Ағаш шебері: Күбі жасау – бабамнан қалған кәсіп

612

Бүгінде қымыз ішетін, ат мінетін қазақтың саны артып келеді. Ұлт санасының қай деңгейге түскенін осыдан білерсіз, ат мініп, қымыз ішетін қазақтың көбейгеніне қуанатын болдық.

Ал қымыз десе тайжүзген саба, күрпілдеген күбі еске түседі. Соңғы кезде баяғыдай тері илеп, қайыстан саба өретін өрмеші жоқ, көбі күбіде көпіршітіп қымыз піседі. Әрі баяғыдай көшпелі тірлік те жоқ, тері сабаны жинап жүкке қоса салатын. Ағаш күбі отырықшы елге де ыңғайлы.

Сонымен бүгінгі әңгімеміз күбінің пайдасы, қалай жасалып, ағашын қалай дайындайтыны туралы, күбіге піскен қымыздың ерекшелігі мен күбіні ыстау туралы болмақ. Сөзіміз жалаң болмас үшін жылқы бағып, бие сауып, қымыз ашытатын елге ағаш шебері, күбі жасаушы маман ретінде танылған Дәулет Бегімбетовті әңгімеге тартқан едік.

– Дәуке, әңгімеміздің әлқиссасын қымыз ұстаудағы күбінің ерекшелігінен бастасақ?

– Жақсы. Білгенімізді ортаға салайық. Халқымыз көшпенді тірлік кешкеннен кейін барлық дүниесін соған бейімдеген. Күбі де сол көшпенді өмірдің бір бөлшегі. Әр қазақ өзі мекен еткен жердің табиғатына, орман-тоғайына бейімделген. Сол өзі мекен еткен жердің ағашымен күбі жасаса, өзі мекен еткен жердің жеміс-жидегімен, тобылғы-тораңғысымен, арша-шыршасымен күбіні ыстайтын болған. Әрине, сөз ләмімен айтып жатқаным ғой, әйтпесе, қымызды кез келген ағаштың немесе кез келген шөптің түтінімен ыстамаған. Қымызға тамаша дәм беріп, хош иіс шығаратын ағаштармен, өсімдіктермен ыстаған. Кей ағашта кермек, кей ағашта қышқыл, кей ағашта тұщы дәм болған. Ол қымыздың табиғи дәмімен араласқанда керемет үйлесім табады. Соны бабаларымыз білген.

Оның сыртында, күбіні ысқа ұстап тұру уақыты да әртүрлі болған. Кей ағаштың түтініне ұзағырақ ұсталса, кей өсімдіктің түтініне аз ұстасаңыз да жеткілікті. Ал жалпы күбіні ыстаудың басты мақсаты – ішіндегі түрлі микробтарды жойып, дезинфекция жасау деуге болады. Рет-ретімен айтар болсам, әуелі күбіні майлайды: кей өңірлер қаймақпен, кей жерлерде қолдың сарымайымен, кей өңірде қойдың құйрық майымен майлайды. Майлаған кезде күбідегі ағаштың табиғи иісі мен ағаштарды біріктірген желімнің иіс-қоңысы кетеді. Содан кейін күбіні ыстайды.

– Осы жерде күбі ыстайтын өсімдік, ағаштар туралы айта кетсеңіз?

– Иә, жаңа жоғарыда да айттым, еліміздің әр өңірінде әр түрлі өсімдікпен ыстайды. Мысалы біздің Алматы облысы маңында көбінде тобылғымен, қарағайдың бүрімен ыстайды. Тау аршасының бұтақтары да қымызға қосымша жақсы дәм береді. Сабанмен ыстайтындар да бар екен. Ал Шымкент жақ – оңтүстік өңірі көбінде киікоты деген шөппен ыстайды. Петропавл, Павлодар, Көкшетау өңірі көбінде қайыңның қабығымен, қайыңның тамырымен ыстайды. Ақтау, Маңғыстау өңірінде құртқашаш деген шөп өседі, көбінде сонымен ыстайды. Ал жалпы елімізде негізінен, орталық, батыс өңірлерде қымызды ащы қылмайтын, жақсы дәм беретін тобылғымен ыстайды. Ысталған қымызға дәруменге бай бал, мейіз, қазы, жал, құйрық май және тағы басқа заттар қосуға болады.

– Қымызды ыстаған дұрыс емес дейтіндер де бар. Оларға не айтасыз?

– Иә, ел іші болған соң түрлі пікірлер болып тұрады. Әсіресе «ысталған қымыз өкпеге зиян, ішкенде күйік татып тұрады» дейтіндер көп. Әсіресе Атырау, Маңғыстау өңірі ысталған қымыз ішуді енді-енді үйреніп келеді. Бұл дұрыс емес. Бабаларымыз білмегендіктен ыстап ішті дейсіз бе? Нағыз таза қымыз – ысталған қымыз десек қателеспейміз. Аталарымыз ыстау арқылы қымыздың дәмін келтіріп, баптап отырған. Әрі ысталған қымызды ұзақ уақыт сақтауға болады.

Мысалға көп адам қымыздың бетінде жүрген қара майды ішпейді. Одан жиіркенудің немесе сескенудің керегі жоқ. Күбіні әуелі қаймақпен не маймен майлаған соң, оны ыстайды ғой. Жаңағы майлағанда жаққан майға ыс тоқтайды, қарайып. Енді күбіге қымыз құйып, оны піспекпен піскен уақытта сол ыс тоқтаған май қымыздың бетіне шығады. Қымызды құйғанда бетінде жүретін қарайған торғайбас май – сол. Қымыз сонысымен дәмді, бағалы.

Қадырбек ақсақал (Кәсіп түбі – нәсіп)

– Рахмет, күбіні ыстау туралы түсінікті айттыңыз. Енді әңгімені күбі жасауға қарай бұрсақ. Қай кезде бастадыңыз?

– Бұл бабадан қалған кәсіп десем болады. Үлкен атам зергер болған. Өз атам ұсталыққа жақын, ағаш шебері болды. Қолы месекерлі, үй салып, ағаш шапқан адам екен. Сол атама көмектесе жүріп, бұл өнерді әкем меңгерген. Атам бертінге дейін, жасы егделесе де жасаған бұйымдарын базарларға өзі апарып сатып жүрді. Қартайған соң жұмысын тоқтатып, үйдегі шеберхананы әкеме өткізіп берді. «Бұл кәсіпті тастама. Өзіңнен кейін балаларың жалғастыратын болсын. Қандай қызмет істесең де, осы сенің ата кәсібің, нан тауып жейтін бір өнерің болады» – деген екен әкеме.

Дәулеттің әкесі Қадырбек пен атасы  Тұрсынжан (күбі пісетін станоктің алғашқы нұсқасын жасаған сәт)

– Бір сөзбен айтқанда, шеберлер әулетінің ата кәсібі деуге болады екен ғой. Әкеңіздің мамандығы кім еді?

– Иә, ата кәсібіміз деуге толық негіз бар. Әкем өзі электрик болса да, тапсырыс түскен кезде ағаштан жасалатын кез келген затты өз шеберханасында жасап беретін. Ауыл адамдары да түрлі тапсырыс беріп тұратын.

– Ал өзіңіз қалай келдіңіз бұл кәсіпке?

– Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді ғой. Мен де кішкентайымнан атама, әкеме көмектесе жүріп, осы кәсіптің құлағын ұстадым. Біраз жыл әртүрлі мамандықтарда жұмыс істеп көрдім. Ал 2012-2013 жылдан бастап әкеммен бірге күбі жасауға толық бетбұрдық. Тапсырыс берушілер көбейді.

– Алғаш өзіңіз тапсырыс алып, жасаған күбіңіз есіңізде ме?

– Әрине, есімде. Әкеме бір кісі күбі жасап беруге тапсырыс беріпті. Соны жеткізіп берейін деп, көтеріп бара жатсам, ауыл ішінде мені бір кісі тоқтатты. Өскемен жақтың адамы екен. Сол жерде «Күбіні өзің жасадың ба?» деді. «Иә» деп едім, «ендеше маған да бір күбі жасап бер» деп, сол жерде тапсырыс берді. Сол кісіге жасап бергеннен кейін аз-аздап жарнамалай бастадым. Тапсырыс та тұрақты келетін болды. Қарағандыдан, Атырау, Ақтаудан, жалпы елдің барлық өңірінен тапсырыстар түсе бастады. Өздері арнайы тапсырыс беретін, осындай литрде, осындай формада болса дейтіндер пайда болды. Содан кейін басқа шаруаны жинап қойып, 2013 жылдан бастап күбі жасауға түбегейлі бетбұрдым.

– Күбі жасайтын ағашты қайдан аласыз, қалай дайындайсыз?

– Дәл қазір біз күбіні емен, қарағай, қайың секілді үш түрлі ағаштан жасаймыз. Кейде тапсырыс берушінің талғамына сай басқа да ағаш түрлерінен жасаған кезіміз болды. Бірақ тұрақты осы үш ағаш. Әр ағаштың өзіндік ерекшелігі, қымызға беретін дәмі болады. Бір жолы бір азамат алма ағашынан күбі жасап беруімді сұрады. Жасап берген едім, «қымызы өте тәтті болады екен» деді сол тапсырыс берген адам.

Бастапқыда тек қарағайдан ғана жасайтынбыз. Себебі біз үшін ең қолжетімді, ең тез табылатын ағаш – сол қарағай еді. Кейін тұтынушылардың, тапсырыс берушілердің талабына сай қайыңнан жасауды қолға алдық. Бірақ, елімізде қайың көп болса да, күбі жасауға жарайтын қайыңды табу, оны сатып алу оңай емес. Бірақ қайыңнан жасауды бастағалы, сұраныс бұрынғыдан да арта бастады.

– Шетелден тапсырыс келе ме?

– Келіп тұрады. Мысалы осы жылдар ішінде АҚШ-қа екі күбі жібердік. Грузиядан, Қырғызстаннан, Ресейден, Башқұртстаннан тапсырыс беретіндер бар. Шетелден тапсырыс келе бастағанда еменнен жасауды қолға алдық. Емен өте мықты ағаш, қымбат материал. Елімізде көп жерде өсе бермейді. Тек Алматы маңында өседі. Оны арнайы рұқсаты бар, ағашпен айналысатын адамдардан сатып аламыз.

– Күбі пісетін станокты да өздеріңіз жасап бересіздер ме?

– Иә, тапсырысқа қарай, өзіміз жасап береміз. Оны жасаудың да өзіндік ережелері бар. Қазір баяғыдай сағаттап қымыз пісіп отыратын адам жоқ. Одан қалса, қымыз пісетін тұрақты бір адам болуы керек. Өзің піссең қолыңды ұстайды, басқа жұмысыңды тоқтатып қоюың керек. Күбіге тапсырыс беретін кісілер «мүмкіндік болса, токқа қосып пісетін станогын да ойластырып көрсеңіздер» деді. Сонымен күбі пісетін станок жасау мәселесін қолға алдық. Әкем электрик – техникадан хабары бар. 3-4 ай уақытымыз кетті. Қалай жасауға болады, қалай ыңғайлы, қалай тиімді деген мәселенің барлығын ойластырдық. Сонымен төрт ай дегенде жеке бір ғана күбі пісетін, екі-үш күбіні қатар пісетін стандоктарды жасап шығардық. Бұл біз үшін өте жақсы болды. Күбі мен станогына қатар тапсырыс беріп, кәсібіміз қыза түсті.

– Бір күбіні жасауға қанша уақыт кетеді?

– Күбі 15 литрліктен бастап, 150 литрлік күбіге дейін жасалады. Жаңа жоғарыда күбіні үш түрлі ағаштан жасайтынымызды айттым ғой. Соның ішінде қарағай өте жұмсақ. Сонысына сай тезірек жасауға болады. Әрине, қандай ағаштан жасасаңыз да күбінің жұмысы оңай емес. Бірақ соның ішінде қарағай шамалы жеңілдеу. Десе де күбінің көлеміне де байланысты. 15-20 литрлік күбіні тез жасап тастасаң, 100-150 литрлік үлкен күбіні жасау біраз уақыт алады. Емен мен қайыңның қаттылығы бар дегендей. Қалай десек те, ағашы дайын болса, яғни кепкен ағаш болса, бас-аяғын кесіп-пішіп, бір күбіні жасап шығуға 2-3 апта уақыт кетуі мүмкін.

Қадырбек ақсақал өзі жасаған күбілерін өзі сататын

– Өзіңізбен бірге қанша адам айланысады бұл кәсіппен?

– Өзім 4-5 жігітті жұмыспен қамтып отырмын. Олар да бүгінде күбі жасаудың қыр-сырын меңгерді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Осы орайда Дәулет Бегімбетовтің қолынан шыққан күбіге тапсырыс беруге болады.

Күбіге 1 жыл гарантия жүреді. Тоқпен күбі пісетін механизмын жасаймыз. Алматы облысы, Талғар қаласындамыз. Қазақстан бойынша поезд, Камаз, ин драйвер, автобус, почтамен жібереаламыз, алматыдан жеткен жол ақшасын төлеп аласыздар. Осы уақытқа дейін Қазақстанның барлық қалаларына жіберуден басқа, Америка, Ресей, Қырғызстан, Грузия, Татарстан елдеріне де жібердік.

Инстаграм: instagram.com

tiktok.com

Барлық сұрақ бойынша WhatsApp-қа хабарласыңыз: https://Wa.me/77058060100

Ержан Жаубай,

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.