Оспан Нәбиұлы: Қазақстандық баспасөз әлемнің қай түкпірінде қазақ болса, соған жетіп жатуы керек
Өткен аптада Астанаға Баян-Өлгийде тұратын азғана қазақтың рухани тізгіні – БАҚ саласын басқарып отырған Оспан Нәбиұлы келген болатын.
Баян-Өлгий аймағыың Бұқаралық радиотелевидениесін басқарып отырған әріптесімізбен осы өңірдегі ақпараттық ахуалдың жайын білмекке аздап әңгімелесудің сәті түскен болатын. Атажұрттан жырақтағы ағайынның ақпараттық саладағы қызметі басталғалы ғасырға жуық уақыт болды дейді Оспан Нәбиұлы.
— Бүгінгі таңда Баян-Өлгийде қанша қазақ тілді БАҚ бар?
— Моңғолияда қазақтар негізінен Бай-Өлке аймағына шоғырланып қоныстанған. Баян-Өлгей аймағы алғаш орнаған сонау 1941-жылдан бастап «Өркендеу» атты жергілікті газет басылып шығумен мұнда баспасөздің ірге тасы қаланған деуге болады. 1957-жылдан «Шұғыла» атты әдеби журнал, 1965-жылдан жергілікті радио тарату торабы іске қосылған. «Өркендеу» газеті, «Шұғыла» журналы, жергілікті қазақ радиосы аймағымызда журналистика саласының өркендеуіне өз үлесін қосты. Аймағымыздан туып шыққан қарымды қаламгерлер, танымал журналистер осы баспасөз құралдарында қызмет атқарды. Бүгінгі таңда аймағымызда бұқаралық қазақ радиосы өз қызметін жүргізіп келеді. «Өркендеу» газеті кейіннен «Жаңа Өмір» болып, бүгіндері «Жаңа дәуір» деген атпен тұрақты түрде өз оқырмандарына жетіп жатыр. «Шұғыла» журналы шығуына 60 жыл толуын атап өткелі отырмыз. Осы алпыс жылдың ішінде 193 саны жарық көрді.
Ал телеарналарға келер болсақ, аймақ орталығында «Дербес», «НАЗ», «Саян», «ТВ-4» қатарлы төрт телеарналар өз көрермендеріне тұрақты қызмет атқарып келеді.
-Сөз бостандығы, тіл еркіндігіне мен ділді, мәдениет пен руханиятты дәріптеу мәселесі БАҚ-та қалай жүріп жатыр?
— Моңғол елінің Негізгі заңында және ақпарат құралдары туралы заңдарында сөз бостандығына, тіл еркіндігіне шектеу қойылмаған. Бұқаралық ақпарат құралдары дербестігін сақтап, азаматтардың сөз бостандығы, көзқарасы мен пікірін еркін білдіру құқығын мейілінше қолдап қызмет атқарады. Қазақ тіліндегі БАҚ-тар еліміздегі және әлемдегі болып жатқан келелі мәселелерді халық назарына ұсынумен қатар аймағымыз өңіріне қатысты ақпараттарды жедел және нақты түрде көпшілікке ұсынады. Сонымен қатар қазақ ұлтының тарихы, тілі, мәдениетіне қатысты танымдық ақпараттар, ұрпақ тәрбиесіне қатысты, ұлт мүддесіне қатысты рухани тақырыптарды талқылауда өзіндік қолтаңбалары бар деуге болады.
— Қазақстанмен ақпараттық байланыс қалай, Қазақстандық баспасөз құралдары Баян-Өлгейге жете ме?
— Аймағымызда Қазақстанның барлық телеарналарын тамашалап отырмыз. Бұдан 25 жылдың алдында Қазақ еліндегі барлық жұрналдар мен газеттерді аймағымыз халқы жаздырып оқып келген. Бұл үрдіс Моңғол еліндегі аз қазақтың тілін, мәдениетін сақтауына, Қазақ елінің тыныс-тіршілігіне етене жақын болуына, Қазақ елі жайлы танымының терең болуына ерекше әсер етті. Содан да болар, бәлкім Қазақ елі тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап ат-көлігін сайлап, ата жұртқа көш тізгінін Моңғолия қазақтары бастап кетті.
Өкінішке қарай, тәуелсіздікке дейін бөгетсіз келіп жатқан қазақ баспасөзі тәуелсіздік жылдарында бізге келуін тоқтатты. Қазақ баспасөзі, оқулықтар, ақын-жазушылардың кітаптары тек Моңғолиядағы ғана емес, әлемдегі қазақ ұлты шоғырланған өлкелерге тарап тұрса, олардың тілін, мәдениетін сақтауына үлесін қосары сөзсіз. Бұл мәселе алдағы Дүниежүзілік қазақтарының құрылтайында талқыланатын тақырып болар деп ойлаймын.
— Ардагер журналистерді, жазушыларды дәріптеу қалай жүріледі?
— Аймағымыздан Моңғол еліне, Қазақ еліне танымал көптеген ақындар мен жазушылар туып шықты. Аз қазақтан туып шыққан жазушылардың еңбегін моңғол Үкіметі үнемі жоғары бағалап, мемлекеттік дәрежедегі атақтармен марапаттап отырды. Биыл туғанына 120 жыл толып отырған ақын Ақтан Бабиұлы, жазушы-драматург Құрманхан Мұхамәдиұлы, Халық жазушысы Мағауия Сұлтанияұлы, Даниял Дәукейұлы, Имашхан Байбатырұлы, кеше ғана Астанада 70 жылдығы аталып өткен Кәкей Жаңжыңұлы, Арғынбай Жұмажанұлы, Яки Ілиясұлы, Солдатхан Орайханұлы, Жәмлиха Шалұлы, Егеухан Мұхамәдиқызы, Солтан Тәукейұлы бастаған т.б. сан ондаған қаламгерлер елімізге ғана емес барша қазаққа таныс болды. Моңғол еліне еңбек сіңірген қайраткер атағымен жазушы Шынай Рахметұлы, ақын Сұраған Рахметұлы қатарлы қаламгерлеріміз сыйланды. Танымал қаламгерлеріміздің есімі аймағымыздан көшелерге, мектептерге беріліп оқушыларға қаламгерлердің шығармаларынан тәлім оқытылып тұрады.
— Ата жұрттан алыстағы қазақтың рухани мұқтаждығы бар ма?
— Руханият дегеніміз аса кең ұғым. Рухы биік, саналы ұрпақ тәрбиелеу қай ел, қай жерде мекендегеніне қарамастан әрбір ұлттың басты мақсаты болса керек. Ұлт тұрғысынан алғанда рухымыз биік, төрт құбыламыз сай деп айтуға келмейді. Қазақ тілді ақпараттың тапшылығы, Қазақ елінің ақын-жазушыларының туындыларымен еркін танысу мүмкіндігінің шектеулілігі келешекте ұлтымызды рухани жұтаңдыққа әкелмесе игі еді. Аймағымыздан туып шыққан ақын, жазушылар, ұлт зиялылары Қазақ еліне көптеп қоныс аударды. Тәуелсіздік қарсаңында қалыптасқан қарымды журналистердің бір буыны қазір Қазақ елінде орналасып барлық ақпарат құралдарында еңбек етуде. Бұл әрине біздің мақтанышымыз және рухани байлығымыз деп білеміз.
— Атажұрттан жырақтағы ағайынның аңсары не?
— Әрине, әуелі осы киелі топыраққа жету – олар үшін ең басты арман екені айтпаса да түсінікті жағдай. Алайда оған қазіргі жағдайда түрлі себептер кедергі келтіріп отыр. Дегенмен, қазақ қай жерде де қазақ. Сондықтан, Тәуелсіздіктің 25 жылдында Қазақ елі ел іргесін бекемдеп, дамудың сара жолына түсті. Әлемдік қауымдастыққа өзін мойындатты. Әлемдік деңгейде бәсекелестікке түсе алатын қуатты өндірістер пайда болды. Өз қолы өз аузына жетіп, өзге елдерге экономикалық жәрдем жасап, қолдау көрсетіп жатады. Енді алдағы уақытта Қазақ елі тарапынан шетелдегі қазақтар шоғырланған өлкелерге көңіл бөліп инвестция енгізетін толық мүмкіндігі бар. Біздің аймағымызға ет өндірісі, тау-кен өндірістеріне қаржы енгізсе мұндағы жұмыссыздықтың азаюына, екі елдің қатынасының нығаюына, Бай-Өлкенің экономикалық мүмкіндігі жоғарлауына ықпал етер еді. Және қаржы енгізген кәсіпорындарға да пайдалы болар еді деп ойлаймын.
— Әңгімеңізге рахмет!
Ержан Жаубай, 2017 жыл