Қаракөк аттың хикаясы

2186

Әкемнің жан серігі болған көк ат жайлы қызықты әңгімелер ауылдағы соғым басы мен қонақтықта жиі айтылатын. Әсіресе, әкемнің немере ағасы Мағзұмның баласы Әлихан туыстар бас қосқан сайын:

– Аға, көк ат жайлы айтып беріңізші, – деп қолқалай беретін.

Әкем әңгімесін көбіне ат жалын тартып мінген, азамат болған күндерінен бастайтын.

– Ер жетіп, ес жиған соң бір ат алуды ойладым. Әкемнің Қыдырхан деген досы бар еді, сонымен бірге барып таңдадық. Базарға барсақ, қаптаған мал, қалың нөпір. Соның ішінде өңі қаракөк, ешкі бас, бойы биік, жаясы бір құлаштай, бірақ арықтау бір ат көзге түсті. Қыдырхан сол аттың қасында айналшықтап ұзақ тұрды. Ал мен болсам, арық екен деп менсінбей, ары қарай өтіп кеттім. Бір шетте бес жасар құла ат байлауда тұр екен. Осқырынып, ойнақтап, секіріп қояды. Соған көңілім ауып, қасынан шықпай тұрғанымда Қыдырхан шақырды. «Әй, балам, сен ана атты ұнатып тұрсың ғой. Одан түк шықпайды, тыз етпе ұшқыр. Ал сен жолдас-жораның алдында жүргiң келе ме, әлде соңында жүргiң келе ме?» – деді. «Әрине, алдында жүргім келеді», – дедім. «Онда мына көк атты ал. Бұл – өрен жүйрік жануар», – деді. Сөйтіп, үлкен кісінің сөзін жерге тастамай, арықтау көрінген сол көк атты алуға тура келді. Бізбен бірге барған Ахметхан деген жігіттің астында ойнақтап тұрған бурыл аты бар еді.

– Жарысасың ба? – деді ол.

– Ат арық қой, – десем,

– Болмайды, есек алғансың ба? – деп келемеждей берді. Намысқа тырысып жарыса кеттім. Шу дегенде 500-600 метрге дейін оның аты алға шықты. Бірақ ар жағында сондай жер жібермей, көк ат қуып жетіп, басып озды. Кешке таман ауыл шетінде тұрған адамдар:

– Күн батыстан мына шауып келе жатқандар кімдер? – деп даурығыпты. Бізден бұрын кетіп қалған Қыдырхан:

– Бұл Қазен ат алған болу керек, – депті.

Келген соң жұрттың көбі:

– Атың жақсы ат екен, – деп бағасын берді.

Содан бастап көк аттың атағы шықты. Мені көп адам танымағанымен, «жүйрік атты бала» деп білетін болды. Ол кезде жасым 21-22 шамасында еді. Қай жерде көкпар болса, сол жерде жүрдім. Ауыл-ауыл болып жарысып, алыс жерлерге барып ойнаймыз. Кей ауылдар:

– Біз де тақымымызды қандырып ойнайықшы, – деп жалынады. Әйтпесе, қалың қолдан кемінде жүз аттың ішінен суырылып шығып, жеткізбей кететінбіз. Тәшібай деген кісінің де жүйрік сары аты болатын. Кейде оның аты озып отырса, кейде менің көк атым алдына түсетін. Қайда той, қайда лақ болса, сонда барып алып қайтатынбыз.

Бір жолы аймаққа аты шыққан бай үлкен той жасап, көкпар берді. Сарыжиек, Обалы, Жарбұлақ жақтан екі-үш жүздей ат жиналды. Жарбұлақтан келген Шаяхмет деген кісінің астында қарақұла аты бар екен, лақты тақымына басып алған кезде ешкім ала алмайды. Біздің ауылдың көкпаршысы Рахым қайта-қайта тартысып жүріп, бір сәтте үзеңгісін көтере беріп, лақты жұлып алып маған лақтырып жіберді. Сол мезетте көк атпен суырылып шығып кеттім, ауылға жеткенше бірде-бір ат ілесе алмады. Бәйгеге көк атты бір-ақ рет қостым. Арық күйінде болса да, екінші келді – дейді әкем әңгімесін бір толғап.

Әкем көк аттың бір жолы өзін ажалдан арашалап қалғанын ерекше тебіреніспен айтатын.

– Күз айы еді. Егін жиналып болған, жоңышқа алқабы бар. Сол жоңышқаға көп түйе түсіп кетіпті. Айдап шығарайын деп келе жатсам, түйелердің алдында бура аузынан ақ көбік шашып барады екен. Бір мезетте ортасына түсті де, сәлден соң артта қала бастады. Сезіктеніп, аттың басын ауылға қарай бұра бергенім сол еді, бура да маған қарай тұра ұмтылды. Мен атқа қамшы басып, тұра шаптым. Ол маңда егін суаратын қырық арық бар еді. Бура арыққа келгенде төрт аяғы төрт жаққа кетіп, тайраң ете түседі. Ол аяғын жинап болғанша, мен келесі арықтан өтіп кетемін. Осылайша қырық арық бойы бір-екі арықтай ұзап отырдым. Соңғы арықтан өткен соң жазық жерге шықтық. Көк ат бар шабысына салды. Үйдің алдына жеткенде қақпаға адамның кеудесінен келетіндей екі көлденең бөрене тартылған екен. Аттың басын тартуға үлгермедім. Көк ат екпінімен бір-ақ секіріп, қораның ішіне топ ете түсті. Сол сәтте бура келіп, бөренені кеудесімен ұрғанда шарт еткен дауыс шықты. Мен ішкі қораға кіріп кеттім. Сүт пісірімдей уақыт тұрған соң, бура кері қайтты. Кейін барып қарасам, бөрененің шеті сынып кетіпті. Міне, осылайша көк аттың арқасында аман қалдым. Әйтпесе жаман-жұтық ат болса, екі арық асырмай қуып жетер еді, – деп әкем жиі есіне алатын.

Көк атпен құтырған бурадан ғана емес, құтырған иттен де аман-есен құтылыпты. Бірде ауылға құтырған ит кіріп, жұрт абыр-сабыр болады. Ауыл адамдары атқа мініп, итті қуа жөнеледі. Сол сәтте белдеуде тұрған көк атқа қарғып мінген әкем де соңынан шаба жөнеледі. Жүйрік көк ат көп ұзатпай итті қуып жетеді. Қапелімде ит тап беріп шапшиды. Мұндайды күтпеген әкем қолындағы ағашты сермеп қалғаны сол-ақ еді, соққы иттің қаратұмсығына дәл тиіп, ол сол жерде сеспей қатады. Артынан жеткен ауыл адамдары бір үлкен қатерден аман қалғандығына шүкіршілік етеді.

Көк атты үкімет алып қойды. 1962 жылы Кеңес үкіметінің бірінші хатшысы Н. Хрущёв Қытай Халық Республикасының басшысы Мао Цзэдунмен келісіп, шекара ашылғанда Қазен әкеміз атамекеніне оралады. Ол кезде көк аттан кейін, үкілеп мініп жүрген бабындағы бір жирен төбел дөнені бар екен.

Сол атты мініп шекараға келгенде, әскери адамдар: «Тек өзің ғана өтесің», – деп, астындағы аттың ер-тоқымы мен ноқта-жүгенін сыпыра бастайды.Сол сәтте ат тұмсығын әкемнің қолтығына тығып, екі көзінен жас парлап тұрғанын көргенде, оның көңілі босап кетеді.

– Сол жерде атпен адамша жылап қоштастым. Ол көрініс әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Жылқы шіркін – адамнан кем емес, есті де текті жануар ғой, – деп отыратын әкем.

Әкемнің жүйрік атты танитын сыншылығы да бар еді. Қасиетті жылқыға арнап бірнеше күй шығарды. Олардың қатарында «Ерке күрең», «Қызыл жебе», «Топ жирен» сияқты күйлер бар.

Арғы бетте жүргенде небір ат сыншыларын көргенін де айтатын. Қалмақ сыншыларымен де жолығыпты. Бір жолы бір адам қалмақ сыншысына: «Жүйрік атты қалай тануға болады?» – деп сұрағанда, ол:

– Егер мүлде ажырата алмасаң, аттың алды ауыр, арты жеңіл болуы керек. Үсті қысқа, бауыры жазықтау келсе, үміт бар, – деп жауап берген екен.

Бұл сөздер Абай Құнанбайұлының «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген өлең жолдарындағы жүйрік ат сынымен үндеседі. Сол сияқты, Ақан серінің Құлагерін сынаған Күреңбайдың айтқандары да жүйріктің нақты белгілерін дәл сипаттайды.

Қазақта «Жүйрік ат босағаға бітеді» деген сөз бар. Қазеннің өз әкесі Әбуғазының да «Ақтабан» атты жүйрік аты болған екен. 1931 жылдың мамыр айында, ашаршылықтың қара бұлты төнген шақта, Ақсуат пен Зайсан өңірінің халқы үдере көшеді. Қызылдардың саясатынан сескенген ел Тарбағатайдың қойнауындағы Нарын өзенінің бойына жиналып, таң ата шекара асуға ниеттенеді. Алайда мұздай қаруланған әскер алдын ала таудың бір шоқысына орналасып, таң ата қозғалған көшке оқ жаудырады. Тасып жатқан өзен, жаңбырдай жауған оқ – ортасында қалған бейбіт халық қырғынға ұшырайды. Сол қасіретте Әбуғазы мен Елғазы және аналары Білмес үшеуі Ақтабан аттың күшімен тасып жатқан Нарыннан аман өтіп кетеді.

Арғы бетте де тағдыр тауқыметі аз болмаған. Сол бір алмағайып заманның қасіретін бүгін біз тарихтан ғана білеміз…

Мұрат Әбуғазы

ҚР Мәдениет қайраткері,

күйші, өнер зерттеуші

Argymaq.kz

buy windows 11 pro test ediyorum

error: Сайттан материал көшіруге болмайды. Сайтта жарияланған барлық ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде авторлық және жанама құқық туралы заңдармен қорғауға алынған.