Арғымақ болмысты Ақанұлы!

1334

Жетпіске кім жетпей жатыр десек те, екінің бірі желкілдеген жеміс ағашындай болып, саналы ғұмырында үлкен абырой-беделге ие бола бермес.

Мұндай биікке көтерілу, ұлт мақтанышына айналу, ағайын-жұрт, жолдас-жора арасында сыйлы болу ұлы абыз Абай айтқандай «елден ерек» жандардың пешенесіне жазылған тағдыр болса керек. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап» жетпіске жемісті еңбегімен жеткен асыл ағаларымыздың бірі – профессор Нәбидолла Ақанұлы Кикебаев десек еш қателеспейміз. Оған оның отандық ғылымды дамытуға қосқан орасан зор үлесі мен ұзақ жылдық ғылым жолындағы ерен еңбегі дәлел.

Елге сыйлы Нәбидолла ағамыз балдырған шағыннан бастап оқу-білімге аса қабілеттілігімен, өте зеректігімен көзге түсіп, орта мектепті өте жақсы аяқтаған. Ол 1956 жылдың 9 қаңтарында Алматы облысы Жамбыл ауданындағы атақты «Дегерес» жылқы зауытының іргесінде дүниеге келді. Алматы қаласындағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтының зоотехния факультетіне түсіп, оны 1979 жылы үздік дипломмен тәмамдаған.

Ұядан көрген тәлім-тәрбие, ұстаздарынан алған тағылым жас маманның болашақ өміріне таусылмас рухани азық болғаны сөзсіз. Болашағынан зор үміт күттірген ол – ұстаздарының сенімін ақтап, өз уақытында кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, есімі тек біздің елге ғана әйгілі ғалым болып қалмай, әлемге аты шықты. Ғылыми еңбектері дүниежүзіне белгілі ғалымдар тарапынан ерекше бағаланды.

Нәбидолла Ақанұлы халықаралық жобаларға да белсене атсалысып келеді. Ол қазақ жылқысының 1990 жылға дейін не Одақтық реестрде, не Дүниежүзілік жылқы тұқымдары тізімінде ресми тіркелмегенін анықтады. Бұны ол кездейсоқ біліп қалады.

Нәбидолла Ақанұлы қазақ жылқысының жаңа шыққан «Сарыарқа» зауыттық түрін Мәскеуде тіркеуден өткізеді. Осы кезде ежелден келе жатқан қазақ жылқысының өзі еш жерде тіркелмегені анықталған. Бұл мәселе Нәбидолла Ақанұлының табандылығымен 1990 жылы 28 желтоқсанда арнайы № 238 бұйрығын шығарту арқылы қазақ жылқы тұқымы бар екенін, оны шығарған қазақ халқы екенін жазғызды. Сол арқылы қазақ жылқысын Дүниежүзілік жылқы тұқымдары тізіміне енгізгенен ғалым ретінде таңылды.

Ю.Н.Барминцев, И.Н.Нечаев, С.С.Рзабаев, К.Д.Бақтыбаев, А.Е.Жумагулов, Д.Х.Қожамбердин т.б. қатарлы ұстаздарымен бірлескен зерттеу жұмыстарының нәтижесінде профессор Н.А.Кикебаев қазақтың жаңа «Мұғалжар» жылқы тұқымын дүниеге әкелуге атсалысып, оның авторларының бірі болды.

Нәбидолла ағамыздың ғылыми пайымдалған өте терең еңбектері – еліміздің бүгінгі ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және орта оқу орындарының бірден-бір басты монографиялары мен кітаптарына айналды.

Қазіргі уақытта еліміздің білім-ғылымға сусап отырған сан мыңдаған жас өркені Нәбидолла Ақанұлының ұзақ жылдар бойы шаршап-шалдықпай, қажып-жалықпай, терең бойлай еңбектеніп жазған 160-тан астам ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқу-әдістемелік еңбектерін оқып келеді. Соның ішінде 9 кітабы өндірісте іс жүзінде пайдаланылып, болашақ мамандардың білім-білігін шыңдауда көмекші құралға айналған.

Сонымен қоса «мұғалжар» жылқы тұқымының «Қожамберді», «Сарыарқа» сүлелерінің және де Неон, Форт (Қостанай тұқымында), Маупас, Мескер, Сарыайғыр, Мерген (Мұғалжар тұқымында) аталық іздерінің авторы атанды.

Нәбидолла Ақанұлы Кикебаев Қазақстан мал шаруашылығы, сонының ішінде жылқы шаруашылығы саласы үшін жоғары кәсіби мамандар мен ғылыми кадрлар даярлауға зор үлес қосып келеді. Ол 2 ғылым докторын, 5 ғылым кандидатын әзірлеген ғылыми мектептің жетекшісі. Қазіргі кезде де тәлім беруден талмай, магистранттар мен PhD докторанттарды дайындап жүр.

Нәбидолла Ақанұлы 1998-2002 жылдары жылқыға, ат спортына арналған, атбегілік өнерді танытатын, тұлпар тұяғымен жазылған тарихты тарататын ең алғашқы екі тілдегі, көп бояулы «Маңмаңкер» журналын шығарған медиа-маман деуімізге болады.

Оның Қостанай облысының ат спорт федерация басшысы ретінде 2001-2017 жылдары атқарған еңбегі орасан зор. Осы жылдары 56 ат-спорт жарыстары ұйымдастырылып 68 автокөлік және көптеген басқа жүлделер тігілуіне белсене атсалысты. Бұған қоса көкпардан жастар чемпионатын өткізіп, ойын алдында адал болуға ант қабылдату, бүркітшілердің, саятшылардың чемпионаттарын өткізіп арнайы жаңа әнұранын (А.Шаяхметов, К.Дербисалин) орындатты. Оның Қостанайда ат спортын дамытуға өз үлесін қалдырған тұлға ретінде республика жұршылығы жақсы біледі.

Ал Қазақстандағы ашылған жалғыз айғыр шәуетін (ұрық) сақтайтын биотехнологиялық зертхана және тектілікті анықтайтын алғашқы ДНК генетикалық зертханасы да «Қазақ тұлпарында» ашылып, халықаралық аккредитациядан өтуіне басшылық жасаған Нәбидолла Ақанұлы болатын.

Заңғар ғалымының өзі таңдаған жолы – ауыл шаруашылығы ғылымын өркендетуге қосқан ерен еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ол 1990 жылы –«Изобретатель СССР» медальмен; 2000, 2011, 2016 жылдары – «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10, 20, 25 жыл» мерекелік медальдарымен; 2006 жылы – «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері» медалімен; 2013 жылы – «Қазақстан спортына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен; 2014 жылы – «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерейтойлық медалімен; 2015 жылы – «Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін» төс белгісімен; 2017 жылы – ҚР АШМ-нің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісімен; 2019 жылы – «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» медалімен; 2025 жылы – «Мұғалжар жылқы тұқымына 25 жыл» медалмен марапатталған.

Әлбетте, бұлардан да жоғары басқадай атақ-марапаттарға лайық, тұлғасы шар болаттай, бір мезет тыным тауып демалуға уақыт бөлмейтін еңбекқор, ізденімпаз, терең ойлы, үлкенге сыйлы, ініге ізетті, абыройы асқақ, қадірлі ағамыздың еңбектеріне ел бағасын беріп келеді және бере берері сөзсіз.

Егемен еліміз жаңа заманға жаңаша қадам басқан шақта зор табыспен жетпіске жетіп, мерейтойын тойлағалы отырған Қазақтың жылқы шаруашылығының қара шаңырағы, ҚР АШМ «Қазақ жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» бас ғылыми қызметкері, профессор Нәбидолла Ақанұлы Кикебаев ағамызға кейінгі ғұмырыңызда да қазақ ғылымы мен оқу-ағарту ісінде және жастарға тәлім-тәрбие беруде биік шыңдарға шыға беріңіз деген әріптестік шын көңілден шыққан тілегімізді білдіре отырып, өзіңізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз!

Сеңгір сексеніңізді, торқалы тоқсаныңызды, жарқыраған жүзіңізді тойлауға Құдай жазсын!

Әріптес-ініңіз Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Қ.Ж. Исхан

Argymaq.kz

buy windows 11 pro test ediyorum

error: Сайттан материал көшіруге болмайды. Сайтта жарияланған барлық ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде авторлық және жанама құқық туралы заңдармен қорғауға алынған.