Жамбылда облыстық ашық турнир өтті

Жамбыл облысы Меркі ауданында командалық көкпардан облыстық ашық турнир өтті.
Республика күніне арналған айтулы жарысқа жалпы жиыны 13 команда қатысты. Павлодар облысы, Шымкент қаласы, Меркі ауданы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Шу ауданы, Жамбыл ауданы, Талас ауданы командалары және «Тілеміс», «Меркі ж»стары”, «Достық», «Тәтті», «Андас батыр» және «Бірлес» командалары өзара мықтыны анықтады.
Төрт команда топты жарып, жартылай финалға шықты. Олар – Жамбыл ауданы, Талас ауданы, Шымкент қаласы және Меркі ауданы құрама командасы. Жартылай финалдық ойында алаң иелері Жамбыл ауданы командасымен кездесіп, 4-3 есебімен басым болды. Ал, Шымкент қаласы командасы Талас ауданын айқын басымдықпен ұтты. Есеп 8-1.
Үшінші орын үшін таласта Жамбыл ауданы, Таластан келген шабандоздардан басым болды. 5-2 есебі тіркелді.
Финалдық сайыста алаң иелері осы жарысқа тыңғылықты дайындалғанын көрсетті. Шымқаладан келген жігіттерден айласын асырып, 4-1 есебімен жеңіске жетті. Меркі ауданы командасы турнир жеңімпазы атанды.
Осылайша бас жүлде алған Меркі ауданы командасы 3 млн теңге, Шымкент қаласы 1,5 млн теңге, Жамбыл ауданы 1 млн теңге, Талас ауданынан келген командаға түйе табысталды.
Ашық турнирдің жабылу салтанатында республикалық Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров сөз алып, барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады. Ол алдағы уақытта командалық көкпардан жарыс көбейетінін айтты.
Ашық турнирді ұйымдастырған Қазақстан Көкпар федерациясы, Меркі ауданы әкімдігі және Меркі ауданының азаматтары.
Айта кетейік қараша айының 15-22 аралығында Шымкент қаласында клубтар арасындағы республикалық турнир өтеді. Сол жарысқа барша командаларды шақырамыз. Жүлде қоры 28,5 млн теңге.
Argymaq.kz



