Тамиланың тұлпары

653

(Сәйгүліктің сипаты)

Қырғыздың миллиондарды мойындатқан мүсінші қызы Тамила Маматова тағы бір таңғажайып туындысымен бірге түскен суретін желіге жариялады.

Тұлпардың тұрпаты десек те болар бұл көріністі. Алайда жаңа дүние жұртшылыққа тұтас күйінде ұсынылмаған. Басы, мойны, алдыңғы екі аяғы ғана қамтылған. Қалған жағы суреттен байқалмайды. Бірақ сол тұлпар тектес жануардың таңбаланып үлгерген бөлігіне қатысты әр мүшесі сөйлеп тұр-ау, сөйлеп тұр…

Тегеурінді тұяғы жер тарпиды, тарпыған сайын дүбір мен доданы аңсайды. Тепсінген тұяқты айтасың, жатаған жалына дейін жай жатпай, жырғағысы кеп жатыр… Мойылдай көзі мөлдіреп, саз балшықты сазгерше сарнатып, сыбызғыдай сызылтатын теңдесі жоқ Тамила қыздың ақ білегіне телміре қарайды. Эпостың әрін әспеттеп, сәнін сәулелеткен Гүлбаршын сұлуға еркелей ұмсынған баяғы Байшұбардың өзі, өзі болмаса да, көзі екен деп қалғандайсың…

Ал Тамила болса, саздан илеп шығарған жүйрік жылқысының қос құлағынан көз алмайды. Құлақтың әлдебір артық бөлігін шертіп жібергісі кеп тұр ма, әлде Абай атам айтқандай, шоқпардай кекіл мен қамыс құлақ етіп қайта өргісі келе ме, оны анық айту қиындау енді. Қалай болғанда да, қырғыздың қағілез қызы қатты ширығып, шабыттың нөсерін төгуге бекінген тәрізді. Тым болмаса, Ала-Тооның етегін ақ жаңбырға малшындырып жібереді-ау. Тура сөйтеді ол…
Ал енді бар ғой, сұлу сәйгүліктің тұмсық тұсын суреттеуге сөз жетпейді. Тіл байланады. Тіл байланған соң, әрине, Абай айтқан атақты «Аттың сынына» жүгінесің:
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.
Абай кейіптеген тұлпар мен Абай көрмеген айылдың жылқысы бір-бірімен кәдімгідей қабыса ма, жоқ па, ол басқа мәселе. Алайда Абайды мүсіндеген қаршадай қыздың ғаламат туындысының тұрпаты ғұлама ойшылдың таным-түйсігімен толық үндесетіні айдан анық.
Бұл сурет жарияланған соң талайдан танитын талғампаз әріптесіміз Гүлмира Сарбасова алдымен үн қатты: «Тамила, удивительно, но помимо фактуры, ты передала энергию коня и даже, его чувства!». Гүлмираның пікірін тамсана тәржімаласақ, шамамен былай боп шығар еді: «Тамила, ғажап дүние! Сен тұлпардың тұрпатын ғана емес, құлагердің әсерлі энергиясын да, тіпті сәйгүліктің сезімін де сипаттап бердің!».
Тағы да Абай аңсаған алашқа танымал арғымақтың биігінен көз салсақ, ұлы ақынның:
Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың, қолыма бір тигізбей! – деген тағылымды тұжырым-түйінінен алыс кете алмас едік.
Біздің жеті түнде ой өрбітіп, қалам қозғап отырған жазбамызға арқау болған осынау суретті таныстыру мәтіні ретінде мүсінші қыз «Фрагмент» деп бір ауыз сөз ғана жаза салыпты. Соған қарағанда әлі бітпеген дүние. Демек, әрі қарай өңделеді, жөнделеді… Е, бітпегенінің өзі мынау болса!
Тұлпарыңыз жүйрік шықсын, Тамила!

Бауыржан Омарұлы,

Argymaq.kz

buy windows 11 pro test ediyorum

error: Сайттан материал көшіруге болмайды. Сайтта жарияланған барлық ақпараттық материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, оның ішінде авторлық және жанама құқық туралы заңдармен қорғауға алынған.