Қазақ неге «Жалғыз бие байлаған – Құдай ісі» дейді?
«Жалғыз бие байлатқан – құдайдың ісі, жалғыз үй қондырған қатынның ісі» деп мақалдапты бабаларымыз. Көп сөйлегенді емес, дөп сөйлегенді ұнататын ұлы қазақтың әр мақалы – бір теория. Теорияны түсіну үшін тереңіне бойлау қажет.
«Жалғыз бие байлатқан құдайдың ісі…», — дейді.
Үйір-үйір жылқы айдап өскен қазақтың жалғыз бие байлауының астары неде дерсіз! Бұрындары жайлауына желі керген ауылды аттап өтпейтін қазақ халқы жалғыз бие байлаған үйден айналып өтеді екен. Оның себебі бір бие байлаулы үйде ауру адам бар дегенді білдірсе керек-ті. Көреген қазақ көз жетер жерден-ақ ауыл сыртына көз тастап, ішкі жағдайын болжай білген. Ауру болды, әлек болды. Жетіскеннен жалғыз бие байламайтыныдығын көшпелі қазақ айтқызбай-ақ түсінген. Үй иесін әурелемеуді ойлап, әудем жерден бұрылып кетеді екен. Бұл да бір көшпелі жұрттың өзіне ғана аян дала заңы.
Сонымен қоса бір ғана бие байлаудың астарында медициналық ғылыми негіз жатыр екен. Себебі тек бір ғана биенің сүтін ішу арқылы ауруға үздіксіз әрі тұрақты ем жасаған. Оның сыры басқа биенің саумалы қосылса өзара реакция жүріп, сүттің құрамы сәл-пәл өзгеріске ұшырайды екен. Әр биенің, әсіресе көк биенің организмінде өзіне ғана тән биологиялық зат, яғни дәрумен бөліп шығаратын бездер болады.
Сондықтан да бір биенің сүті арқылы әр ауруға курстық ем жасап отырған. Бұл қазақ халықының зерттеп-зерделеген, бірақ жазылмаған ғылыми жаңалығы еді. Жалпы саумалдың құрамында 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспалар бар делінеді. Көнекөздердің айтуынша, көк биенің сүтінің емдік қасиеті жоғары болады. Сондықтан да көбінесе көп биенің ішінен көк биені ғана байлаған. Тіптен осы бір бие байлау ұғымы көшпелі қазақтың ырымына да айналған. Басына іс түспесе жалғыз бие байламаған және байлатпаған.
Ал, «..жалғыз үй қондырған қатынның ісі», — дегені айтпаса да, түсінікті жағдай. Әр мақалдың мәйегінде ғылым мен білім, даналық жатқандығын біз әдетте аңғара бермейміз. «Сөз асылы – мақал» деп бекер айтпаса керек-ті.
Қызырбек Дүргінбайұлы, argymaq.kz