Салкүрең аттың қайғылы баяны

(Басы мына жерде)
89-дың маусымының басы-тын. Үстірт үстінде дәстүрлі, бәлкім, Маңғыстаудағы ең соңғы шопандар тойы өтті.
Ол кезде ондай той елдің үлкен мерекесі. Небір алкеуде кеу-кеу де, желкеуде беу-беу де, өкінішті бәй-бәй да, толқынысты бебеу мен опынысты бабау да сол жерде!
Межелі уақытта Құттықия аудандық газетінің ақ «Нивасымен» думанды орда, дулы жұртқа біз де жеттік. Мұндай тойдың ең қызығы – аламан бәйгі. Жан-жақтан келген жүйрік көп. Дәмелі деген, бұрын аты шыққан, соңғы кезде дәрпі біліне бастаған талай атты көзімізден өткіздік. Бәрі де шекелей қарап, сейдін басып – қызықшыл жұртты ару көргендей тамсантып өтіп жатыр. Аттар сөреге тұрғанда бір-ақ көрдік: арасында Салкүрең ат та бар болып шықты! Құлын мүсінімен құлан-құтаяқ ойнап көпшіліктің алдынан өтті. Ел: «Салкүрең қартайып, шабыстан қалыпты. Нәйім союға қимай ауыл арасына мініп жүр екен» десетін. Сонымен, қызыл жалау жалп еткенде аттар да жөңкіп жөнелді. Беу-беу, жалған, Салкүрең ат баяғы менің балалық шағымдағыдай-ақ лезде күрең жалынға айналып, тұмшалаған шаңнан шығына қашып, маңдайы жарқырап, шарай топтан шығай маңып, салғаннан сурылып шыға берді! Дуылдаған әлеумет: «Салкүрең кетті! Уай, Салкүрең ат кетті! Пай, жануар-ай!» десіп ішкі толқындарын жасыра алмай жатыр. Жануар сол екпінімен үш айналым бойына дара самғады. Шыққыр көз көріп тұр, төртіншіге өте бергенде тізесі бір-екі рет бүгіліп барып түзелді. Жүрегім шым ете түсті. Төрбасына барғанда сол көрініс тағы қайталанды. Алайда қайран қасқа бесінші айлауға да жекедара өтті. Бірақ артындағы аттар ара қашықтықты жақындатып, тықсыра бастағаны байқалды. Ұзамай бір қараторы ат құйрық тістесті. Енді Салкүрең ат басын мінер жақ топшысына тығып алып тістеніп, ытырына шапты. Буынды алған кәрілігі түскірдің әбден меңдегені аян еді. Торы атқа жеткізбеймін деп намыстан жарылардай болған тұлпар екі-үш рет буынына ие бола алмай бүгіле сүрініп, тұмсығымен жер тіреп барып тікейді. Сол ышқыныспен бәйгі-шеңбердің төрбасынан айнала берді. Құйрық тістесіп келе жатқан ат үзеңгі қағысты. Салкүрең ат сонда да ырық бермей жанталаса жағаласты. Уақыттың шеңбері одан теріс айналып кеткен сәт-тін. Ар жағында қапталдасып келе жатқан қараторы аттың басы оза бастаған. Осына көрнеу қиянат санасына, мүмкін қанасына сыймаған бейшара қасқа шыңғыра кісінеп барып шөкелей жығылып, сол күйі жер тістеген қалпы қимылсыз қатты да қалды!.. Тұсынан тобышағы да, топырышы да топырлай өтіп жатты шаңы мен тезегін төбесіне қабат бүркіп…
Ат жығылғанда басынан асып ұшып кеткен бәйгі-бала «қатынөрме» қамшысы шолтаңдап әрі-бері тізгінін тартқылап әлектенгенмен ат селт етпеді.
Көпшілік аттың бір жанды мүшесі үзіліп кетті деп пайымдаған, ал ол болса мынау бейбақ хәліне, бейуақ күйіне қорланып, елден де, нәсілдес қылқұйрықтардан да ұялып, кірерге жердің тесігін таппай жатыр еді! Мен оның осы хәлін анық сезіндім. Жан уә діліммен қабылдадым! Ішімді өксікті ыза кернеді. Өйткені әрбір өткен ұлы жіңгір аламанға елдің бәрі мен құсап: «Салкүрең аттың тағы бір озғанын көрейік» деп бармайтын, көбі: «Шіркін-ай, осы жолы қала қойса екен! Жалғыз қазық жолықса етті!..» деп баратын. Мен мұндай көрдемше пиғыл жермешелдікке талай-талай куә болғанмын. Сөйтсем, бұл – озғанды күндейтін, тозғанды жүндейтін кербаққан кесір тобырдың бұлжымас қағидасы екен ғой…
Ең соңғы «тезек теріп» барлыққан ат қасынан шоқытып өтіп болғанда Салкүрең ат орнынан қарғып тұрды да елге қарап азынай кісінеді. «Ал көрдіңдер ме? Мені жершөкелете жығып барша мұраттарыңа жеттіңдер ме?! Осынша жылдар бойына осынау өлі қыр – Сарыарқаңды дүбірлетіп көзқуаныштарың, өлі діл – жонарқаңды дуылдатып жанжұбаныштарың болғанымда, бар мақсұттарың – мені бір сүріндіру, қалдыру, мұқату, жығу еді. Міне, көз алдарыңда он рет сүрініп, жүз рет бүгіліп барып, бір рет жығылдым. Жықтыңдар, ұттыңдар! Түбі бір ұтатындарыңды, ақыры бір жығатындарыңды баяғыда білгенмін, содан да табаларыңа қалмайын деп, алдыма қара салмай ылғи дара келуші ем. Алайда көзімді ірің алған, буынымды сарысу буған кәрілікке қылар айлам болмады. «Нәпсісін ылайға суарған», әр жиынның алдында «Құдай» деп сөйле» деген жанашыр жұртқа: «Құдайыңның керегі жоқ, бәйгіден Қасқа ат келеді!» деп дәйім асылық сөйлейтін әйлеңкес-әскөс ием уақыттың да озарын, бақыттың да тозарын қайдан бағамдасын?! Жүлдеге қызығып, атаққа қызып тағы бір «бағымды сынап» көрмек болды. Сөйтіп біржолата сағымды сындырып, сорымды қайнатып тынды. Ол өйтпесе, бағы жүрген, аты озған дәуренінің өзінде дүйім жұрттың аузында «делқұлы» атанып жүрер ме еді?!.
Әттең, сонау зар күйімде, дер шағымда сансыз аттың алдында андыздай шауып, жұлдыздай ағып келе жатып жұлыным үзіліп кетсе, арманым болар ма еді?! Ай көрінген іңіртте аққан шағырмақ жұлдызды көрдіңдер ғой талай, бірақ оған назар салғандарың, ай, аз шығар? Сол тағдыр еді көксегенім… Енді айыздарың қанды ма? Кеудеңдегі қарау пиғыл тұмшалап аласұрған, ылғи «арам қан айналған» күншіл жүректерің байыз тапты ма? Тезегіммен жасты тай-топырдың шаңына көміп, аяғының астына тастадыңдар, енді де мүйіздерің қарағайдай болмас па екен?!»
Салкүрең ат маңдайы жарқырап азынап тұрып дүйім көпке осыны айтты, жарысы мен шабысы бітіп болмайтын алақұйын пейіл, алапес көңіл адамдарға наласын төкті. Ол сөйтіп сан жылдар самсаған жұрттың қалғыған әруағын оятып, арқасын қоздырған дүбірлі думан – дырау шабысымен біржола қоштасты. Бірақ оны ұққандар болды ма екен мынау алақаудан жұрттың ішінде? Әй, қайдам? Оны ұғар болса, бұл жұрт әлдеқашан қарқәлләзи қазаққа айналар еді ғой…
Ешкімнен бап та, бақ та тілемеген, дәйім өзін өзі жаратып, күндіз күлте кекілін самалға таратып, түнде білте-көзін айға жалатып, шығай маңып, шығына шауып өткен есіл жүйрік жүзін ары бұрды – тусырап жатқан құла дала-құба дүзге қарай құйынға айналып шаба жөнелді. Соңынан тыпырлақ «Сұркөжегімен» Нәйім шауып бара жатты тыртаңдап… Бір аңсағай бойлы қарияның: «Ай, жүлде қаққыр Нәйім, қорладың-ау Қамбар-Атаның түлігін!..» деп қаһарланып тұрғанын көрдім.
Мен, сөйтіп со-онау, 73-тің тау сүйегі балқыған, жер үйегі аңқыған майсаң мамырында жүздеген жүйріктің алдында жалғыз келген күрең қасқа бестінің ілкі шабысына куә болғам. Кейін де талай мәрте бәйгілі сәнін көргенмін. Енді, міне, оның жасы жиырмадан асқандағы ақырғы қайғылы шағын, зайғылы шаңын көріп тұрмын…
Ойыма тарланбоз Тәкеннің «Ақбоз аты» мен «Қош бол, Абсенті», қаламдоз Әбіштің «Бәйгеторысы», шаған-боз Мағауиннің «Нарқызылы» оралды. Баяғы, тағдыр айдап Кенесары ханның інісі Ер Наурызбайдың тақымына тап болатын бабық Мыңбай батырдың Құбақаны, Балуанияз батырдың түркпендерден қашып құтылып, иесі өлген төбеге жетіп мерт болған Нарқұласы, ұлы тәргіде Ресейден қашып келіп, түпиесі Жұбанның моласына басын сүйеп өлген Шам-Талпақтың Қайғылыкері жадыма түсті. «Япырмай, сонда, шеген бұзған, шеннен озған күллі жүйріктің маңдайына осындай өксік жұтып, өкінішпен өтер тағдыр ғана жазылған ба?» деген өттей ащы сауал өзегімді қапты. Айналамда ой бөлісер адам болмады ма, шарасыз ішіме жұттым. Көңілім нілдей бұзылып, елге қайтуға асықтым…
Ол тойдан кейін де «аламан басын құрлатқан» сан дүбір өтті бұл далада. «Наша шеккен», «ине тыққан» «иномарка» аттар майқандады өр мен төрді. Бір қызығы, бұрынғы ас-тойлардан соң – айдан өтер сән-ғұрып, жылға жетер жаңғырық, небір ажары қашпас қызу кеп, қызық әңгімелер тарап жататын, ал кейінгінің той-топырларының соңында ауызға ілінерлік ештеңе қалып жарымайды. Ескі Көзі құрыған елдің Есті Сөзі болушы ма ед?! Тілінің дуасы, ділінің куәсі жоқ есірік тобырдың желкөбік бәдіктері кімге дәрі?! Бітімәттан-жіттімәт, қызығы да, кеу-кеуі де алатопалаң шаңмен бірге тарап кететіне куә болдық. «Той көрмесе тұра алмай» алағызып тұратын жел-көңілімнің сәні көшті, Баба-Қызықтың мәні қашты. Жиынды жерге жоламайтын, құйынды белге мойын бұрмайтын әдет таптық…
Әрине менің баяғы – Саназардың құлантүкті «Тілтаңбалы күреңі», Қожаназардың «Қанаттықарасы», Сүйінғараның суынтекті «Сарғасқасы», Ер Төлептің тарпаңтепкі Нарқұла аттары, байбоз-айдананың «Көгелек» тұлпары сынды пырақтарды, кейінгі Үшқиянның елінде – түс-қиялдың шегінде көктастан шығып, көкаспанға шағылысқан жаңғырықтай даңқы қалған: жаманғара Исаның «Жағалы», дәулеталы-жары Сарқұлдың «Сарыалтыны», базар-жары Қосжанның «Тасжирені», бөкен-жеменей Қазидың «Тасжирені», жетімек-жары Жұмағазының «Құсжетпесі», жанақ Тауасардың Ақбиесі, шонты-жаңай Барақаттың Көкбайталы, құдайберген-жары Құлбаланың Сарыайғыры сықылды, яки арттарында шаң-із емес, Аңызы қалған Көкмойнақ тұлпарларды көксеуім әнтек шығар, бірақ көзім көре қалған «Заузаторыат», Салкүреңдерді аңсауым заңдылық. Әттең, советтік отарлық кезең көкмойнақтарға көп қиянат қылды. Басқа қысастықтарын айтпағанда, «жылқы тұқымын асылдандырамыз» деген желеумен еттік мақсатта, әрқайсысы бір «Волгамен» құндас кілең бір мәңкі-бас мәстектерді әкеліп үйірге салды. Ал ол тексіздер аңқа-көкірек байталдарымызға маңқа-текірек кеудесін артты. Сөйтіп кешегі иегін Айға сүйеген, тұяғын безқара тасқа малған жел жетпес қылқұйрықтардың жұртында еңсесі астаудан аспас томарбас шобырлар жайылды. Әрине «Көкмойнақтың үйірін» сақтап қалу үшін небір жанкешті әрекеттер де жасалды. Оның бәрі – есебін ешкім білмес, есесін ешкім қайтармас Ерлік пен Еңбек еді. Соның арқасында өз төлдерімізден де небір шаңды жүйріктер шықты. Бірақ он бес жыл бойы еш қылқұйрықты өзіне деңгел көрмей, тең тұтпай өткен Салкүрең аттай даңды жүйрік одан кейін әлі тарғыл қырдың төсіне келген жоқ. Ол соңғы рет аза-кісінеспен құйынға айналып сіңіп кеткен анау атақоныс үстірттің тұлдыр кеңістік, құрдым көкжиегінен сілекейлі бұлдыр сағым мен кіреукелі селдір шаң ғана көзге шалынады…
ЕСКЕРТУ: жоғарыдағы һікая-баяндардағы көптеген адам есімдері, жүйріктердің аттары, жер атаулары белгілі себептермен сәл өзгертіліп алынды.
Светқали Нұржан
13.04. – 02.05.25 ж.
Көздіойық қонысы
Маңғыстау уәлаяты.
Argymaq.kz



