Ұлықбек Есдәулет. Ақтаңгер

1733

Бүгін ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығыныңиегері Ұлықбек Есдәулеттің дүниеге келген күні.
Ерекше дарын, шұрайлы тіл иесі бүгін 70 жасқа толды. Біз ақынды мерейтойымен құттықтай отырып, жылқы жайлы жазылған бірнеше өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

Жылқы жылы

Қыл арқаннан қылқынып,
Бiздiң Қазақ сiлкiнiп,
жылқы жылы шығады
жылқыдайын жұлқынып!..
Ат үстiнде ояу-ды,
аттан түстi – қалғыды…
Жан-жүрегi қаяулы,
запырандай зар-мұңы…

Ат үстiнде басқан ол
бар әлемдi тақымға!
Қасым салған қасқа жол
айналды ма тақырға?

Аттан түстi – айырылды…
ат басындай айбаттан,
Қанатынан қайырылды,
айырылды қайраттан;

Аяқ-қолы маталды,
бұғау түстi мойынға,
әзәзiлден от алды,
жылан кiрдi қойынға…

Жаяу қалып жасыды,
еңбектеуге көнбедi,
алшы түспей асығы
тiзерлеуi жөн бе едi?

Ескiрмейтiн дәстүр ол –
Еркiндiгi құс кеуде,
Есiм салған ескi жол
еске қайта түскенде, –

дүниенi шайқаған
көрсетсiн бiр ғажапты,
атқа мiнгiз қайтадан
жаяу қалған қазақты!

Түпкi атасы түрiкше
тұтанып бiр ұмтылсын,
ат пен қазақ бiрiксе
бөгет болып кiм тұрсын?!

Кентавр Хирон

Түсіме енеді
Жылқының кісінегені…
Кеңдікке құштар сәйгүлік жанымды менің
жылқы мінезді адамдар түсінер еді.

Арғымақ қайда?
Мінер ем қарғып-ақ тойда!
Сыртымнан біреу мырс етіп сөйлесін мейлі:
«Атқа мінбей-ақ ақындар жанды бақпай ма?»

Мазақтаса да
жанымды азаптаса да
Жылқы дегенде шыдаман!
Бәйге деп өлген
шабандоз көрсең егер де – қазаққа сана!

Түсіме енеді
Жылқының кісінегені…
Цирктің атын көргенде жүрегім жылап,
Абайша айтсам «сыртым сау, ішім өледі».

Қала тарылды!..
Аңсаймын Қараталымды,
қамшының табы, жылқының тер иісі сіңген
(балконда отырып) иіскеймін алақанымды.

Тарылды дала!..
Мүжиді жанымды жара,
ипподромда ит болған жүйрікке қарап,
кеңдікті іздеп соғамын санымды ғана.

Торыған аңша
Түскендер соңыма қанша,
Шабандоз қазақ деп білсін
ғасырда алғы
Кентавр Хирон көлденең жолыға қалса!.

Құлын

Құрау, құрау, құлыным,
Құрығыма түсе ғой.
Тазасын жеп сұлының,
Мөлдір судан іше ғой.

Сен боларсың қазанат,
Мен болармын азамат.
Құрау, құрау, құлыным,
Желбіресін тұлымың.

Құлын
(Михаил Дудиннен аударма)

Жүрегімнің
Ауылда кілті қалды,
Қандырушы ем ойнақ сап кіл құмарды.
Бәрінен де өстім мен бұл өмірде,
Жақсы көріп жанымдай жылқыларды.

Сұм дүние сұсымен сескендірген,
Шықсын қалай бала кез естен бірден?
Етегіне шешемнің жабыспай-ақ,
Жетім болып тұлдырсыз өскенмін мен.

Бар дүние
Қаңтарда нұрын бұрған,
Атын маған ажалдың ұғындырған.
Жылқы мінез жайдары жайсаң жандар,
Құшағына ап жауратпай жылындырған.

Өлгенімше оларға қарыздармын,
Саясында солардың қауыз жардым.
Буын бекіп,
Қабырғам қатқан шақта,
Аттанам деп әскерге арыздандым.

Жаралғандай жылқымен бейне бірге,
Атты әскер боп қарадым енді өмірге.
Бөлімдегі салт атты байланысшы,
Арғымақпен танысқан жөргегінде.

Жылқы – от қой!
Сондықтан күйемін мен,
Бұл махаббат сіңіскен сүйегіммен.
Қыдыртқанда
Құлпырды қалыңдықтай
Дульцинея дейтұғын бие мүлдем.

Шекеріммен, наныммен жемдеп жүргем,
Ол да маған жылқы еді сенген мүлдем.
Командирдің өзі де аузын ашып,
Сымбатына сұқтанып көрген бірден.

— Соғыс! – деген сұмдық бір дауыс таңда,
Естілді де, ойнады намыс қанда.
Терістікті бетке алып, кетті аттанып,
Жау-жарақты қосындар алыс жолға.

Ал ол жақта ақ боран буып кәрлі,
Сақылдаған сары аяз сұрықты алды.
Ал, мәссаған!
Бір күні Дульцинея,
Ақ қырауда толғатып туып қалды.

Зіркілдеген зеңбірек, зауалды күн,
Кісінеді әлсіреп жағал құлын.
«Құлын жанын қинама!» – деді маған,
Төмен қарап,
Тұқшиып командирім.

Құлынды мен жетелеп қашық бардым,
Қалқасында есігі ашық тамның,
Бір бума оқты түгелдей оқтадым да,
Өз жанымды атқандай атып салдым.

Тісім тимей тісіме сақылдады,
Арқам терлеп, аяныш тақымдады.
Алғашқы ұрыс.
Алғашқы қатігездік.
Көрдей көңіл.
Соғыстың соқыр мәні.

Өкініштен өзекте торланды мұң,
Көз алдымда қалған да қойған бүгін:
Аяз.
Орман.
Ернімен түртінектеп,
Саусағымды емшектей сорған құлын.

Тұмандағы жылқылар
(Павло Мовчаннан аударма)

Қолатты тұман тұмшалап алды,
Аспан да мұнар құрсана қалды.
Жөңкіле шапқан үйірге қарай
Жусанның иісі бусана барды.

Көз енді көрсе елесті көрді,
Сана да кенет көмескіленді.
Тұманда дүние адасқандай боп,
Жасырды мұнар белесті, белді.

Түскендей зердең қиын қақпанға,
Осылай кейде миың қатқанда,
Жалына аттың жабыса кетіп,
Не жетсін желмен құйындатқанға!

Көзіңнің жасы тиылмай парлап,
Елес боп маңды шиырлай шарлап,
Сәулелі жаққа кетсең-ау сіңіп,
Ізің де жерге бұйырмай самғап.

Сұп-суық ауа сібірлеп сәтте,
Сұп-суық тамшы дірілдеп бетте,
Шығыстан біреу қарсы ұшты маған,
От ұстап қолға, күлімдеп көкте.

«Сенбісің?» – дедім тұманнан сұрап,
«Жарық қыл» – деді үн алдан бірақ.
Қарғыды атым, айрылдым жалдан,
Шыңғырдым сонда тұра алмай құлап.

Ақтаңгер

Өлеңі: Ұлықбек Есдәулеттікі
Әні: Тұрсынғазы Рахимовтікі

Астымда Ақтаңгерім аласұрған,
Баруға қызды ауылға таң асырған.
Еркетай елегізіп жатыр ма екен,
Еріні қауыздай боп жаңа ашылған.
Аймалап, ақ тамақтан бір иіскесем
Артық-ау әлемдегі бар асылдан.
Жалғаған арамызды бір жібек жіп,
Жалғанда жақсы не бар жарасымнан?

Қызды ауыл көшсе-дағы әрегірек,
Соңынан қуып жетсем зар еңіреп.
Шырғалап, шыр айналсам жеңгетайды
«Құдайдан бір тілегім бар еді» деп.
Ол дағы емексітсе кәделі боп,
«Кеш түсе келе қалсаң – сән еді» деп.
Аққуым қарсы алса ғой қанат жайып,
Жырақтан мен жеткенде дәмелі боп.
Аршын төс, алма мойын аршылғанда,
Еркемнен басқа ешкімнің керегі жоқ!

Аңшының аңдып алған олжасындай,
Қыз жатса тотыдайын торға сыймай.
Суатқа сусап келіп басын қойған
Саяқтай сусындасам шөл басылмай.
Ұршықтай үйіріліп ұзақ таңға,
Ақтарсақ көкіректе шер жасырмай.
Талмаурап тілдің ұшын сүйгізгенде,
Тұла бой балқи берсе қорғасындай.

Сабырдың сары көрпесін жамылмастан,
Қытықсыз қос құшақтан дамыл қашқан.
Самырсын сәмбі талмен сабақтасса,
Секілді бір-бірімен тамырласқан.
«Жаным» деп, «күнім» десіп үздіккенде:
«Аяулы аңсарым, – деп, – тәңір қосқан».
Екеуміз қанатсыз-ақ қалқып ұшсақ,
Жер-көктен еш тиянақ табылмастан.

Қызды ауыл, жұлдыз толы түні – тұнық,
Қөңілге рахманның нұры тұнып,
Тояттан тұщы түнгі бас айналып,
Ес кетіп, бар дүние ұмытылып,
Жатқанда ұйқылы-ояу түртіп қалса,
Кіріп кеп Жаратқанның Күні күліп.
Тербетсе осылайша таң атқанша
Күн мен Түн: бірі жатып, бірі тұрып.
Қалқатай ақ білегін «Қош!» деп созса,
Басқаға әлі келмей, дымы құрып.

Қия алмай тағы сүйсең аттанарда,
Дариға-ай, бұдан ыстық шақ болар ма?
Тілінің балдай дәмі жүрсе ерніңде
Басыңа бұдан артық бақ қонар ма?
Шүпілдеп ішің тағы сырға толса,
Аңсасаң еркетайға ақтарарға.
Еске сап қызды ауылды Ақтаңгерің,
Жер тарпып тұрса, шіркін, ат қораңда!..

Ұлықбек Есдәулет, ақын.

Argymaq.kz

ФОТО: Шүкір Шахай

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.