Құнанбайдың қайын атасы Ағанас биден ат алуы

Өскенбай Құнанбайды он тоғыз жасында үйлендіріп, өзі отырған тасқораның күн шығыс жағындағы кезең астындағы сайдың алдына қондырады. Өскенбай өзіне біткен отыз шақты жылқысының он екісін Құнанбайдың еншісіне береді. Басқа мал Өскенбайда аз болады.
Құнанбай енші алған жылы қыс өте қатты болып, жылқы ерте март айында қолға келіп, сол жылқыларын Құнанбай жаяу бағады. Ол кезде Тобықты Шыңғыс ішіне жаңа орналасып, басқа Найман, Керей, Арғын, Уақ сияқты елдерді Шыңғыстан зорға дегенде қуып, жауласып, барымталасып тұрған кезі. Көбінесе, Тобықты Найманмен жиі шабыса беретін болған.
Оның негізгі себебі: Шыңғыс тауын, Арқаның қалмақ иемденіп қалған басқа да жерін қалмақтан босатып алғаннан кейін, ақтабан шұбырындыда Мұғаджар тауына ауып кеткен Тобықты руы көп уақытқа дейін ата-қоныс Шыңғысқа келе алмай жүргенде Шыңғыстың қалың ішіне Найман кіріп орналасып алады. Сыртын Керей иемденеді, бауырын Уақ иемденіп, Шаған өзенінің бойын Арғын алып қояды. Сөйтіп, Тобықты Шыңғысқа келген кезде Шыңғыс бос болмай, жоғарғы айтылған төрт ру елмен алысып, жерін қайта алуға тура келеді. Әрине, орналасып, бауыр басып қалған ел жерді жанжалсыз, ұрыссыз бере қоймайды. Олармен алысып, тартысып-дауласу – Кеңгірбайдың үлесіне тиеді. Сөйтіп аяғында Тобықты өзінің ата-қонысы Шыңғысты қан төгіс, жанжал, ұрыс, шабыс арқасында басқа елден босатып алады. Бірақ, шабыс, барымта, жанжал басылмайды. Сондықтан, басқа елдің шабындысынан құтылуға, малын, жерін қорғауға сайысқа түсетін, жаудан қорғайтын елге батыр керек.
Енді Құнанбай елін басқа жаудан қорғайтын ел қорғаны болуды, батырлықты аңсайды. Ер жігіттің қанаты ат, ерге аты сай болу керек. Бірақ Құнанбайда жауға мініп шабарлық ат жоқ. Оған қуса жететін, қашса құтылатын ерге серік ат керек. Ол енді Өскенбайдың үйінде отырған жоқ, бөлек үй, шаңырақ иесі болды. Елге жау тисе, қалай шаппай отыра алады? Елі үшін еңіреп туған ер ел жауымен шайқаспай қалай отыра алады?
Құнанбайдың ойына төңірекке атағы жайылған, алдына ат салмаған, өзінің атасы Ағанас бидің әйгілі тор шолақ аты түседі. Мен енші алып, бөлек отау болғанымды айтып, атамнан тор шолақ атты қалап сұрайын деп ойлайды. Осы оймен Құнанбай аяқ артуға жарайтын қызыл бестіге мініп, жолға екі қонып, Ағанас бидікіне келеді. Ағанас амандықты сұрап, еншіге 12 жылқы алғанын естіп:
– Саған би бар жылқысын беріпті ғой. Өскенбайдың дәулеті маған белгілі ғой. Мал үлкен үйде болғаны жақсы емес пе, сен жоқ болсаң, онан аласың, ал үлкен үйде мал жоқ болса ол сенен ала ала ма? – дейді.
Екі күннен соң Құнанбай қайтпақ болады. Ағанас ертеңгі асты ішкен соң, бәйбішесі мен бас жылқышысын шақырып алып:
– Мына Құнанбай енші алып, бөлек отау болып шығыпты. Қазір он бес құлындайтын биесімен, бір айғыр үйірін және Күңке мен екеуі мінетін екі жақсы ат алғызып беріңдер, айдап қайтсын. Ел жайлауға шыққанда жүз қой, үйлерін артатын алты түйе алып кетер. Ал, енді өзіңнің қалаған-сұрағаның бар ма? – дейді. Құнанбай:
– Мен басқа мал алмаймын, Торшолақ атты қалап келдім, – дегенде Ағанас би: – Мен Торшолақ атты бермеймін, одан басқа не қаласаң соны ал,- дейді. Құнанбай:
– Мен басқа ештеме қалап келгем жоқ, – деп киіне бастағанда, Ағанастың бәйбішесі:
– Би, ол іші боқ, сырты түк бір қара емес пе? Балаңыздан тор атты несін аядыңыз? – дейді. Ағанас:
– Мен бұдан ат аяп отырғаным жоқ. Өзін аяп отырмын. Қазір Тобықты басқа елмен жауласып отыр. Еліне жау шапса, бұл жауға, аттанға шаппай отыра ала ма? Бұл жауға шапса, осы торы атпен шабады. Қара көрсе тоқтамайтын ат оны алып жауға кіреді, не мұның бейнетіне, не ажалына себеп болады. Сондықтан, бұған торы атты бере алмаймын. Басқа не аламын десе де қолын қақпаймын, – деп тысқа шығады. Құнанбай да тысқа шығып, енесінің берген екі қоржын басы сәлемдемесін бөктеріп атына мінеді. Енесі көзіне жас іркіп, Құнанбайдың маңдайынан иіскеп, сүйіп, амандасып, сәлем айтып қала береді.
Құнанбай кезең аса бергенде артынан шақырған дауыс естіп қараса жылқышы қолын бұлғап тұр екен. Қайта келгенде Ағанас:
– Сені жақсы бола ма деуші едім. Сен жаман екенсің ғой. Бір тайды бермеді деп мойның түсіп кеткені қалай? Мен сенен бір тайды аяғаным жоқ дедім ғой. Енді маған сертпен торшолақ атты беремін. Топқа би мінсін, өзің ауыл арасына көкпарға, тойға мін. Бәйгеге қос. Бірақ, жауға мініп шабушы болма, ана берген малым берген, – дейді. Құнанбай:
– Қазір қыс жаман болып, жақ жұты болып, қыс аяғы қара суық болып тұр. Бұл жолы торы атты ғана алайын, басқасын кейін жер қарайып, күн жылығанда, көк шыққанда алармын, – дейді.
Аздан кейін қылшығы түлеп алатаң болған қабырғасы жабық торы атты жылқышы ойнақтатып жетелеп алып келеді. Құнанбай торы атты жетекке алып, хош айтысып, елге тартады. Кезең асқан соң торы атқа ерді салып мініп алып, бестісін жетекке алып, жолға бір түнеп үйіне келеді.
Көктем шығып, күн жылынып, жер құлпырып көктеген кез. Қан өзенінің басында екі саланы Қарабатыр және Әнет деген екі ру кедей ауылда қыстап шығып, күн жылынған соң Шыңғыстың күңгей бетіне көшіп қонған. Құнанбай атқаратіл болғанда торшолақ атты жаратып, ақтабан сойылды дайындап, белбеуге іліп, атты түнде байлап қоятын.
Бір күні таң қараңғысында тау жаңғырығып аттандаған дауыс естіліп, азан-қазан айғайға ұласады. Дауысты естіген Құнанбай атып тұрып, сойылын алып, атқа жайдақ мініп, өзенді өрлей жөнеле береді. Жолда сала-салалардан «қайдалап» шапқан бірнеше адам қосылып, Шыңғыстың сыртқы биік жотасына шығады. Бұл кезде таң ағарып, жер беті айнадай болып көріне бастайды. Биікте бұрын шығып тұрғандардың бірі:
– Найман жауы болса керек. Мына сырт нашар елдің тай-тулағын тік көтере айдап кетті. Жау қарасы Томаша бауырына жаңа ғана кірді, – деді.
Осы кезде Бұшантай жазығынан жаудың да қарасы көрінеді. Сонда Отыншы ақсақал:
– Дәмелі, аты әлді жігіттер іріктеліп жауды қуыңдар, бөгеңдер, арттарыңнан көп қол жетеді, енді тұрудың қажеті жоқ, – деген соң, аты әлді, ер жігіттерден іріктеліп жиырма шақты жігіт жау артынан жөнеп береді.
Сол топпен бірге Құнанбайда шығады. Аз уақыттан соң бұларға, жылқыны айдап бара жатқандар алдыңғы белеске шыққанда, арғы жағындағы жазықтан жау қарасы көрінеді. Бұлар жауды көрген соң, ат басын ірікпей жөнеп береді. Алдындағы жау қарасын көрген торы ат басын бір шайқап ауыздықты жалғыз азуға салып алып, құйындай жүйіткіп оқтай зулап, топтан қара үзіп жөнеп береді. Құнанбай аздап ат басын тежейін дегенге торы ат ерік бермей құстай ұшып, жауға тақайды. Мұны көрген жау бастығы, басында айыр қалпағы бар, қара құлын терісінен киген жарғағы бар, қолында қылжалаулы найзасы бар батыр:
– Мынау бір ершікеш екен, басқаларың жылқыны айдай беріңдер. Сегіз кісі қалып екі бөлініп, ортадан өткізіп сазайын берейік, орталарыңды аша беріңдер, – деп найзаны оқтап, Құнанбайды тосып тұрады. Мұны көрген Құнанбай ат басын тартуға бой бермеген соң амалсыз екі топтың ортасынан өте беріп, қол ыңғайы жақтағы бірін ұрып жібергенде оң жақ кеудеге найза да сарт етіп қадала түседі, ат басы қайырылып тоқтайды. Жау найзаны екі рет басып аттан түсіре алмайды, үшінші рет басқанда найза ұңғысынан шарт етіп сынып кетеді. Сол кезде ортада қалған Құнанбай қарғып түсіп, тізгінді ат басынан қайырып екі қолын айқастырып, аттың шоқтығынан басып ат тамағына отырып алады. Жау айқастырған қолдан ұрып, саусақ сыртын талқандап жараласа да Құнанбай аттан айырылмайды. Сонда жау батыры:
– Бір тайдан туған неме екен. Жүріңдер, қуғыншылар келіп қалды. Өзіне де қыларымды қылғамын, адам болса барып-барып адам болар – деп жөней береді.
– Иә, қылғансың! – деп Құнанбай атқа қайта мінбек болғанда, қарыстай шығып тұрған атқа тірелген кеудесіндегі сынған найзаны көреді, мықтап ұңғысынан ұстап тұрып, суырып алады. Сол кезде өзі де құлап түседі. Артқылар келіп басын сүйеп, оң жақтағы емшегінің астын ала кіріп, оң жақ жауырынының астынан шыққан найзаның орнынан қан судай сорғалап шапши бастағанда Құнанбайды қырынан жатқызып, жиылған халық жараның екі жағынан кезектесіп қанын сорып тез-тез төгіп, қанды ішке жібермеу айласын жасайды. Ішке қанды жібермей, тез кезектесіп сорып төгуге жұрт тізіліп тұра қалады. Қайсы біреу қан ішіне кетіп, жүрегі айнып құсып та жатады. Бұл кезде Құнанбай аппақ шүперектей қуарып, өңі қашып, өлер тірілері белгісіз халде жатады. Қан әбден таусылған кезде, дайындап қойған ат қылын күйдіріп, ыстықтай жараның аузына қайталай басып отырады. Көйлекті жыртып алып жараны таңады.
«Күн жоғары көтеріліп, сәске болған кезде көзімді ашсам, – дейді Құнанбай немересі Шәкәрімге, – қаным кеуіп барады екен. Бір аяқ айран шалапты дем алмай бір-ақ жұтып, аз дем алып, айналама қарасам, төңірегім толған адам. Бәрінің көздерінде жас, қариялар кіселерін мойындарына салған, алладан тілек тілеп, менің жанымды қалдыруын сұрап тұр екен. Мен аздан соң екінші аяқ сусынды тағы ішіп есімді жинай бастадым. Сол кезде жұрт «А, құдай! Ақсарбас, көк қасқа жолыңа айттық»,- деп шулап, күңіреніп жылап жіберді. Егер ел тілегі болмағанда мен өлген адам едім. Көп тілеуі көл болып, көптің тілеуін құдай қабыл қылып, аман қалдым. Мені теңге салып, Шыңғыс сыртындағы Қарабатыр, Әнет ауылдарына алып келгенде алдымнан кәрі аталар, қарт аналар, қатын-балалар шулап, а құдайлап шыққандағы, олардың маған деген кіршіксіз жүректерінің ақ ниеттерінің, адал тілектерінің ауғанын ауызбен айтып жеткізу қиын шығар. Қарабатырдың үлкен үйі Отыншыныкіне кіргізерде кәрі әже мені ұшықтап кіргізді. Отыншы айтқан ақсарыбасын сойып мені қалжалап, етті елге таратып, кешке ауылға алып келді. Мен жаз бойы теңге түсіп жүріп, жазылдым».
Құнанбайдың сол жарадан қалған оң жақ емшегінің астыңғы жағында алақандай беріш тартығы, оң жақ жауырынының астында бармақ басындай тыртық орны болған.
Ахат Шәкерімұлының естелігінен
Argymaq.kz