Астанада тағы бір ат спорты орталығы ашылды (ФОТО)

158

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ базасында студенттер мен елорда тұрғындарын ұлттық  спортқа баулитын «Ақтаңгер» ат спорты секциясы ашылды.

Ат спорты секциясының ашылуына орай Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаровтың құттықтауын ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Қ.Тасжүреков оқып берді:

— Бұл ұлттың келешегі мен ұрпақтың тәрбиесі үшін айрықша мәні бар оқиға. Өйткені, ұлттық ат спорты түрлерін дәріптей отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды ат спорты түрлерімен шұғылдануға тарту, патриотизмге үндеу, ат спорты түрлерін ұлттық идея деңгейіне жеткізуде бүгінгі шараның идеологиялық маңызы зор. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жылқы малына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет қазақы жылқы тұқымдарын дамытуды қолға алды. Ол үшін, биыл жылқылардың отандық тұқымдарын сақтап, молайтуды көздейтін арнайы Заң қабылданды. Осы орайда, ұлттық ойындарға жанашырлық танытып, ұлттық ат спортын дәріптейтін бүгінгі шараны ұйымдастырушы университет ұжымына ризашылығымды білдіргім келеді, — делінген министр құттықтауында.

Бұдан соң сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев қазақ халқы үшін жылқы қастерлі жануар дей келе, елімізде алдағы уақытта жылқыға көңіл бөлінетінін жеткізді. Бүгінгі ашылып отырған секцияның жұмысын насихаттай отырып, әрқайсымыз өз отбасы мүшелерімізбен ат спортының өркендеуіне атсалысатын боламыз, — деді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ұлттық Ат спорты Федерациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәдібек Түгел өз сөзінде Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ашылуының қарсаңында «Ақтаңгер» ұлттық ат спорты секциясының ашылуымен С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ ұжымын  құттықтап, университет басшысы Қанат Маратұлына қазақ халқының ат спортына көңіл бөлгені үшін жүрек жарды алғысын білдірді.

Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын универитетімізді тәмәмдап, бұл күнде өз кәсібінен нәсібін тауып қана қоймай, ұшқан ұясына демеушілік білдіріп жүрген Сейфуллин университетінің 1975 жылғы түлегі Б.Қ.Ертаев:

— Бүгін баршамыз үшін маңызды күн. Қазақта «Ер қанаты – ат» дейді. Қазақтың дәстүрінде де, тарихында да жылқы малының орны ерекше. Бұл жастарды, қалың бұқараны қасиетті жануар – атқа жақындатудың алғашқы қадамының бірі болса, екіншіден елордамызда ат спортын дамытуға жасалған қадам. Миллионнан астам тұрғыны бар Астанамыздағы Сейфуллин университетінде «Ат спорты түрлері бойынша секцияның» ашылуы – бұл осы қаланың тұрғындары үшін де үлкен мүмкіндік. Сондықтан, бүгінгі ашылғалы отырған «Ақтангерге» отбасымның атынан тағы бір Ақтангерді сыйға тартамын, – деп, іс-шараға қатысушыларды бір серпілтті.

– Халық арасындағы «Ер қанаты — ат», «Ат тұяғын тай басар», «Құнан — атқа жеткізер, ат — мұратқа жеткізер» — деген қанатты сөздері жылқыны қастерлеп — дәріптеудің нақты дәлелдері. Ат спортының сайысы барысында жарысқа қосылатын аттардың шабыстылығы, жүйріктілігі, қарқындылығы, ұшқырлығы барлық жағынан сыналады. Оның төзімділігі мен шыдамдылығы, күші мен қайраты, ептілігі, бапталуы мен жаратылуы жан-жақты айқындалады. Ұлттық ат спортын жан-жақты дәріптеу мақсатында біз «Ақтаңгер» ұлттық ат спорты секциясын ашып отырмыз. «Ақтаңгер» ұлттық ат спорты секциясына университетіміздің оқытушылары мен студенттері және қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Бұл секцияға қатысушылардың жақсы нәтижелер көрсетіп, түрлі жарыстарда өз өнерлерін көрсетулеріне мүмкіндік береді деп сенемін. Ақ жол, Ақтаңгер! Сәттілік тілеймін — деді салтанаттың ашылуында С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Басқарма төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қ.М.Тіреуов.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ де ат спорты секциясын ашудың негізгі себебі бар. Сейфуллин университетінде ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінде білім алатын жастар ат спорты секциясында жаттыға отырып, ат баптау ғылымын да меңгермек.

Айта кетейік, биылғы жылдың сәуір айында университет базасында ұлттық спорттың бір түрі – Садақ ату секциясы ашылып, жұмыс істей бастады.

Қазіргі таңда жастардың арасында шабандоздарға қызыға қарайтындар көп. Сейфуллин университетінің ат секциясы осы бағыттағы жұмысты әрі қарай дамыта бермек.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!