Жорғаның бабы жүйріктен күрделі – атбегі

1764

Қадыбатыр Мұғалімұлы – Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына қарасты Цэнгэл ауданында туып-өскен азамат.

Жасынан аң аулап, ат қосып, бүркіт салып өскен қарапайым қазақтың бірі. Оның бір ерекшелігі жорға мен жүйрікті қатар баптайтын атбегі. Жорғасы аймақ тойында екі рет бірінші келсе, сұмын тойында, қырда өткен тойларда оннан астам бірінші болды. Жүйрігі аймақ тойларында бірінші-екінші келген кездері бар.

Ат баптау деген оңай шаруа емес. Жүйрікті жақсылап күтіп, баптап, жыл басынан бастап дайындамаса, бір күнде дайын бола қалатын дүние емес. Ат қосу деген үлкен бәсеке. Жүйрік жетелеген жігіттің ат-атағы қайда да шығады. Талай адам машинаның түрін алып мініп жатыр, бірақ бұған дейін «машина бәйгеге қосыпты», «машинасы бәйге алыпты» дегенді естіген жоқпын. Сол ат арқылы аймақ көлемін, ел көлеміне, ат жүгіртіп, құс салған қазағы бар жерге әйгілі-бәйгілі болдық – дейді сексеннің сеңгіріне таяған қария.

Қадыбатыр Мұғалімұлының әйгілі Торытөбел жорғасы мен торы жүйрігі

Бәйгеге ат жаратып, жүйрік жетелеу – жігіттің ең мықты, ең пайдалысы деуге болады. Атты бәйгеге қосу керек. Ал ат баптағаннан кейін, оны жақсылап күтіп, күйін келтіріп қосу керек. Оған шабатын шабандоз бала да атқа сай, әдемі тәрбиелі, атты жан-жүрегімен сезіне алатын болуы шарт.

Бәйгеге ат дайындап, ат жаратқан бапкердің үй-іші, бала-шаға – әулеті түгелдей сол адамға көмекші болуы керек. Қарапайым ғана, атың бәйгеден келгеннен кейін «құтты болсын» айта келген ағайын-туысқа қабақ шытпай, алдына ақ дастарқанын жайып беретін жары болуы керек бәйге атын баптаған атбегінің. Халқымыз айтады ғой, «пиғылына береді» деп. Белдеуінде жүйрік ат байланған үйдің адамдарының да пиғылы дұрыс, көңілі ашық-жарқын болғаны ләзім. Сол кезде атың да жүйрік болады – дейді қарт бапкер.

Қазір ат баптағанды қойдым. 5-6 жыл болды. Қазір балаларыма, немерелеріме ақыл-кеңесімді айтып, бапкерлік жолда азды-көпті түйгенімді ортаға салып отырамын – дейді Қадыбатыр қарт.

Ат жетектеуге шамамыз бар кезде жорға жетелеп, жүйірік жүгірттік. Соның арқасында Баян-өлгей аймағынан шыққан алғашқы «Озат бапкер» атандым. Бапкерліктен бөлек қырық жылға жуық бүркіт салдым. Бүгінде жасым 76-ға келді. Жас келсе де, жақсы аттан қол үзе қойғаным жоқ. Немереммен бірге бір жүйрікті дайындап жүрміз. Кәрі көзім алдамаса, дәмелі ат болады ғой деген ойым бар. Жұлқынған жүйрік, жылжыған жорға ұстадым. Айта берсек ат жайлы әңгіме айға жалғасар, жылқы жайлы әңгіме жылға жалғасар. Менің бапкерлігіме, аттарымның жорға-жүйріктігіне халқым өзі бағасын беріп қойған. Әйгілі Торытөбел жорғамды, торы жүйрігімді алыс-жуықта танымайтын, білмейтін жан кемде-кем. Екеуі де өзімнің қолтума құлыным, моңғол жылқысының тұқымы – дейді ақсақал.

Торытөбел жорғаны тақымдаған Асқар Дәрібекұлы (бапкердің немересі)

Оның баптаған жорғасы Сақсайдың 60 жылдығы, Цэнгэлдің 80 жылдығы, Пұшықсары бабамыздың асы, Жәнәбілханның асы қатарлы іргелі ас-тойларда бірінші келді. Ал ауыл ішіндегі ірілі-ұсақты тойларда қанша рет ағалағанын санаған емес.

Атты баптап, бәйгеге қосқаннан кейін, міндетті түрде бірінші келеді немесе алғашқы орында келеді деп сенетінің белгілі. Алайда, бап шаба ма, бақ шаба ма деген бар. Бірде маңдайы жарылып бірінші келер, бірде сәл кінәраттан болып екінші-үшінші келер, бірақ қынжылмау керек. Ешкім ешкімнің бәйгесін тартып алмайды. Абай атамыздың «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың, еңбегіңмен екі жақтап» дейтіні бар емес пе?! Дәл сол секілді, өзіңе және атыңның бабына сенсең ғана нәтижеге жете аласың. Атты баптауда қанша тер төксең, аламанда атың да сонша тер төгеді. Халқымыз «ерінбеген етікші болады» дейді. Атбегілікте де ерінбеген ұтады. Терін алу, суыту, таң асыру, таңғы жайылымы деген секілді жұмыстарынан ерінбесең, атың да сол еңбегіңді ақтайды. Ат – адамның қызығы, қуанышы, «ер қанаты – ат» деген халқымыз соның бәрін білген. Ат – қызық, ат – қуаныш, ат – медеу. Қанша қартайып, ұл мен келіннің қолына қарап отырсам да, жақсы ат, қыран бүркіт десе әлі де орнымнан тұрып кетемін – дейді ақсақал.

Осы жерде Қадыбатыр қарияның ат-атағын шығарып, «Қадыбатырдың жорғасы» дегізген, атбегіні елге танытқан әйгілі Тортөбел жорға екенін айта кеткен жөн. Сондықтан, жорғаның бабы, жорғаның күтімі, жорғаға қойылатын талаптар туралы ойын сұрадық.

Жорға бірнеше түрге бөлінеді. Туғанда жорға болып туған, сазда немесе құмда туып, жастайынан жорға болған және есейе келе қолдан жорға шығарған жылқы. Мысалы туғанда жорға болып туған құлынды тәрбиелеп, баулып алу иесіне байланысты. Жорғасын жетілдіріп, танбай салуын қадағалап, су жорға етіп алу жақсы бапкердің міндеті десек болады. Туа жорға құлынды құнан-дөненінде бастықтырып, асаудан үйреткенде жорғасын шығарып, дамытып, бұзып алмай үйрету керек. Бірақ бұл жаста жиын-тойдағы бәйгеге қоспай, тек жетілдірумен ғана айналысқан дұрыс. Ал бестісінен бастап қысқа қашықтықтағы жеңіл-желпі тойларға қосып, бәсекелестікке үйреткен тиімді. Ал қыста жемнен үзбей, жылы жабулап, ақжілік болдырып семірткен дұрыс. Себебі жорға күшті жылқы. Күші мығым жылқының күйі де өзіне сай болғаны жақсы. Жорғаны баптау – жүйрікті баптаудан күрделі. Сайысқа қосатын жорға тоқ-жарау болғаны дұрыс. Бірақ қатты тоқ немесе қатты аш болмағаны да маңызды – дейді ол.

“Қадыбатырдың жорғасы” деп дүрілдеп тұрған кезі. Жетектеген Дәрібек Қадыбатырұлы

Қадыбатыр Мұғалімұлы жорғаны жүрісіне қатысты бірнеше түрге бөледі.

Қой жорға, шапқын жорға, түйе жорға, жол жорға болып бөлінеді. Қой жорға, жол жорға, түйе жорғада жылдамдық аз болады. Ал шапқын жорға аты айтып тұрғандай, шауып салатын, нағыз арысқа салуға болатын жылдамдық. Бір ғажабы жорғасынан танған жылқыны ұзаққа мініп, әбден болдыртып барып түзеуге, жорғасын қайта қалпына келтіруге болады. Жоғарыда да айттым, жорғаның қандай болмағы тәрбиесіне, бапкеріне тікелей байланысты. Асау жорғаны үйреткенде жорғасын бұзбай, жындандырмай, бабымен үйрету өте маңызды. Арысқа қосатын жорғаны жеңіл, жұқа тағамен тағалап, ер-тұрманын өзіне лайықтап, жеңіл ер салған дұрыс. Нақты ақпа жорғалар зар күйіне келгенде 55-60 мильге дейін шығарады. Міне, қарағым, менен әңгіме сұрасаң. Жалпы жастарға, соның ішінде қазақ жастарына айтарым, жылқыны жақсы көріңдер, ат баптап, бәйгеге ат қосыңдар. Сол кезде рухтарың көтеріліп, мәртебелерің өседі дегім келеді. Ат азаматқа абырой, алашқа айбын болады. Ат қосқан үзенгілестер, аттарыңыз бәйгелі, шабандоздарыңыз аман болсын! Басқа айтарым жоқ – дейді бапкер.

Ержан Жаубай,

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.