Ел чемпионаты. «Адай ата» БҚО балуандарынан басым түсті
Көкпар додасында В тобы бойынша ойын көрсеткен келесі командалар БҚО құрамасы мен Маңғыстау облысының «Адай ата» командасы.
Екеуі де бір-бірін бұрыннан білетін, сыралғы командалар. Дегенмен ел чемпионатында аянып қалар жан жоқ. Барын салды.
БҚО құрама командасы, команда капитаны – Бақытжан Дәуренбеков, жетекшісі – Ержан Әлиев, жаттықтырушысы – Ақтілек Сәрсенов.
Маңғыстау облысы «Адай ата» командасы, команда капитаны – Ербол Ермағамбетов, жетекшісі – Қанағат Сүйебаев, жаттықтырушысы – Қазыбек Қабиев.
Екі команда ойынның алғашқы бөлігін 6:1-мен бітірді. Жеңіс – «Адай ата» командасының тақымында.
Екінші айналымда да Маңғыстаудың майталмандары есе жібермеді. Есепті арттыра түскен «Адай ата» командасы ойын соңында БҚО құрамасын 11:3-пен ойсырата ұтты.
Салым салғандар:
БҚО құрамасы: Бағдәулет Сейдәлиев – 1 салым, Ерлан Саев – 1 салым, Жарас Құралас – 1 салым.
«Адай ата» командасы: Руслан Дүйсембаев – 1 салым, Шынболат Ақбаев – 2 салым, Еркебұлан Абдуманап – 1 салым, Сейділлә Дәулет – 1 салым, Тілләбек Сұлейменов – 1 салым, Бақдәйлет Ерімбетов – 2 салым, Жасұлан Қуанышұлы – 1 салым, Баян Қилыбай – 1 салым, Асанбай Нұрманов – 1 салым.
Естеріңізге сала кетейік, осы чемпионатта көзге түскен, жақсы ойын көрсеткен көкпаршылардан 2019 жылы қарашада Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында көкпардан өтетін ІІ Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы жасақталатын болады.