Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ. Қамшыгерлік — көне спорт түрі

12220

Қазақ халқының көшпелі мал шаруашылық, тірлік салтына байланысты тепкішекке аяғын салған бөбектен бастап, еңкейген кәріге дейін ат-көлік мінетін ер-әйел түгелімен қамшы ұстайды. Әркімнің өзіне лайық, өзіне тән қамшылары болады. Ат-көлікке мінгенде қамшысы қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында, үстінде ілулі тұрады. Кейде тіпті қарбаластықтан ауызға да көлденең тістеледі. Ал үйде отырған кезде керегенің басында, көгінде, уық қарында, сыртқы дәдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кезде жабық, киіз-сырмақ астында, тіпті тізесі астында жатады. Өмір талабына орай әркімнің қамшысы өзі қойған жерінде тұруға тиісті.
Қамшы әркімнің қолында жүретін жабдық және елеусіз суық қару. Бірақ қолында қамшы жүргенімен, оны қару ретінде пайдалану көрінгеннің қолынан келе бермейді. Қамшылы адам – сырттай қарағанда қарулы адам. Ал қамшыгерлер өздерін «елеусіз қаруға иемін» деп санайды. Халықтың салт-заңында қамшыгерлердің қарапайым адамды қамшымен ұруына тыйым салынған. Қамшыгерлер де мұндай қылықтан өзін-өзі тияды. Ертерек дәуірде қазақ халқының салты бойынша қамшыны қолға ұстап, үйге кіру бір пәленің басы саналатын болғандықтан, сырт адамдар қашанда қамшыны үй сыртында, ат үстінде қалдырып кіретін болған. Осы салт моңғол халқында әлі күнге дейін сақталған. Оларда үйге кіретін адам қамшыларын сыртқа қалдырады. Мақсатсыз болса да қамшымен үйге кірген адам ауыр сөгіс естиді не айыпқа тартылады.
671914_originalҚамшы арқылы жауынан қорғана алатын не жайратып салатын адамдар қамшыгер атанады. Қамшыгерлік тума қабілет емес десек те, адам табиғатындағы тездік, ептілік, оралымдылық, дәлшілдік, мергендік, қарақтылық, сезімталдық, өткірлік, батылдық, қарулылық, қатты қолдылық, сескенбейтін серттілік сияқты ішкі қасиеттермен ұштасып жататын мамандық.
Жастайынан қамшыгерлікке құмарту, не жастайынан қамшыгерлікке баулыну, тәрбие алу, қамшыгер мамандардан үйрену, қамшыны ұстай білу, қарсыласын қай жерінен қалай ұрғанда естен танады, аттан түседі, жараланады, мұның бәрін қолмен қойғандай қапы жібермейтіндей білу шарт. Қамшы көп сәттерде ат үсті шайқастың қаруы. Қамшыны бір-ақ рет ұрған, бір ұрғанда дәл тигізген және айтылған шарттарды бұлжытпай орындаған адам қамшыгер бола алады.
Жабдық және қару ретінде ұсталған қамшының ұрылуы мен тиюіне қарай – қамшы үйіру, қамшылай білу, қамшымен жасқау, сипай қамшылау, батыра қамшылау, орай тарту, шықпыртып жіберу, көсіп жіберу, баса тарту, серпе тарту, салып жіберу, тартып жіберу, тіле тарту, көстите салу, шекесін шеруен аттыру сияқты сөздер арқылы қамшының қалай ұрылып, қалай тиген зардабын білдіреді.
Қай жерден қалай ұруға байланысты қамшы – теседі, тіледі, сызады, осады, көгертеі, езеді, жаралайды, сындырады, өлтіреді. Жан-жануарлардың, адамның талмау және осал жерлері болады. Адамда — шеке, самай, құлақ шеке, маңдай, көз, қастық, тоғыз тарау, шынтақ,, қызыл асық, аяқтың үсті,. Ит пен қасқырда – қаратұмсық, бура, айғыр, бұқаларда – қасқамаңдай, орай тұсы талмау және осал жерлері саналады. Қай жерінене ұруды қамшыгерлер өзі таңдап алады немесе қарбалас сәтте қай жері орайлы келсе, сол жерден ұрады.
Қазақ еліне отты қару тарамай тұрған кезде адамдар қылыш, найза, сүңгі, сойыл, шоқпар, босмойын, қайтыпкел, садақ сияқты соғыс қаруларын пайдаланған.
Солардың қатарында әрі жабдық, әрі қару ретінде қамшы да бар. Той-томалақта, ас-жиында, ел-жұрт жиналған ұлыстың ұлы күндерінде бәйге атты жарысқа, жорғаны салысқа, балуанды күреске, мергенді қараға, қамшыгерді бәсекеге шақырып, жиылған жұрт алдында топтан озғандарына жүлде берілген, мадақталған. Солардың ішінде қамшыгерлік те ертедегі спорт түрінде сайысқа, бәс-бәсекеге, егес-намысқа түсетін мамандықтың бірі болған.
Арнайы жасалған қамшылы қамшыгерлер өздерін қарулы адам ретінде сезінеді. Оңай оспақ, тапберме шабуылға алғыза қоймайды. Аяқ астынан ұмтылған ит пен қасқырды, бура, айғыр, бұқаларды қамшымен ұрып бетін қайтарған немесе мертіктіріп, жаралап, өлтіріп кеткендері де кезігеді.

Өзек салып, он екі таспамен алты қырлап қамшы өру

Өзек салып, он екі таспамен алты қырлап қамшы өру

Қазақстанда қамшыгерлік спорты ұмыт қалған. Ал Қытайдағы және Моңғолиядағы қазақтарда әлі бар. Жоңғар қалмақтарының оймауыт руынан шыққан Жондын атты адамды қазақтар Қаймолла атап кеткен. 1954 жылдары 60 жас шамасында еді. Біздің ауылымызға тұрақтап, мұсылман дінін қабылдап, біздің ағамыз Құсайын Бабалықұлымен достасып кеткен адам еді. Сол себепті, Жондын ағамыз туралы жақсы білеміз. Жондын ағамыз өзі қамшыгер, өзі кәсіби шебер өрімші болатын. Қамшыгерлікпен өрімшілік бір қолда болуынан, ол кісінің қолынан шыққан қамшылар талай-талай қамшыгердің қол қышуын қандырғаны ел ішінде айтылып жүретін. Өйткені, сол кездегі қамшыгерлер Жондынның қолынан шыққан қамшыны ат-түйедей қалап, сұрағанын беріп алып жататын еді. Одан басқа Еренқабырғаның Мана өзені өңірін мекендеген Керей елінен шыққан атақты батыр Хамза Шәмшібайұлы (бала Хамза 1981 жылы Түркияда қайтыс болды) сияқты қамшыгерлерді өзіміз көрдік. Тарбағатайдың оң тұсында Жайыр тауын мекендеген керей ішінде атақты қамшыгер Лақ деген адам әрі найзагер болған екен. Жаугершілік заманда Лақ пен Саржан деген адамдардың батырлық даңқы бірге шыққан. Әрі найзагер, әрі қамшыгер Лақтың туған баласы Бәлел де атақты қамшыгер еді( 1945жылдары 50 жас мөлшері).
Қыс күндері бүркіт салып жүргенде өрістес жатқан қалмақтың жараған бурасы тұра ұмтылады. Оң қолында қондырған бүркіті болады да, ауыз сала берген бураны қасқа маңдайдан қамшыны сол қолына ұстаған күйі тартып жібереді. Түйе етпетінен түседі. Бураның иесі дау көтеріп: «Сен басқа қарумен ұрдың, түйемнің құнын төле», — дегенде, Бәлел сонадайға барып, қайта оралады да, шауып өте беріп, оң қолымен өлген түйенің басын қамшымен ұрып, сүйегін тесіп жібереді. Қамшыгерлігі арқылы даудан құтылады. Жайыр тауын мекендеген ел ішіндегі атақты батыр Қалидың үлкен әкесі Жұмағұл атқа қарғыған итті қамшымен тартып жібергенде, иттің қаңқ етуге шамасы келмей сұлап түскенін көрген әкем Бабалық айтып отыратын. Төлебай қамшыгер мен Ыбырай Мазақбайұлы бәстесіп қалады. Сонда Ыбырай: «Егер сен менің балуаным «Қаратөбелді» қамшымен бір ұрып жықсаң, астымдағы атымды мінгізем. Бір ұрып жыға алмасаң, мына көптің алдында қамшыгер атағынан құладым деп мойында», — депті.
Сонда Төлебай: «Жоқ, ол жазықсыз адам ғой, обал болады, құнға жығыларым жоқ. Өгіз әкел», — дейді. Егес-бәске қатынасқан жұрт қамшыгердің де, Ыбырайдың да шашапауларын көтеріп, арадан атан өгізді айдап өткізеді. Төлебай өгізді белден тартып жібергенде, өгіз өкіріп барып, жата кетеді де, пышаққа ілінеді. Өгіздің осылған жері тесіліп, бел омыртқаның басы кеткен деседі. Ыбырай зәңгі өзі мініп жүрген таңдаулы қаракер атын бәске атағаны үшін мойын бұрмастан қамшыгерге жетектетеді. Уақиға 1939 жылы Тарбағатай мен Сауыр тауы арасындағы Қотанашы-қожырдың Көкмойнақ деген жайлауында өткен.
Найман ішінде Қаракерей, оның ішінде Мәмбет, Тоғалақ атасынан Әріп атты жас жігіт 1940 жылы жазда жоқ қарап ел аралайды. Кездейсоқ, тойда тартылған лаққа араласады да, лақты алып додадан ұзап шыға жөнеледі. Соңына түскен үш жігіт қуып етеді де, ай-шайға қарамай Әріпті сабай бастайды. Үш бірдей дойыр қамшы жанына батқан әріп ызаға булығады да, үштің бірін жауырын ортадан қамшымен тартып жібереді. Қамшы тиген жігіт аттан ұшып түседі де тіл тартпай өледі. Қамшы-бешпетті, көйлекті жыртып, қабырғаны сындырып, өкпеге тиген. Кісі өлімі болса да, ел-жұрт «Әріпті сабағандар кінәлі» деп тауып, ел салты негізінде құнды тындырады.
1952 жылы өкімет өзгергенде өлген жігіттің туыстары қайтадан дау қозғайды. Жергілікті Қытай өкіметі істі байыптай келіп, Әріпті тағы да ақтайды. Бірақ қытайлар «қамшыгерлік» деген ұғымға көңіл аударады да, Әріптің өнерін байқаудан өткізеді. Әріптің қамшысымен бәрі де ұрып көріп болдыра алмайды. Әріптен қамшыгерлік сырын сұрағанда, «Мен сол сәтте ұратын затымды ғана көрем. Ал қамшыны қалай жұмсағанымды білмеймін» депті. Соған қарағанада қамшыгерлік — әрі ішкі дарындылық, әрі машық болуы да мүмкін. Немесе зерделі азамат Әріп қазақ халқының ұлттық өнер сырын қытайларға айтқысы келмеуі де ықтимал. (Оқиға ҚХР-да Іле Қазақ автономиялы облысының Шағантоғай ауданында болған).
Атышулы қамшыгер Сарқожақ адам су таласы жанжалында төрт адамды өлмейтін жерінен қамшымен ұрып, аттан түсіріп кеткен. Бұл оқиға 1940 жылдары болған.
Қазақтың салт-заңы бойынша ішкі қайшылық кезінде адамды өлтіріп, құн тартудың орнына қарсыластарын өлмейтін жерінен атып кету, найза-сүңгі шаншып, аттан түсіріп кету, сойылмен ұрып түсіріп кету, қамшымен ұрып, аттан құлату да жеңіске жатады.
Қазақ халқы ертерек кезде қамшыгерлік өнерін ел-жұртқа үйрету және дәріптеу, әруақтандыру мақсатында арнайы жарыс өткізіп отырған.
Соңғы кездегі кейбір бәскеде сиырдың шылғи терісін төрт пүшпағынан төрт қазыққа керіп тастап, шауып келіп ұрып өткенде, тері тесіледі, жыртылады, тілініп түседі деседі. Төртке бүктелген сиырдың жас терісін жерге тастап қойып ұрғанда терінің бір қабатын, не екі қабатын тесіп немесе жыртып, тіліп кететін көрінеді. Қамшыгерлер машығының салтанатын көрсететін толып жатқан мысалдар бар.
Адам баласының ат-көлік міну, айдау тарихын ең жақын дегенде 10 мың жыл мөлшерінде айтуға болады. Мал айдау, жасқау, жыртқыштардан қорғану сияқты тұрмыс қажеттерінен туған бұл қарудың алғашқы түрлері табиғи заттардың – қурай, шыбық, балғын, бұта-бұтақтан басталып қамшы мен бишікке дейін жетілдіре келіп жеткен ғой.
Әрі мықты, әрі шып етпе өткір, қолға ұстауға қолайлы, жеңіл қамшы мен бишік көп. Қамшының: ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, күдері қамшы, жортуыл қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, білеу қамшы, сарала қамшы, барбас қамшы, орама сапты қамшы, мүйіз сапты қамшы, «сайтан» қамшы, «киелі» қамшы, «қасиетті» қамшы, жыланбауыр қамшы, өзекті қамшы, шашақты қамшы, тобылғы сапты қамшы, бала қамшы, шыбыртқы қамшы сияқты көптеген түрлері бар.
Ат көлікті айдау жабдықтарының бір түрі – бишік. Түрлері – жалғыз таспа шыбыртқы бишік, екі таспа, үш таспа, төрт таспадан есілген, ширатылған ұштарына таспа жалғанаған ұзын және қысқа сапты бишік. Төрт таспа, бес таспа, алты таспа, сегіз таспадан өрілген, ұштарына таспа жалғанған қысқа түрлері көп кезедеседі. Қамшы төрт таспа, алты таспа, сегіз таспа, он екі таспа, он алты таспа деп аталады.
Таспаны тіліп қырнап, сыдырып өңдеуіне қарай жуан, жіңішке болады. Қамшы да таспаның өңделуіне орай уан, жіңішке болып өріледі. Көп таспалар мен ішіне өзек салып өргендері әдейі жуандатылады. Өрілгеннен кейінгі үлгісі – жұмыр, төрт қырлы, алты қырлы болып шығады. Сапталмай тұрып түрлі-түрлі ысқыдан өткізіледі. Қамшының сабынан өрімі қысқа түрлері де бар. Ерлерге арналған, әйелдерге арналған, балалар мен шал-шауқанға арналған түрлері молдау кезігеді. Жастар мен жігіт ағалары ұстайтын қамшылар алты тұтам ат қамшы, жеті тұтам жер қамшы деп аталады. Өткірлік жағынан өлшемі сабы алты тұтам, өрімі жеті тұтам қамшы дұрысырақ саналады.
Қамшы өлшемі мұнымен шектелмейді. Терінің иленуі, таспаның тілінуі, тері мен таспаның ерекше қасиеттеріне байланысты атаулары бар. Қалай өрілуі, өрім мен саптың өзара ұзын-қысқалық салыстырмасы, қамшының алақаны, алақанның ұзын-қысқалығы, қатқыл жұмсақтаулығы шарт боп айтылады.
Қамшыгерлер өз дағдысы, өз есебі бойынша қалағанын өздері жасап алады немесе өрімшілерге арнайы тапсырма беріп өргізеді. Қолайына жаққан қамшыларын ұстаған қамшыгерлер өздерін қарулы адамдай сезінеді.
Қамшыгерлік машығын егжей-тегжейлі есептегенде Қытайдың, Жапонияның «У-шу», «Каратэсі» сияқты деуге болады. Ал «У-шу» мен «Каратэ» дамытылып, үстмеленіп, мамандарды жетілдіріп, тарихи тәжірибелері қағазға түсіріліп келеді. Ал қамшыгерлік ұмытылып, жоғалып барады. Әлі де халық арасында бар жұрнағын қайта тірілтуге, қалпына келтіруге болар еді.
Менің әкем Бабалық 1860-1937 жылдар аралығында өмір сүрген кісі. Ал оның замандасы Лақ атты адамның қамшыгерлік өнері туралы мақала ішінде айтылды. Соған қарағанда, ХІХ-ХХ ғасыр өн бойында қазақтың қамшыгерлік мамандығы өнер ретінде дамыған кезі деуге болады. Қамшыгерлікті міндетті түрде халықтық спорт түрінің бір саласы деп тану керек, бекіту керек. Сыры, сипаты, ғажабы әлі танылмаған, ашылмаған, ғылым ретінде қараған жөн. Қамшыгерлік машыққа, қамшыгер адамға суық қару ретінде танылған қамшыға талдаулар, зерттеуле жүргізу қажет. Сонан соң оның спорттық мән-мағынасына, ерекшеліктеріне орай, бағыт-бағдар, тәртіп-қағида жасауға болады.

Жағда Бабалықұлы (1917-2009), қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары туралы мол дерек жинақтаған ғалым-зерттеушіЖағда Бабалықұлы, этнограф-ғалым

2 comments

  1. admin1 21 Қаңтар, 2015 at 22:12 Ответить

    «Алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс!» деген сөз бар. Бұзау тіс — ішіне өзек салып, таспасын бүртіктеп, сыртына шығара өрген қамшы. Оны көбінде қамшыгерлер қару ретінде ұстаған.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.