Сәкен СЕЙФУЛЛИН. Тұтқын қыз бен Керкөжек
(«Көкшетау» поэмасынан үзінді)
Шапшыды, тықыршып Кер бәйге сұрай,
Аузымен құс тістеген бейне құмай.
Жандыға шалдырмайтын желаяқты.
Қуса да қос қанатты мейлі құдай!
Көжектей қамыс құлақ, сымпыс құйрық,
Бүгілген бадана көз, мінсіз сүйрік.
Алмайды қанатсызды қапталына,
Жүйткісе көз ілеспес сағым жүйрік.
Жетектеп, әлекедей Көжек керді,
Серке сан, бота тірсек өжет керді.
Шаужайлап аяңдатып бір жас жігіт
Тізгінін қатты қымтап, тежеп көрді.
Секіріп, аузын ашып, көкке шапшып,
Көжек кер қобалжытты үстегі ерді.
Желікті, дәйек қылмай, тез пысқырып,
Шашпаққа бұрқыратып ащы терді.
Жұлқынып, ауыздығын қарш-қарш шайнап,
Тұқырып, құшырланып, тарпып жерді,
Шиыршық атып, билеп шырқ айналды,
Уытты екіпінмен шарпып желді.
Атыспай Абылайдың қолын жеңген,
Жөнелмек алып сұлу кемеңгерді.
Сұлуды кетпек алып құстай ұшып,
Дегендей: «Тарқатсын тез шемен, шерді».
Ыңғайлап, қызға әкеліп Көжекті ұстап,
Мөлшерлеп, қоржынға сап қорек берді.
Жолшыбай су алуға керек десіп,
Бүктесіп, қоржынға сап көнек берді.
Пысықтап қайта-қайта: «Адаспа» деп,
Жадына жөнін мегзеп, шенеп берді.
Мініп ап, Керкөжекке, шіркін сұлу,
Бұралып, қош айтысып жөнеп берді.
Мінген соң Қуандықтың құмайына,
Жөнелді қыз елі мен жұбайына
Жолшыбай тірі жанға шалдырар ма, —
Керкөжек тигенне соң сыбайына?
Жөнелді аузын ашып керше таңлақ,
Ырғиды, құйын соққан бейне қаңбақ,
Не құмай, не бұлдырық, не қаңбақ деп,
Айтарсың қарамасаң әбен аңдап.
Сәйгүлік Қуандықтың арда кері,
Жорыққа Барақ батыр мінген таңдап.
Бауыры аңғал шыңның болды жым-жырт,
Сағымдай бітті тозып, қалған шаңдақ.
Жас елік кетті босап тұтқын қолдан,
Жас құлан шықты ойнақтап түскен ордан.
Тұтқын қыз Керкөжекпен кептер құсша,
Жытты енді босанған соң темір тордан.
Сәкен Сейфуллин
(Суреттер ғаламтордан алынды)