Көкпардан ел чемпионаты басталды

585

Алматы облысында көкпардан Жастар арасындағы Қазақстан Республикасының XIX Чемпионаты басталды. Ел біріншілігіне 13 команда, 156 спортшы қатысып жатыр.
Елімізде халықаралық, республикалық көлемдегі ойындардан бөлек, әр ауыл-аймақтарда да ай сайын көкпар ұйымдастырылып тұрады.
Үш күнге созылатын топтық кезеңдер аяқталып, чемпионат ашылуында келесі айналымға жолдама алған командалар сап түзеп салтанатты шеруге шықты.

Жастар чемпионатының ашылуында Республикалық Көкпар федерациясының президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, «RESPUBLICA» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров, Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек, Республикалық ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбек сөз сөйледі.

Республикалық Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров жыл сайын жастар арасында өтетін чемпионат ұлттық құрамаға іріктеу жарысы екенін атап өтті.

Бұл жерде келешекте ұлттық құрама сапына кіріп, ел намысын қорғайтын спортшылар бақ сынап жатыр. Көкпар осы жастардан басталады. Осы чемпионатта жүлделі орын алған командаларға ғана емес, әр жеңісі үшін ақшалай сыйлық береміз. Осылайша мың шақырым жол жүріп келетін жас көкпаршыларымызды ыңталандырғымыз келеді. Жүлде қорын да көбейттік. Жастар арасында бұрын-соңды мұндай жүлде қоры болмаған, – деді федерация президенті.

Жақында ғана федерация басшылығына келген Айдарбек Қожаназаров көкпарды дамыту үшін ойындар санын көбейтіп жатқанын айта кетті.

Жылына үш-төрт қана жарыс өткен соң жылқылар жаттықпай, шабандоздар тұрып қалады. Балуандарымыз көкпарда жүрсін деп сайыс санын көбейтіп жатырмыз. Қазақстан футбол лигасы сияқты көкпар лигасын ашып, клубтық жүйеге көшкіміз келеді. Әр өңір өз ішінен бір немесе бірнеше клуб ашып, сол клубтар арасында сайыстарды бастап кетсек дейміз. Сонда ғана сан да көбейеді, сапа да артады. Басқа елдің командаларына төтеп беретін деңгейге жетеміз. Көкпар спортының 70 пайызы аттың дайындығына және қаншалық көкпарға бейімделгеніне байланысты. Шабандоз қанша мықты болса да мықты атқа қарсы сайысу қиын. Сондықтан жаппай көкпардағыдай ат иелерінің де атын шығарғымыз келеді», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Көкпар спортының ардагері Дербіс Байділдаев жарыс алдында жұртшылыққа бата берді. Айдарбек Қожаназаров көкпар спортына көп жыл еңбек сіңірген қайраткерді құрметтеп, иығына шапан жапты.

Көкпар – қазақтың рухын оятатын, делебесін қоздыратын, қайсарлығын көрсететін бірден-бір атадан балаға мұра болып қалған ұлттық ойынымыз, құндылығымыз, асыл мұрамыз. Осындай жоғары деңгейде ұмымдастыруға атсалысқан Республикалық Көкпар федерациясына, Алматы облысының әкімдігіне, бас қасында жүрген азаматтарға алғыс айтамыз. Ұлттық құндылығымызды дамыту әрқайсымыздың міндетіміз, парызымыз. Көкпаршылар үйлеріне жарақатсыз, жеңіспен оралсын деп тілеймін, – деді Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек.

Республикалық ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбек Чемпионатта сынға түсіп жатқан жас көкпаршылар арасынан Қазақстан атын шығарып, мәртесебін көтеретін шабандоздар шығады деп сенеді.

Былтыр Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы көкпардан чемпион атанды. Келер жылы Қырғызстанда өтетін дүбірлі додада да жеңіске жетеміз деп ойлаймын. Заңға өзгерістер еніп, ұлттық спортымыз олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілді. Сол себепті елімізде ұлттық спортқа, оның ішінде көкпарға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Ал бұл жарыста ат сүрінбей, шабандоздар жығылмай, ең мықты деген команда жеңіске жетеді деп сенемін, – деді ол.

Көкпардан жастар арасындағы Чемпионаттың жүлде қоры – 12 млн 350 мың теңге. Әр ойында жеңіске жеткен командаларға айналымдағы орнына сай ақша беріледі. Финалда жеңген команда 1 млн теңгеге ие болады. Сондай-ақ, «Үздік шабуылшы ат», «Үздік ат», «Үздік жекпе-жек ат», «Үздік ойыншы» аталымы бойынша әрқайсына 300 мың теңге сыйақы тағайындалады.

Көкпар – жігіт пен жылқының ғана емес, рух пен намыстың, бірлік пен батырлық сыналатын алаң. Жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар, жылқының қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.