алқапта мал бағып жүретін малшыға теңейді ғой. Шаңы аспанға көтеріліп, ойдым-ойдым болған жерлердегі бәйгені көрген олар мұны спорт деп қабылдамайды. Бірақ Қазақстаннан шетелге барып, ат сатып алып жүргендер, жалпы ат спортының төңірегінде жүргендер шабандоздың мансабы футболшыдан кем емес екенін, Еуропада бұл спорт футболмен бірдей екенін жақсы біледі. Қазақстанда әншілер қалай танымал болса, мұнда жокейлер дәл сондай деңгейде құрметтеледі. Есімі белгілі жокейлерді бағдарламаға шақырады. Түрлі іс-шараға қатыстырады. Жапонияда жүргенде қолтаңба беруді үйрендім (күлді). Одан бөлек, көп хат жазады. Үйдегі пошта жәшігіне суреттер салып кетеді. Қайыра айтқанда, бізді ерекше құрметтейді.

– Бір әңгімеңізде Қазақстандағы ат спортының ахуалына налып, мұны Еуропадан кем емес қылудың жолдары бар екенін айтқан едіңіз. Бұл спорттың Еуропадағыдай беделін асқақтату үшін бізге не істемек керек?

– Осы ретте айта кететін жайт, үлкендер «Біз жылқыны жақсы білеміз», «Жылқыны бізден жақын тартатын ұлт жоқ» деп айтады ғой. Еуропада жүргенде бұлай ойлау қате екенін түсінесің. Бәлкім, бірнеше ғасыр бұрын жылқыны бізден артық баптайтын адам болмаған шығар. Дегенмен қазір бізде жылқы баптау ісіне немқұрайлы қарайтыны рас. Мұндағы ат баптау дәстүрі мүлде басқаша.

Күллі әлем ағылшын тұқымдас жылқыны ғана жарысқа қатыстырады. Одан жүйрік жылқы жоқ. Қазақ, араб аттары ағылшын тұқымдастарды басып оза алмайды. Ат спорты Англия, Франция, Жапония экономикасына пайда әкеледі. Ол елдің байлары артық ақшасын банкте сақтағаннан гөрі ат сатып алғанды құп санайды. Мысалы, бір атқа бір ветеринар, бір жокей, бір бапкер керек. Одан бөлек, оны баптап ұстайтын атбегі қажет. Тағашысы тағы бар. Бұл тізімге жем-шөп дайындайтын маманды қосыңыз. Ат иесі осы мамандардың түгеліне жалақы төлейді. Есесіне ол бұл ақшаны кейін еселеп қайтарып алады. Бізде Қазақстанда дәл осындай дәстүр қалыптасса, көп адамға жұмыс табылар еді ғой. Мың атты баптауға кемі бес мың адам жұмысқа тартылады. Тағы бір айтқым келетіні, біздегі бәйге өтетін алаңқайлардың жағдайы мәз емес. Тесік-шұқыры көп алаңға екі жағына жалаушалар қойып, жарыстырады. Жазық емес жерде шапқан атқа қарап аяп кетесің.

Екі дзюдошыны татамиге емес, асфальтқа шығарып, күрестірсеңіз, біреуінің басы жарылады ғой. Еуропада газонның үстінде шабады. Алаңға, аттың жағдайына қатты көңіл бөлінеді.

Жоғарыда айтып өткенімдей, қалалықтар айдалада, отыз градус ыстықта, шаң-тозаңның ішінде отырып, бәйге қарауға құлқы жоқ. Кеше елде бір жерде өтіп жатқан бәйгені көзім шалып қалды. Алда келе жатқан атты ғана көресің, ал артындағылар шаң-тозаңнан көрінбейді. Ал сіз Еуропадағы ат жарыстары қалай өтетінін қарап көріңізші. Шабандоз түгілі, трибунадағы көрермендердің өзі костюм-шалбар киіп келеді. Арнайы циллиндрмен кіреді.

Аламан бәйге ұйымдастыру – ежелден келе жатқан дәстүріміз. Дұрыс, жасалсын. Дегенмен мынадай дамыған заманда бәйгені ұйымдастыру мәдениетін қалыптастырған абзал.

Қазақстандағы бәйгелерде оза шапқан жылқылардың барлығы – Еуропадан әкелінгендер. Кейбір атбегілердің «Осында туған. Өзіміз баптадық» деп айтқанын естимін. Алайда ол жылқылар осында туғанымен, енесі Еуропадан әкелінеді.

Шынымен ел аузында жүргендей жылқыға жақын халық екеніміз рас болса, бұл іске немқұрайлы қарамауымыз керек. Бәйгеге қатысып, жүлдеден жүлде қалдырмай жүрген жастардың кәсіби маман болуына көп мүмкіндік беруіміз қажет. Елімізде Еуропа чемпионаттарына ат қосып, бұдан пайда тауып жүрген қалталылар баршылық. Олар 500 мың, 1 млн долларға сатып алған аттарын Қазақстандағы бәйгелерге қосқаннан түк пайда таппайды. Бес жүз мың теңге үшін таласа ма? Әлде жырым-жырым жыртығы көп алаңда аяғын сындырып алсын дейсіз бе? Ал сол ағаларымыз елдегі ат спортының жағдайы басқа болса, аттарын сонау Еуропаға тасығанша, өз елімізде баптап, қаншама адамға жұмыс беретін еді ғой.

– Мансабыңыз аяқталған соң, қандай іспен шұғылданатыныңыз туралы ойландыңыз ба?

– Әлбетте. Спорт, мансап пен ақша өміріңдегі барлық пазлды жаппайды ғой. Үйдің үлкені болғандықтан, жауапкершілік көп. Жарыстан жарысқа жүгіре бермей, арқамды кеңге салып демалғым келеді. Қаным қазақ болған соң, ыстық бауырсақ пен қазы-қарта жегім келеді (күлді). Қазақстанға пайдамыз тиіп, көмектесуге бару керек болып жатса барамыз.

– Шынымен «Бауыржан, міне, ат спортын дамыту ендігәрі сенің мойныңда. Бұл тізгінді саған бердік. Не істеймін десең де, өз еркің» деп елге жұмысқа шақырса, Еуропада жиған атақ пен жайлылықты тастап келер ме едіңіз?

– Әрине, ат спортын шынымен жоғары деңгейге көтеретіндей жағдай жасалса, ойланбастан барар едім. Қазір дәрежем жоғарылап, жеңісім көбейген сайын, өз мүмкіндіктерімнің мол екенін жете түсінемін. «Көмегің қажет» десе, аянып қалмайсың ғой. Ал егер көмегімді керек қылмаса, осында да қызығушылық танытып, маман ретінде алып қалғысы келіп жүргендер жетерлік. Бізге, шабандоздарға бапкер, менеджер, ұйымдастырушы, аукцион бақылаушы және тағы басқа түрлі маман иесі болып жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Оған қоса, орыс, қазақ, неміс, француз тілдерін меңгерген соң, тіл білген адамдарды бірден «ұстап» қалуға тырысады. Алайда Қазақстанда Еуропада жоқ бір нәрсе бар. Ол – мүмкіндік. Еуропада өз ісіңнің шебері болсаң да, мұнда тура сен секілді білікті мың маман бар. Бәсеке қызып тұр. Көп ештеңе істей алмайсың. Ал мына жақта жиған-тергеніңмен Қазақстанға барып жұмыс істесең, бәрінен бір бас жоғары тұрасың ғой. Сондықтан Қазақстанда ат спортын ілгерілеткің келсе, қыруар шаруа ақтарып, пайдалы істер жасауға мүмкіндік жетіп артылады. Ал Еуропада мұның бәрі әлдеқашан істелініп қойған.

– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!

Бауыржанның 5 жыл бұрынғы сұқбатын мына жерден оқыңыз.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

turkystan.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.