Жарасбай Сүлейменов: Өмірдің күрес екенін баяғыда-ақ түсінгенмін

252

Қазақ радиосының 100 жылдығына орай кезінде радионың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болған белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Жарасбай Сүлейменовпен әңгімелескен едік.

– Жарасбай аға, биыл журналистік жолыңыздың басталғанына тура 50 жыл толады екен. Жарты ғасырда не түйдіңіз осы сала бойынша?

– Иә, елу жыл, қас пен көздің арасында дейінші, тез өте шығыпты. Әйтеуір, өзіме солай көрінеді. Бұрынғылар жарты ғасырдың аз уақыт емес екенін айтқылары келді ме екен, «Елу жылда – ел жаңа» деген ғой. Осы уақыт аралығында көңілге түйген ойлар өте көп, олардың қайсыбірін айтып тауысасың. Ең бастысы, өзім қалаған мамандықтың қадір-қасиетін бір кісідей түсіндім. «Журналист – қатардағы көп мамандықтың бiрi емес, қоғамның дамуына, адамзаттың қалыптасуына ықпалы зор үлкен күш. Бiздiң жас мемлекетiмiздiң болашағы да, балауса демократияның тағдыры да қалам ұстаған қауымның қызметiне, iскерлiгi мен жауапкершiлiгiне тiкелей байланысты». 2011 жылы «Түркістан» газетінің тілшісі Гүлзина Бектасоваға берген сұхбатымда осылай деген екем. Сол сөзім – сөз. Баспасөзi мықты елдiң өзi де мықты болатынын Алаш арыстары сонау жиырмасыншы ғасырдың басында айтып кеткен. Журналистің қоғамдағы рөлін осыдан-ақ аңғара беріңіз. Айталық, білім алып, кез келген мамандықты меңгеруге, инженер, мұғалім, дәрігер болуға болады. Ал білімің қанша асып-төгіліп жатса да, бойыңда дарының, қанмен сіңген қабілетің болмаса, қаламгерлер қатарына қосыла алмайсың. Сондықтан мен журналистерге жан теңгермеймін. Оларды бәрінен жоғары қоямын.

– Сізді былайғы жұрт депутат болғаныңыз арқылы ғана танитын секілді. Тіпті мамандығыңыз да Тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі екен. Журналистік жолға қалай келдіңіз?

– Өңірде қызмет істей жүріп журналист ретінде бүкіл елге танылу қиын ғой. Ондай әріптестеріміз бар да шығар, бірақ өз басым дәл қазір еске түсіре алмай отырмын. Ал депутаттық қызметке келсек, Парламент табалдырығынан аттағаннан кейін не істесем де, «атымды шығарайын, біреулерге жақсы көрінейін» деген ой болған жоқ, жүрегіме жүгіндім, үнемі халқыма, еліме титтей де болса пайдам тиер ме екен деген мақсаттың жетегінде жүрдім. Депутат ретінде ел өміріне қатысты өзекті мәселелерді көтеруге тырыстым. Қасақана бұра тартып, «бүйректен сирақ шығаруға» ұмтылған күнім жоқ. Nur Otan партиясының тізімі бойынша сайлансам да ешкімге жалтақтаған емеспін. Осы мәселені көтерсем, ертең өзіме зияны тиеді-ау, қызметімнен айырылып қалам-ау деген қорқыныш болған жоқ. «Тура сөйлеген туғанына жақпайтынын» біле тұра, қоғамдағы түйіткілді мәселелерді орап өтпей, ортаға салып, өзіме сеніп отырған жұртыма адал болуға ұмтылдым.

Осы жасқа дейін біраз жайды бастан өткердік қой, «депутатпын» деп кеудемді керіп, ешкімді ренжіткен жоқпын деп ойлаймын, үнемі қарапайым халықтың, ауылдағы ағайынның арасында жүрдім. Соның бәрін өзім араласқан адамдар, ел біледі. Парламенттегі кабинетімнің есігі де мені іздеп келген адамдардың бәріне ашық болды. Әріптестерім де кез келген уақытта келе беретін. Басылымдарды да биліктікі, оппозицияныкі деп алалаған емеспін. «Азаттыққа» да, «Датқа» да сұхбат бердім.

Ол «Құдайдың ұлы емес» деп, шалқайғанға шалқая кететін де мінезім бар. Мысалы, біздің облыстың орталығы – Петропавлға байырғы Қызылжар атауын қайтару мәселесін көтерген кезде мені аяқтан шалғысы келетіндер көбейіп кетті. Астымдағы орынтағым шайқалып кетеді деді ме екен, сол кездегі облыс әкіміне де жақпай қалдым. Қорқытты, үркітті… Жасыған жоқпын. Қайта, баяғы мінезіме басып, ұлт мүддесіне қатысты мәселелерді көтеруді тіпті үдете түстім. Ештеңеге өкінбеймін. Өмірдің күрес екенін баяғыда-ақ түсінгенмін, содан бері күресіп келемін.

Журналистік жолға кездейсоқ түстім дей алмаймын. Өлең, мақала жазуға ерте әуестендім. Бесінші-алтыншы сыныпта оқып жүргенде Солтүстік Қазақстан облыстық газетінде, «Қазақстан пионері», «Балдырған» сияқты республикалық балалар басылымдарында алғашқы мақалаларым жариялана бастады. Маған ешкім мақала жаз, журналист деген мамандық бар, сол жолға түс деген емес. Өзім де ол жайында ойламаппын. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін туған ауылымда үш жыл жұмыс істеп, одан кейін екі жыл әскери борышымды өтедім. Онда да жазудан қол үзбегенімді, неге үнемі ойға шырмала бергенімді өзім де түсіндіре алмаймын. Әңгіме, новеллаларым, жауынгер достарым туралы мақалаларым «За Родину» деген округтік газетте, «Ленин туында» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») үзбей жарияланып тұрды. Әскерден оралысымен бірден оқуға түсуге ұйғардым. Бірақ тағдыр маған басқа жолды ұсынды. Облыс орталығы – Қызылжар қаласындағы Ленин (қазіргі Қазақстан Конституциясы) көшесімен келе жатқам, көзім «Облыстық «Ленин туы» газетінің редакциясы» деген маңдайшаға түсті. Газет қызметкерлерінің арасында танитын адамдарым болғандықтан, кіре шығайыншы деген ой келді. Әңгіме арасында қызметкерлердің бірі: «Жақында редактор «сол жігіт әскер қатарынан қашан босайды екен?» деп сені сұраған еді, кіріп шықсайшы», – деді. Кірдім. Редактор амандық-саулықтан кейін бірден: «Біздің ұжымда қызмет істеуге қалай қарайсың?» – деді. Бұл мен үшін күтпеген ұсыныс еді. «Қолымнан келе қояр ма екен?!» –деп күмілжи жауап бердім. «Келеді, көмектесеміз», – деді ол. Осылай ойламаған жерден тілшілер қатарына қосылып кеттім.

Бас редактордың сөзін жерге тастай алмай, көп ойланбай келісімімді берсем де, алғашқы жылдары осы жұмысты қалай меңгеріп әкетемін деп ішкен асым бойыма сіңбей жүрді. Жатсам-тұрсам ойлайтыным – жұмыс. Неше түрлі ойлар келеді. Егер істей алмай, қызметтен шығып қалсам, ауылға, әке-шешеме қалай көрінемін деп қиналамын. Көпке дейін көңілім орнықпай-ақ қойды. Үйде де, кеңседе де жұмыстан бас алмаймын. Қызметтен келген соң, жұрт сияқты демалу жоқ менде, түннің бір уағына дейін жазу столында отырамын. Осылай жансебілдікпен біраз істің басын қайырдым. Бастықтарым да жақсы адамдар болды: білгендерін үйретіп, төзімділік танытты. Айтып отырмын ғой, өзім де жанымды салып, тырыстым. Тәртіп бұзу, жұмысқа кешігіп келу немесе ерте кету деген ойыма кіріп те шықпайды. Осы дағдымнан өмір бойы айныған емеспін. Мақтанып кетті демеңіз, қызметті жақсы істеп, ел қатарына қосылу мен үшін ғана емес, отбасым, ағайын-туғандарым, әсіресе, әке-шешем үшін өмірлік маңызы бар, намыстың мәселесі еді. Содан да өзімді-өзім аямай үнемі қамшылаумен болдым.

Содан, 1976 жылы мен тілші болып істеген кеңес құрылысы бөлімінің меңгерушісі Мұхаметқали Нұрғожин зейнет демалысына шығатын болды да, бір күні мені газеттің бас редакторы, айтпақшы, ол кезде бас редактор демейді, редакторы Уәп Рақымжанов шақырып: «Ағаң демалысқа шықпақшы, сол кісінің орнына өзіңді ұйғарып отырмыз», – деді. Не айтарымды білмей қалдым. Сәлден соң ғана «қолымнан келе қояр ма екен?» деп күмәнді екенімді жасырмадым. «Келеді, келетін болған соң, сенген соң айтып отырмын», – деді редактор.

Кешікпей бұйрық шықты. Мен өзі қатты қуануға да қорқатын адаммын. Бірақ сол күнгі қуанышымда шек болған жоқ. Ауылдан анам келіп жатыр еді, түс кезінде алып-ұшып үйге жеттім. Табалдырықтан аттар-аттамаста «апа, мен бөлім меңгерушісі болдым» деп қуанышыммен бөлісіп жатырмын. Бөлім меңгеруші дегеннің кім екенін апам қайдан білсін. Сонда да құтты болсын деп жатыр. Осылай иығымнан бір ауыр жүк түскендей болды. Енді бөлім меңгерушісінен түсіп қалсам да, тілшілікке жарайтыныма қуандым. Осы сенім мені керемет қанаттандырды. Жұмысқа ынта-ықыласым бұрынғыдан да арта түсті. Бөлімнің жұмысын ақсатқан жоқпын деп ойлаймын. Арада біраз уақыт өткеннен кейін, бір ауыс-түйістің кезінде маған редакциядағы ең үлкен бөлім – партия тұрмысы бөлімін басқару сеніп тапсырылды. Оның үстіне редакция алқасының, бастауыш партия ұйымы бюросының мүшесі, кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары болып сайландым. Сөйтіп, қоғамдық жұмыстарға да араласа бастадым.

Журналист үшін лауазымнан гөрі кәсіби шеберлік қымбат. Осы жағын да ұмытқан жоқпын. Тек өзім қызмет істеп жүрген газетке ғана емес, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») сияқты беделді, кез келген авторды баса бермейтін республикалық басылымдарға да ұсынған мақалаларым жарияланып тұрды. Нақ осы жылдары Петропавл қалалық кеңесіне депутат болып сайландым.

Бірде бас редакторымыз шақырып алып: «Сен партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісің, облыстық партия комитетінің номенклатурасындасың, осыған дейін байқамады ма екен, ештеңе демеп еді, енді, «жоғары білімі жоқ екен, бұл қалай?» деп жатыр, — деді. —  Оқуға түсуің керек.» Екі сөзге келмей, түсейін дедім. «Қайда барасың?», «Алматыға, КазГу-ге». Ол кезде журналистерді сонда ғана даярлайтын. Бастығым ойланып қалды. «Жазуды жай да меңгердің, осы өзіміздің жергілікті институтқа түссейші», — деді. Оған да келістім. Тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі мамандығын осылай таңдадым.

Менде күндердің күнінде радиоға ауысамын, теледидарда қызмет істеймін деген ой болған жоқ-ты. «Адамның басы — Алланың добы» деген емес пе, оған сол кезде редакцияда қалыптасқан бір жағдай себеп болды. Өзімнің журналистер ортасына сіңісуіме біраз еңбек сіңірген редактордың орынбасары, соғыс ардагері Рәшид Бәдірленов деген ағамыз тура сөйлейтін, адал адам еді. Екеуміз бір бөлмеде отырамыз. Сол кісі бірде, облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Адольф Пенчук деген болған, соның жұмыс стилін сынап, елдің бас газеті – «Правдаға» мақала жазып жіберіпті. Газет тілшісі соны шолуға пайдаланыпты. Үлкен шу болды. Бір күні басшымыз шақырып алып, мен бұл кезде редакция кәсіподақ ұйымының жетекшісі едім, «Бәдірленовті жұмыстан шығарамыз, кәсіподақ ұйымының шешімін дайында», – деді. «Оның ешқандай кінәсі жоқ, обком хатшысын сынады деп жұмыстан шығаруға бола ма, мен қарсымын, ондай құжатқа қол қоймаймын», – дедім. Сол-ақ екен, Бәдірленов жайына қалды да, менің өзіме түсе қалды. Баяғы партиялық тәртіп, басшыны тыңдамау деген сияқты кінәлар тағылып, «отырсам – опақ, тұрсам – сопақ» болып шыға келдім. Бірақ бұл кезде мен де журналист, азамат ретінде әжептәуір қалыптасып қалған едім. Жұмысты жақсы істеймін, тәртіп бұзу дегенді білмеймін, тағы да мақтанып кеттім бе, бірақ шыны солай. Сөйтіп, ойламаған жерден айтыс-тартыстың иіріміне жұтылдым да кеттім. Менің сенетін ешкімім жоқ, ауылда өстім, әке-шешем – қарапайым адамдар. Ақыры не керек, басшылар обкомды салып, радиода кадрлар қартайып кетті, жастармен нығайту керек деген сылтаумен мені сол жаққа жіберіп құтылуға асықты. Сосын әрі ойлап, бері ойлап, осылармен айтысып-тартысып жүремін бе деген оймен келісімімді бердім. Еңбек кітапшама «облыстық партия комитетімен келісе отырып» деген сөздер сол кезде түскен.

Облыстық радиоға бас редактордың орынбасары болып бардым. Радионың өз ерекшеліктері көп екен, соларды тезірек меңгеруге тырыстым. Арасында материалдарымды республикалық радиоға, «Социалистік Қазақстанға» ұсынып қоямын. Олар да далада қалып жатқан жоқ. Жас кезім ғой, шаршау дегенді білмеймін. Намысымды да қамшылап, ойым – қайткенде де жұрттан қалмау. Осы оқиға менің кейінгі өміріме көп әсер етті. Аққа жақ болудың жақсы қасиет екенін сол кезден түсіне бастадым ғой деймін.

Кешікпей облыстық радионың бас редакторы қызметіне тағайындалдым. Ол бір елдегі қиын кез еді ғой. Айлап ақша алмаймыз. Еңбекақымыз да аз. Осыны ойлап, өзіме түскен ұсыныстарды қабылдай беріппін ғой. Сөйтіп, сол жылдары негізгі қызметімді істей жүріп «Казаэронавигация» деген ұжымда аудармашы болдым, университеттің журналистика факультетінде сабақ бердім. Кешікпей олардың қатарына «Азаттық» радиосының меншікті тілшісі қызметі қосылды. Қоғамдық жұмыстардан да шет қалған жоқпын: Халықаралық қазақ тілі қоғамының облыстық бөлімшесінің жұмысына белсене қатыстым, кейін осы ұжымның атынан сайлауға түсіп, облыстық мәслихаттың депутаты болдым. Петропавл қалалық кеңесінің депутаты болған тәжірибем бар, бұл жұмысты да жаман атқарған жоқпын. Осылай жүріп жатқанда тағы бір кедергіге тап болдым…

Бір күні ойламаған жерден компанияның басшысы шақырып алып: «Сізге облыс әкімі ренжіп жатыр, маған қызметінен босат деп бұйрық берді» деп қарап отыр. Желдің қай жақтан соғып тұрғанын сезіп отырмын, сонда да сұрадым: «Не үшін?» «Білмеймін, маған бастық айтты, бітті. Оны кетірмесең, өзің орынды босатасың деді». «Білгендеріңді істей беріңдер, мен өтініш жазбаймын» деп есігін тарс жауып, шығып кеттім. «Мені аясайшы!» деп бастығым қала берді.

Жаңа айттым ғой, ол кезде жалпы елдегі жағдай өте ауыр болатын. Одақ ыдырап, әркім өз қотырын өзі қасуға көшкен кез. Жарық жоқ, жылу жоқ, көп адам қолма-қол ақша дегеннің не екенін ұмытқан. Әйтеуір, «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, қиындықтар, жоқшылық, жылау-сықтау аттаған сайын алдыңнан шығады. Шыны сол, егер басшылар өздерін ғана ойламай, халықтың мұң-мұқтажымен санасса, қолда бар мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланса жағдайды соншалықты құлдыратпауға болатын еді. Дұрыс па, бұрыс па, білмеймін сол кездері осы бір ой менің санама мықтап сіңіп алды да, шыдай алмаған соң, ашық айта бастадым. Алдымен облыстық мәслихаттың депутаты болғандықтан, кезекті сессияда сөз алып, сол кезде курортта дем алып жатқан облыс әкімінің құлағын біраз шулаттым, қызды- қыздымен орынбасарларына да тілім тиіп кетсе керек, кейбіреулері мені көргенде тыржиып қалатын болды. Тыржиғандар тыржия берсін, енді мен қаламыма жүгіндім, қазақша, орысша мақала жазып, облыстық газеттерге ұсындым. «Депутат дауысы» деген айдармен берілген осы мақалаларымда жергілікті билікті қатты сынағам, облыс әкімін де аямағам. Осылардың бәрі қосылған соң, мені оңдырайын деп тұр ма?!

Осыдан кейін менің басыма қудалау деген бәленің қара бұлты қайта үйіріліп, сап-сау істеп жүрген қызметімнен айырылдым. Бірақ басымды салбыратып кете барғам жоқ, соттасып жүріп, қайта оралдым. Осылай өз ұстанымым үшін күресуді, біреуге есемді жібермеуді үйрендім. Біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жаттым.

Күндердің күнінде, нақтырақ айтсам, 1990 жылдың қыркүйек айында Қазақ радиосының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болыңыз деген ұсыныс түсті. Келістім.

– Бұл 90-жылдардың басы ғой. Жағдайдың өте қиын болғанын өзіңіз айтып отырсыз. Өңірдің мұң-мұқтажын, тыныс-тіршілігін орталыққа жеткізу оңай шаруа емес. Меншікті тілші кезіңізді еске алып көрсек…

– Республикалық радио дегенің үлкен ұжым екен. Сала-сала бойынша редакциялар құрылған. Әсіресе, Руслана Құдайбергенова басқаратын жаңалықтар қызметінің жұмысы қауырт. Меншікті тілшілерге негізінен осы бөлімнен тапсырма көп түседі. Сәбит Сүлейменов, Кәрім Бахреддинов, Қалыбек Атжанов, Сағат Батырханова, Ғалия Балтабаева, Жұмағазы Игісінов сынды тілшілер материалды үйіп-төгіп беріп жатқандай көрінеді маған. Бірте-бірте мен де төселіп, тікелей эфирге де шыға бастадым. Мұнда да аянған жоқпын, кейін орыстілді меншікті тілшінің қызметін қатар атқардым, әйтеуір өзіме сенім білдірген адамдарды жерге қаратпауға тырыстым.

Ол кездің бір ерекшелігі, кез келген мәселені қозғасаң, проблемаға тап боласың. Сондықтан біреуді сынағың келмесе де сынайсың. Әйтпесе, шындықтан қашқан болып шығасың. Оған кімнің ары жіберсін. Әйтеуір меншікті тілшілердің бәрі елдің жайына алаңдап, шыр-пыр болып жататын.

Көп сөздің түйіні, Қазақ радиосы мені өмірдің тағы бір белесіне шығарды. Осы қабырғада Қуаныш Орманов, Қасымхан Ерсарин, Төрехан Тасболатов, Дүйсенбек Қанатбаев, Төлепберген Тобағабылов, Махмед Түменбаев, Үмітжан Балтаева сынды өз ісінің нағыз майталмандарымен танысып, араласқанымды да ұмытуға қақым жоқ.

Енді ол кездегінің бәрін айта берсең, қазіргілерге ертегі сияқты естілуі мүмкін. Қалай десек те елмен бірге болдық, шама-шарқымызша халықтың мұң-мұқтажын жоғарыдағыларға жеткізуге тырыстық. Оның өзі бір мақтаныш.

– Өзіңіздің әріптестеріңіз, Қазақ радиосының шығыстағы меншікті тілшісі Жұмағазы Игісін мен Павлодардағы меншікті тілші болған Ғалия Балтабаева сол кездерде қазақ тілінде пікір берер маман таппай қиналатын едік деп еске алады. Солтүстік өңір бұдан да сорақы болған шығар?

– Айтпаңыз. Менің де екі ауыз сөздің басын құрап, өз ойын білдіре алатын адам таппай қиналған сәттерім көп болды. Әлі есімде, бірде облыстық басқарма басшыларының бірін сөйлету керек болды да, репотерімді сүйретіп жетіп бармаймын ба. Біздің заманымызда қазіргідей алақанға сыйып кететін техника болған жоқ, репортердің салмағы – кем дегенде 5-6 килограмм. «Бақсам бақа екен» дегендей, әлгі кісінің қазақшасында жоба жоқ. Қазіргі кез болса, бұрылып кетіп қалар едім, тапсырманы орындау керек, оны да қинадым, өзім де ақ тер, көк тер болдым. Сенесіз бе, радиодан бір жарым минуттық сөзін беру үшін бір сағат жаздым. Қазір қызмет істеп жүрген жас әріптестеріме қызығамын: олар мұндай қиындықтарды білмейді ғой. Білмей-ақ қойсын.

– Журналистиканың бір ерекшелігі – қарапайым адамның қолы жете бермейтін әйгілі тұлғалармен жолығып, сұқбаттасып, пікірлесе алатындығы. Сіз де радиода жүрген жылдары талай тұлғамен жолыққан боларсыз?

– Кеңес журналистері «Журналисті аяғы асырайды» деген сөз тіркесін жиі қолданушы еді. Сөз жоқ, өз салаңда өнімді еңбек ету, оқиғадан қалып қоймау үшін үнемі халықтың арасында болуың, үздіксіз ізденуің керек. Мен де айтары бар белгілі тұлғалардан сұхбат алуға құмар болдым. Атақты әнші Ермек Серкебаевпен, ақын-жазушылар Ғафу Қайырбековпен, Нұрғожа Оразбен, Сәкен Жүнісовпен, Дүкенбай Досжанмен, Кәкімбек Салықовпен, тізе берсем, өте көп, оңаша отырып әңгіме-дүкен құрғанымды қалай ұмытамын?! Біздің жерлесіміз, бір жағынан Мағжан Жұмабаевқа туыс болып келетін, ақын Хамза Абдуллин деген ағамыз болды. Концлагерде болған, немістерге қызмет істеген деген сөздерді еміс-еміс естуші едім. Ел жаққа бір келгенде студияға шақырып, екі сағаттай әңгімелестім. Адам айтқысыз тағдырды бастан кешкен жан екен, тура қойылған сұрақтарға жалтармай жауап беріп, біраз жайдың басын ашып берді.

Кейін де менің өмірімде мұндай кездесулер көп болды. Академик Жабайхан Әбділдиннен бірнеше рет сұхбат алдым. Кейін ол кісі сол әңгімелердің негізінде кітап жазуды ұсынды. Ол істі де діттедік. Тағы да бір мақтанудың реті келіп тұр. Мен атақты Герольд Бельгерден соңғы сұхбат алған адаммын. Өзінің шаңырағында екі сағатқа созылған әңгіме барысында Бельгер әлеміне терең бойлап кете алмасам да, жағалай жүріп, біраз жайға қанықтым. Сол сияқты, радиода істеп жүргенде даңқты диқан, бірнеше орденнің иегері Орал Тәттібаевтан да сұхбат алған едім. Бесіктен белі шықпай жатып еңбекке араласқан «соғыс баласының» өз ісіне деген сүйіспеншілігіне, қажымас қайратына тәнті бола отырып, қиындықтарды жеңу жолдарын үйрендім. Өзіңіз де аңғарған боларсыз, міне, бұлар – менің өмірдегі Ұстаздарым! Бір шоғыры ғана. Осындай әңгімелер кейде шаршағаныңды, сәтсіздіктеріңді, ондай сәттер журналистердің өмірінде жиі болады, ұмыттырып жібереді. Мен өзімнің жас әріптестеріме журналистік қызметтің осы артықшылығын үнемі айтып отырамын. Жақсы журналист болу үшін мінез керек.

– Бәрі жақсы деп отырсыз ғой, көңіліңізге кірбің түскен сәттер болды ма?

– «Айтпаса, сөздің атасы өледі». Осы бір ренішімді сыртқа шығарудың реті келмей жүр еді. 1999 жылдың жазы ғой деймін, аяқ астынан Қазақ радиосына меншікті тілшілер керек болмай қалды. Жарайды, оған ешкім қарсылық білдірген жоқ, бір себебі болған шығар? Қырық жылғыны қопару да дұрыс емес, дегенмен бұл мәселені адамгершілік қасиеттерге қатысы болғандықтан қозғап отырмын. Шерағаң «Журналистердің арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ» деп дұрыс айтқан ғой, ешқандай сөзге келместен жүгенімізді сыпырып қоя берді. Басқа әріптестерімді білмеймін, өз басым, жұмыссыз қалмайтынымды біле тұра, басшылықтың, радионың сол кездегі директоры Төрехан Данияр мырзаның алды жиырма жыл, менің өзім тоғыз жыл істеп қалыппын, қызмет еткен журналистерге мән-жайды қысқаша болса да түсіндіруге, бір ауыз жылы сөз айтып шығарып салуға жарамағанына қатты қынжылдым. Біз далада қалған жоқпыз. Бірақ көңілге түскен кір қанша уақыт өтсе де өшпейді екен.

– Қазір де радио хабарларын тыңдап отыратын шығарсыз. Бүгінгі радио туралы ойларыңызды білсек?

– Үйде отырып қалған адамдар сияқты жастанып жатпасам да тыңдаймын. Бұл енді ұзақ әңгіме ғой, қысқа қайыруға тырысайын. Қазіргі радиода шикілік көп. Олай дейтінім негізгі тізгін шоу бағдарламаларға берілген. Оны жүргізушілер бір мәселеге тереңдеп бармайды ғой, ыржың-ыржың, орынсыз күлкі, бірді айтып, бірге кету, не айтып отырғандарын түсінудің өзі қиын. Бәріне жеңіл қарайды. Радиодағылар бүгінгі қоғамдағы жастардың жүріс-тұрысын, сөзін, ісін, жауапкершілігінің төмендігін қайталап тұрған сияқты көрінеді маған. Әйтпесе, бізде радио арқылы көтеретін мәселелер аз емес.

– Сол радиода жүрген кездегі есте қалар ерекше естелігіңіз болса айтып берсеңіз…

– Ондай естеліктер өте көп. Бір-екеуін ғана айтып берейін. Кеңес заманында билік басындағылар, олар негізінен басқа ұлттардың өкілдері болды ғой, қазақтың «бойын өсірмеуге» тырысты. Қай жағын алсақ та бір кем дүние. Оның салқыны кешікпей өзім ауысқан облыстық радиода да сезілді. Мұнда сол кезде қазақ тіліндегі хабарлардың көлемі отыз пайыздан аспайды екен. Неге бұлай деп компания басшысынан сыр тартып көріп едім, тура жауаптан жалтарып, үндемей құтылды. Осыдан кейін облыстық радионың қазақ бөлімінің жұмысын жандандырудың жолдарын іздестіре бастадым. Өңірде тұңғыш рет ақындардың радиоайтысын өткізу идеясы осылай келді. Бастықты көндіріп, дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік. Айтыс өткізетін жер ретінде Ленин (қазіргі Есіл) ауданындағы Қарағаш ауылы таңдап алынды. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, дәл сол кезде өңірімізге бүкіл Қазақстанның теледидары мен радиосын басқарып отырған Ғаділбек Шалахметовтың келе қалмасы бар ма. Бастығым оның шараға қатысатынын айтты. Оның алдында төраға қызметкерлерді жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға мен де келдім. Төраға отырған кабинеттің табалдырығынан аттадым да ілгері баспай, бір аяғымды көтеріп тұрып қалдым. Екі бастық маған қарайды. Өз бастығым қызарақтай бастады, менің ши шығарайын деп тұрғанымды сезді ме, «өтіңіз, өтіңіз» деп қояды. Қозғалған жоқпын. Сол бір аяғымды көтеріп тұрған қалпымда: «Ертеде тарих пәнінің оқулығындағы басбайлы шаруаның осылай өзіне тиесілі ұлтарақтай жерге екінші аяғын қоя алмай қиналып тұрғанын көрген боларсыз, біздің де жайымыз осыған ұқсас, туған жерімізде өз тілімізде толыққанды хабар жүргізе алмай отырмыз» дедім. Осылай айтысып-тартысып жүріп, қазақ және орыс тіліндегі хабарлардың көлемін теңестірдік.

Тоқсаныншы жылдардың басы ғой деймін, өңірімізге сол кездері Қазақ теледидары мен радиосын басқарып тұрған Сағат Әшімбаев келді. Үш күн болды. Алғашқы күні ұжыммен кездесіп, ұзақ әңгімелесті. Орысша сөйлегенде кейбір ережелерді белден басып жібереді екен. Мейлі ғой. Маған оның ұлт мәселесіне келгенде сәйгүліктей көсіліп, ешкімнің қас-қабағына қарамай сөйлегені қатты ұнады. Не керек, ел мен жердің иесі кім екенін ашық айтты. Тәуелсіздік таңы әлі ата қоймағанын ескерсек, Сәкеңнің батылдығы көзсіз еді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін желке жүндері тіпті көтеріліп кеткен кейбіреулерге бұл сөздер әрине ұнамайды. Ал, кемсітушіліктің кермек дәмін күн сайын татып жүрген біздің жанымыз кіріп, еңсеміз көтеріліп, кәдімгідей арқаланып қалдық. Жиналыстан кейін өз бастығым шақырып алып, «бізбен бірге боласың» деді. Таңғалдым. Әдетте мені сырттан біреу келгенде жолатпауға тырысушы еді. Осылай үш күн қазақтың арда ұлымен бірге болудың орайы келді. Арада қаншама жылдар өтсе де жадымда жаңғыра беретін үш күн!

— Әңгімеңізге рахмет, Жарасбай аға!

— Айта берсек, әңгіме көп, осымен тоқтауға ұйғардым. Айтпақшы, сол кездері мен, тіпті, суретке де түспеппін…

Ержан Жаубай, 2021 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.