Елімізде жылқы саны 5 млн-ға таяды

2025 жылғы 1 мамырдағы дерек бойынша елімізде 4 млн 804 мың 852 жылқы саналған*.
Жылқы саны бойынша алдынғы үштікте Түркістан, Абай және Қарағанды облыстары тұр. Елімізді жеміс-жидекпен, мақтамен қамтамасыз етіп отырған Түркістан облысы жылқы саны бойынша да алдынғы орынды бермей тұр. Биыл оңтүстік жұрты 504 мың 810 жылқы санатқан. Ал екінші орында тұрған Абай облысы биыл 456 мың 492 жылқы санап берген. Бір кездегі Шығыс Қазақстан облысынан бөлінген облыс болса да, негізінде жылқылы өңір, санаулы жылдың ішінде алғашқы үштікке кірді. Үздік үштікті түйіндеген Қарағанды облысы да Ұлытауға еншісін бергенде жылқы саны сәл азайса да, қайта қалпына тез келді. Биыл қара алтынның мекенінде 449 мың 048 жылқы саналған.
Ал биыл туған құлын саны бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұр. 94 мың құлын санатқан қарағандылықтар әр 100 биеден 53 құлын алған. Мұнда да екінші орында Абай облысы тұр. 88 мың құлын саналған. Жидебай даласында әр 100 биеден 43 құлыннан алған. Бұл жолы үздік үштікті Алматы облысы түйіндепті. Жетісу жерінде әр 100 биеден 54 құлын алған. 61 мың құлын санатқан жетісулықтар 100 биеден алынатын төл саны бойынша көшбасшы.
2024 жылмен салыстырғанда жылқы шығыны да аз. Өткен жылы осы уақытта еліміз бойынша 5371 жылқы шығын болса, бұл көрсеткіш биыл үш есеге жуық қысқарған. Яғни биыл елде 1900 жылқы өлген. Жылқы шығыны бойынша Ақмола облысы көш бастап тұрса, жылқының өлім-жітімін барынша азайтқан өңір – Ақтөбе облысы деуге болады. Салыстырмалы түрде өткен жылы Ақтөбеде 1800-ден астам жылқы шығынға ұшыраса, биыл 200-ден астам жылқы арам өлген. Керісінше былтырға қарағанда биыл Жетісу облысында жылқы шығыны көп болыпты.
*Деректер Ұлттық статистика агенттігінің ресми сайтынан алынды.
Argymaq.kz